Алаш ардақтысы Шәкәрім атамыздың осыдан жүз жыл бұрын шамасындағы «Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заман» деген сөзі сіз бен біз тіршілік кешіп жатқан бүгінгі заманымызға қарата айтылған секілді көрінеді де тұрады.
Бұған ешкім дау айта қоймас деп ойлаймыз. Содан да болар, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында келешекте ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалатынын атап өтіп, «Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», деп жазған еді. Мемлекет басшысы меңзеген маңызды бағыттар бойынша Шығыс Қазақстанда да жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Бұл ретте білім ордаларына артылар жауапкершілік жүгі салмақты екені айтпаса да түсінікті шығар. Дегенмен де «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру» секілді ауқымды бағдарламаларға алғаш үн қосып, оқушыларды ерте бастан компьютерді жете меңгеруге баулып жатқан мектептер де бар. Мәселен, ашылғанына 3 жыл ғана болған Өскемендегі № 46 қазақ орта мектебі информатика пәнін әдеттегідей 5-сыныптан емес, биылғы оқу жылынан 4-сыныптан бастап оқытуды жөн көріпті. Аптасына бір сағат жүргізілетін қосымша сабақ «ақпараттық технологиялар негіздерімен танысу» деп аталады. Осы мақсатта 20 ноутбук алдық. Қазіргідей ақпарат заманында оқушыларымыз компьютерді балғын шағынан бас-тап меңгерсе, ұтылмайтынымыз анық, дейді мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаева. Тағы бір ерекше атап өтер дүние, білім ордасы биыл мектеп бағдарламасына алғаш рет «Мен – инженермін» деген қосымша сабақ енгізген. Бес сағаттан тұратын сабақ 5-сынып оқушыларына ғана жүргізіледі. «Жақсыны көрмекке» дегендей, жаңа пәннің қалай жүргізілетініне біз де қызығушылық танытып, бір сабағына арнайы қатысып көрдік. Қырық бес минут мұғдарында аңғарғанымыз, бұл қосымша сабақ оқушыларды өздігінен жазу-сызуға, компьютер көмегімен әртүрлі дүниелердің эскизін жасауға үйретеді екен. Әр оқушының алдында бір-бір компьютер. Оқушылардың бұл пәнге деген қызығушылығын бір сағатқа жуық уақыт бойы бас көтермей тапсырма орындауларынан-ақ байқағандай болдық. «Қосымша сабақты жүргізіп жатқанымызға көп уақыт болған жоқ. Бірақ шәкірттеріміздің ықыласын, ынта-жігерін өзіңіз де аңғарған боларсыз. Бүгін оқушылар «3D Builder» деген бағдарламамен жұмыс істеп, жазық денеден үш өлшемді денені құрастырды. Оларға қазір геометриялық фигураларды компьютерлік үлгіде жасауды үйретіп жатырмын. Бұл пән оқушылардың жылдам шешім қабылдауына, сыни тұрғыдан ойлауына үлкен септігін тигізеді», дейді информатика пәнінің мұғалімі Шынар Бабатаева. Сонымен қатар ол алдағы уақытта оқушылардың компьютер арқылы жасаған жұмыстарын қаладағы А.Пушкин атындағы облыстық кітапханағы 3D принтерден шығаруды жоспарлап отырғандығын да жеткізді. Сабақ соңында екі-үш оқушыны сөзге тартқанымызда «Сабақ өте қызықты. Компьютермен жұмыс істеуді үйренеміз, өзіміз қалаған дүниені жасаймыз», деді барлығы бірауыздан.
Мыңнан астам оқушысы бар мектепте ағылшын тілін үйренуге де ерекше ден қойылып жатыр екен. Қазіргі уақытта білім ордасының химия, физика, биология және информатика пәндерінің 6 мұғалімі әлемде салтанат құрған тілді меңгеру үшін әртүрлі курстарға қатысып, таным көкжиектерін кеңейтуде. Бұдан бөлек мектептің қазақ, орыс және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері облыста қолға алынған арнайы бағдарлама аясында біліктіліктерін арттырды. Бір айта кетерлігі, өңірдің ағылшын тілі ұстаздарына Лондоннан келген тіл жеткізушілер, яғни ағылшындардың өздері сабақ берген болатын. «Өз ішімізде қайнап жүре берген жарамайды екен. Біз қанша дегенмен қалада тұрамыз ғой. Көп дүние қолжетімді. Шетелден арнайы шақырылған мамандардан дәріс алу әсіресе шалғай ауылдардан келген әріптестерімізге пайдалы болды деп ойлаймын. Байқағаным, олар ауыз екі сөйлеуге көп мән береді. Осындай тәжірибе алмасулар біз үшін аса қажет», дейді №46 мектептің 25 жылдық еңбек өтілі бар ұстазы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айгүл Мусинова.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Суретті түсірген автор