«Еліміз қайтіп күй кешсе, «Атамекен» Қазақстан картасы» да солай тыныс алуы тиіс»
Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.
Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына орай республика деңгейінде ұйымдастырылып жатқан іс-шараларға «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені де өзінің елеулі үлесін қосуда.
Қазақстанның осы тәуелсіздік жылдарындағы асқан жетістігі мен айбынының айғағына айналған Астана қаласының көз тартарлық жерлерінің бірі «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешені Қазақстанның әлеуетін, тарихи шежіресін, мәдени ескерткіштерін, мемлекеттің тыныс- тіршілігін әлемге паш етіп, жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2001 жылдың 8 қыркүйегінде ашылған болатын. Ашық аспан астындағы мұражай деп те аталатын «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені мәдени және ағартушылық бағытта жұмыс жасайды.
Онжылдық шежіресі бар этнокешеннің Қазақстан тарихы мен мәдениетінде алатын орны ерекше. Ол бас қаламыздағы маңызды мәдени-этнографиялық орталықтың бірінен саналады. Сонымен қатар, мұнда халықаралық және республика деңгейіндегі форумдар, on-line конференциялар және мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, ел тарихының тұғырлы кезеңдеріне арналған шаралар да өткізіліп тұрады. Жыл сайын 18 мамыр мұражайтанушылар күні мерекесін «Атамекенде» айрықша атап өту мәселесі дәстүрге айналған.
2008 жылдан бері мұнда «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы Ү.Мұңалбаеваның және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі С.Әзімханованың жетекшілігімен құрылған «Атамекен патриоттар клубы», яғни жасөспірімдердің қалалық қоғамдық клубы жұмыс жасап келеді. Клубтың басты мақсаты болашақ ұрпақтың бойына ұлтжандылық, елге деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімдерді қалыптастыру болып табылады.
«Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені үшін биылғы жыл өте ерекше болып саналады. Себебі, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен тұспа-тұс келген «Атамекеннің» 10 жылдық мерейтойы айтулы оқиғалармен өрілуде. Мерейтойға арналған іс-шаралардың ішіндегі ең қызықты да маңыздыларының бірі Қазақстан мұражайларының арасында алғаш рет өтіп отырған «Қайсар елім, қазақ жерім – Атамекен» тақырыбындағы on-line жүйесінде өткізілген Республикалық интеллектуалдық марофон болды. Оған Астана қаласының және еліміздің 14 облысының мұражайлары түгелдей дерлік қатысты. Бас-аяғы біржарым сағатқа созылған интеллектуалдық марафонда еліміздің әр салада қызмет атқаратын білімді де білікті азаматтары мен мұражай қызметкерлері бас қосып, төл тарихымыздан түрлі сұрақтар қойып, ойынды жандандыра түсті. Ұйымдастырушы Астана қаласы командасының құрамында «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешенінің директоры, п.ғ.д., Ү.Мұңалбаева, Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің бас сарапшысы Б.Молдашев, Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры Б.Аяған, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары С.Тергенбаев және білім, мәдениет, өнер салаларының қызметкерлері болды. Міне, осы білікті ұйымдастырушылар қойған сұрақтарға мүдірмей жауап берген барлық облыс мұражайлары бағалы сыйлықтар мен ақшалай ұтыстарға ие болды. Бұл ағартушылық бағытта да жұмыс жасайтын «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені үшін Қазақстан мұражайлары арасындағы тәжірибе алмасуда жоғары дәрежеге қол жеткізген үлкен жетістік болып отыр.
«Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешеніндегі тағы бір тарихи жаңалық, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығының құрметіне мұнда «Тәуелсіздіктің 20 жылдық шыңы» атты панорамалық мұражай-көрменің ашылуы болды. 2011 жылдың 21 қыркүйегінде панорамалық мұражай-көрменің ашылуы салтанатты жағдайда өтті. Панорамалық мұражай-көрменің ашылуына арнайы келген қонақтарды Астана қалалық филармониясының оркестрі, этнокешен қызметкерлері, «Атамекен патриоттар клубының» мүшелері құрметпен қарсы алды. Тәуелсіз Қазақстанның барлық өңірлері тарихымен осы «Атамекен» кешенінде толықтай таныс болған ТҮРКСОЙ өкілдері мұражай директоры Үмітхан Дәуренбекқызына алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта бүкіл түркі дүниесі тарихын паш ететін осындай халықаралық деңгейде бірлесіп мұражай ашуға ұсыныc жасады. Бұл да болса, «Атамекен» ұжымы үшін үлкен мәртебе.
Бұл этнокешенде ашылып отырған үшінші павильон болды. 2010 жылы ашылған «Ғасырлар тоғысындағы» диорамалық павильон ерте палеолит дәуірінен қазіргі заманғы гүлденген Қазақстанға дейінгі кезеңді қамтыса, жаңадан ашылған «Тәуелсіздіктің 20 жылдық шыңы» атты панорамалық павильонында тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы ішіндегі жетістіктер көрініс тапқан. Панорама-мұражай жас тәуелсіз мемлекеттің өміріндегі елеулі және дәуірлік оқиғаларды бейнелейді. Сондай-ақ, мұражай тек саяси, халықаралық оқиғаларды ғана көрсетіп қана қоймай, еліміз халықтары өміріндегі мәдени және рухани табыстарды да паш етеді. Бұл оқиғалар тек мемлекеттік, қоғамдық салаға ғана емес, әрбір қазақстандықтың өміріне әсер етті.
Панорамалық мұражайдағы жәдігерлер мен макеттерді жасауда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жетекші суретшілері, дизайнерлері және сәулетшілері ерекше еңбек сіңірді. Қорыта айтқанда, бұл «Атамекен» Қазақстан картасының» ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арнаған үлкен сыйы болды.
«Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешенінің 10 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар әлі мәресіне жеткен жоқ. Алдағы уақытта этнокешен директоры Үмітхан Мұңалбаеваның жетекшілігімен «Қазақстан мұражайларының қауымдастығы» құрылып, республика көлемінде ғылыми конференция өткізу және басқа да тәрбиелік және танымдық шаралар жоспарланып отыр.
Меруерт ЖАНТАСОВА, «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешенінің қызметкері.