Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты құжаты “Қазақстан-2030” бағдарламасы қабылданғаннан бері біз 10 жылдан астам уақытты артқа тастадық. Осы 10 жылдың ішінде бүкіл әлем өзгерді, біз де өзгердік. Кешегі мен бүгінгіні салыстырсақ, арамызда үлкен айырмашылық бар. Мұны заман ағымына көзі жіті, көңілі жүйрік маманданған экономикалық сарапшылар ғана емес, бүкіл халық сезеді. Осы 10 жыл бізге не берді? Бұл сұраққа жауап беру үшін 2000 жылдың картинасын көзге елестетіп көрейік.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін оның құрамында болған республикалар арасында абдырап қалған республикалардың бірі біздің Қазақстан болғаны ақиқат. Алдымызда енді қалай ел боламыз, кімге сүйенеміз, кімге сенеміз деген сұрақ көтерілді. Өйткені бұрынғы Одақтағы экономикалық байланыстардың үзілуіне, шаруашылық жүргізу формаларының бұзылып, жаңасының әлі толық қалыптасып үлгірмеуіне байланысты бүкіл ел құрдымға құлап бара жатқандай әсерде болған кезең еді бұл.
Міне, қоғамды осындай көңіл-күй кернеп алған кезде тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылы ел халқына жария еткен “Қазақстан-2030” Стратегиясының құрғақ қиялдай көрінгені рас. Ел жоқшылықтың қамытына бас кіргізген тұста осындай тәтті түсті көзге елестетуге көбіміздің жүрегіміздің дауаламағандығы ақиқат.
Бірақ, уақыт өз дегенін істеді. “Қазақстан-2030” Стратегиясындағы болжамдар ақиқатқа айнала бастады. Мұны енді қазақстандықтар ғана емес, басқа елдер де көріп отыр. Өйткені біз басқа жетістіктерімізді былай қойғанда, айналамыздағы халықтардың бәріне сыйлы болып шықтық. Біз Еуропа төріне дейін көтерілдік.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан-2030” Стратегиясының 10 жылдығына арналған конференцияда сөйлеген сөзінде былай деген болатын:
“Өткен күнде белгі жоқ” дейді қазақ. Көрген бейнет, төккен тер тарихқа енгеннен кейін ұмытыла бастайды. Өйткені, бейнеттен кейін – зейнет, адамның жақсылыққа тез үйреніп, тез бауыр басатыны белгілі.
Алайда, зер салып қарайтын болсақ, бүгінгі қол жеткен табыстардың өзінен өзі келмегеніне, ол үшін қыруар еңбек, жігер-қайрат, тынымсыз ізденіс, нартәуекел қажет болғанына көз жеткізер едік. Кеңестер одағынан бізге қалған мұра – күйзелген шаруашылық, күйреген экономика, тоқтаған өндіріс, тоқыраған ғылым, қысқасы, барлық салада дағдарыс болғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Дағдарыстан шығу қашанда оңай шаруа болған емес. Экономиканы мүлде басқа жүйеге ауыстыру, нарық заңдылығын игеру, кадр мәселелерін шешу, ескі дағды, ескіше ойлаудан арылу біз үшін оңайға түсті деп айта алмаймыз. Көп ойландық, көп іздендік, шетелден консультанттар шақырдық. Қалайда аз уақыттың ішінде тығырықтан шығу қажет болды. Мінеки, осындай ұлы мақсат, қауырт қажеттіліктен барып “Қазақстан-2030” Стратегиясы дүниеге келді.
Одан бері он жыл өтті. Он жылда өзге елдер бірнеше он жылда жетпеген биіктерге қол жеткіздік. Стратегия бізге жарқын жеңістер мен тамаша табыстар әкелді. Қазақстан тәуелсіздік тарихын қатар бастаған өзге ТМД елдерінің алдына шықты. Әлемдік деңгейдегі өркениетті елдермен бой теңестіре бастадық.
Біздің экономикалық жетістіктеріміз бен саяси реформаларымызды шетел сарапшылары да жоғары бағалауда.
Ендеше “Қазақстан-2030” Стратегиясының 10 жылдығы біз үшін шын мәнінде тарихи кезең болып табылмақ”.
Иә, Елбасы сөзінде айтылған осы табыстар қазіргі күні Қазақстанның беделі мен абыройын әлем халқының алдында көтере түсуде. Бұған қосып айтарымыз қазір Қазақстан ТМД кеңістігіндегі ең бай елдердің бірі. Басқа елдермен салыстырғанда бізде жалақы мен зейнетақы жоғары. Қазір Қазақстан азаматының бір айлық жалақысы көршілес кейбір елдер азаматтарының 10 айлық жалақысына тең. Қазақстанның жастары мемлекет қаржысымен дамыған елдерде жоғары білім алуда. Оның үстіне Қазақстан Республикасының азаматы деген мәртебенің өзі адамға көптеген артық мүмкіншіліктер береді. Осындай мәртебеге ие азаматтар тегін орта білім ала алады. Білім қабілетіне байланысты еліміздегі жоғары оқу орнында және шетелдерде тегін оқи алады. Астана мен Алматы секілді тұрғын үй бағалары қымбат қалалардан мемлекеттік бағдарлама бойынша арзан үй ала алады. Арзан несиелер алу мүмкіндігі бар. Қысқасы, Қазақстан Республикасының азаматы деген мәртебенің өзі бәсекеге қабілетті адам үшін үлкен мүмкіндік пен байлық көзі.
Оның үстіне 16 миллион халқы бар Қазақстанның жылдық ішкі жалпы өнімі 40 миллионнан астам халқы бар Орталық Азияның басқа мемлекеттерінің жиынтық табысынан асып түсіп, 50 миллионнан астам халқы бар Украинаның табысымен теңесті.
Қазір дүние жүзін кернеп алған дағдарыс жағдайында өзін өзі қаржыландыруға қол жеткізіп, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан, жаңа жұмыс орындарын ашып жатқан мемлекеттер тым сирек. 200-ге тарта елдің арасынан оларды саусақпен санауға болады. Соның бірі – біздің Қазақстан. Шет мемлекеттерден қандастарын шақырып, басына үй тігіп, алдындағы шаруасын қамдап жатқан үш елдің бірі де біздің Қазақстан.
Міне, осының бәріне біз “Қазақстан-2030” Стратегиясының бірінші онжылдығының өзінде қол жеткіздік. Ал алдымыздағы онжылдық қалай болмақ?
Біздің білетініміз, бұл он жыл Қазақстан үшін жаңа бір белес болмақ. Алдымыздан жаңа бір көкжиек бой көтермек. Осы мәселе жөнінде ел басшылығы қамсыз емес. Үкімет Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуын негіз етіп алмақ. Біз осыған дейінгі онжылдықта елдің шикізат байлығын, табиғи ресурстарын қалай іске қосамыз, қалай өткіземіз деген мәселені ойластырып келсек, ендігі міндет сол шикізатты қалай өңдейміз, бір өнімнен бірнеше өнімді қалай туындатамыз деген сұраққа қарай ойыспақ. Осы үшін елімізде ірі инвестициялық жобалар жасалынды. Жаңа инфрақұрылымдар іске қосылуда. Былайша айтқанда, етек-жеңді жинадық. Ел болдық, ел екенімізді басқа халықтарға таныттық. Енді дамудың жаңа кезеңіне, атап айтқанда, сапалы даму кезеңіне қадам баспақпыз. Міне, осынысымен де өткен онжылдықпен салыстырғанда бұл онжылдық күрделі бола түспек.
Өткен жылдың соңында “Егемен Қазақстан” газетінің жаңа ғимаратында “Арна-медиа” холдингінің құрамындағы БАҚ басшыларына берген сұхбатында Елбасы осы қозғалып отырған мәселе туралы былай деп толғаған еді:
“Қазір Үкімет 2020 жылға дейінгі еліміздің дамуы туралы маңызды құжатты әзірледі. 2010 жылдан бастап соның алғашқы бесжылдық жоспарын жүзеге асыруға кіріспекпіз. Басқа мемлекеттерден біздің ерекшелігіміз қазіргідей дағдарыспен күрес мәселесімен қатар, еліміздің болашағын көксеген осындай перспективалық мәселелерге мән беруіміз болып отыр. Әлі ешбір ел нақ осы мәселеге көп көңіл аудара қойған жоқ. Жуықта біз осы құжатты жариялайтын боламыз.
Екі ауыз сөзбен айтсам, ол бағдарлама белгіленіп отырған мерзім ішінде ел экономикасын тағы да 50 пайызға өсіру мақсатын көздейді. Ал экономика дамыса, халықтың әл-ауқаты да соған сай алға басатындығы түсінікті.
Қазіргі дағдарыс бізге қандай тағылым берді? Шикізат байлығына ғана сүйенген мемлекеттердің жағдайы сынақ сәтіне төтеп бере алмайтындығын көрсетіп берді. Өйткені, шикізатқа бағаның төмендеуі жағдайды нашарлатып жіберді. Демек, біздің алдағы мақсат өмірдің ауытқуына төтеп бере алатын баламалы экономиканы, яғни индустриялық экономиканы құру болып отыр.
Егер дағдарыс тұсындағы әлемдік жағдайға назар аударатын болсақ, Еуропада оның сынына төтеп бере алған бірден бір ел Германия болды. Себебі, оның экономикасының 80 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Бизнестің бұл түрлері осы елдің барлық аумағында біркелкі орналасқан. Шағын және орта бизнестің бір ерекшелігі – өзгеріс жағдайына өте бейімділігі. Оның бағыт-бағдарын жедел өзгертуге болады. Ал бізде Кеңес одағы кезінде құрамында 10 мың, 20-30 мыңға дейін адам істейтін алып кәсіпорындардың көбірек салынғаны белгілі. Олар дағдарысқа осал болып шықты.
Жаңағы бағдарламаның бір мәнісі, міне, осындай өмір өзгерісіне, сын сәттерге бейімділік таныта алатын жаңа экономиканы жасау болып отыр”.
Ал Премьер-Министр Кәрім Мәсімов жуықтағы Үкімет отырыстарының бірінде үстіміздегі жылдың басты міндеті 2010- 2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын, сонда көзделген ірі инвестициялық, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру болып табылатындығын атап көрсете келе бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ұзақ мерзімді кезеңде Қазақстан экономикасын әртараптандыра отырып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру екендігін айтқан болатын. Сөйтіп 2015 жылға дейін еліміздің ішкі жалпы өнімінің көлемі 7 трлн. теңгеге ұлғайтылмақ. Бұл дегеніңіз 2008 жылғы ішкі жалпы өнім көлемімен салыстырғанда 50 пайызға өсе түседі деген сөз.
Сөйтіп, ел алдына жаңа бесжылдық жоспарын жүзеге асыру міндеті қойылды. Бесжылдық жоспарлар біздің халқымыз үшін тым бейтаныс емес. Кеңес одағы кезінде “солқылдата соғылсын бесжылдықтың балғасы” деп ұрандатып та жататынбыз. Бірақ “бұл ән кешегіден басқарақ” дегендей, ол “бесжылдықтар” мен бұл “бесжылдықтың” арасында үлкен айырма да бар. Біз бұл “бесжылдықты” жеке тәуелсіз ел ретінде нарық жағдайында жүзеге асырмақпыз. Оның үстіне біздің түпкілікті мақсатымыз бесжылдық жоспарды жүзеге асырумен ғана шектелмейді. Біздің негізгі мақсатымыз – 1997 жылы Елбасы жария еткен Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының межелеріне қол жеткізу. Алдымыздағы бесжылдық жоспарлар мен онжылдық бағдарлама осы басты құжатқа бағындырылады. Бұл дегеніңіз біздің алдымызда алысты көздеген айқын мақсат бар деген сөз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
ДАМУДЫҢ ДӘЙЕКТІ ЖОЛЫ
Индустрия және сауда вице-министрі Ерхат ЕСҚАЛИЕВПЕН әңгіме
– Ерхат Серікұлы, қазақстандық үлесті арттыра отырып, экономиканы индустриялық-инновациялық бағытта дамыту ісі қалай шешілуде?
– Өкінішке орай, мемлекеттің көмегінсіз, әсіресе қазіргідей дағдарыс салдарларын ескере келгенде, өндіріс өздігінен дами алмайды. Сондықтан да Үкімет, қаржылық бюджеттік қиындықтарға қарамастан, отандық бизнесті қолдау шараларын мақсатты түрде қабылдап отыр. Қазіргі уақытта үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленуде, жеңілдікті қаржылар бөлу жоспарланып, нормативтік-құқықтық база жетілдірілуде.
Индустрия және сауда министрлігі қолданыстағы заңнаманы, қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі ағымдағы жағдайға талдаулар жүргізді және осы жұмыстарды жалғастыру үшін Президент тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта күшіне енген “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақстандық қамтуды дамыту мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы әзірленді. Заң Үкімет әзірлеген қазақстандық мазмұнды дамыту бағдарламасының қисынды қорытындысы болып табылады. Оның нормалары арқасында сатып алу мониторингінің бірыңғай тиімді жүйесі, қазақстандық қамтуды есептеудің бірыңғай түсініктік аппараты, сондай-ақ отандық өнеркәсіпті дамытуды қамтамасыз ету шарттары жасалды.
– Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында қазақстандық қамтуды дамытудың қандай проблемалары орын алды?
– Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңде елдің экономикалық жағдайы ауыр еді, шетелдік инвесторларды жедел тарту үшін мемлекет оларға әртүрлі преференциялар мен жеңілдіктер беруге мәжбүр болды. Иә, шетелдік инвесторлар Қазақстанға келе отырып, зауыттар, жолдар салды, инфрақұрылымдарды жаңғыртты, өздеріне белгілі бір әлеуметтік жауапкершіліктер алды. Тәуелсіздіктің 18 жылында мұнай-газ саласын дамытуға айтарлықтай қаржы салынды. Осы орайда Қазақстан нақты не пайда тапты деген сауал туындайды. Қазақстанға келген және мемлекеттен жеңілдіктер алған компаниялар ел экономикасының және тікелей отандық өндірушілердің дамуына нақты үлес қоса алды ма?
Мысалы, “Теңізшевройл” компаниясы 2008 жылы құны 7 млрд. АҚШ доллары тұратын екінші буынның жаңа зауытын пайдалануға берді. Зауыт шикі мұнайды тазартуға және дайындауға арналған. “Теңізшевройл” іске қосқан қосымша қуат компанияға жылына мұнай өндіруді 13 миллионнан 25 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. өз зауытының мүмкіндігін кеңейтіп іс жүзінде Ақсай қаласын салып шықты. Дегенмен, жоғарыда аталған және басқа да инвесторлардың зауыт салуы, кен орындарында инфрақұрылымдарды жетілдіруі өз өндірістерін дамытуға және кен орындарындағы өндіріс қуаттарын арттыруға бағытталған.
Келесі бір көңіл аударарлық мәселе – ол қазақстандық мамандарды даярлау. Өткен жылы жер қойнауын пайдаланушылар ғана кадрлар даярлауға және қайта даярлауға 140 млн. АҚШ долларын жұмсауға міндеттеме алды. Осы жерде неге шетелдік компаниялардың топ-менеджерлері арасында қазақстандық азаматтар жоқ, неліктен біз әлі күнге дейін мыңдап шетелдік жұмыс күшін тартудамыз деген сұрақ туады. Мысалы, өткен жылы Қазақстанға 30 мың шетелдік қызметкер әкелу жоспарланған (2009 жылғы 1 жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанға 17 935 шетелдік жұмыскер тартылған, бұл алдыңғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 40% аз. Бірақ егер жұмыскерлерді санаттары бойынша қарастыратын болсақ, басшылар мен 1-санат жұмыскерлері саны ұлғайғанын көреміз — 12835 адам (71,6%).
Қазіргі уақытта “Теңізшевройл” және Аджип ККО оқу орталықтарын ашты, жер қойнауын пайдаланушылардың қолдауымен Қазақстан-Британ Техникалық университеті құрылды. Бірақ, жалпы алғанда кадрлар даярлауға және қайта даярлауға арналған ақшаны жер қойнауын пайдаланушылар жүйесіз жұмсаған, ал мемлекет оларды игеру тиімділігінің мониторингін жүзеге асырмаған. Жағдайды өзгерту үшін мемлекеттің де, сол сияқты жер қойнауын пайдаланушылардың да мақсатқа бағытталған күш-жігерлері қажет.
Тағы бір қызықты жәйт, Қазақстанның 18 жыл тәуелсіздігі кезінде нақты қанша сервистік компанияның пайда болғандығына қатысты. MІ Swaco “Гербицид” ЖШС-мен бірлесіп химиялық реагенттер шығаруды жоспарлады, Sсhlumberger ҚМГ еншілес компаниясымен бірлесіп цемент шығаратын “Кос Цементинг” ЖШС құрды, Hallіburton “Теңіз сервис” ЖШС-ның өнеркәсіп базасының аумағында орналасқан бұрғылау ерітінділерін дайындау цехын ашты, сондай-ақ Қазақстандық мұнай және газ институтымен бірлесіп Қазақстанның геологиялық ақпаратын сақтау бойынша деректер базасын құрды.
2007 жылы “ҚазСтройСервис” ҰТҚК” ЖШС KeppelFels бірлесіп “Keppel Kazakhstan” ЖШС-ны құрды. Негізгі қызметі оффшорлық бұрғылау платформасын, палубалық құрылғыларды, корабльдер мен мамандандырылған кемелер жасау бойынша қызметтерді ұсыну. Осы мысалдар шетелдік инвесторлардың экономикаға тигізген оң әсерін көрсетеді. Бірақ бұл да Қазақстандағы жер қойнауын пайдаланушылардың 18 жыл қызметіндегі инвестициялары ауқымында елеусіз болып қалады.
Өздерінің ұзақ мерзімді жобалары бойынша қызметін жүзеге асыратын ТШО, КПО, Аджип сатып алулары өндіруші компаниялардың жалпы сатып алуларының 40%-ын құрайды. Сондықтан да тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді көптеп жеткізулер шетелдік компаниялар үлесінде. Ал егер бастапқы кезден инвесторлар қазақстандық мердігер компанияларды тартқан болса, бүгінгі күні рыноктағы сұранысты қанағаттандыра алатындай сенімді отандық компаниялар пайда болар еді. Бірақ, жер қойнауын пайдаланушылардың ірі кен орындарын игерулерінің орташа мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарлары, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жүргізілген және жоспарланған сатып алулары туралы ақпараттарға қол жеткізу отандық өнім жеткізушілер үшін күрделі болып отыр. Бұған қоса, осы ірі операторлар бас мердігерлер ретінде біздің отандық компанияларды тартпайды, сонымен қатар осы операторлардың бір де біреуі ірі жобаларды қазақстандық компанияларға беруді көздемеген, олар өндірістегі қиын еңбек жағдайын сылтау етеді. Осылардың салдарынан 18 жыл ішінде Қазақстанда әлі күнге дейін кен орындарын дайындау бойынша бас мердігер болатындай отандық сервистік компания құрылған жоқ.
Оның себебі, қазақстандық компаниялар техникалық әлсіз жасақталған және шетелдік кәсіпорындар үшін іскерлік қатынастары қалыптасқан шетелдік компаниялармен жұмыс жасау ыңғайлырақ болды. Екіншіден, экономика көтерілген уақытта көптеген әлеуетті кәсіпорындар пайдалы құрылыс бизнесіне кетті. Үшіншіден, қазақстандық қамтуды дамыту бойынша нақты заңнама талаптары жоқ еді. Бұрын қол қойылған келісім-шарттарда жергілікті қамту бойынша міндеттемелер белгіленді және барлығы тек қағаз жүзінде ғана қалды, яғни “жергілікті қамту” ұғымы Қазақстанның резиденттері болып табылатын компанияларды білдірді. Көбіне-көп шетелдіктер, сол сияқты қазақстандықтар да іс жүзінде импорттық жабдықтар жеткізетін компанияларды құрды.
Қазақстандық қамтуды ілгерілету ісін бүтіндей “айналып өту” жағдайлары орын алды. Халықаралық тәжірибеге сәйкес шетелдік инвесторлар үшін қолдан жайлы жағдайлар жасалған кез де болады. Енді бұл уақыт өтті.
– Бұл сонда неден көрініс табады?
– Бұл бизнес қоғамдастықтар, оның ішінде, әсіресе біздің табиғи ресурстарымызды өндіруді және экспорттауды жүзеге асыратын компаниялар мемлекетпен Қазақстан экономикасын дамыту жөніндегі жауапкершілікпен бөліседі деген сөз. Бұл барлық өркениетті елдерде қалыптасқан дәстүр. Ол нені білдіреді? Бұл — жұмысқа қазақстандықтарды белсенді тарту, олардың біліктілігін арттыру, еңбекақыны шетелдік әріптестерімен бірдей төлеу, өз жобаларын іске асыру үшін қазақстандық жабдықтар сатып алу.
Жұмысқа қазақстандық компанияларды тартуға, мысалы, “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ-тың мұнай-газ мәшинелерін жасауды дамытуға жәрдемдесу бағдарламасы қызмет етуі мүмкін. Оның шеңберінде компания жыл сайын отандық компанияларға тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізуге тапсырыстар орналастырады.
Қазақстанда қазіргі заманғы талапқа сәйкес келетін, халықаралық сапа стандарттарына жауап беретін және батыс компаниялармен ынтымақтастық тәжірибесіне ие тауарлар өндірісі жолға қойылған. Мәселен, “Петропавл ауыр мәшине жасау зауыты” АҚ, “Шығыс мәшине зауыты” АҚ бұрғылау қондырғыларын шығарса, “Алматы ауыр мәшине жасау зауыты” АҚ, “С.М. Киров атындағы мәшине жасау зауыты” АҚ, “Целингидромаш” ЖШС, “КаспийМұнайМаш” АҚ мұнай сораптарын шығарады. Сораптық-компрессорлық құбырлар “Белкамит” БК” АҚ, “ЗИКСТО” АҚ, “Ақтөбе мұнай жабдығы зауыты” ЖШС, “Батыс Қазақстан мәшине жасау компаниясы” АҚ-та, ұңғылық құрылғылар “КаспийМұнайМаш” АҚ, “Технологиялық жасақтау зауыты” ЖШС-да, құбырлы өткізгіштер, қазандықтар мен өзге сыйымдылықтар үшін крандар “Мұнайаспап” және басқа кәсіпорындарда шығарылады.
Инвестицияларды табысты салудың бір мысалы ағымдағы жылы Павлодар қаласында құбыр өнімдерін шығару жөніндегі жаңа металлургиялық зауыттың іске қосылуы болып табылады. “Паритет-ПВ” зауыты түрлі диаметрдегі 100 мың тонна құбыр шығарады. Тік жікті құбырлар өндірісі ұқсас шетелдік өнім импорты көлемін төмендетуге мүмкіндік береді.
2007 жылдың басында мұнай-газ саласына әртүрлі диаметрдегі жіксіз болат құбырлар шығару жөнінен “KSP Steel” ЖШС іске қосылды. Бүгінгі күні компанияның өнімдерін мұнай-газ өндіру және геологиялық барлау компаниялары нысандарында Қазақстанның мәшине жасау және өнеркәсіптік кәсіпорындары құбырлы өткізгіштер жасауда табысты қолдануда.
Қазақстанда өнімдерді тек ішкі рынокқа жеткізіп қоймай, сонымен қатар экспортқа шығаруға қабілетті кәсіпорындар да бар. Олар— “Алматы ауыр мәшине жасау зауыты” АҚ, “Белкамит” БК” АҚ, “Батысқазақстандық мәшине жасау компаниясы” АҚ, “Каспий маңы мәшине жасау кешені” ЖШС және басқалар.
Осылайша, жер қойнауын пайдаланушылар талап ететін өнімдерді Қазақстанда өндіруге мүмкіндік бар. Әрине, қазақстандық кәсіпорындарға MІ Swaco, Sсhlumberger, Hallіburton кәсіпорындарынан үлгі алып және сапа менеджментін енгізудің халықаралық стандарттарын игеру, жаңа технологиялар, озық ғылыми әзірлемелер, өндірістік сертификаттар, инженерлік-техникалық кадрларды дайындау және қайта оқыту бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет.
– Заңға қайта оралсақ, оның мәні неде және ол күшіне енгенде не өзгеруі мүмкін?
– Оның мәні құқықтық кеңістік, іргетас қалай отырып, оның көмегімен экономиканың үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы бойынша саяси басшылық белгілеп берген жоспарларды сенімді және тиімді іске асыру.
Қазақстандық қамтуға қатысты мәселелерді оңтайландыру және терминдерді біркелкі айқындауды шешу үшін бірыңғай түсініктік аппарат құрылды. Мысалы, бұрын “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” заңда қазақстандық өндіруші Қазақстанда шығатын тауарларды өндіретін, жұмыстарды орындайтын және қызметтерді көрсететін Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары ретінде түсіндірілген болса, ал аталған құжатта негізгі ұғымдардың редакциясы дәл осы бөлікте нақтыланған. Енді қазақстандық тауар өндірушілер Қазақстан Республикасының аумағында тауарларды шығаратын Қазақстан Республикасының жеке және (немесе) заңды тұлғалары ретінде түсіндірілетін болады.
Бұл ретте Қазақстанда шығарылатын тауарлар Қазақстан Республикасының аумағында оның шығу тегін растайтын, ішкі айналым үшін тауардың шығу тегі туралы сертификаты берілген тауар болып табылады (“CT-KZ” үлгілі). Отандық тауар өндірушілерге “CT-KZ” үлгілі сертификаты беріліп конкурсқа қатысу кезінде шартты жеңілдік ұсынылады.
Заңның түсініктік аппаратына сәйкес, қазақстандық тауарлар мен қызметтерді ұсынушылардың мәртебесіне Қазақстан заңнамасына сәйкес құрылған, оның аумағында орны бар, қызметкерлердің жалпы санының тоқсан тоғыз пайызынан кем емес республика азаматтары пайдаланатын Қазақстан Республикасының азаматтары және (немесе) заңды тұлғалары ие болады.
Үкімет негізгі тапсырыс берушілерге, мемлекеттік органдарға, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға, жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғаларға, жер қойнауын пайдаланушыларға тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді қазақстандық қамту бойынша белгіленген міндеттемелерді айқындайды. Сондықтан тапсырыс берушілер өнімді сертификатта көрсетілген қазақстандық қамту үлесі жоғары қазақстандық өнім жеткізушілерден сатып алуға ынталы.
– Тапсырыс беруші заңнамада көзделген нормаларды сақтамағаны үшін қандай жауапкершілікке тартылады?
– Заңнамада конкурстық баға ұсынысына ықпал ететін өлшемдерді қолдану бөлігінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Мұндай норманы қабылдау Қазақстанның заңнамасын сақтау қажеттілігі туралы, оның ішінде, тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді қазақстандық өндірушілерді қолдау шараларына қатысты сөзсіз қолдануға қатысты көптеген тапсырыс берушілерді ойлантуға мәжбүр етеді.
Бұдан өзге, жер қойнауын пайдаланушыларға конкурсты тек Қазақстан Республикасының аумағында өткізу жөнінде, сондай-ақ сатып алулар туралы барлық ақпаратты, “Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі және олардың өндірушілері пайдаланатын тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің тізілімі” мемлекеттік электронды жүйесінде орналастыру жөніндегі талаптар енгізілген. Аталған шара жоспарланатын, ағымдағы және өткізілген жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары туралы уақытылы және үздіксіз ақпараты негізінде талдау ақпаратын беру арқылы нақты отандық тауарларды өндірушілерді, жұмыстар мен қызметтерді шығарушыларды қолдауға бағытталған. Осылайша, заң ашықтық жүйесін енгізуді, сатып алу бойынша рәсімдердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Бұл өз кезегінде қазақстандық өндірушілерге және жеткізушілерге тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді жеткізу конкурстарында шетелдік компаниялармен тең жағдайда қатысуға мүмкіндік береді. Құқықтық негізді құру арқасында қазақстандық қамтудың үлесін ұлғайта отырып, отандық тауар өндірушілер санының өсуі және номенклатураны кеңейту үшін алғышарттар жасалатын болады.
– Жергілікті қамтуды дамыту өте күрделі міндет екені түсінікті. Бір ғана әкімшілік шараларымен ықпал ету жеткілікті ме?
– Қосымша тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің бәсекеге қабілетті өндірісін дамыту үшін барынша күш жұмсау қажет. Бұл үшін, қазақстандық қамтудың үлесін ұлғайту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде, мемлекет үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында жобаларды жеңілдікпен қаржыландыруды, салық және кедендік ынталандыру шараларын, қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуге, тапсырыс беруші тарапынан сұранысқа кепілдік беруді қамтамасыз етуге дайын.
Осындай жолмен, яғни мемлекеттің қолдауымен отандық өндірушілердің рынокты бәсекеге қабілетті сапалы өніммен толтыруларына нақты мүмкіндік туады.
Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.
ҮЛКЕНДЕГІ ҮЛКЕН ІС
Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі жаһандық дағдарысқа қарсы қолға алынған бағалы бастамалар жиынтығын өткен жылғы Жолдауда нақтылап, билік басындағыларға міндеттеген еді. Сонымен бірге, құнды құжатта инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыруды жалғастыру мақсатындағы жұмыстардың жүйелілігіне де назар аударылған-ды.
Экономиканы жаңғырту мен халықты жұмыспен қамту стратегиясы негізінде қолға алынған жобалар бүгінде өз шешімін тауып отыр. Осыған орай Алматы облысында да жаңа ғасырдың құрылысы ретінде Мойнақ ГЭС-інің құрылысы тиянақты жүргізіліп, келесі жылы жетісулықтар оның алғашқы игілігін көретін болады. Ал, Алматы және Жамбыл облыстарының шекараларын жалғаған Үлкендегі Балқаш жылу электр стансасын салу арқылы тағы да энергетика сұранысына деген тұтынушы талабын қанағаттандыру көзделіп, аталған нысан Үкіметтің 2007 жылғы электр энергетикасы дамуының 2015 жылға дейінгі бағдарламасы негізінде бекітіліп, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі серпінді жобалар тізіміне енгізілген энергия өндіруші жобалардың алдыңғы қатарында саналатындығы.
Оңтүстік Қазақстан ГРЭС-нің құрылысы басталуына байланысты 1986 жылы Үлкен кентінің құрылысы басталып, оған 47399 гектар жер телімі бөлінген. Бүгінде мұндағы халық саны 2000-ға жуық. Олар баспанамен толық қамтылса, бір кездері көшіп кеткен отбасылары бес және тоғыз қабатты алты үйдегі пәтерлерді жөндеп, қайта қоныстануда. Олардың көбі энергетик мамандар.
Қазіргі кезде аталған елді мекенде жауапкершілігі шектеулі серіктестер құрылып, оның қатарында “Прибалхашское ТЭС” еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін қуат көзімен қамтамасыз етуде. Аталған мекемеде “ПС-500” қосалқы стансасы үлкейтіліп, 500 кв. жаңа электр қуатының жүйесі іске қосылған. Халықтың негізгі табысы мен күнкөрісі “Үлкен-балық”, “Фиш Маркет”, “Абулхайыр” кәсіпорындарында балық өнімдерін өңдеумен айналысу арқылы толығуда. ИСО сапа стандарты бойынша жұмыс істеген кәсіпорында ауланған балық өңделіп, Германия, Бельгия, Франция, тағы басқа шетелдерге жөнелтілуде. Жергілікті тұрғындардың еңбек етіп, мәдени демалуына мүмкіндігінше жағдай жасалған. Осыған қарамастан үлкендіктер Балқаш жылу электрстансасының құрылысының басталуына қызығушылық танытып, оны асыға күтуде.
Серпінді жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі еліміздегі алдыңғы қатарлы “КазНИПИэнергопром” жобалау институтында жасалып, Балқаш көлінің оңтүстік батыс жағалауынан бой көтереді деп жоспарланған. Қазіргі кезде құрылыс жүргізілетін 6566 гектар жер телімі бөлініп, заңдастырылып, ұйымдастыру жұмыстары жалғасуда.
Жобаның мақсаты – “Солтүстік-Оңтүстік” электр энергиясы транзитінің ортасында болғандықтан жұмыс істеп тұрған электр желілерінің өткізу мүмкіндігін арттырып, қуат көзіне деген сенімділікті нығайту. Құнды жобаны іске асыру үшін өткен жылы Корея Республикасының SAMSUNG және KEPCO компаниялары және кореялық консорциуммен негіздемелік келісімге қол қою арқылы жол ашылды. Осылайша, Үкіметтің мемлекеттік жобаға қатысу үлесі 25 пайыз болып белгіленді. Оны қаржылай айтқанда 180 млн. АҚШ доллары (27 млрд. теңге). Ал, Корея консорциумы жобаның 70 пайызын 1,7 млрд. доллар көлемінде қаржыландыруды көздеп отыр.
Аталған алып құрылыстың қуаты 1320 МВт. жалпы құны 2405 млн. долларды құрайды. Жылу электр стансасының бірінші блогын (660 МВт) 2009-2014 жылдары пайдалануға беру көзделсе, екінші блогын іске қосу 2015 жылдың еншісінде. Өткен жылдың соңғы айларында серпінді жобаны іске асыру мақсатында “Балқаш ЖЭС” акционерлік қоғамы негізгі құжаттарға қол қойып, оны бастау үшін құрылыс алаңын таза ауыз сумен, электр энергиясымен, құрылыс материалдарымен және технологиялық жабдықтарды тасымалдау үшін темір жолмен қамтамасыз ету қажеттігі анықталып, осы аталған нысандардағы жұмысты бастау жоспарланды. Тендер өткізіліп, жұмысты жүргізуші мердігерлер анықталған. Қазіргі кезде Балқаш көлінен ауыз су құбырын тарту, Қайраткөл темір жол стансасын кеңейту және кіреберіс темір жолды реконструкциялаумен қатар, кенттегі шаруашылық-тұрмыстық канализацияларын, Балқаш көлінен сужинағышты қайта жаңғырту, буландырғыш тоған салу, тағы басқа жұмыстар жалғасуда. Ал, стансаның негізгі құрылысы биылғы жылдың маусым айында толық жалғасып, келісім бойынша мердігерлердің тең жартысын қазақстандық мамандармен толықтыру көзделген.
Құрылыс басталған кезде 3500 адам, ал толық қызғанда 7500 әртүрлі мамандықтағы сәулетшілер жұмысқа тартылса, ол іске қосылғанда 800-ге тарта инженер-техниктер, тағы басқа әртүрлі мамандық иелері тұрақты жұмыс істейтін болады.
Үлкен кентінің – келешегі де үлкен. Бүгінде тұтынушы талғамын қанағаттандыратын орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары да өсе түскен. Үлкен кентінің әкімі Болатай Рахимов Елбасының алға қойған міндеттерін жүзеге асыруда өзіне міндеттелген жұмысты тиянақты атқарып келеді. Ауылдың көркеюіне Дүйсебай Боранбаев, Мейрамқұл Қашқынбеков, Татьяна Ступак, тағы басқа кәсіпкерлердің қосқан үлестері қомақты. Мұнда орта мектеп, емхана тұрғындардың денсаулығы мен білімге деген құштарлығын шыңдауда талап тұрғысынан көрініп келеді. Өткен оқу жылында “Алтын белгі” алған түлектер мен мектеп бітірушілер мемлекеттік грантты иеленіп, білімдерін жоғары оқу орнында жалғастыруда. Жоғары оқу орнын бітіріп, туған ауылына қайтып келген ағайынды Мұсатаевтар, Игорь Руфин, Денис Косьянов, Андрей Котов және басқа энергетиктер осында еңбек жолдарын бастап, ғасыр құрылысына жастық жалындарын жұмсауды көздеп отыр.
Серпінді жобаның келешегінен үміт күткен халық өмірлерін онымен тығыз байланыстыруда. Өйткені, жылу электр стансасы халықты жұмыспен қамтуымен бірге олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру мәселесін шешеді, жаңа инфрақұрылымдар пайда болып, жастар есебінен мамандар даярлауға мүмкіндік туатынын көрсетеді.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.