Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», деп жазған еді.
Кеше Өскеменде ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы кәсіпкерлердің «Туған жер» форумында Президент ерекше атап өткен туған жерін жүрегінің түбінде аялаған, өскен-өнген мекенін өркендетуге іңкәрлікпен атсалысуға әзір жандар бас қосып, ойларын ортаға салды. Жоспарларымен бөлісті. Облыс орталығындағы Жекпе-Жек сарайында өткен алқалы жиынға өңірдегі ірі кәсіпорындардың жетекшілері, меценаттар, демеушілер, спорт пен мәдениет саласының көрнекті өкілдері, республикалық БАҚ басшылары мен мектеп директорлары қатысты.
Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін көп уақыт өтпей Шығыс Қазақстанда бесжылдық кешенді бағдарлама әзірленіп, оған 61 жоба енгені белгілі. Өңірлік бағдарламаны дайындауға және жүзеге асыруға облыстағы іргелі жоғары оқу орындарының ғалымдары мен әр саладағы сарапшылар жұмылдырылғанын айта кетейік. Бағдарлама аясында тамырлы тарихымыз бен мәйекті мәдениетімізді тануға, білім мен ғылымды өрістетуге, өңірдегі тарихи-мәдени құндылықтарды кеңінен насихаттауға айрықша ден қойылып отыр. Тағдыр талайымен қазақтың дархан даласына келіп, кеңпейіл халқымыздың қамқорлығына бөленіп, бүгінде аймағымызда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан өзге этнос өкілдерінің дәстүрі мен тілін, ділін сақтап, дамыту мәселесі де назардан тыс қалмаған. Облыста үш тілде білім беру бағдарламасының сәтті жүзеге асырылып келе жатқанын ерекше атап өтуге болады. Осы орайда мұғалімдердің тілдік біліктілігі мен оқыту әдістемесін кембридждік жүйе бойынша жетілдіру курстары өткізіліп, оған шет тілін тікелей үйретушілер шақырылды, бірыңғай оқулықтар сатып алынды, педагогтарды материалдық тұрғыдан қолдау жүзеге асырылды. Ал «Білікті маман» жобасы аясында өңірдегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру һәм мектеп бітірушілердің басқа елге кетуін төмендету мақсатында биыл облыстық бюджеттен 200 білім гранты үшін 50,8 миллион теңге қаржы бөлінді. Мұның нәтижесі қазірдің өзінде байқала бастады. Былтыр Шығыс Қазақстаннан 1800 мектеп бітіруші шетелге оқуға кетсе, биыл бұл көрсеткіш 890-ды құрап, екі есеге дейін азайып отыр. Бұл тараптағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Бес жылдық бағдарламаның берері мол
Елбасы өзінің елді рухани жаңғыруға шақырған толғамында «жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс», деген еді. Шығыс Қазақстанның осынау маңызды іске үлкен жауапкершілікпен қарағанын қысқа мерзім ішінде 5 жылдық ауқымды бағдарлама әзірлеп, оған 21 миллиард теңге көлемінде қаржы бағыттауды жоспарлап отырғанынан-ақ аңғаруға болатын секілді. Облыста «Туған жер» бағдарламасы аясында тек биылғы жылдың өзінде жергілікті меценаттар мен кәсіпкерлердің демеуімен құны 5,2 миллиард теңгені құрайтын 929 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек аймақтағы ірі өнеркәсіп орындары «Парыз» қоры арқылы қосымша 4,8 миллиард теңге қаржы бөлген. Қазіргі уақытта құны 11,3 миллиард теңге болатын 419 жоба (оның 277-сі облыстағы мектептерді жаңа құрал-жабдықтармен жарақтауға бағытталған) әзірленіп жатыр. Бұл ретте «Менің мектебім» жобасын ерекше атап өтуге болады. Жоба шеңберінде өңірдегі білім ордаларының химия, физика, биология және роботты техника сыныптарын Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі негізінде заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Осы мақсатта аймақтағы тәрбие ошақтарының материалдық-техникалық жабдықталуы толық сараптаудан өткізіліп, бүгінде облыстағы 277 толық комплектілі мектептің 425 кабинетіне (38 физика, 37 химия, 78 биология және 272 роботты техника сыныптары) жаңа, заманауи құрал-жабдықтардың қажеттілігі анықталыпты. Мәселен, бір ғана физика кабинетін жабдықтау үшін шамамен 7,1, химия кабинетіне 6,6, биология кабинетіне 5,8 және роботты техника кабинеттеріне 6,8 миллион теңге қаражат керек екен. Тұтастай алғанда, жаратылыстану ғылымдары мен роботты техника кабинеттерін жасақтауға 2,8 миллиард теңге қаражат қажет. Жалпы, 2018 жылы облыста роботты техника кабинеттерін ашу үшін 1,8 миллиард, жаратылыстану ғылымдары кабинеттерін жарақтауға 800 миллион теңге тарту жоспарланған. Форумның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Даниал Ахметов өңірде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы зор қарқынмен бастау алып, бағдарлама аясында «Туған жер» деп аталатын тамаша жоба іске асырылып жатқанына тоқталды. Өңірдегі ірі өнеркәсіп орындары білім, денсаулық сақтау және спорт саласына әркез ерекше көңіл бөледі. Бұл ретте Өскеменде салынған оңалту орталығы мен «Нұрлы жол» саябағын, дәлізі кеңейтілген Спорт сарайы мен Зырян, Риддер қалаларындағы спорт модульдерінің құрылысын, облыстағы медициналық мекемелердің заманауи жабдықтармен қамтылғанын айтуға болады. «Аймақтағы шағын және орта бизнес өкілдері де бұл істен қалыс қалып отырған жоқ. Аудан, ауылдардағы кәсіпкерлердің ірі кәсіпорындар секілді қомақты кірісі болмаса да, табысының бір бөлігін туған мекенін жаңғыртуға жұмсап жатқаны қуантады. Олар өз қаражаттарын балабақша салуға, әлеуметтік нысандарды жаңа құрал-жабдықтармен жарақтауға, ауылдарды абаттандыруға, халықтың осал тобына жәрдемдесуге бағыттап жатыр. Біз осы азаматтарды үлгі етуге тиіспіз», деген Д.Ахметов бүгіннен бастап облыста «Менің мектебім» жобасы бастау алғанын жариялап, өңірдегі кәсіпкерлер мен туған еліне, туған жеріне бейжай қарамайтын барша азаматтарды осы игі шараға белсенді атсалысуға шақырды.
Алыста жүрсе де, ауылын ұмытпаған азаматтар
Елбасы жиі айтып жүретін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өңірде бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыстар қолға алынып, бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді. Тек қана 2016-2017 жылдары облыста 9 миллиард теңгеден астам қаржыға 90 әлеуметтік нысан жөндеуден өтіпті. «Қазцинк» ЖШС 211 миллион теңгеге Өскемендегі медициналық оңалту орталығын, «КАЗ Минералс» тобы 531 миллион теңгеге Семейдегі спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты, «Титан магний комбинаты» АҚ 646 миллион теңгеге медициналық орталық салып, «Полиметалл» АҚ Жарма ауданының Әуезов кентінде 240 миллион теңгеге «Аққу» балабақшасын толықтай қайта қалпына келтіріп берген болатын. Іргелі өндіріс орындарынан бөлек аймақта туған жерге жанашыр азаматтар қатары жылдан жылға артып келеді. Мәселен, Зайсан ауданының Қаратал ауылында тұратын кәсіпкер Бақытгүл Баймұханбетова 2010 жылы «Балапан» бағдарламасымен 35 орындық «Азамат» атты балабақша ашып, 10 адамды жұмыспен қамтыса, Шемонайха ауданындағы «Камышинское» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Акулов екі ауылдық округтің амбулаториясы, мектебі мен мәдениет үйін толықтай қамқорлығына алыпты. Семейдегі «Tandem Trade Company» ЖШС директоры Арман Машимов үш айдың ішінде Шығыс ауылындағы өзі оқыған мектебі жанынан футбол, волейбол, баскетбол алаңдары мен жүгіру жолағын салып беріпті. Күршім ауданының Қалжыр ауылының тумасы, Алматыдағы «Асмед» медициналық орталығының директоры, дәрігерлер мен провизорлардың халықаралық қауымдастығының мүшесі Жақсыбай Бижігітов соңғы бірнеше жыл көлемінде Қалжыр, Игілік және Марқакөл ауылдарына тұрақты түрде көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған екен. Бүгінде Алатаудың баурайында тұрса да Алтайдағы ағайындарын бір сәт естен шығармайтын ел ағасы Жеңістің 70 жылдығында Қалжыр ауылында Бақытбек Манаповпен бірлесіп боздақтарға, соғыстан оралмаған азаматтарға арнап ұзын саны 365 кісінің аты жазылған мемориал ашыпты. Осы ауылдағы мешіттің имамына көлік тарту етіп, жаңа үй сатып алып беріпті. Бірнеше жыл қатарынан бірінші сыныпқа барған оқушылардың барлығына оқу құралдары бар сөмке сыйлап, жаңа жылда мектептің барлық оқушыларына күлек таратып, көп балалы және жағдайы төмен отбасылардың үздік оқыған балаларына шәкіртақы тағайындапты. Ақ халатты абзал жан Қалжыр ауылымен ғана шектелмей ата-бабасының мекені Игілік ауылын да қамқорлыққа алып, әр үйге құдық орнатып, ауыз сумен қамтамасыз етуге жәрдемдесіпті. Ауылдағы төбесі құлап тұрған медициналық пунктті 2 жарым миллион теңге қаржысын шығарып, күрделі жөндеуден өткізіп, ауыл көшелеріне бағана орнатып, жарық тартып беріпті. Осындағы мектептің компьютерлері мен парталарын жаңартуға жәрдемдесіп, музыкалық аппарат сыйға тартыпты. Сонымен қатар бұрынғы Теректі, қазіргі Марқакөл ауылында көп жыл қараусыз тұрған ғимаратты қатымхана үшін сатып алып, жерлестерінің игілігіне ұсыныпты. «Ауылдан шыққан бала едім. Өз ауылымды ұмытқаным, алыстап кеткенім жарамас деп жерлестеріме қолдан келген көмегімізді көрсетіп жүрген жайым бар. Асып-тасып жатқан байлығым да жоқ. Менікі бізді осындай дәрежеге жеткізген туған жер алдындағы перзенттік парызды өтеу. Біз үлкендер өзімізден, елден, жерден ұялып осындай қадамдарға барып жатырмыз. Менің тілегім, бұл іске жастар жағы да көбірек атсалысса деп ойлаймын», дейді Күршім ауданының құрметті азаматы.
Өскемендегі форумға Алматыдан алып-ұшып жеткен атымтай жомарт азамат алқалы жиында жоғарыда аттары аталған Бақытгүл Баймұханбетова, Владимир Акулов, Арман Машимовтармен бірге сөз алып, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Менің мектебім» акциясын қолдайтындығын жеткізіп, өз ауылындағы роботты техника кабинетін жабдықтауға 2 жарым миллион теңге бөлетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар Жақсыбай Бижігітов өзінің ұлы Шыңғыс осыдан үш күн бұрын Марқакөл ауылында роботты техника кабинетін ашып, акцияға бірінші болып үн қатқанын айтты.
Бір күнде 2 миллиард теңге жиналды
Өскеменде өткен форумның бір өзгешелігі, жиын кезінде залда аукцион ұйымдастырылып, облыстың қалалары мен аудандарынан келген кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Менің мектебім» акциясына үлес қосатындығын жұртшылық алдында жария етіп, қанша қаржы бөлетіндігіне дейін айтып берді. Мәселен, семейлік кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Әсемхан Досқұжанов аталған акцияға 50 миллион теңге қосатынын, Тарбағатай ауданының тумасы, бүгінде Алматыда тұратын Дулат Тастекеев кіндік кескен ауданына 50 миллион теңге, оның 10 миллионын «Менің мектебім» акциясына аударатынын айтты. Зайсан ауданы – 19, Абай ауданы – 5, Катонқарағай мен Үржар ауданы – 4, Глубокое ауданы – 5 және Ұлан ауданының кәсіпкерлері 23 миллион теңге беруге әзір екендіктерін сол жерде мәлімдеді. Шара соңына қарай өңірдегі үш ірі кәсіпорын «Казцинк», KazMinerals және Бақыршық тау-кен комбинаты әрқайсысы акцияға 300 миллион теңгеден қаржы аударуға дайын екендіктерін хабарлағанда зал толы көрермен дуылдата қол соқты. Осылайша облыс әкімі өңір мектептерін жаңа кабинеттермен жарақтауға қажет деген 2,8 миллиард теңгенің 2 273 605 000 теңгесі бір-ақ күнде жиналды. Енді бұл қаржы жергілікті «Парыз» қайырымдылық қорына аударылып, облыстың барлық мектептері заманауи физика, химия, биология және роботты техника кабинеттерімен қамтамасыз етілетін болады.
Төрт сағатқа жуық уақытқа созылған тағылымды шара барысында «Жігіттер» квартеті, «Ринго» тобы, Толқын Забирова, Ресейден арнайы келген Турецкий хоры өнер көрсетті. Кәсіпкерлер форумы Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның әуезді әндерімен түйінделді.
Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН