Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен ұлттық спорт ойындары федерациясы республикалық жаппай көкпар турнирін ұйымдастырды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында өткен бәйгеге 200-ден астам жүйрік ат қатысты.
Көкпармен бірге аламан бәйге, тоқ бәйге, жамбы ату, асық ату, қазақ күресі сынды ұлттық спорт түрлері бойынша да жарыс қызды. Махамбет ауданында өткен шараға аудан тұрғындары ғана емес, облыс орталығынан арнайы барғандар да куә болды. Тоқ бәйгеден маңғыстаулық «Мерседес» тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесті. Аламан бәйгеде Батыс Қазақстаннан келген «Аймаңдай» иесіне жеңіс сыйлады. «Дарабоз-2017» жаппай көкпар жарысында Жамбыл облысынан қатысушы Қуанышбек Құрамаев бас бәйге – «Алтын қамшыны» иеленіп, 1 миллион теңге сыйақымен марапатталды.
Жүйріктерді «Астана» көкпар клубының президенті Аманжол Қасенов пен Атыраудағы ұлттық спорт түрлері қауымдастығының негізін қалаушы Өнербек Жанбала бағалады.
Нөсер жауын мен Атыраудың бауырмал балшығы да ұлттық өнер жанкүйерлеріне кедергі болған жоқ. Жиналғандар жарысты соңына дейін тамашалап, этноауылда тамаша демалыс күнін өткізді. Ұлттық спорт ұлықталған шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлан Оспанов қатысты.
– Атырауда бұрын-соңды мұндай ауқымды көкпар ойыны өтпеген, – дейді облыстық ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Асланбек Өнербайұлы. – Бастамамызды облыс әкімі қолдап, еліміздің түкпір-түкпірінен ең жүйрік деген тұлпарлар жиналды. Алдағы жылы аймақтық турнир өтеді. Ұлттық спортты ұлықтауға арналған шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ