Қазіргі таңда еліміз көлемінде қоғамдық-саяси тұрғыдан жоғары деңгейде талқылануға түсіп жатқан дүние – латын әліпбиі.
Бұл мәселе қазірдің өзінде Парламент Мәжілісінің мінберінен бастап, ғылыми-зерттеу институттарымен қатар өңірлердегі мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының, сондай-ақ филолог-тілші мамандардың назарын аударуда.
Сондай бір шара елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Аталмыш оқу орнының танымал ғалымдары бас қосқан жиында филолг-тілші мамандар тарапынан нақты ұсыныстар айтылып, келелі ойлар ортаға салынды.
Аталмыш шараның саяси маңызы жайлы толымды пікірін айтқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов: «Қазіргі таңда біз егемендігіміздің іргесін бекемдеп, ширек ғасырдан бері елдіктің сара жолына түстік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында береке-бірлігі бекем, тыныш та, тұрақты мемлекетке айналдық. Соның арқасында республикамыз әлемдік қауымдастық алдында бейбітшілікті ту еткен ел ретінде беделі артты. Осындай жетістіктің нәтижесінде соңғы жылдары ел экономикасы қарыштап дамып, тіптен Шығыс Еуропа елдерінің экономикалық деңгейіне жақындай түсуде. Осы орайда, елдегі қаржы-қаражат айналымының маңызды саласы банк жүйесі сияқты құрылымдарды әлемдік стандартқа сай бейімдеу мәселесі туындап отыр. Яғни бүгінгі таңда әкімшілік-құқықтық, саяси-экономикалық салалардағы жеткен жетістіктерімізді, әрі қарай ғаламдық жаңару үрдісінен тыс қалдырмай, әрі ұлттық-елдік бет-бейнемізді сақтай отырып, мемлекетті дамытудың жаңа кезеңі келгенін аңғарған Елбасы қазақ қоғамына өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын ұсынды. Осы мақаласында Көшбасшымыз болашақта қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру керектігін ескертіп, дайындық шараларын қазірден бастап қолға алуды тапсырған болатын. Осыған біз де атсалысқанымыз жөн» дей отырып, елорданың іргесінде орын тепкен және шаңырағы астына ірі-ірі оқымысты ғалымдардың шоғырын қалыптастырған университеттің мұндай қоғамдық талқылаудан тыс қалуы сын болар еді деген ойын жеткізді.
Ғалымдар арасынан алғашқы болып сөз алған академик Сейіт Қасқабасов бүгінге дейін қазақ тілінің фонетикасы мен лексикасы толық, жүйелі зерттелмегенін, жаңадан қолданысқа енуі тиіс латын әліпбиіне қай ғасырдың фонетикасын алу мәселесі шешімін таппай тұрғанын ескертіп, әуелі әріп-таңба мәселесінен бұрын әріп-дыбыс мәселесін дұрыс таңдауымыз керек екенін алға тартты.
Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыпов қазақ тілінің өзге тілдерден артықшылығы – тұтастай гармонияға негізделгенін жеткізді. Оның пікірінше, гармония тұтастай алғанда ғаламның дамуына, жарастығына алып келер зор құбылыс. Әлем гармонияға сүйенеді. Тіліміздің осы қасиеті ХХ ғасырда әлсіреп қалды. Зерттеушілердің дәлелдеуінше, әліпби генотип сияқты қызметке ие. Сондықтан да бүгінгі талқыланып отырған қазақ әрпі қазақ руханиятын жаңартады дегенге сенімі мол. Қазіргі қолданыстағы қазақ әліпбиіне кеңес жылдары механикалық түрде қосылған жат дыбыстарды алып тастау қажет. Бұлар тілдің асыл нұсқасына селкеу түсіріп, үйлесімін бұзып тұр. Ғалым осылайша ой толғады.
Филолог-ғалым Дүкен Мәсімханұлы болса, латын әліпбиіне көшу мәселесін жалпылай алғанда қазақ қоғамы қолдап отырғанын, дейтұрғанмен дәйекше һәм қостаңбамен берілген әріптердің салдарынан түбі қолайсыздық туатынын дәлелді түрде жеткізді. Ғалым өзі куә болғандай ІТ маманы латынша қостаңба немесе дәйекшелі әріппен жазылған 1000 беттік мәтінді көшіргенде, ол қазіргі әріппен 1200 бет болыпты. Демек ел бюджетімен жылына 10 миллион беттік кітап шығарады десек, талқылаудағы жоба бойынша ол 12 миллион бет болады деген сөз. Сөйтіп жыл өткен сайын қыруар шығынға ұшырайды екенбіз...
Талқылау кезінде пікір білдірген келесі азамат қазақ тіл фонологиясын зерттеуші маман, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы өзінің аталмыш жиынға әліпби жасаушы емес, тіл маманы ретінде келіп отырғанын айтып, компьютер тақтасындағы қай әріпке қандай дыбыс беру керектігі жөнінде нақты ұсынысын жеткізді. Егер, – деді тілтанушы ғалым: – Тілдің табиғатын назарға алмай компьютерге байлап қойсақ қателік болады. Өйткені компьютер қазақ тіліне емес, ағылшын тіліне арнап жасалған. Бұл екеуі бір-бірімен ымыраға келмейтін екі әлем. Осыны ескерген жөн. Екіншіден, латынға көшудің негізгі мақсаты – жоғалтқанымызды түгендеу, алдағы дамуға сара жол салу екені анық. Латын әліпбиіне көшеміз деген кезде лингвистер мен тіл табиғатын түсінетін зиялыларды қуандырған да осы дүние. Демек, халық жаңа әліпбидің тіл заңдылығына негізделген ұлттық бейнесін күтіп отыр, – деді.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»