Сенатта елімізде көрсетілетін қаржы қызметін тұтынушыларды қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің басшылығымен кездесу болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі хабарлады.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина шараны аша келіп, қаржы секторын қайта қалыптастыру жағдайында қаралып отырған тақырыптың маңыздылығын атап өтті. Бұл мәселе туралы Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткен болатын.
Сенатор өз сөзінде банк секторына тұтынушылар сенімін арттыруға мүмкіндік беретін өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, ипотекалық қарыз бойынша қайта қаржыландыру, қарыз алушыға әртүрлі комиссияларды төлеу жөніндегі міндеттеме жүктеу, ссудалық есеп-шот ашу және оны жүргізу үшін қарыз алушыдан төлем алу туралы айтылды. Одан басқа, сақтандыру төлемдерінің төленбеуіне, шарт жасау тәртібінің бұзылуына, орындалуына және тоқтатылуына байланысты сақтандыру ұйымдарының іс-әрекеті сауалдар туындатып отыр.
Сенатор жекелеген микроқаржы ұйымдары сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті көлемін арттырып, микронесиелер беру және оған қызмет көрсету барысында комиссиялар мен басқа да төлемдерді заңсыз көбейтетіні туралы атап өтті.
О. Перепечина тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігін де айтты. Комитет басшысы жарнамалар үдей түскен кезеңде қаржы өнімдерін пайдалану жөнінде азаматтардың сабырмен шешім қабылдауға білімі мен тәжірибесінің жеткілікті болмауы түрлі қатерлер мен үйлеспеушіліктерге әкеліп соғатыны туралы хабардар етті.
Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов Ұлттық банкінің бастамасы бойынша 2006-2015 жылдар аралығында қаржы қызметін тұтынушыларды қорғауға арналған 40-тан астам ереже қабылданғанын жеткізді. Атап айтқанда, сыйақылар мөлшерлемесі көлемін банкілер тарапынан өзгертуге, микроқаржы ұйымдары мен несие серіктестеріне кепілдегі тұрғын үйді соттан тыс сатуға тыйым салынды. 2016 жылы қарыз алушылардың қарыз алу ауыртпалығын төмендетуге, валютамен ипотекалық қарыз алушыларды валюта бағамдарының құбылуынан берешек болуға тәуелділікті алып тастауға, проблемалық қарыздармен жұмыс жөнінде банкілерді дер кезінде шаралар қабылдауға ынталандыратын түзетулер топтамасы қабылданды. Шетел валютасында кірісі жоқ жеке тұлғаларға шетел валютасында ипотекалық қарыз беруге тыйым салынды.
Ұлттық банкідегі қаржы қызметін тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасының бастығы Александр Терентьевтің сөзінде ипотекалық қарыз алушыларды, банкілердің салымшыларын қорғау шаралары, сондай-ақ халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарламасын іске асыру жөнінде жан-жақты ақпарат айтылды. Баяндамашының айтуынша, Қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асырудың арқасында еліміздегі 20 000-нан астам отбасының жалғыз тұрғын үйі (01.10.2017 жылы 140,1 млрд теңге сомасына 22 887 өтініш мақұлданды) сақталып қалды. Қабылданған шаралар проблемасы бар қарыз алушылар қоғамдық бірлестіктерге бірігуімен, олардың басшылары қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі арнаулы комиссиялардың жұмыстарына тартылуымен, дағдарысқа қарсы мемлекеттік шараларға халықтың сенімі арта түсуімен көрініс тапты.
Пікірсайысқа қатысқан депутат Бақтыбай Шелпеков кәсіпкерлер секілді қаржы қызметін тұтынушылар құқықтарын қорғаудың маңыздылығы туралы пікір айтты.
Парламентші Әли Бектаев қарыз алушылардың қарыз ауыртпалықтарын төмендетуге, қарызды сотқа дейінгі реттеу жөніндегі құқықтық кеңістік қалыптастыруға бағытталған, коллекторлық агенттіктермен өзара қатынастар туралы 2015-2017 жылдары қабылданған заңнама түзетулерін іске асыруға байланысты сұрақ қойды.
Сенаторлар Нұрлан Қылышбаев пен Ғұмар Дүйембаевтың сауалдары сақтандыру секторындағы тұтынушылар құқықтарын қорғауға және тұтынушылар мен қаржы ұйымдарының арасындағы өзекті мәселелерді шешудегі сақтандыру омбудсменнің тиімді қызметіне қатысты болды.
Депутат Дәурен Әділбеков Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру жөніндегі 2015 жылы қабылданған бағдарлама туралы айта келіп, осы бағдарламаға бұрын енгізілмеген қарыздар санатын қамтуға байланысты түзету енгізуді ұсынды.
Парламентшілер Сергей Плотников пен Ольга Перепечина өнімдер мен қызмет көрсетулер нарығында тиісті реттеу тетіктері жоқ онлайын-несиенің пайда болуына орай алаңдаушылық білдірді.
Кездесуді қорытындылай келіп, комитет төрағасы Ольга Перепечина қаржы нарығының тұрақты және дәйекті түрде қызмет етуін қамтамасыз ететін, экономиканың, оның ішінде қаржы қызметіне тұтынушылардың талаптарына жауап бере алатын қазіргі заманғы және сауатты шаралар қабылдаудың қажеттігін атап өтті.