Ұлттық музей мен корей мәдениет орталығының ұйымдастыруымен ашылған «Қазақстан корейлері» атты фотокөрмеге Қазақстан және Корея Республикалары арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 25 жыл және де олардың қазақ жерімен байланыстарына 80 жыл толу тарихы арқау етілді.
Шараның ашылу рәсіміне Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігінің хатшысы Те Кен Ген қатысып, Корея президенті Мун Цзы Иннің құттықтау хатын оқыды. Ұлттық музейдің директоры міндетін атқарушы Леонид Кочетов: «Мұнда елімізде тұрақтаған корейлердің қазіргі тұрмыс-тіршілігі жан-жақты баяндалады. Негізінен Астана, Алматы, Қызылорда, Үштөбе қалаларындағы корейлердің суреттері топтастырылған Ұлттық музейдегі фотокөрме ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. Алдағы уақытта екі ел арасындағы мәдени және музей саласындағы ынтымақтастық қарым-қатынастар барынша жандана түсетініне сенімдімін», – деп тілек білдірді.
Көрмеге қатысушы, Парламент Мәжілісінің депутаты Роман Ким:
– Биылғы жыл қазақстандық корейлер үшін айтулы жыл болғалы тұр. Себебі қазақ жеріне корейлердің қоныстанғанына 80 жыл толады, сонымен қатар екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына – 25 жыл. Осыдан 80 жыл бұрын тағдырдың айдауымен Қазақстанға табандары тиген корейлер жергілікті халықтың қамқорлығының арқасында зұлмат жылдар зобалаңынан аман қалды. Аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз келген оларды қазақтар жатсынбай бауырына тартып, қолдарынан келгенше жақсылық жасады. Мұндағы барша корей қауымы қазақ халқының қолдауына ризашылық сезімдерін білдіреді, – деді.
8 қарашаға дейін жалғасатын фотокөрмеге кореялық фотосуретші Ким Джинсоктың 1937 жылғы мәжбүрлеп көшіру саясаты салдарынан Қазақстанға қоныс аударған корейлердің қазіргі ұрпақтарының күнделікті өмір-тіршілігін бейнелейтін дүниелер қойылып, таныстырылды.
Қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан корейлердің тағдыры мен тарихынан фотодеректер жинау мақсатындағы бұл фотожобасын әзірлеуге корей мәдениет орталығының бастамасымен Ким Джинсок 2016 жылдан бастап кіріскен болатын.
Қазақстандағы этникалық корейлердің портреттерінен бөлек, Ким Джинсоктың жұмыстарында бүгінгі Қазақстанның да жарқын қырлары қалтарыста қалмайды: қалалық пейзаждар, табиғи ландшафтар және қарапайым адамдардың өмірі шеберлікпен үйлестірілген.
Ким Джинсок фотокөрмесі несімен ерекшеленеді, не үшін бұл жобаға оның суреттері аттай қаланып таңдалған, болмаса біз ол туралы не білеміз десек, бұл есім Корея Республикасына әйгілі фотожурналист ретінде мәлім. Әлем елдеріне саяхат жасай жүріп ол Кореядағы Чеджу аралындағы «Олле», Испаниядағы Эль Камино де Сантьяго қажылық жолындағы, Непальдағы Гималай, Париждегі француз-швейцарлық Монблан бағытындағы жаяу жүргіншілер саяхатына қатысқан. Ол өзінің барлық сапарлары кезінде адамдардың өмірлеріндегі ең көркем сәттерді өз объективіне сыйдырта алуымен әріптестері арасында аса құрметке ие. Оның дер кезінде дәлдікпен фотоаппарат нүктесін баса білуі арқылы дүниеге келген туындылары Корея көрмелеріне қойылған. Фотографтың өзі қарапайым адамдармен арадағы тығыз қарым-қатынасты жоғары бағалайды, адамдардың тек бастарынан кешкен хикаяларды тыңдап қана қоймайды, сонымен қатар тарихи сәттерді аппаратына басып үлгереді. Фотошебер кино өнері саласына да едәуір тер төгіпті, және көптеген университеттерде фотоөнер туралы тағылымды лекциялар оқыған. Қазіргі таңда ол Корея Республикасы Президенті «Чонхвадэ» әкімшілігінің фотографы.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»