«Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді» деген екен атақты ойшыл Сенека. Өйткені, тіршілігінде мазмұнды, ғибратты, салиқалы өмір сүру кез келген жұмыр басты пенденің пешенесіне жазыла бермесе керек. Сол себепті мәнді де мағыналы тірлік кешіп, бұл өмірде ізгілікті із қалдыру кімге болса да арман.
Иә, шынында да «қалай өмір сүрдік, жеткен жетістігіміз қандай, сүрінген жеріміз бар ма? Болса неден?», деп ойланатынымыз да заңды. Өйткені, ғұмыр қас-қағым сәт. Осы қас-қағым сәт жайлы парасатты жан ойланбай қоймайды. Абай да қарасөзінің бірінде «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік. Алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік. Қажыдық, жалықтық; қылып жүрген барлық ісіміздің бәрінің баянсыздығын, байлаусыздығын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» депті. Иә, данышпан Абай айтқандай, мына қамшының сабындай қысқа өмірде біз де талай кісілермен дос, жолдас, қызметтес болдық. Солардың бірегейлерінің бірі, мен үшін орны бөлек жан Өмекең – Өмірәлі Шәкірапұлы Жалаири.
1976 жылы Мәскеудегі Шығыстану институтын, одан кейін Марокко корольдігіндегі Рабат университетін тәмамдап елге оралған соң, бірер ай Қазақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында еңбек еттім де, 1977 жылы ақпан айында С.Киров атындағы Қазақ университетіне қызметке шақырылдым. Сөйтіп біраз жыл филология факультетінде ұстаз болдым. Сол кездегі әріптесім, қазіргі Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Шәкірапұлы Жалаири (Қопабаев) бауырымызбен алғаш танысқаннан бастап ол кісімен етене жақындасып кетуіме оның жылы жүзді, ешкімді жатсынбайтын ізгі қасиеті себепкер болды ғой деп ойлаймын. Университетіміздің ұжымы үлкен, ол кісі заң, филология факультетінде сабақ беріп, түрлі жиналыс, басқосуларда кездесіп жүрдік. 1983 жылы университеттің жаңа үйі бітті де, екеумізге бір қанаттан пәтер берілді. Енді тек қызметте ғана емес, үй жақта да жиі жолығатын болдық.
Өмекең, Өмірәлі бауырымыз үлкен өмір жолынан өтті. Орта мектеп бітірісімен ерекше зерделі, білімділігінің арқасында мұғалім болып жұмыс істеген ол Ресейде әскери борышын абыроймен өтеді. Ол 1966 жылы әскерден оралған соң Алматы облысының ішкі істер органдарында жұмыс істеді. ІІО-дағы үздік қызметі үшін С.Киров атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) заң факультетіне оқуға жолдама берілді.
Университетті қызыл дипломмен бітірген соң үздік студент ретінде ҚазМУ-дің әкімшілік құқық кафедрасында аспирантураға қалдырылды. Белгілі қазақстандық ғалым, заң ғылымдарының докторы, профессор С.Сартаев төрағалық еткен университеттің диссертациялық кеңесінде «Облыстық атқару кеңестерінің жоғарыдағыларға бағынышты кәсіпорындармен қарым-қатынасы» тақырыбында кандидаттық диссертацияны тамаша қорғады. Бірінші ресми оппоненті КСРО ҒА Мемлекет және құқық институты директорының орынбасары, әкімшілік ісі саласындағы кеңестік ірі ғалым А.Лунев болды. КСРО БАК тарапының 1980 жылғы шолуында Ө.Қопабаевтың (Ө.Ш.Жалаири) диссертациялық ғылыми-зерттеу жұмысы кеңестік заң ғылымдарын дамытуға маңызды үлес қосқан ең жақсы ғылыми жұмыстардың бірі болып танылды. Аспирантураны үздік бітірген соң ҚазМУ-дің заң факультетінің жетекші кафедраларының бірі – Конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының ассистенті, аға оқытушысы, доценті және меңгерушісі ретінде қызмет атқарды. Жұмыс барысында университет пен факультеттің қоғамдық істеріне белсене араласып, заң факультетінің партбюро хатшысы болды.
1993 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін ол ердің ері ғана баратын тәуекелге бел буып қазірде заң академиясына айналған Д.Қонаев атындағы университетті құрды. Міне, содан бері осы білім ордасынан мыңдаған кәсіби білікті заңгерлер түлеп ұшып, жақсы мамандарға зәру болып отырған жас мемлекетіміздің кетік тұсына кірпіш болып қалануда. Өмірәлі бұрынғыдай дайын ғимараты, дайын аудиториялары, дайын оқытушылары жоқ тақыр жерде іс бастаса да, шөл даланы егінді, гүлденген алқапқа айналдырған ұлы диқандай нөлден басталған білім ордасын аяғынан тік тұрғызды, бұл күнде өздеріне қарасты бірнеше колледждің әрқайсысын оқу корпустарымен, жатақханамен, ал академияны өздері арнайы салған 12 қабат ғимаратпен қамтамасыз етіп, студенттерге арналған дәл сондай зәулім жатақхана құрылысын аяқтауға жақындап, заманауи технологиямен жан-жақты жабдықталған материалдық-техникалық базасы күшті, профессорлық-оқытушылық құрамы мықты, түлектері еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие, тек бакалавриат қана емес, магистратура, докторантура ғалымдарын да даярлайтын іргелі, беделді жоғары оқу орнына айналдырды. Мұндай аса жауапты міндетті жүзеге асыру үшін қандайлық білім, қаншалықты күш-қуат, жігер-қайрат керек екенін әділ де парасат-пайымы терең жандар шынайы сезіне алар деп ойлаймын.
Сүйген жары Кәшипа Рахымбекқызы Дархамбаеваның қолдауымен осындай ұлы мақсат-мұрат жетегінде жүріп Өмекең ғылымды да ұмытқан жоқ. 2000 жылы ҰҒА академигі М.Баймахановтың төрағалық етуімен болған Қазақ гуманитарлық-заң университетіндегі докторлық және кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесте Өмірәлі Шәкірапұлы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік билігін ұйымдастырудың және қызметінің конституциялық-құқықтық негіздері» (теория және тәжірибе мәселелері) тақырыбында докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Орайы келгенде айту керек, оның екі ғылыми диссертациясы да бірінші кезекте Қазақстанның мүддесін алға шығарып, еліміздегі аса маңызды, ірі әлеуметтік мәселелерді ашып көрсете және олардың шешімін орынды, дәлелді, қоғамға ой тастарлықтай деңгейде айта білген құнды еңбектер.
Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, профессор, ірі ғалым, жоғары мектептің ұйымдастырушысы әрі үздігі Ө.Жалаири бүгінгі таңда да республиканың жоғары білімі және ғылымына ғана емес, демократиялық Қазақстанның мемлекеттік дамуына да баға жеткісіз үлес қосуын жалғастыруда. Еліміз егемендік алғанға дейін де, кейін де ұлағатты ұстаз, жақсы педагог, көрнекті қоғам қайраткері ретінде көп құрметіне бөленген Өмекеңнің дәрісін тыңдаған шәкірттері ұстаздарының шебер лектор, білімдар ғалым екендігін құрметпен, мақтанышпен айтады.
1997 жылдың желтоқсаны. Менің Сауд Арабиясы корольдігіндегі Қазақстан елшілігінде кеңесшілік қызметке кіріскеніме бірнеше айдың жүзі болған.
Қазақстан мен Сауд елі арасындағы түрлі сала бойынша достық, мәдени, саяси қарым-қатынасты жолға қою үшін бар күшімізді жұмсаудамыз.
Қасиетті Отанымыздан Жоғарғы сот төрағасы Мақсұт Нәрікбаев бастаған делегация келді. Оның құрамында заңгер досым, әріптесім, профессор Өмірәлі Шәкірапұлы да бар еді. Қазақстан заңгерлеріне Сауд елі үлкен құрмет көрсетіп, мемлекет басшылары қабылдады. Делегация король Фаһдтпен де кездесті. Мемлекет астанасы әр-Риядтан соң олар қасиетті Мекке және Мединеге зиярат етті. Сапардың сәтті өтуіне Өмекең де өз үлесін қосты.
Кейіннен дін қызметінде жүрген кезімде де ол кісімен қатынасымыз үзілген жоқ. Белгілі заңгер ретінде Діни басқарма жанындағы ақылдастар алқасына мүшелікке тарттым. Оның мәжілістерімізге қатысып, заң жағынан ақыл-кеңес беріп тұрғанын ризашылықпен еске аламын.
Бірде ол арнаулы топты бастап Ресейдің Рязань облысындағы Қасымов қаласында өмір сүрген, сонда дүниеден өткен Қадырғали Жалайыри бабамыздың зиратын іздеу сапарына аттанатын болды. Әуелі өзі басқаратын Заң академиясында жұрт жиналып, құрбандық шалып, бата қылдық, ақ жол тіледік. Тек бұл ғана емес, Өмекеңнің отбасылық қуаныштарынан да тыс қалған емеспіз. Ондай кездері бәріміз бірге жиналып, мәре-сәре болып қаламыз. Ол мені өз университетінде өткен түрлі халықаралық, республикалық конференциялар мен симпозиумдарға да шақыруды ұмытқан емес.
Осы күндері ойлап отырсам, бәріміз де уақытымызды қызметке, яғни адам тәрбиесіне, жақсы маман даярлауға жұмсап келеді екенбіз. Ғылым арқылы мұратқа жетуге ұмтылдық. Сол қастерлі көш алдында Өмірәлі де жүрді. Ол кісінің менмендігі, тәкаппарлығы, кеудемсоқтығы жоқ, қашанда кішіпейіл, мейірбан, ізетшіл, үлкен жүректі азамат деп білем. Өмекең ректорлықпен, заңи қызметтермен ғана шектелмей, мемлекетіміздің түрлі іс-шараларына да белсене атсалысып тұрады. Өзі Қадырғали би Қосымұлы Жалайыри атындағы халықаралық қордың президенті. Көптеген ғылыми еңбектердің, оқулықтардың авторы. Төрт перзентін иманды, білімді, зиялы, халқына адал, адамгершілігі мол, еңбекқор, әдепті жандар етіп тәрбиелеген абзал әке ғана емес, сүйікті ата немерелерінің де елімізге пайдалы, жоғары саналы азамат болуына ықпал етіп, әр ұлт жанашырларына қажет ізгілік қағидаларын ұрпақтарына үйретуде. Өзімен аралас-құралас дос-жарандарын, ғылым жолындағы әріптестерін қатты құрметтеп, сыйлайтын ағамыз бірде өзі құрған білім ордасына арналған оқу ғимаратының іргетасын қалау алдында хабарласып, сол іс-шараның басы-қасында болуға шақырды. Оған елімізге белгілі талай азамат жиналды. Бәріміз университеттің көркейіп, еліміз үшін жоғары білімді, иманды азаматтар тәрбиелей беруін Жаратқаннан сұрап дұға жасадық. Былай қарағанда, базбіреулер онда тұрған не бар деуі де мүмкін. Әңгіме ниетте.
Пайғамбарымыздың, оған Алланың сәлемі, игіліктері болсын, хадистерінің бірінде Алла тағала пендесіне ниетіне қарай беретіні айтылады. Сол себепті, тілек тілеуде де үлкен мән бар.
Өмекеңнің мемлекетіміз үшін маңызды үлкенді-кішілі іс-шаралардың бәріне үн қосып, атсалысып отыратыны сүйсінтеді. «Бұған менің не қатысым бар?», деп қалыс қалмайды. Қайта ондай іске өз үлесін қосуды азаматтық парызы санайды.
Осындай өнегелі ісі көп Өмірәлі ортасында сыйлы, қадір-құрметке ие жан. Иә, Алла тағала бір пендесін сүйген болса, оны адамдарға да сүйкімді етеді. «Сіз еліңіздің сүйкімді, абзал азаматысыз, Өмеке», деймін оны көрген сайын.
Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор