Семейдегі Абай атындағы әмбебап кітапхананың латын әліпбиіне арналған кезекті шаралары Өскемен және Курчатов қалаларында жалғасты. Екі қала Семейден өте алыс орналасқандықтан, кітапхана қызметкерлері шалғай жолды қиынсынбай, латын тіліндегі басылымдары мен кітаптарын арқалап, жергілікті халықты рухани тың дүниемен сусындатып қайтуды жөн көріпті.
Курчатов қаласында «Латын әліпбиі - болашақтың бағдары» атты дөңгелек үстел де ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары, қала мектептерінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері, «Достық үйінің» қызметкерлері, кітапханашылар және мектеп оқушылары қатысып, латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы маңыздылығы, өзектілігі жайлы жан-жақты талқылаған.
-Осы латын тіліндегі қор жинағымен Шығыс Қазақстан облысындағы тағы біраз жерлерді араламақпыз,-деді Абай атындағы облыстық кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева, - біздің қорда 200-ге жуық сирек басылым сақтаулы тұр. Өскемен қаласындағы А. С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасына барғанымызда, ол жерге ШҚМТУ студенттері мен Өскемен қаласының журналистері жиналды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған ретро-көрмеде қоғамдық-саяси, халық ағарту ісі, тіл білімі, жаратылыстану, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық, әдебиеттану, тарих ғылымдары, көркем әдебиет ғылым салалары, татар тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдарды тамашалаған өскемендіктер бізге ерекше таң қала бас шайқады. Мәселен, Ә.Ермековтің «Ұлы математика курсы» (1935ж.), А.Мамытұлының «Денсаулық жолында» (1935 ж.), Т.Шонанұлының «Орыстарға қазақ тілін үйреткіш» (1931ж.), Таңқыбай (І.Жансүгіров) «Құқ: сатиралық әңгімелер жинағы» (1935 ж.) сияқты жүздеген басылымдар латын тілінде. Ең құнды қазынамыз «Абай» шығармаларының сол жылдардағы латын әрпіндегі нұсқасы дей аламын.
Раушан Нұғманбек,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ