Азық-түлік бағасы арзандар емес. Арзандағанды айтамыз-ау, қымбаттап барады. Бастысы, бұл үрдістің басталғаны соңғы бір-екі айдың айналасы емес, жылдап жалғасуда. Бұрын көбіне маусымдық кезеңдерде белең алып, кейін қалпына келіп жататын сияқты еді, қазір өскеннің үстіне өсіп жатыр. Иә, өсу бар да түсу жоқ.
Қазіргі күні «баға қайда барасың», «қымбатшылық қысып барады» дегендей мәтіндердің де қызуы кете бастағандай. Селк етпейміз. Адам болған соң әркім әйтеуір тіршілігін жасайды, қымбатшылық екен деп «қылтамақ» болсын ба?! Әлдекімдер әупірімдеп қана күнін көріп жүр. Біреу ет жеуді азайтса, енді біреулер жеміс жеуді доғарыпты. Кейбіреулер көкеніс көрсе де көңілі бұзылатындай күйде. Қысқасы, тапқан-таянғанын тамаққа ғана жеткізіп, жан бағып жүргендер көп. Ал қазіргі заманда, біздің экономикалық ахуалымыздың ауқымында бұл орынсыз, әрине. Себебі Қазақстанның экономикалық өсімі өзге көршілес елдермен салыстырғанда едәуір ілгері әрі жыл сайынғы ІЖӨ көлемі де көңілден шығады.
Ендеше бағаның бұлайша бұлқынуына не себеп? Оны тұрақтандырудың жолдары бар ма? Баға көршілес елдердің нарығына тәуелді, бағаны көтеру кәсіпкерлерге тиімді десе, онда мүмкін халықтың жалақысы мен әлеуметтік көмектерді барынша көтеру қажет шығар? Кім білген, мүмкін сонда жағдай түзеліп қалар? Бұған нақты жауап айтар ешкім жоқ. Әйтеуір көпшілік көңілін күпті еткен көп сауалдың жауабын әркім өзінше іздеп әлек. Әрине бағаны билік шешпейді, нарықтың заңы осындай деп, бәрін нарыққа жауып отыра берсек те болар. Бірақ біз білетін билік бағаны бұғаулау бағытында барынша жұмыс істеп жатыр. Оған өзіміз Үкіметтің алқалы жиындарында министрлер мен әкімдердің баяндамаларынан талай көз жеткізгенбіз. Біріншіден, біздің елде бағаны тұрақтандыру үшін мемлекет тарапынан арнайы шаралар қабылданып, Үкімет бақылауына алған. Мәселен, осы мәселені шешу үшін арнайы құрылған тұрақтандыру қорлары бар. Яғни, Үкімет бағаның негізсіз өсуіне және алыпсатарлыққа жол бермеуге және маусымдық ауытқуды деңгейлестіруге бағытталған азық-түлік нарығын реттеу бойынша шаралар қабылдаған.
2012 жылдан жұмыс істей бастаған бұл тұрақтандыру қорларын қымбатшылықтың алдын алу немесе әлеуметтік азық-түліктің бағасын реттеудің тетігі деп жүрміз. Өйткені аталған қорлар жыл сайын Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тізім бойынша шаруалардан сатып алып, азық-түлік жеткіліксіздігі кезінде қолжетімді бағамен сатылымға шығаруы тиіс. Бұл үшін бюджеттен қыруар қаржы да бөлінуде.
Мәселен, биылдың өзіне «Азық-түлік корпорациясы» АҚ арқылы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар 17,1 млрд теңге көлемінде қаржыландырылған. Бірақ бұдан елдегі азық-түлік тауарларының арзандағанын сезіне алмай отырмыз. Неге? Әлде қолға алынған шара бар болғанымен, атқарылған жұмыс мардымсыз ба? Міне, мәселенің бір ұшы осында. Бұл жайында Үкімет отырыстарының бірінде министрліктегілердің өзі мәселе көтерген. Яғни, бұған дейінгі екі жылдағы тұрақтандыру қорларының жұмысын талдау көрсеткендей, олардың әлеуеті тиісті деңгейде жұмыс істемейтін көрінеді. Бағалардың күрт өсуі азық-түлік тауарларының қорлары төмен өңірлерге тән болып отырғаны да сынға алынды. Себебі бағаның ең көп өсуі жыл сайын маусымаралық тауарларға келеді, яғни өңірлерде көкөніс және картопты бағаның төмендеуі және жиын-терім (жаз-күз) кезеңінде алып қалу қажет. Алайда, аталған тәжірибені кейбір әкімдіктер орындамайды. Көкөніс бойынша тұрақтандыру қорларын пайдалану маусымаралықтан бастап (желтоқсан-наурыз) бағаның барынша өсуін күтпей, барлық көрсетілген кезеңге тең бөлу арқылы жүзеге асырылуы қажет. Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылдың тоғыз айында жалпы азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,1 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде ауылшаруашылық өніміне баға 1 пайызға өскен. Қыркүйекте 2016 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда ауылшаруашылық құрылымдары өткізген өсімдік шаруашылығы өнімі 2 пайызға қымбаттап, ал мал шаруашылығы өнімі 1,2 пайызға арзандаған деседі. Қаңтар-қыркүйекте баға жүгеріге – 9,8 пайыз, қара бидайға – 9,7 пайыз, арпаға – 7,3 пайыз, күрішке – 3,2 пайыз, сұлыға – 5 пайыз, тарыға 0,3 пайызға өскен. Қой еті – 6,8 пайыз, ірі қара мал еті – 4,6 пайыз, жылқы еті – 4,3 пайыз, шошқа еті 4,1 пайызға қымбаттады, ал құс еті 2,3 пайызға арзандады, баға жұмыртқаға 27,8 пайызға төмендеді, ал балға 3,2 пайыз, шикі сүтке – 2,9 пайыз, қой жүніне 0,9 пайызға өсті дейді ресми дерек. Алайда, базардағы немесе үйіміздің іргесіндегі шағын дүкендердегі бағаның жайынан хабардар кез келген қарапайым адам бұл деректерге онша сенбеуі де мүмкін. Себебі қазіргі күні қымбатшылық қысымы қатты білініп қалды. Әрине, есептеу реті бойынша сандардың сәйкестілігін білеміз, статистика мәліметіне күмән келтіруге де қақымыз жоқ. Тек ол қалай есептеліп жүр, қазіргі есептеу индикаторлары бағаның байыбын бағамдауға қауқарлы ма деген сауал да жоқ емес. Әйтпесе қарапайым ғана бір есеп: бір кезде 60-80 теңге болған картопты 300 теңгеге көтеріп, ол сосын 150 теңгеге ғана түсетін болса, қалай оны 50 пайызға арзандады деп «алақайлай» аламыз? Бір кезде себепсізден аспандап кеткен баға енді бір кезде статистиканың жалпылама көрсеткішіне пайдасын тигізбей ме деген де ой қылаң береді.
«Бәрі қымбаттап жатыр. Басқасын қойшы, азық-түліксіз қалай отырамыз. Ай сайын базарға барып азық-түлік аламыз. Осыдан бір-екі ай бұрын 20 мыңға алған тамақты, міне, осы айда 30 мыңға алып отырмын. Қияр, қызанақ туралы қиялдамайтын болдық, бағалары 500-600-ге дейін», дейді бізбен базарда жолыққан Астана тұрғыны Қарлығаш. Бағаның бұғаусыздығына саудагерлер де мәз емес. «Бізге өндірушілерден тікелей ештеңе түспейді, бәрін азанда көк базарға барып көтерме бағамен сатып аламыз. Сосын үстінен қосып, осы базарда сатамыз. Тауар қымбаттағаннан бізге пайда жоқ, өткізу қиын, шығыны көп», деді саудагер Сандуғаш.
Сонымен қымбатшылықтың негізгі себептерін іздеп көрейік. Экономистердің пайымдауынша, әлемдік нарықтардағы баға жағдаятының өзгеруі және ұлттық валютаның әлсіреуі де импорттық жеткізулерге тәуелді тауарларға әсер етіп отыр. Тағы бір себеп, былтырдан бері табиғи монополиялардың қызметіне тарифтердің және жанар-жағармай бағасының артуы. Оған қоса маусымдық ауытқудың да әсері бар. Жыл сайын тауардың жекелеген түрлері бойынша қоймадағы қордың азаюына байланысты олардың бағасы құбылып тұрады екен. Бұл ең алдымен көкөністерге келіп тиеді. Биыл жаңа жылдан кейін көкөніс бағасы еліміз бойынша қатты қымбаттап кеткені есімізде. Басқасы басқа, екінші нан саналатын картоптың соншалық қымбаттауы халыққа оңай тиген жоқ. Мұны сала мамандары елімізде көкөніс сақтайтын салқындатқышы бар заманауи қоймалардың жетіспеушілігімен байланыстырды. Шаруалар нақ осы себептен күзде жинаған көкөніс өнімдерін қоймаларында ұзақ уақыт сақтай алмай, көктемге дейін сатып бітіруге тырысады екен. Көктемге қарай көкөніс бағаларының қатты қымбаттап кететінінің бір себебі осы. Ал мұндай жағдай болмас үшін тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандырып, дұрыс жолға қою керек. Сондай-ақ экспорттық жеткізудің әсері де бағаны көтерді. Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресей мен Қырғызстанның шекара маңындағы бағалар өскен жағдайда ішкі нарықтағы тауарлар құны да көтеріледі. Шетелдерден тасымалданатын азық-түлік тағамдарына жол шығыны мен оны саудаға шығару шығындары қосылады. Сөйтіп олардың бағасы өзінің нақты бағасынан әжептәуір көп болады. Ал мұның өз кезегінде елімізде, тіпті өз өңірімізде өндіретін азық-түлік пен көкөніс түрлерінің бағасына әсері зор. Өйткені жергілікті өнім өндірушілер ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын нарықтық бағаға сәйкес қалыптастырады. Оған қоса, біздегі кәсіпорындар қуаты әлі де болса ішкі нарықты толық қамтуға қауқарсыз немесе соған мүмкіндік жасалмай отыр. Кәсіпорындардың өндірістік жүктемесі аз, өнімді дайындау және өткізу бойынша кедергілер көп, сондай-ақ ұсақ тауарлы өндіріс пен сауда-логистикалық инфрақұрылымның жетіспеушілігі жеме-жемге келгенде азық-түлік бағасына әсер етпей қоймайды. Ал жалпы қымбатшылықтың ең негізгі себебі елде азық-түлік жетіспеуінен болады. Бұл ауыл шаруашылығы саласының дамуымен тікелей байланысты.
Елімізде доллар бағамымен қатар бензиннің де құны көтеріліп отырғаны азық-түлік бағасының күрт шарықтап кетуіне әсер етті. Сондай-ақ малдың жем-шөбінің қымбаттауы да азық-түлік құнына, ет өнімдеріне қосылып отыр. Оның үстіне көкөністерді сақтайтын қоймаларды жалға беру ақысы өсіпті. Сәйкесінше, кәсіпкерлер тауардың құнын көтеріп жіберген.
Әлеуметтік мәні бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу үшін нормативтік құқықтық базаны жаңартудың да қажеттілігі бар. Бөлшек сауда бағаларының реттеу тетігін жетілдіру және құқықтық базаны жаңарту жұмыстарын жалғастыру қажет. Өйткені нарық субъектілерінің жосықсыздығына тосқауыл болар тетік дәрменсіз. Себебі жығылғанға жұдырық жасап, қысылтаяң сәтті пайдаланған кейбір кәсіпкерлер 200 пайызға дейін үстеме қосып жіберіп жатса да, ешкімнің оған әлі келмейді. Ал еліміздегі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті өзінің аты айтып тұрғандай, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау ісімен айналысады. Яғни, бағаны реттеу бұл мекеменің құзырына кірмейді екен. Тек мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеуді және өзге де арнайы атқарушылық, рұқсат ету және бақылау функцияларын жүзеге асырады.
Отандық өндірушілердің нарықтағы және базардағы орындарға тікелей мүмкіндік алу мәселесін кеңейту керек. Барлық бөлшек нарықтарда әлеуметтік мәні бар азық-түлікке ұсынбалы баға орнату қажет. Сондай-ақ орта мерзімді перспективада импорт тауарларын арттыру шараларын қабылдау, жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына сауда интервенцияларын жүргізу, тұрақтандыру қорларында жеткілікті ресурстарды тиімді пайдалану және оларды уақытылы жүзеге асыру үшін тұрақтандыру қорларының жұмысын жүзеге асыру маңызды.
Тұрақтандыру қорларына азық-түлік алуға бөлінген қаржыны тиісті деңгейде игеру жайы да елеулі мәселеге айналып отыр. Әрине, кейбір қорлардағы қаржы депозиттерде бостан-бос игерілмей жататыны түсіндіруге келмейтін жайт. Баға мәселесіне орай Үкімет басшысы да жауапты басшыларға талай тапсырма беріп, барынша ескертті. «Бірінші кезекте біз бағаның негізсіз өспеуін бақылап отыруымыз керек. Маусымдық және басқа да себептермен тауар құнының жоғарылауы орын алады. Бірақ бағаға қатысты тиісті шешімдер жасалғанымен, көп жағдайларда жұмыстардың атқарылмауы салдарынан өсіп жатады. Бізде өндірісті және өнімнің саудасын іске асыруды ынталандыруға байланысты бағаны ырықтандыруға тетіктер жеткілікті. Алайда бұл тетіктер жұмыс істемей тұр. Байқағанымыздай, жергілікті жерлерде әкімдіктер тарапынан қадағалау болмай тұр», дейді Премьер-Министр. Иә, бағаны ырықтандыруда жүйелі шаралар қабылдау керектігін қадап айтты. Бағаны қадағалау дегеніміз, лауазымды тұлғаның базарға барып бағаны аңдып отыруы емес, әрине. Оған кешенді, жүйелі жұмыс керек. Өнімнің өндірісінен бастап саудаға шыққанға дейінгі аралықтағы бүкіл кезеңді келістірсек игі. Сонда ғана азық-түлік бағасын ауыздықтаудың амалы табылып қалар мүмкін...
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»