• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қараша, 2017

Баянауыл басында балуан тас

1384 рет
көрсетілді

«Қаратаудың басында балуан тас, Көтере алмай көзімнен шығады жас...» – деп басталатын қазақтың көнеден келе жатқан қа­ра өлеңі бар.

Осы бір жарты шумақты тәп­сір­лесек, әуелі айтарымыз: даланың табиғи тасы қараптан қарап «балуан» болмайды. Тас­тың бұлай аталуына себеп, оны қуаты мол, күші мығым адам көтеріп әкеліп келесі бір жерге орналастырады. Сөйтіп ол «балуан тас» аталады. 

Бұл үрдіс – сонау түркі заманынан келе жат­қан салт. Нақтырақ айтсақ, алып күш ие­сі өзінің қуат-қарымын келер ұрпаққа таныту үшін осылай жасайтын болған. Кейінгі ұрпақ бабадан қалған бұл тасты көтеріп, өздерінің шамасын байқайтын болған. Егер шамасы жетпесе жоғарыдағы қара өлеңде айтылғандай, қорланып, намыстанып «көтере алмай көзімнен шығады жастың» кебін киген. Демек, бұл дәстүрдің астарында ұрпақты ер­лік­ке, өрлікке тәрбиелейтін ұғым немесе қазір айтып жүргеніміздей «ұлттық код» жатыр. 

Заманында алып күш иесі атанған Балуан Шолақтың «көтердім елу бір пұт кірдің тасын» деуі, өз бойындағы қуат-қарымының мөлшерін білдіргені. Сол сияқты қазақтар шоғыры қоныстанған Алтай аймағының (ШҰАР) жері Шұңқыр ши ауылында әрі би, әрі балуан Жылқышы Ақтайұлы көтерген, Мори ауданы Асырқай ауылында атақты Қай­ысбай балуан көтерген тастар әлі тұр.

Осындай балуан тастың бірі – дәл қазір Павлодар облысы, Баянауыл ауданы орталығында тұр. Жергілікті жұрт оны «Қажымұқан тасы» деп атайды. Яғни, салмағы көз мөлшермен бір тоннаға таяу үшкіл төбелі, төрт қырлы сұрғылт тасты кө­тер­­ген адам – атақты балуан Қажымұқан Мұ­ңай­тпасұлы.  Оқиға 1921 жылы болған екен. Балуанның Баян өңіріне келуіне себеп, бұл өлкеде Қазақ Автономиялық Республикасының құ­рылғанына бір жыл толу мерекесіне орай той өтетін болады. Той ұйымдастыру ко­миссиясының төрағасы сол тұста аудандық сот­тың бастығы Қаныш Сәтбаев. Қанекең дү­бірлі мерекеге Қажымұқанды шақырып, ба­лу­анның күтім-бағымын ел арасында беделі бар, қазаны тоқ Субек ұстаға тапсырады. 

Субек ұста Қуанышбайұлы балуанды шаңырағына қонақ ете отырып, ол өнер көрсеткенде қажет құрал-сайманды да дайын­дап береді. Тіпті Қажекең кеудесіне тас қойып, оны зіл балғамен ұрдырып, сын­дыртқанда ұрған адамның бірі Субек ұста екен. Өйткені ұста адам ғана соққыны мүлт жібермей, ырғағын бұзбай, бір нүктеге дәл ұра алады. 

Осы тойдың бел ортасында жүріп, балуан­ның өнерін көзімен көрген Мәшһүр-Жүсіп Көпеев «Қажымұқан» атты шағын дастан жаз­ған. Бұл шығарма 2002 жылы тұңғыш рет Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жарық көрді. Осындағы:

 ...Шалқасынан жатты да, төсеп  төсті,  Кеудесіне қойдырды үш пұт  тасты.  Пұт жарымдай бар шығар екі  балға,  Ақботаш, Субек ұста қандай  күшті. 

 Кезек-кезек екеуі дүрс-дүрс  ұрды,   Жұрт қорқып: «Өліп кетер» – деумен тұрды.  Өзінің жаны бар ма, жоқ па? – десті,  Бит шаққандай көрмеді, қырау құрлы... – деген үзіндіден сөзімізге дәлел табамыз. 

 Балуанның өнеріне риза болған Ақкелін-Дал­ба елі екі үйір жылқы сыйға береді. Қа­жекең аттанарда Субек досына: «Олжа­м­ның жартысын ал», дейді. Бірақ Субек ұстаның қалауы басқаша екен: «Қажеке, мал соқса желдікі, айдаса жаудікі. Қазақтан сіздей ұл бұдан кейін туар, тумас. Сіз одан да ана таудан үлкен тас әкеліп, үйімнің іргесіне қойып кетіңіз, достығымыздың куәсі болсын», дейді. Досының тілегін қабыл алған балуан есік ал­дындағы таудан суреттегі тасты көтеріп әке­ліп, үйінің іргесіне қойып беріпті. 

Тас бертінге дейін ұстаның ескі жұртында жатқан. Кейін жазушы Қалмұқан Исабаевтың ұсынысымен аудандық «Қазақ тілі» қоғамы тасты тауып, соңынан 2001 жылы көпшіліктің қалауы бойынша аудан орталығына жеткізді. Тас алғашында аудан орталығындағы Қ.Сәтбаев атындағы мемориалдық музейдің жанына қойылса, соңғы жылдары мүсін тас­тар орналасқан парк ішіне көшіріліпті.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»