Кеше Алматыда еліміздің белді журналистерін бір жерде тоғыстырған төртінші Медиа-құрылтай өз жұмысын аяқтады. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының даму мәселелерін тұрақты қозғап келе жатқан мәжіліс «Қазақстанның медиа рыногы: тәуелсіздіктің 20 жылдығы және болашаққа болжам» тақырыбының айналасында бүгінгі таңның көкейкесті мәселелерін тарқатты.
Кезекті құрылтайға қатысуға республикалық және аймақтық телеарналардың, газет-журналдардың жетекшілері, салалық қауымдастықтардың басшылары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Байланыс және ақпарат министрлігінің, жарнама агенттіктерінің, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері тілек білдіріп, 200-ден астам адам қатысты.
Биылғы Медиа-құрылтай бағдарламасы өте мазмұнды болды. БАҚ өкілдерінің басқосуы «Қазақстан журналистикасы: тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атты қысқа-метражды фильммен тұсауын кесті. Іле-шала жиын бұрын құрылтайда болмаған оқиғаға ұласты. Қазақстан Журналистика академиясының ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған жоғары жалпыұлттық жүлделері тапсырылды. Осы арада Қазақстан Журналистика академиясының да құрылғанына 10 жыл толғанын айта кетуге болады.
Академияның «Алтын самұрық» жүлдесі әлемдік ауқымдағы көрнекті публицист болған марқұм Әнуар Әлімжановқа беріліп, оның қызына табыс етілді. Ал «Алтын жұлдыз» жүлдесіне көрнекті публицист Қоғабай Сәрсекеев жұмысын жандандырып отырған «Қазақ» газеті лайықты деп табылды. Галина Күзембаеваның (бұрынғы Лебедева) құрметіне әйел журналистер үшін тағайындалған «Аққу» жүлдесі Қазақстан баспасөз клубының негізін қалап, басқарып отырған Әсел Қарауыловаға тапсырылды.
Осындай салтанатты сәттен кейін Құрылтай салмақты мәселелерге ойысты. Алғашқы жалпы отырыс «Әрі қарай не болмақ? Келешекке көз тастау. Медиа-рыноктың алдағы 10 жылдағы дамуын болжауға талпыныс. Мүмкіндіктер мен тәуекелдер» тақырыбына арналды.
Бұл басқосуда Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Берсебаев Қазақстан халықаралық келісім бойынша сандық телевизияға 2015 жылға қарай өтуі тиістігін мәлімдеп, осының айналасындағы атқарылған шаруалардан ақпар берді.
– 2010 жылдан бері бұл жоба жоспарлы түрде жүзеге аса бастады. Соңғы жарты жылда қазақстандық телеарналарды спутникке шығару үшін барлық қажетті инфрақұрылымды жасақтауға қол жеткіздік. Бұл спутниктік антенналарды 37 қазақстандық телеарнаға тегін және 15 шетелдік арнаны ақылы негізде алуға мүмкіндік берді. Осы арқылы шалғай ауданда тұратын халық отандық телеарналарды тамашалауға қол жеткізді. Келер жылдан бастап Астана, Алматы және Қарағандыда сандық телевизияның қанатқақты жобалары енгізіле бастайды, – деді Болат Талапұлы.
Қалай десек те, қаншама сыналып, мінеліп жатқанына қарамастан, еліміздегі БАҚ даму даңғылына түскен. Ақпараттық технологиялардың арқасында әуесқойлық тұрғыда да ақпарат таратушылар көбейіп, журналистердің жұмысына араласа бастаған. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов баяндады. Социолог Айман Жүсіпованың айтуынша, ел тұрғындарының 20 пайызы тұрақты түрде газет-журнал оқыса, интернет арқылы ақпарат алатындар саны 7 миллионға жетіпті.
Қызу пікірталас жағдайында өткен панельдік отырыста оқшау пікірлер де аз болған жоқ. «Орталық Азиядағы жаңа медианың дамуы» жобасының жетекшісі Олег Гант алдымен кез келген адам, кез келген журналист өзіне, өз білімін жетілдіруге деген талапты күшейтуі керектігін ұсынды. Олег Ганттың бұл сөзінің жаны бар. Себебі, қай жиынды алсаңыз да Үкіметтің жұмысын білмейтін адамдар саясатты сынап жатады. Газет-журналдарды оқымайтын жандар таптаурын көзқарас бойынша мемлекеттік БАҚ-ты мінегенде алдарына адам салмайды. Бұл жолы да солай болды. Отандық телевизия жалтақ, газет-журналдар биліктің ықпалынан шықпайды деп шешенсіген айтқыштар шын мәнінде мемлекеттік газет-журналдарды соңғы рет қай жылы ұстағандары естерінде жоқ болып шықты.
Сонымен, межеленген уақыттан бір сағатқа кешігіп аяқталған алғашқы отырыста Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев жыл сайын қазақтілді басылымдардың бағыты күшейіп, беделі артып келе жатқанын нақты мысалдармен дәйектесе, әріптесіміз Әміржан Қосанов қазақ тілді журналистиканың контенті ресми тілге қарағанда 10 есе артық екендігін, алайда элитаның оны оқып жарытпайтыны теріс ықпал туғызып отырғанын ортаға салды.
Келесі отырыс медиа-рыноктың ағымдағы жағдайына арналды. Бұл басқосудағы пікірталастар еліміздегі телерадиохабарлары туралы жаңа заң төңірегінде өрбіді. Қазақстанның телерадиохабар таратушылары ұлттық қауымдастығының өкілі Шолпан Жақсыбаева көтерілген мәселеге орай өзінің азаматтық көзқарасын білдіріп, сараптама жасап шықты.
Радиода қызмет істеп жүрген әріптестеріміздің бұл құрылтайда саусақпен санарлық болғанына қарамастан, «Радиоиндустрия – медиа бизнес ретінде: бізді ертең не күтіп тұр?» атты сауалдардан құралған отырыс та көкейкесті мәселелердің шетін тарқатты. ҚазҰУ оқытушысы әрі сарапшы Светлана Велитченко бұл тақырыпты пессимистік тұрғыдан өрбітті.
Велитченко қазіргі отандық радио музыкалық жолдаулар мен құрғақ ақпараттардан тұратынын айтып, Қазақстандағы радиожурналистика өлді десе, Ресейдің тәуелсіз радио қорының президенті Андрей Аллахвердов:
– Бізде де жетісіп тұрған жақ, жағдай осыған ұқсас, – деді. Мәселен, Алматыда биыл жер сілкініп, жұрт далада шұбырып жүргенде қазақстандық радиолар елді сабырға шақыратын бір хабар таратпаса, Беслан оқиғасы кезінде Ресей радиолары жұмған аузын ашпаған. Мінбердегілердің осы мәселеге қатысты сараптамалық пікірлерін бір жағынан шығармашылық адамының жанайқайы деп те қабылдауға болар еді.
Айнаш ЕСАЛИ,
Алматы.
Суреттерде: «Аққу» сыйлығының иегері Әсел Қарауылова; Форумнан көрініс.
Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.