Заманға қарай жасақталған отандық электронды оқулықтарымыз соңғы жылдары оқушылар мен ұстаздардың «қолқанаты» болды десек, артық айтқандық емес. 2007 жылдан бері еліміздегі барлық мектептердің жаратылыстану пәндері мен тілдерді оқытуға арналған 20 мыңнан аса интерактивті тақталар іске қосылған еді. Сол секілді 40 мыңнан артық сыныптарға интерактивтік тақталар қойылып, онымен мұғалімдер жұмыс істеп жатыр. Бұл мұғалімдер мен оқушылардың оқулықпен шектеліп қалмай, жан-жақты ізденуіне мол мүмкіндік жасап отыр.
Сонымен қатар, интернет арқылы онлайн сабақтарын өткізу ісі де жақсы жолға қойылған. Білімнің кілті мұғалімнің қолында десек, оларды қайта дайындау «виртуалды сыныптар» нәтижесінде жүзеге асырылуда. Осы жобаның аясында биология, химия, физика пәндерінен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде электронды оқулықтар әзірленді. Интернет арқылы интерактивті сабақтар өткізіліп, «зияткерлік электронды оқыту жобасы» жасалды.
Осы арада мына бір нәрсені айта кетсек дейміз, алғаш рет Отанымызда арнайы портал ашылып, онлайн тәсілі бойынша өткізілген сабаққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, бұл ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыс деген болатын. Міне, содан бергі 4 жыл ішінде электронды оқыту тәсілі өз елімізде ғана емес, өзге жұрттарға да танылып үлгерді. Соның бір дәлелі, Ұлыбританияның бұрынғы білім және кәсіби дайындық министрі Чарльз Кларктың біздің электронды оқулықтарымызды әлемдік деңгейде деп бағалауы еді.
Сүлеймен МӘМЕТ.