Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ІХ отырысы болып өтті
Кеңес жұмысына оның мүшелері, Астана қаласы мен өзге де облыс әкімдерінің жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестердің хатшылары, Қазақстан Президентінің Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкерлері, Алматы қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары және республикалық жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Премьер-Министр Кеңсесінің Басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен отырыста күн тәртібіне қойылған «Жастар саясаты саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру туралы» және «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетасына қатысты мәселелер талқыланды. Жастар саясатына байланысты нормативтік құқықтық база мәселелері туралы Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Болатбек Әбдірәсіловтің есебі тыңдалды. Ал марафон-эстафетаның жұмыс барысы жөнінде Білім және ғылым министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Мадияр Қожахмет қысқаша баяндама жасап, кеңеске қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп отырды.
Одан өзге, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдумановтың Алматы қаласы әкімінің жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестің қызметі туралы есебі тыңдалып, еліміздегі ірі мегаполистегі жастардың мәселелері мен әлеуметтік сұраныстарына қатысты бірқатар тақырыптар қозғалды.
Кеңес отырысына қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақыт Сыздықова мен Мұрат Әбенов өз тараптарынан жастар туралы заң жобасына қатысты, жалпы бүгінгі жастарды мазалайтын түйткілді мәселелерді шешудің амалдары мен әлемдік тәжірибедегі жетік тұстарын ескеру керектігін және алдағы күндері жастарға қатысты мәселелерді Парламент қабырғасында қарастырғанда атсалысатындықтарын жеткізді.
Сонымен қатар, осы отырыста кеңестің 2012 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасы талқыланды. Алдағы жылдары кеңестің осындай отырыстары өзге өңірлерде де ұйымдастырылуы керектігін жиылған көпшілік бірауыздан мақұлдады.
Қанат ЕСКЕНДІР,
Алматы.