Қазақстанның елордасы кезекті рет жаһандық іс-шара өткізу қарсаңында тұр. Дәлірегі, Астанаға алдағы 13-14 қараша күндері әлемдік сарапшылық-саяси элитаның жетекші өкілдері жиналады.
Мұндай кездесулердің дәстүрлі орны – Астана клубы. 2015 жылдан бастап, осы алаңның жұмысын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры және оның шеңберінде қызмет ететін Әлемдік экономика және саясат институты ұйымдастырады.
Биылғы жылы АҚШ-тың, Ресейдің, Қытайдың, Үндістанның, Еуропаның, Таяу Шығыстың, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияның ірі ғалымдары, танымал саясаткерлері, алдыңғы қатарлы «ақыл-ой орталықтарының» саясаттанушылары біздің заманымыздың өзекті мәселелерін талқылайды. Жаңа қалыптасқан әлемдік тәртіптің анықтамалық нүктелерін анықтай отырып, іс-шараға қатысушылар алдағы онжылдықта Еуразия дамуының векторлары мен сценарийлерін белгілеп, ағымдағы оқиғалардың көкжиегіне көз салуға тырысады. Тұтастай алғанда, қатысушылардың барлығы Астана клуб – жаһандық сарапшылар қауымдастығының қажеттіліктері мен талаптарын қанағаттандыратын, былайша айтқанда Үлкен Еуразия деп аталатын аумақтағы үдерістерді талқылауға арналған ерекше халықаралық формат екенін атап айтады.
Сонымен қатар Астана клубтың маңыздылығы оның бірегей миссиясында. Ал басқа әлемдік сұхбат алаңдарынан айырмашылығы, Астана форматы адал және сындарлы пікірталастар үшін тәуелсіз және бейтарап аренаны ұсынады.
Догматизмге (өзгеріссіз мәңгілік ережелер болып табылатын, сынға ұшырамайтын ойлау тәсілі) және кез-келген идеологиялық күн тәртібін күштеп таңуға ешқандай жол берілмей, тек жоғары кәсіпқойлық пен ашықтық ахуалы орын алған.
Егер біз бейнелі және метафоралық түрде салыстырсақ, клубтың қабырғасында жүргізілетін пікірталастар математиктердің семинарларына ұқсас, онда бір тапсырма шешімінің әртүрлі нұсқалары, сайып келгенде, ортақ әмбебап тұжырымдаманың шешіміне әкеледі. Сөз халықаралық қатынастардың тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ететін жаңа тәсілдер мен шешімдерді қалыптастыруда болып отыр.
Астана клубтың жұмысы еркін және ашық сөйлесу форумы ретінде «Chatham House» ережесі аясында өткізілетінін айта кету керек. Кейіннен тікелей дәйексөзге тыйым салынады, сөйлеу сілтемелері сөйлеушілердің есімдерін көрсетпеу арқылы ғана мүмкін болады. Сондықтан алдыңғы тәжірибе көрсеткендей, клуб аясында эксклюзивті тезистер және батыл дәлелдер айтылады. Бұлар бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілмейтін пікірлер. Бұл фактор тақырыптық талқылаулардың жоғарғы деңгейдегі өнімділігіне ықпал етеді.
Жалпы алғанда, қысқа мерзім ішінде Астана клуб өз орнын сенімді түрде иеленіп, танымал халықаралық брендке айналды. Бүгінде оның қызметі тұрақты түрде жетілдіріліп, сапалы жаңа деңгейге көшуде.
Клубтың алдағы кездесулерінің ерекшеліктерін атап өтер болсақ, біріншіден, клуб жұмысына алғаш рет бірнеше бұрынғы мемлекеттер басшылары шақырылды. Қатысушылардың басым бөлігін халықаралық істерге тікелей қатысқан және сахнадан тыс тарихи оқиғалардың куәгерлері болған дипломаттар мен сыртқы істер мекемелерінің бұрынғы басшылары құрайды. Екіншіден, клуб қызметінің атласы жаңа мүше елдермен қарқынды түрде белгіленеді. Биылғы жылы кездесудің тұрақты қонағы ретінде тағы 10 елдің өкілдері қосылады. Олар: Италия, Индонезия, Польша, Сербия, Словения, Финляндия, Чехия, Бангладеш, Малайзия және Әзербайжан. Клуб қатысушыларының құрамы 28 мемлекеттен келген 66 қатысушыға дейін кеңейді. Үшіншіден, лонг-парақ осыған дейін астаналық пікірталасқа қатыспаған белгілі саясаттанушылар және сарапшылармен толықты. Бұл тұрғыдан клуб мүшелерінің тізімі ғылыми жұмыстары мен аналитикалық ізденістері қазіргі заманның геосаяси және геоэкономиқалық үрдістердің тұжырымдамалық негізін қалайтын тұлғалармен толықтырылады. Олар жаңа шындықты және қазіргі заманғы әлем тәртібінің мәнін түсіндіретін негізгі теориялардың жасаушылары болып табылады. Бұл ғаламдық интеллектуалды дискурстың қалыптасуына қандай да бір ықпал ететін тұлғалар. Төртіншіден, клуб тарихында тұңғыш рет ашық панельдік сессия өткізіледі, оның шеңберінде бұрынғы мемлекеттер басшылары, сараптау және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы тұлғалар сөз сөйлейді.
Тұтастай алғанда, екі күн ішінде бүкіл әлем бойынша ой-пікірдің кең ауқымын ұсынатын пікірталастар болады. Кездесудің басты тақырыбы – «Үлкен Еуразия-2027: текетірес немесе серіктестік» – стратегиялық шешімді қажет ететін өзекті сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер негізінде қалыптасқан. Мәселелердің тізімі халықаралық проблемалардың ең ыстық топтарын қамтиды. Бұл әлемдік күштер арасындағы бәсекелестік пен АҚШ, Ресей, Қытай және ЕО геосаяси бастамаларының арақатынасы, өңірлік ойыншылар рөлінің артуы, Еуразиядағы негізгі интеграциялық жобалардың түйіндесу перспективаларына қатысты.
Қатысушылар жаңа қауіпсіздік сәулетін құру перспективалары, Корей түбегіндегі шиеленісудің мәнмәтінінде ядролық қарусыздандыру, Еуропадағы оқиғалар, сондай-ақ Орталық Азиядағы үрдістер, жаһандық және өңірлік үдерістердегі Қазақстанның рөлі туралы сөз қозғайды деп күтілуде. Тұтастай алғанда, кездесудің күн тәртібі өте кең. Бұл клуб мүшелеріне алдағы онжылдықта Үлкен Еуразия дамуының сұлбасын сызуға, яғни өте үлкен әрі күрделі міндетінің шешіміне жақындауға мүмкіндік береді. Әрине Астана клуб форматындағы Еуразия тағдырын талқылауға бағытталған сарапшылар диалогы Қазақстанның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәйекті түрде көтеретін ашықтық пен теңгерімді өзара әрекеттестік принциптеріне негізделген жаһандық саяси диалогты нығайтуға оң әсерін тигізеді.
Ержан САЛТЫБАЕВ, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры