Қазір қоғамды көп жамандаймыз. Әсіресе адамдарда бауырмалдық азайды, жұрт қатыгез болып барады дегенді жиі айтамыз. Бұл пікірмен келіскің де келеді, кейде келіспейсің де. Қазір жұрттың көзі жақсылықтан гөрі жамандыққа көбірек түседі. Әйтпесе бауыры үшін жанын берер азамат аз ба? Бәлкім, азайса азайған шығар, бірақ алдымен соларды көрейік те.
Жан-жағымызға зер салып қарайықшы, қазақтың көп үйінде ата-ананың қасында бір бала қалып, басқаларының аяқтарынан тұрып кетуіне қолқабысын тигізіп жататыны жиі кездеседі. Әдетте мұндай үлес балалардың үлкеніне тиеді. Ал мәнейі себеппен ата-ананың балаларын оқытып-жетілдіруіне мұршасы келмейтіндей жағдай туса (өлім-жітім, ауру-сырқау деген бар), баланың үлкені бұл борышты өз мойнына алады.
Бұл халқымыздың ең қастерлі қасиеттерінің бірі. Бәлкім, кейбір халықта бұл кемшін соғып жатар. Тіпті бір елдерде кәмелетке толдың ба, өз күніңді өзің көр деп, ата-ана өз баласын үйінен шығарып та жіберетін көрінеді. Ата-ана емес-ау, қазақта ағасы інісіне жөніңді тап деп айта алар ма?
Айтатын біреулер табылса, оны жалпы сипат демей, жарылған жұмыртқа санасақ жөн шығар. Бауырмалдық, туыстың туысқа қамқорлығы қоғамдық қарым-қатынасқа ықпал ететін, белгілі дәрежеде оның сипатын қалыптастыруға ықпал ететін қасиет. Содан да оған жете мән берсек жөн.
Бауырмалдылықты көпшілігіміз өз өмірімізден де, жақын араласатын адамдар өмірінен де көріп жүрміз ғой. Көбіне ағасы өзінен кішілерге қамқорлық жасайды. Өзіміз де сөйтіп оқыдық, жолымызды таптық. Қызметімізге орай ел аралағанда, басқалардың өмір жолын зерттегенде, соған үнемі кезігеміз. Қаншама өнегелі өмірдің бастауында сол бауырмалдық дейтін қастерлі қасиеттің шапағаты жатады. Оған әркім-ақ талай мысал келтіре алатынына күмәнсіз сенемін. Менің де көңіліме ондаған емес, жүздеген мысал оралады.
Өткен ғасырдың сонау 60-жылдарының басында Семей өңіріндегі (ол кезде облыс) Абай ауданының Қарауыл ауылында Жанболатовтар отбасымен араластым. Онда үйелмелі-сүйелмелі төрт азамат өсіп-жетіліп жатты. Үлкені Молдабек (Молдаш аға) сонда бастауыш мектептің мұғалімі, содан соң Комсомол аукомының хатшысы болды, екіншісі – Мейрамбек ҚазМУ-ды жаңа бітірген журналист, менің құрдасым,олардан кейінгі Болат пен Мұрат әлі мектеп оқушылары еді. Олар ауылға ғана емес, бүкіл ауданға өнеге болды. Шеттерінен өнерпаз, белсенді жандар. Барлығы да жиырманың ортасына енді жеткен Молдабекке аға деп арқа сүйейді. Ең алдымен жұртты сүйсіндіргені – олардың бір-біріне бауырмалдығы. Сол бауырмалдық арқасында олар облысқа аттары белгілі азаматтарға айналды. Молдабек пен Мейрамбек бір мезгілде екі ауданда идеология жұмыстарына басшылық етті. Өнегелі ұрпақ өсірді. Қазір жұртқа белгілі журналист, сазгер, қоғам қайраткері Серік Жанболат та сол тұста Мейрамбектің отбасында дүниеге келген. Молдабек аға қазір облысқа ғана емес, республикаға танымал этнограф, шежіреші. Оның «Тобықты-Шыңғыстау шежіресі» атты энциклопедиялық деңгейдегі көптомдық кітаптары айрықша ғылыми құндылығымен ерекшеленеді. Мейрамбек сазгер, ақын ретінде танылған.
Журналистігі өз алдына. Біршама өмірден ертерек озса да, сол қабілеттерін Серікке дарытып үлгерді. Ал белгілі мүсіншіге айналған Мұраттың апаттан қаза тапқаны көп арманды өзімен ала кетті.
Мұндағы айтпағымыз – бауырмалдық деген халқымызға тән ұлы қасиетке бас ию. Сол қасиеттің құдыреті болмаса, бұл отбасынан шыққан бір шоғыр қайраткерлердің дүниеге келуі күмән екені өз алдына, жай қатарға қосылуы екіталай еді-ау дейсің.
Бауырмалдық туралы сөз болғанда, белгілі қайраткер азамат Оразай Батырбеков ойыма бірден оралады. Ол ұзақ жылдар Қазақстан Компартиясы ОК-нің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, сол ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебінің ректоры болды. Сөзін ел тыңдаған, жұмысын жұрт бағалаған азамат еді. Жетім баланы соған жеткізген әпкесі Қатира апай болды. Өнерде орны бар, дарынды адам еді. Қазрадиода диктор, драма театрында белгілі актриса болды. КСРО халық әртісі Сәбира Майқановамен біре жүрді. Соғыстың қиын-қыстау кезінде бауыры Оразайды оқытып-өсіру үшін соның бәрін тастап, ет комбинатына жұмысқа кірді. Сыр бөлісер құрбысы Сәбира театрдан кетпе деп жалынғанда, «әртістің тиын-тебенімен інімді қайтіп жеткіземін» деп уәж айтқан. Сөйтіп інісін оқытты, жеткізді. Оразай Шәмшиябануға үйленгенде, Қаныш Сәтбаевтай кемеңгердің қасында құдағи болып отырды. Қанекең құдағиына ерекше ықылас білдіріп, сыйлап өткен.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сірә, қай-қайсымыз да мысал табатын шығармыз. Бауырмалдық деген халқымыздың ұлы қасиеті, талайлардан ерекшелейтін де қасиеті. Ол халқымыздың басына түскен талай қиыншылықты, талай сында берекеміздің берік негізі де болды. Соның арқасында талай аласапыранда бір-бірімізге сүйеу болып, аман қалдық. Сол қасиетімізден айрылмасақ екен, жастарымыздың бойына сіңірсек, алда да талай қиындықты жеңер едік, ұлтымыздың мерейі асар еді-ау дейсің.
Бұл үшін не істеу керек дегенде айтар ой да көп, бәрін тізіп шығу да қиын. Жалпылай айтар болсақ, сол ұлттың ұлы қасиетін қастерлейік, қатыгездікті қатал айыптайық, жас ұрпақтың бойына сіңірейік дегенге тоқтаймыз-ау. Сол қасиет дәл бүгін біздің қоғамымызға ерекше керек-ақ.
Мамадияр ЖАҚЫП, Қазақстанның құрметті журналисі