• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Қараша, 2017

Шекаралық бекеттердің шарапаты мол

476 рет
көрсетілді

Бұдан ширек ғасырдан ас­там уақыт бұрын еліміз тәуел­сіздікке қол жеткізген кез­де отан­дастарымыздың екі м­әсе­леге айрықша алаңдағаны ұмы­тыла қойған жоқ. Мұның біріншісі шекара мәселесі еді. Бүгінгі күн биігінен көз салсақ  оның түбегейлі шешімін тап­қанын көреміз. Өйткені Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей араласуы­мен Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия республикаларымен шектесетін шекаралары шегенделді. Бүгінгі саяси сөз қолданысына сай айт­қанда делимитацияланды. 

Сондай-ақ тәуелсіздіктің елең-алаң шағында көршілермен байланысты қайткенде ұтымды түрде жолға қоя аламыз деген салмақты сұрақ та туындаған болатын. Соның ішінде шекаралас өңірлер өздерінің геосаяси және геоэкономикалық қарым-қатынастарын қалай реттейтіні жөнінде де айқындалған нақты жобалар жоқ еді. Ал бүгін ше? Қазіргі күні мұндай сауалдар түгелдей жөнін тапқан. Оның орнында нақты істер бар. Жоға­рыда көрсетілген сауалға ай­қын жауап қайтарар болсақ, бүгінде көрші мемлекеттер мен өзара әріптестік тұрғысындағы қарым-қатынастар жақсы жолға қойылған. Бұл мәселеде шекаралас өңірлерге жүктелетін жауапкершілік жүгі жоғары болып еді. Солай болып та келеді. 

Осындай өңірлердің бірі – Ақтөбе. Оның әлеуметтік-эко­номикалық қарым-қаты­нас­тар саласындағы ең басты әріптесі болып табылатын Ресейдің Орынбор облысы арасындағы шекарасы ұзындығы артық та емес, кем де емес – тұп-тура 1000 шақырымды құрайды. Сондай-ақ Ақтөбе облысы­ның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Байғанин және Шалқар аудандары Өзбекстанмен шектеседі. Қалай дегенде де қазіргі күні мұнда Орынбор облысымен байланыс оң жолға қойылған. Бұл мәселе шекаралас өңір­лер басшылары қол қойған өзара келісімге сәйкес шешімін тауып келеді. 

Егер шекаралас аймақтар арасында өткізу бекеттерінің қызметі жақсы жолға қойылса, бұл жағдай сауда-экономикалық, әлеуметтік, рухани және мәдени қарым-қатынастарды тереңдете түсуге жол ашады. Осындай жол бірінші кезекте Ақтөбе өңіріндегі «Жайсан» автокөлік өткізу бекеті арқылы ашылған. Ақтөбе облысы әкімдігі сырт­қы байланыстар және туризм басқармасының басшысы Ермек Кенжеханұлының айтуынша, мұндағы өткізу жо­ла­ғы тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында екеу ғана болса, қазір сегізге жеткізілген. Тұтас­тай алғанда өңірдегі басты өткізу бекетінің жаңғыртылып, қайтадан толық жөндеуден өткізілгендігі автокөлік тасқыны мен жүк айналымының бірнеше есе өсуіне септігін тигізіпті. 

Осы арада Ақтөбе мен Орын­­бор секілді шекаралас ай­­мақ­­­тар арасындағы жол «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» ха­лықаралық көлік дә­лізі арқы­лы тоғысатынын оқыр­­ма­ндар назарына ұсына кет­кен жөн. Оның Ақтөбе об­лы­сындағы ұзындығы 628 ша­қырым. Жоғарыда айтылған авто­көлік пен жүк тасымалының негізгі бөлігі де осы жол арқылы өтеді. Бұл сөз жоқ – жақсы ны­шан. Әйтсе де Ресей жағын­дағы «Сағаршын» өткізу бекеті тұсында толық шешімін тауып үлгермеген мәселелер де бар екені басы ашық мәселе. Атап айтқанда, оны кеңейту мен ұлғайту шаралары неге кешеуілдеп келеді? Бұл мәселе өткен жылы қазан айында Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері басшыларының арасында өткізілген форум кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тарапынан көтерілген. Өзекті мәселе ресейліктердің тарапынан түсіністікпен қабыл алы­нып­ты. Олар Ақтөбе облы­сы­ның Мәртөк ауданымен шектесетін тұсында орналасқан «Сағаршын» өткізу бекетін бүгінгі биік талаптарға сай жасақ­­тау жөніндегі жобаны ал­дағы 2018 жылға дейін аяқтауға сөз беріпті. Сірә, халқымыз «игі­ліктің ерте кеші жоқ» деп осындайда айтса керек. 

Осы орайда 2017 жылдың 27 қазаны шекаралас өңірлердің өміріндегі айтулы күннің бірі болды. Өйткені дәл осы күні Қазақстан шекарасы мен Ресейдің Орынбор облысы, Ақбұлақ ауданы ара­сындағы федералдық автомобиль жол бөлігі пайдалануға берілді. Оның жалпы ұзын­дығы 51 шақырымды құрай­ды. Сөйтіп Ресей мен Қазақ­стан үшін әлеуметтік-эконо­ми­калық тұрғыдағы тиімділігі мол, маңызы жоғары құрылыс аяқталды. Сонымен бірге бұл нысан әріптестік қарым-қа­ты­настарды одан әрі терең­детуге, сондай-ақ екі тараптағы бизнестің жаңа серпін алуына септігін тигізбек. Егер нақты деректерге сүйенсек, Ақтөбе мен Орынбор секілді шекаралас өңірлер арасындағы тауар алмасу көлемі қазірдің өзінде үш есеге, яғни 120 миллион АҚШ долларына артқанын көреміз. Жаңа автожолдың іске қосылуына орай бұл мөлшер тағы да еселене түспек. 

Осымен екі елді жалғайтын автомобиль жолдары құрылысы саябыр табады деуге еш болмайды. Керісінше бұл іс жаңа­ша қарқын ала түсетіні белгілі болып отыр. Биыл ресейлік жол жөндеушілер «Ақбұлақ-Сағаршын» жолы бөлігінің 30 шақырымын аяқтауды ұйғар­ған. Бұған қоса, жол бойындағы барлық қозғалыстарды ашуға мүмкіндік беретін жиырма шақырымдық төменгі қабатты жол бөлігі де аяқталмақ. Жоба­ның сметалық құны – 2,16 миллиард Ресей рублін құрай­ды. Сонымен бір мезгілде қазақ­стандық әріптестер Ақтөбе – Ор бағытындағы автомобиль жолы құрылысын одан әрі жал­ғастырмақ. Әрі олар шағын оңайлатылған өткізу бекеттері орналасқан Жиренқопа мен Соль-Илецк аралығында жаңа автомобиль жолы құрылысын салуды қолға алмақшы. 

Ақтөбе өзінің аумағы бойынша республикадағы ең алдыңғы өңірлердің қатарынан орын алады. Сенбесеңіз, Қазақстанның географиялық картасына көз салып көріңіз. Сондай-ақ Ресейдегі Орынбор облысының аумағы да көршілерінен кем емес. Ендеше осындай үлкен шекаралас аймақтар арасында бір ғана өткізу бекеті тым аздық ететіні рас. Сондықтан да Қобда ауданының жоғарыда айтылғандай Жиренқопа деген жерінде және Әйтеке би ауданының Үшқаты деген аумағында шағын, оңайла­тылған өткізу бекеттері ашыл­ған. Аталған өңірлер Орынбор облысының Соль-Илецк және Ясненский аудандарымен жапсарлас жатыр. 

Әйтсе де бұл шағын бекеттер тек сол ауылдардың тұрғындары үшін ғана құрылған көрінеді. Яғни, бұдан сол маңайдағы өзге тұрғындар көршілес шекара­лас өңірге өте алмайды. Екіншіден, оның уақыты да тым шектеулі екен. Яғни таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 18.00-ге дейін жұ­мыс істейтіні де тұрғындар үшін тиімсіз екені анық. Егер бұл бақылау-өткізу бекеттерінің мүмкіндігін кеңейту жөніндегі мәселелер толық шешімін тапса – кәсіпкерлік көкжиегін көтеруге, алыс-берісті жақсар­туға, шағын және орта бизнес өкілдерінің тауар алмасуларына кең жол ашылар еді. Сондай-ақ Жиренқопа мен Үшқатыға таяу көршілес аудан тұрғындары таяқ тастам жер үшін жер-көкті айналып, «Жайсан» өткізу бекетіне сабылмас еді. Сондық­тан да бұл мәселе келешекте мем­ле­кет­аралық келісімдер ар­қы­лы шешімін тауып жатса игі. 

Бұл, біріншіден, қарапайым адам­дардың проблемасы екенін ұмытпаған жөн. Бұдан біраз уақыт бұрын Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайым адам­дарға қарай оң қадам бағытын ұсынғаны белгілі. Бүгінгі көтеріліп отыр­ған мәселе де сол қадам­ның бірі екені сөзсіз. Тарихи диа­лек­­ти­калық даму тұрғы­сы­нан қарас­тырғанда да Орын­бор қазақ халқына, оның жан-жүрегіне бір табан жақын қала екені басы ашық дүние. Тіпті бері сал­­ған­да Орынбор – Қазақ­с­тан­ның тұң­ғыш астанасы емес пе еді?! Мұн­дағы қазақ диаспорасы өзі­нің саны жағынан екінші орын­да тұратыны да көп жайттардан хабар береді.

 Қазақ елінің қатпар-қатпар шежіресі мен тарихы Орынбор облысының архивтерінде жат­қаны да ғылыми-рухани байла­ныс­тарды ұлғайта түсуге алғы­шарт қалайды. Орынбор қазақ­тары Қазақстандағы, соның ішінде көршілес Ақтөбе облы­сын­дағы өзгерістерге және мұн­дағы жарқын жобаларға сү­йіс­пеншілікпен қарайтыны аң­ғарылады. Әсіресе орынбор­лық қазақ жастары кіндік жұрты – Қазақстандағы әріптестерімен тығыз байланыс ұстауға ықы­ласты дейді Орынбор облы­сын­дағы орыс-қазақ қауымдас­тығы арасындағы әлеуметтік-мәдени қарым-қатынастарды қолдау мен дамыту жөніндегі ком­мерциялық емес ұйым­ның директоры Айтпай Жалғасханұлы. 

Біз әңгімеміздің басында Ақтөбе облысымен шекаралас өңірлердің бірі Өзбекстан екені жөнінде сөз сабақтаған едік. Бұл қазақ жұртына ең жақын халық – Қарақалпақ елі болып табылады. Ашығын айтқанда, бұған дейін Өзбекстанмен өзара байланыстар және көршілік қарым-қатынастар мәселелерінде тома­ға-тұйықтық көріністері орын алып келгені рас. Дегенмен соңғы кезде бұл көршілес әрі түбі бір туыстас елмен қарым-қатынас жақсарып, оң сипат алғаны анық. Өзбекстанның өткен жылы жаңадан сайланған президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан­ға ресми сапармен келіп-кет­кені белгілі. Осын­дай қайтадан жаңғырып жат­қан байланыстар көршілес өңір­лер Ақтөбе облысы мен Өзбек­стан­ның арасындағы қарым-қатынастарға да тың сипат әкелері анық. 

Міне, бүгінгі әңгімемізге тиек болған шекаралас өңір­лер арасындағы қарым-қатынас­тардың кейбір қырлары мен иірімдері осындай. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ – ОРЫНБОР – АҚТӨБЕ