Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Елжан Біртановтың айтуынша, денсаулық сақтау саласын цифрландыру Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында «Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша жеке бастама ретінде іске асырылуда, сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен толық сәйкестендірілген.
Денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудың 2017–2018 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Жыл соңына дейін Бірыңғай интеграциялық платформаны пилоттық енгізу көзделген, оның аясында Қазақстан Республикасының әрбір азаматының жеке ұяшығы — денсаулығының электронды паспорты болады. Сондай-ақ, жекелеген қызметтердің жұмысы автоматтандырылады: Медициналық сақтандыру қоры, қоғамдық денсаулық сақтау мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласы.
«Денсаулық сақтау министрлігі мен IBM компаниясының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, оның шеңберінде «Watson for oncology» — денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектіні пилоттық енгізу жоспарланған. Қазіргі таңда жоғарыда аталған меморандум аясында пилоттық жобаны өткізу бойынша жол картасы әзірленуде», — деді министр.
Сонымен қатар бүгінде ЮНИСЕФ-пен бірлесіп «Патронаж мейірбикесі және ерте жастағы балаларды күту» мобильді қосымшасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Мобильді қосымшаны іске қосу 2017 жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
2018 жылы қағазсыз денсаулық сақтау жүйесі пилоттық режимде төрт өңірде: Қарағанды, Қостанай, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ, республикалық деңгейдегі бірқатар ұйымда іске қосылады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина ұйымдары медициналық құжаттаманы қағазсыз форматта жүргізуге толықтай көшеді, соның ішінде: электрондық амбулаториялық карталар, аурулардың электрондық тарихы және электрондық рецептілердің көшірмесі.
Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау саласын цифрландыру арқылы медицина қызметкерлерінің еңбек өнімділігін ұлғайтып, халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейін арттыру көзделген.