Кеше «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында баспасөз мәслихаты өткізіліп, «Самғау» сыйлығын сарапқа салу үшін конкурс жарияланатыны айтылды.
Оны «Нұр Отан» ХДП хатшысы Ерлан Қарин ашып, жүргізіп отырды. Қоғамымыздағы мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандардың шығармашылығын, өмірге құштарлығын, Отанға деген патриоттық сезімін ояту мақсатында «Бауыржан» қайырымдылық қоры «Нұр Отан» ХДП қолдауымен биыл екінші рет «Самғау» сыйлығын бәйгеге тігіп отыр, деді ол. Биылғы сыйлық Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналады. Одан әрі хатшы Мемлекет басшысы, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі жандарды жан-жақты қолдау мақсатында белгілеген тапсырмаларына сәйкес «Нұр Отанның» өз тарапынан өткізілген шараларға тоқталып өтті. Олардың арасында түрлі чемпионаттар, фестивальдар, конкурстар, шығармашылық көрмелерді қоса есептегенде, бір жылда республика бойынша 600-ден артық шара өткізілгені жеткізілді. Соның ішінде тірек-қозғалыс аппараттарына зақым келген спортшы-мүгедектер арасында арбада отырып билеу, «шексіз мүмкіндіктер» әлеуметтік акциясы, үстел теннисінен өткізілген чемпионаттар, т.б. атауға болады, деді ол.
Өзіне сөз берілгенде «Бауыржан» қайырымдылық қорының төрайымы Жұлдыз Омарбекова биылғы «Самғау» сыйлығы «спорттағы жетістіктер», «әдебиет саласындағы шығармашылық», «белсенді қоғамдық қызмет», «бейнелеу өнері саласындағы жетістік», «үздік орындаушылығы үшін», «қолданбалы өнер саласындағы жетістігі үшін», «балалар шығармашылығы» атты алты номинация бойынша өткізілетінін айтты. Бірінші орынға берілетін сыйлық мөлшері 500 мың теңге екен, конкурсқа қатысу үшін берілетін өтініш 25 қарашаға дейін қабылданады. Қазірдің өзінде жүздеген өтініштер түсіп жатыр, деді ол.
Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау 3 желтоқсанда болатын Халықаралық мүгедектер күнінде Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Алматы қаласында болатыны айтылды.
Жақсыбай САМРАТ.