• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Қараша, 2017

Заң талаптары қоғамның тыныштығын көздейді

427 рет
көрсетілді

Биыл қыркүйек айында Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылғанына бір жыл толды. Осы уақыт аралығында саладағы уәкілетті орган болып табылатын ведомство тарапынан көптеген іргелі жұмыстар қолға алынып, бірқатар стратегиялық құжаттар әзірленді. Министрліктің бастамасымен іске асырылған заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар туралы егжей-тегжейлі білу мақсатында Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік АРЫНМЕН әңгімелескен едік.

– Берік Сақбайұлы, қа­зір­гі таңда Дін саласын­дағы мемлекеттік саясат ту­­ралы тұжырымдама бе­кі­тіліп, заң жобасын жа­сақтау және талқылау сатысы артта қа­лып, оны Үкіметке енгізіп отырсыздар. Осы туралы қыс­қаша тоқ­тала кетсеңіз?

– Бір жыл ішінде ми­нистрлік дін саласындағы ауқым­ды жұмыстарды қолға алып, нәтижелері бірте-бірте көріне бастады. Биыл маусым айында тәуелсіз тарихымызда тұңғыш рет Мемлекет басшысының Жар­­лығымен 2017-2020 жыл­­дарға арналған Дін са­ласындағы мемлекеттік сая­сат тұжырымдамаcы бе­кітілді. Біз осы құжатта дін­ саласындағы мемлекеттік сая­саттың алдағы орта мер­зімдегі негізгі бағыттары мен басымдықтарын ай­қын­да­дық. Заң жобасы бел­гі­ленген тәртіпке сәйкес бар­лық мүдделі мемлекеттік ор­­гандардың келісуінен өтіп, ми­­нистрліктің ресми сайтында және Үкіметтің ашық веб-порталына орналастырылды. Үкіметке енгізген заң жо­­­­басы шеңберінде әртүрлі са­ланы реттейтін 9 заңға және 2 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Олардың қа­тарында діни қызмет және діни бірлестіктер, білім беру, мемлекеттік қызмет және басқа да мәселелер бойынша ел заңнамаларын жетілдіруге бағытталған көптеген ұсы­ныстар бар. Атап айтар­ бол­сақ, заңнамалық өзге­ріс­тер мен толықтырулар кә­мелетке толмағандардың ді­ни іс-шараларға қатысу тәр­тібін, шетелдерде ді­ни білім алу мәселесін реттеу, қоғамдық орындар­да адамның бет-әлпетін та­ну­ға бөгет жасайтын киім түрлерін киіп жүруге тыйым салу, дін саласындағы уәкілетті органның діни бірлестіктермен өзара іс-әрекетін жетілдіру, діни бір­­лестіктердің қаржылық ашық­тығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметкерлердің діни рәсімдер мен жораларға қатысуын реттеу және та­ғы басқа да көптеген мәсе­лелерді қамтып отыр.

– Заң жобасы бойын­ша өзіңіз айтқан өзгеріс­тер­дің бірқатарына рет-ре­­тімен тоқтала кетсек. Жас­өспірімдерді діни қыз­метке тарту бойынша заң ­талабын күшейтудің се­бе­бі неде, қандай мүддені көздейді?

– Көзделіп отырған бар­лық заңнамалық өз­ге­ріс­тер бойынша көп­теген шетелдердің дін са­ласындағы қарым-қаты­настарды құқықтық реттеу тәжірибелері жан-жақты зерт­телген. Заңнамалық өз­ге­рістердің ішінде ата-ана­ла­рының немесе заңды өкіл­дерінің келісімінсіз немесе ертіп жүруінсіз 16 жасқа жет­пеген жасөспірімдердің діни іс-шараларға баруына заңнамалық тыйым салу қаралған. Осы орайда, бұл талап діни (рухани) білім беру мекемелерінде білім алатын жасөспірімдерге қатысты емес екендігін айта кеткен жөн.

– Осы мәселеге қатысты шетелдердің тәжірибелері не дейді?

– Біз әсіресе кешегі Ке­ңес Одағы құрамында бір­ге болған және бүгінгі да­му жүйесі ұқсас көрші ел­де­рдің тәжірибелеріне ден қойдық. Мәселен, Тәжік­станда бала­лар­ға діни білім беру ата-ана­лардың немесе оларды алмастыратын тұлғалардың жазбаша келі­сімімен мектептен тыс уақытта 7 жас­тан 18 жасқа дейін рұқсат етіледі. Осы елдің «Балаларды тәрбиелеу мен оқытудағы ата-ана­лардың жауапкершілігі ту­ралы» заңына сәйкес, ресми діни білім беруді қоспағанда, кәмелетке толмаған балаларға діни қызметке қатысуға ты­йым салынады. Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді діни ұйымдардың жұмысына заңсыз тартуға жол бермеуге қатысты Беларусь саясаты «Сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңының 39-бабымен реттелген. Онда жасөспірімдерді діни ұйымдарға тарту, оларды өздерінің қалауынсыз және ата-аналары мен оларды алмастыратын тұлғалардың келісімінсіз дінге оқыту заң­да бекітілген тәртіпте жауап­кершілік жүктейді.

– Шетелдерде діни білім алуды реттеудің қажеттілігі неден туындап отыр?

– Бұл норма да жұрт­шылықтың және еліміздегі діни бірлестіктер мен Қа­зақ­стан мұсылмандары діни басқармасы тарапы­нан кең қолдау тапты. Мұн­­дай талап шетелдерге діни білім алу мақсатымен ат­танған жас­­тардың радикал­ды діни ағым­дардың идео­логтарының ықпалына түсу мүм­кіндігін азайту үшін ен­гізілгелі отыр. Өкінішке қа­рай, шетелдерге өз бетімен барып, исламдық діни білім алған жастарымыздың ел­дегі дәстүрлі исламға тән түсі­ніктер мен дәстүрлерді мансұқтап жүргенін көріп те, естіп те жүрміз. Әрине бұл – шетелдік діни оқу орын­дарына азаматтарды­ жіберу тәжірибесінің рет­телмегендігінің нәтижесі. Сон­дықтан дін саласын рет­тейтін қолданыстағы заңға Қазақстанда арнайы діни білім алған соң ғана шетелдерде жоғары діни білім алуға болатын норманы енгізу ұсынылды. Осы орайда, ресми тіркелген діни бір­лестіктердің елімізде діни (рухани) білім беру ұйым­дары жоқ болған немесе халықаралық келісім бол­ған жағдайларда аталған заң нормасы оларға қолданылмайтынын айта кетейін.

– Қоғамдық орындар­да деструктивті діни ағым­дарға қатыстылығын көр­сететін сыртқы атрибут­тарды, киім түрлерін пай­далануға, киіп жүруге тыйым ­салу туралы не айтар еді­ңіз?

– Қазіргі таңда әлем елдері бұл мәселені заң шеңберінде шешуге талпынып отыр. Мә­­се­лен Франция Еуропа ел­де­рінің ішінде алғаш рет адамның бет-әлпетін тұм­шалайтын әйелдер киімін киюге заң жүзінде тыйым салып, оны киген және киюге қысым жасаған адамдарға қыл­мыстық жауапкершілік бекітті. Бельгия үкіметі 2011 жылы «Толықтай немесе жартылай бет-әлпетін жабатын кез келген киімді кию­­ге тыйым салу туралы» заң қабылдап, елдің барлық аумағында бет-әлпетті то­лықтай немесе жартылай жа­батын киім киюге тыйым салды. Аустрияда биылғы 1 қазаннан бастап қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін жабатын бас киім­дерді, маскалар мен арнайы киімдерді киюге тыйым салатын заң күшіне енді.

Көріп отырғанымыздай, адамның бет-жүзін тұм­ша­лайтын киімге заңнамалық тыйым салу – әлем елдерінде бар тәжірибе. Сондықтан осы мәселеге қатысты біздің тарапымыздан заң жобасына енгізілген талаптар дін саласын реттеу арқылы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету­ді көздейтін игі мақсатты бас­шылыққа алады деп толық се­німмен айта аламын.

– Заң жобасында көз­де­ліп отырған бар­лық­ мә­селелерді бір сұх­бат­пен қам­ту мүмкін емес. Әңгі­мемізді осы заң­намалық өз­герістердің мақ­­саты не және одан не кү­те­міз деген сауалмен қо­рытсақ?

– Біз осы заңнамалық өз­герістер мен толықтырулар арқылы мемлекет пен діни бірлестіктердің арасындағы өзара ықпалдастықты күшей­туді, қоғамда зайырлы қағи­даттарды нығайтуды және діни қызметті үйлестіру бо­йынша мемлекеттің функциясын арттыруды көздеп отыр­мыз. Осы орайда, елі­­міздегі діни ахуалдың тұрақ­ты екенін баса айтқым ке­ле­ді. Мен мұны барлық дең­гей­дегі мемлекеттік орган­дардың атқарып отыр­ған қызметтерінің және ел аза­мат­тарының мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған саясатқа толық қолдау көр­сетіп отырғанының нәти­жесі деп түсінемін. Ең бас­тысы, бұл өзгерістер мен то­лықтырулар қоғамның және ондағы барлық азамат­тардың мүддесіне жұмыс істейтіндігін атап өткім келе­ді.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»