• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2017

Қазақтың Баян деген батыр қызы

1551 рет
көрсетілді

Жетпіс алты жастағы семейлік Түгелжан Әзімханова апамызбен Өскемендегі облыстық аурухананың палатасында тілдестік. «Соңында іздеушісі, жоқтаушысы жоқ қазақтың батыр қызы Баян Байғожина туралы айтарым бар еді. Үйге келсеңші», деп Семейге шақырған-ды осыдан біраз бұрын. Әні барам, міне бараммен жүргенде қария аяғына ота жасатпақ болып осында келіпті. Құр келмепті, денсаулығының сыр бергеніне қарамастан өзімен бірге Баян Байғожинаға қатысты газетке шыққан мақалалардың көшірмелерін бір папкаға салып ала келіпті. «Операцияға келе жатсам да, балаларға көрсетпей сөмкеме салып әкелдім мыналарды. Олар көрсе ұрсады ғой маған», деп бір бума қағазды қолыма ұстатып, әңгімесін бастап кетті. 

Семейдегі бір мектептің аты берілсе...

«Биыл Кеңес Одағының Ба­тыры Зәкәрия Белібаевқа Семейден кө­ше атауын бергіздік. Бірнеше ардагер бір жыл, 18 ай жүгірдік осы үшін. Жазбаған жеріміз қал­мады. Ең соңында Парламент Мә­жі­лісінің депутаты Қуаныш Сұл­танов көмектесті», деп сөзін са­бақ­таған қария одан әрі әңгіме ауа­нын Баян Байғожинаға қарай ойыс­тырған. Зәкәрия Белібаевқа көше атауын бергізуге сүбелі үле­­­сін қосқан Түгелжан апа енді Абай ауданының Архат ауылынан шыққан алаштың жаужүрек қы­зы Баян Байғожинаға Семей мен Өскеменнен көше, мектеп ат­тары берілсе деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп, құзырлы орындарға хат жолдағанымен әзірге көңіл қуантатындай нә­т­и­­же болмай отырғанына қын­жы­­лысын білдірді. «Аудан орта­лығы Қарауылда бір көше мен балабақшаға батыр қыздың есімі берілген. Баянды туған жері Абай ауданы, Абайдан көшіп келген­дер ғана біледі. Басқа ешкім біл­мейді. Жүрегім ауырады осы­ған. Жеңіске небары 12 күн қал­ған­да қыршынынан қиылған, 24 фа­шистің көзін жойған қазақтың ба­тыр қызына қандай құрмет кө­р­сетсек те лайық. Оның есімі Мән­­шүк, Әлия, Хиуаз сынды қай­­сар қыздарымызбен бірге аталуы тиіс деп ойлаймыз. «Халық қаһарманы» атағын берсе де болар еді. Бірақ бұған қол жеткізу мүмкін емес секілді көрінеді. Семейден көше бермесе де, ең бол­маса қа­ладағы бір мектепке атын берсе деп армандаймын. Қан­шама оқу­шы, қаншама халық білер еді, бү­кіл дәптерлерге аты жазылып, Баян туралы сөздер сөйленер еді, кездесулер өтер еді», дейді бүгінгі зейнеткер, бұрынғы ұлағатты ұстаз. 

Балдаққа сүйенсе де, «Баян» деп шырылдап жүрген жанның «қазақтың батыр қызына «Халық қаһарманы» атағын берсе де болар еді», деген сөзінің жаны бар секілді. Өйткені бұған дәлел де бар. Бірінші дәлел – «Правда» газетінің әскери тілшісі Павел Кузнецовтың 1945 жылы 23 нау­рызда жазған «Шыңғыстаудың Баяны» атты мақаласы. Өзінің мақаласын «Төгілген ұзын шашын айқастыра ұстап, солдат бөркін баса киген қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан. Біз онымен Гинденбургте Валинштрасседе қашып үлгермеген неміс Бюр­герінің салтанатты кең үйінде кез­­дестік», деп бастаған орыс жазушысы қазақтың батыр қызы ең алғаш «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, кейін екі мәр­те «Даңқ» орденін кеудесіне қа­дап, Гин­денбург іргесіндегі ұрыста снаряд жарықшағынан ал­ған бетіндегі жарақатына қа­рамастан, 15 фа­шисттің көзін жой­ғаны үшін «Отан соғысы» ор­денін алғанын тамсана жазады. Баянның даңқы соғыс уақы­тында бүкіл дивизияға тарап, Бе­ло­руссия, Польша және Литва же­ріндегі шайқастарға қатысып, ерен ерлік көрсеткенін атап өтеді де: «Сөйтіп Баян Байғожина бізге: «Берлинде көріскенге дейін сау бо­лыңыздар», деп алға жылжыды. «Берлинде жеңіспен көріскенге де­йін қош бол, Баянжан!», дедік біз», деп аяқтайды мақаласын. 

Баян Байғожинаға қатысты екін­­ші құжат – аға лейтенант­ Мұрат Қабышевтің 1945 жы­лы­ 29 наурызда жазған хаты (по­ле­вая почта  48924). Се­мей­ облыстық мемлекеттік архивін­дегі сақталған жауынгер хатында ол: «Март айының (1945) бас кезінде Германиядағы Г. қа­ласынан 7 шақырым жерде бе­кініп отырған советтің үш солдат қызымен кезіктім. Қиылған қас, қара көз, қараторы, басына сол­дат малақайын киген қыз менен: «Ағай, қай жердікісіз?», деп сұрады. «Семей облысы, Абыралы ауданынанмын» деген сөз менің аузымнан шығуы мұң екен, көптен жерлестеріне кез­деспеген қазақтың батыр қы­зы «Туған ағам болдыңыз ғой. Мен Шыңғыстауданмын. Баян Байғожина» деп шап бе­ріп қолымды алды», дей келе П.Кузнецов жазған төрт орден мен «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі бар екенін жазады. «Мұн­дай Отанға еңбегі сіңген қазақ қыздары санаулы. Баян қазір госпи­тальде. Ол менен туған елдің га­зетіне хат жазуды сұрады. Қазақ қыздары, Баян сияқты еңбек сіңіріңдер», деп түйіндепті хатын жауынгер. 

Ауылда 15 жыл «Баян» клубын жүргізді

Ауруханадағы әңгіме барысында аңғарғанымыз, саналы ғұмырын батырлар мен ақындар елі Абай ауданының Архат ауылында өткізіп, ұстаздық қыз­мет атқарған Түгелжан Әзім­ханова Баян Байғожина есімін ұлықтауды сонау 90-жылдары бастаған екен. Отыз жылдан ас­там уақыт Архат ауылындағы мек­тепте қазақ тілі мен әдебиеті пә­нінен сабақ берген ұстаз 1993 жы­лы зейнеткерлікке шыққаннан кейін аз уақыт тыныс жасап, 1998 жылы үйінің іргесінде қа­раусыз тұрған бұрынғы сауда дүкенін сатып алады. «Бұл дү­кен жұмыс істеп тұрған кезде Баян Байғожинаның есімімен атал­ған болатын. Мектепте әде­биет үйірмесін жүргізіп, дарынды оқушылармен әртүрлі сах­налық көріністерді қойған тә­жі­рибем бар. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген сөз рас екен. «Осы ғимаратты неге рухани ба­ғытта пайдаланбасқа?», деген ой туды. Сөйтіп жартылай құлап жат­қан құрылыстың бір жағын жөндеген болып, он­да тұңғыш рет жоғары оқу орнын бітіріп келген жастармен «Оралыңдар, дипломды маман боп» деген кеш өткіздім. «Баян» клубы осылайша дүниеге келді. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, осы клуб­­ты ешкімнен бір тиын алмай 15 жыл бойы жүргіздім. Се­мейдегі ақын-жазушылардың көпшілігін ауылға шақырып, кештеріме қатыс­тырып отырдым. Кейбірінің кі­тап­тарының тұсаукесерін өт­кіздік. Бір қызығы, кешті де өзім ұйымдастырып, келген қонақтарға дастарқанды да өзім жаятынмын. Менің қолымда ақша қайдан бол­сын?! Дастарқанның ішіп-же­мін отағасына білдіртпей үй­ден алып келетінмін. Сондай кез­дердің бірінде сол шақтағы аудан әкімі Қонысбай Төлеубековке «Мен осы таза Қожанасырмын» деге­німде, ол кісінің «Қожанасыр осал адам болмаған», деп қал­жыңда­ғаны есімде қалыпты», деп еске алады кейіпкеріміз сағы­нышқа то­лы өткен күндерін.

Байырғы ұстаз әр әдеби кешін Шер­хан Мұртазаның «Қарын ашады, тойынады, бірақ рухты төмен­детуге болмайды. Рухы тө­мен адамнан ештеңе күтуге бол­майды» деген тағылымды сөздерімен бастайды екен. Әр мекеменің маңдайшасына жазып қоятындай-ақ сөз. Осы 15 жыл мұғдарында ұстаз тек Абай ауданы, Семей өңірі ғана емес, елімізге, әлемге танымал тұл­ғалардың шы­ғармашылығын да насихаттап әдеби кештер өткізеді. 1998 жылы атақты жа­зушы Шың­ғыс Айтматов 70­-ке толғанда «Адам­­заттың Айт­­­матовы» деген кеш ұйым­дастырып, соңынан шара жа­йындағы барлық материал­дарды сол кездегі Қазақстанның қырғыз еліндегі елшісі Мұхтар Шаханов арқылы қаламгердің өзіне жолдайды. Әйгілі сөз шебері сонау шалғайдағы Шыңғыстауда өзінің шығармашылығын әспет­теген қарапайым ауыл адамдарына қатты риза болыпты деседі. 

Шағын ғана ауылда «Баян Бай­ғожина атындағы әдеби-рухани клубты» құрып, 15 жыл бойы қыр­дағы жұртты әнмен, жырмен сусындатқан Түгелжан апа 6 жылдан бері денсаулығына бай­ланысты Семейде тұрып жатыр. «Өз уақытын аямаған, өз­ге­лердің бақытын аялаған» ұс­таздың сан жылғы еңбегі, төк­кен тері ескерусіз қалмаған секіл­ді. Мектепте ұстаздық еткен жыл­дары «Қазақстанның оқу ағар­ту ісінің үздігі» атағын иеленсе, зейнетке шыққаннан кейін «Алтынсарин» медалін кеу­десіне қадап, «ҚР мәдениет са­ла­сының үздігі» атаныпты. Екі мәрте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатын алыпты.­ «Осыдан екі жыл бұрын «Абай ауданының құрметті азаматы» атағын табыс­тады. Совхозда бас мал дәрігері бол­ған жұбайым да ауданның құр­метті азаматы. Бір үйде екі құр­метті азамат бармыз. Елдің құр­меті, еңбегіміздің өтеуі деп біле­мін. Бір басыма жететін қайғым да бар. Екі үлкен балам полигонның құрбаны болды. Сол қайғыны осы жұмыстармен, әдеби кештер өткізумен, ел-жұрттың ақ батасымен, жылы лебізімен жеңдім», дейді ол.

Түйін

Мақала жазылып жатқанда Түгел­жан апамыз телефон со­ғып, Семейдегі №37 қазақ орта мек­тебі ішінен Баян Байғожина атындағы әскери-патриоттық, спорт­­тық клуб ашылғанын қуана жет­кізді. Бұл іске қаладағы қор­ғаныс істері басқармасы ұйытқы болыпты. Аталған басқарма бас­шысының көмекшісі Кенже­бай Бердікеновпен хабарлас­қанымызда ол кісі шаһарда осын­дай 18 клуб бар екенін, батыр­­ атын­дағы клуб мүшелері алда­ғы уа­қытта Германиядағы Қазақ­с­тан елшілігіне Баян Бай­ғо­жи­на­ға қатысты сұраным жібе­ру­ге әзірленіп жатқанын айтты. Со­­нымен қатар басқарма та­ра­­­пынан Мәскеу архивіне сұ­ра­ным жолданғанын, әзірге жауап­ келмегенін жеткізіп, жақын күн­­­дері батыр есімін ұлықтау үшін қалалық деңгейде сайыс ұйым­дастыруды жоспарлап отыр­ған­дықтарын тілге тиек етті. «Бас­тамасы жаман емес. Енді осы мек­тепке ме, әлде қаладағы өзге білім ордасына ма, батыр қыздың атын беру керек. Осыны газетке жақсылап жазыңдаршы, айнала­йын­дар. Менің басқа тілегім жоқ»,­ дейді қария. Аурухана төсегіне таңылып жат­са да, сыр білдірмей, ұмыт қал­ған қазақтың қайсар қызы ел­ жадында жаңғырса деп жа­ны жай таппаған ұлағатты ұстаз­дың тілегін Өскемен мен Семей әкім­дігі ескерер, оң шешім қабылдар деп­ үміт етеміз. 

Азамат ҚАСЫМ,  «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы Сурет «Абай» журналының бас редакторы  Мұратбек Оспановтың жеке архивінен алынды