Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия-интернаты бүгінгі заман ағымына орайластырылған озық үлгідегі инновациялық әдіс-тәсілдерді батыл енгізген білім ошағы саналады. 2016-2017 оқу жылы оның қабырғасынан қанат қағып ұшқан 37 түлектің ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жинаған орташа балы 103,3-ті құраған. 19 оқушы «Алтын белгі» мен ерекше аттестат, 27 оқушы грант иегері атанған. Біз еңселі оқу ордасының ұстаздарына жолығып, оқу-тәрбие саласында атқарылып жатқан шаралармен қоса, оларды толғантқан мәселелер төңірегінде де пікірлескен едік.
Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дариға Қоспанованың айтуынша, кез келген мемлекеттің дамуы, өркениеттен өз орнын табуы ұлттық білім жүйесіне көп байланысты. Осы себепті әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастырылған сапалы білім, өнегелі тәрбие берудің ұлттық моделін қалыптастыру аса маңызды. Бүгінде оқытудың парадигмасы көп өзгерді, мазмұны өзгеше сипатқа ие болды. Сондықтан оқу-тәрбие үрдісінде орын алған заманауи өзгерістерді ескермеуге, елемеуге болмайды. Білім берудегі жаңғырту мен инновациялық модульдердің жүйелі жалғасуына ықпал етудің басты факторларының бірі жеке тұлғаның кәсіби шеберлігімен тығыз байланысты десек, оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіріп отырудың, озық технологияларды енгізудің, тиімді қолданудың маңызы зор. Жаңартылған білім беру бағдарламасында нақты әрекеттер арқылы белсенді оқытудың мүмкіндіктері мен жолдары жан-жақты қарастырылған. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысу керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек» (А.Байтұрсынов) деген қағида өз өміршеңдігін жойған жоқ. Әрине оқушының сыни, логикалық тұрғыдан ойлау, дербес шешім қабылдау жайы негізгі нысана етілсе де, негізгі салмақ ұстаздар қауымына түсетіні, бұл орайда жоғары кәсіби біліктілік мен қалыптасқан іс-тәжірибелерге сүйенеріміз талассыз. Мектебіміз техникалық оқу құралдармен жеткілікті түрде жабдықталған. Қазақ тілі мен әдебиет зертханасы, 18 интерактивті, биология-химия, роботты техника кабинеттері, ғылыми-әдістемелік орталық жұмыс істейді. 54 мұғалім мен тәрбиешінің 28-і жоғары, 20-сы бірінші және екінші санатты. Ұстаздардың басым көпшілігі түрлі деңгейлік, үштілділік, орта білім беру мазмұнын жаңарту жобалары бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтті.
Өткен оқу жылында оқушыларымыз халықаралық, республикалық, аймақтық пән олимпиадалары мен ғылыми байқауларға қатысып, 73 жүлделі орын иеленді, деді ол.
– Мен жұртшылықтың назарын мына мәселеге аударғым келеді. Өйткені олардың арасында жаңартылған бағдарламадан туындаған өрелі өзгерістерді дұрыс қабылдаудың орнына ескі түсініктен арыла алмай жүргендері жоқ емес, –дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Әбілова.
Бүгінгі оқушы мұғалімнің әр тапсырмасын бұлжытпай орындап, дайын білім алуға үйреніп қалғандықтан, өзіндік жұмыс істеу дағдысында бірқатар қиындықтарға кезігіп отырғаны жасырын емес. Қазір талап мүлдем өзгеше. Алдымен критерийлі бағалау жүйесінің мән-мағынасын түсініп алған абзал. Ол бойынша оқушының үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Атап айтсақ қалыптастырушы және жиынтық тәсілдер қолданылады. Мұның өзі, түптеп келгенде баланы жан-жақты ізденуге ұмтылдырады. Сыни ойлау қабілетін жетілдіреді. Мәтінмен жұмыс істеуге басымдық беру, оның ішінен негізгі проблеманы анықтау, күрделі сұрақтарды табу сияқты тапсырмалар күнделікті оқу үдерісіне белсене қатысуды, тақырыпты тереңдей меңгеруді қажет етеді.
Ал бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Жүнісованың айтуынша, ата-аналар тарапынан оқуға құлшынысы жоғары балалар енжар, тапсырманы орындауға құлықсыз деген мәселе жиі қойылып жатады. Жан-жақты ынталандыруға барынша мән беру, жоғары деңгейлі ойлау дағдысын дамыту білім беру жүйесінің бір өзгешелігі. Бәзбіреулердің «бұрын грамматикаға үлкен көңіл бөлінетін. Қазір сауаттылық жағы төмендеп кетті. Диктант, мазмұндама жазу доғарылды, оның орына эссе жазу пайда болды» деген пікірлерімен келісу қиын. Бағдарлама оқушының тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, осы тілдік дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Ол үшін жазбаша тапсырманы орындаудың ыңғайлы бір үлгісі ретінде аудиомәтін болмаса бейнематериал ұсынылады. Бұдан жазылым кейінге ысырылды деген ой тумаса керек. Керісінше нақты әрекет, өз бетінше зерделеу, топтық қарым-қатынас жаттығулары, ашық сауалдарды пайдалану, тағы басқа амалдар арқылы тілдік қорды байытуға да, сауаттылықты көтеруге де болады.
Көкейкесті мәселеге арналған әңгімеден түйгеніміз: білім берудің отандық, халықаралық стандарттарына жауап беретін жаңартылған бағдарлама шеңберінде келешек ұрпақ сұранысын қанағаттандыратын, жаңашылдық көзқарастарды орнықтыратын, жаңғыру мен инновациялық-технологиялық үрдістерге негізделген сапалы білім мен өнегелі тәлім-тәрбие жолдарын тынбай іздестіру, оқу-тәрбие үдерісімен байланыстыру ұстаздар қауымы үшін басты нысана саналады. Бұл орайда ата-аналар мен жеткіншектердің де жауапкершілігін әсте ұмытуға болмайды. Ең бастысы, жаңартылған оқу бағдарламасына «өмірмен байланыс» ұғымы арқау етілгені көңілге сенім ұялатады.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы