Грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев осылай дейді. Күміс жүлде демекші, танымал балуан, бүгінде Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директорымен әңгімеміздің әлқиссасын тоғыз жылдан кейін табысталған күміс медальдан бастап, допинг, қызметтегі жетістіктер, туған жер, адамгершілік секілді тақырыптардың біразының басын шолып шықтық.
– Жақында ғана ресми түрде Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі табыс етілді. Арада тоғыз жылдан астам уақыт өткенде бұл марапаттың сіз үшін маңызы қандай?
– Бұл жүлде менің сұрап алған не көптен күткен жүлдем емес. Тоғыз жыл деген де аз уақыт емес, үлкен жаңалық болғаны рас. Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен Күрес түрлері бойынша федерацияның заңы бойынша күміс медальды маған, бұған дейін біздің елге тиесілі болған қоланы қытайлыққа берді. Ал Бейжің Олимпиадасының күмісін табыс ету рәсімі Астанада өткенінен хабардарсыздар.
Қуандым деп айта алмаймын. «Темірді қызған кезінде соқ» демекші, бар күшіңді салып жеңіп алған жүлдеңе, сол сәттегі сезімге жетпейді. Бұл да Құдайдың бұйыртқаны, сондықтан оған қарсы келмейміз. «Қуғанның жетпей, бұйырғанның кетпейтініне» мысал шығар.
– Жүлдеңізге лайық сыйақыңызды берді ме? Басшылық бұл жағын қарастырды ма екен дегенім ғой...
– Ешкімнен ақша сұраған жоқпын, медальды ауыстырдық – болды. «Анау бүйтті, мынау сөйтті» дегендей, ақшаның ізіне түсуден аулақпын.
– Жетісудың намысын қорғаған спортшылардың біразы жүлдесін қайтарып берді. Олар, тіпті келесі Олимпиадаға бара алмауы да мүмкін. Осы жайттардан соң өзіңізге деген назардың көбейгенін байқадыңыз ба?
– Ондай ештеңе байқаған жоқпын. Халық өңірдің атын асқақтатып жүрген спортшыларды бұған дейін қалай кұрметтесе, сол ыстық ықылас әлі де бар. Допингтік дауларға байланысты медальдарынан айырылған саңлақтарымызды халық қазір де қошеметтеп қарсы алады. Олар жеңген сәтте біз ел болып қуандық, Лондон төрінде көк туымыз қалықтап, әнұранымыз шырқалғанда көзімізге жас алдық. Біз спортшылардың еңбегін бағалай білетін, алақанында аялай білетін елде тұрамыз. Спорттағы жаңалықтар, өзгерістер, қуанышты хабарларды жұрттың бәрі біліп, кәдімгідей жанкүйерлік танытып отырады.
– WADA-ның (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) да, ХОК-тің де талаптары жиі өзгеріп отырады. Мұның бәрі сапаны жақсартуға, тазалықты сақтауға қаншалықты әсер етеді?
– Өз басым тәртіпті жақсы көремін. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген дана сөзі бар. Тек тәртіп бар жерде іс алға басады. Бүгінде медицина саласы жақсы дамып келеді. Кейбіреулер соның жетістігін бұрыс жолда пайдалануға тырысады. Тезірек жетістікке жетсем дегеннен туған мақсат қой. Бірақ сол допингтік препараттардың адам денсаулығына қаншалықты зиян екендігін ойламайды.
Бір сәттік жеңіс үшін ағзасының «күл-талқанын» шығаруға дейін барады. Сондықтан халықаралық ұйымдардың мұндайдың алдын алуға күш салып жатқаны құптарлық жайт. Ережеге бағынбағанның өзінде де, спорттық карьерасына да зиян келтіретінін балалар мен жасөспірімдеріміз біліп өскені жөн. Сонда олар бассыздыққа бармай, әділ еңбек етуге ұмтылатын болады.
– Бұл ұйымдардың соңғы кездері тым белсенді болуы адамды сан түрлі ойға жетелейді. Саясаттың да салқыны тие бастады ма дейсің...
– Спортшы болып жүріп біз де талай рет допингтік сынамалар тапсырдық. Кішігірім турнирлерде де, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындары алдында да қайта-қайта сараптама жасалады. Жарыс алдында бапкерлермен, командадағы дәрігерлермен «мен мынадай дәрілер іштім, мынадай медикаменттер қабылдадым» деп есеп беріп, қатаң тексеруден өтесің. Ал антидопингтік ұйымдар сенің сынамаларыңның он жылға дейін сақталатыны, қажет кезде тексерілетінін айтып, сенімен келісімшарт жасайды. Яғни бұл үрдіс былтыр не екі-үш жыл бұрын басталды деуге келмейді.
Саясат араласты дегенге қатысты ештеңе айта алмаймын – саясаттанушы емеспін. Олар өз міндеттерін атқарып жатыр. Әрине, Илья Ильин, Әсет Мамбетов, Зүлфия Чиншанло, тағы басқа да спортшылардың медальдарын қайтарып алғаны өкінішті.
Ал олар допинг қолданды ма, қолданбады ма, ол жағы да маған қараңғы.
– Сіз де білдей бір мектептің директорысыз. Осындай олқылықтар сіздің шәкірттеріңіз бен тәрбиеленушілеріңіз арасында орын алмас үшін қандай шаралар қолданасыздар?
– Мен спортшының өмір жолы қандай болатынын білемін. Жастарға қолдау, бағыт керек. Сондықтан бапкерлер, дәрігерлерді ертіп жаттығуларға қатысып, балалармен жиі кездесулер өткізіп тұрамыз. «Ауырып қалсаңдар, өз беттеріңше емделмеңдер, міндетті түрде біздің дәрігерлерге қаралыңдар, ақылдасыңдар, солардың жазып бергенін ғана қолданыңдар. Өздерің үшін ғана емес, ел намысы үшін де жарысқа шығасыңдар, мемлекетіміздің атына кір келтіріп, ұятты болып қалмайық» деп айтып отырамын. Өйткені мұрын бітелгенде тамызатын нафтизин секілді дәрілердің өзі допингке кіріп кетуі мүмкін.
– Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры қызметін атқарып жүргеніңізге де үш жылдан асыпты. Сіз келгелі бұл мектепте не өзгерді?
– Мен қызметке келгелі жаңалық аштым дей алмаймын. Бәріміздің көздегеніміз де, мақсатымыз да бір – спортшыларды жақсылап дайындап, спорт түрлерінен ұлттық құрамаға қосу. Маған дейін басшылық жасаған азаматтардың да, біздің де илегеніміз бір терінің пұшпағы. Спортшы болғандықтан баланың көзқарасынан-ақ оған не қажет екенін түсіне аласың. Бапкерлер, өзге де мамандар болып нәтижені жақсарта түсу үшін еңбек етіп жатырмыз. Федерациялармен бірігіп мемлекет жүктеп отырған міндеттердің де лайықты орындалуына атсалысып келеміз.
– Ал осы уақыт аралығында сіз өзгердіңіз бе?
– Бұған дейін Алматы қаласындағы №12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істедім. Одан соң оқу бойынша директордың орынбасары болдым. Яғни басшылыққа келгенге дейін төменгі сатыларда біраз тәжірибе жинақтадым. Әлі де үйреніп келемін. Басшы болу оңай емес, жауапкершілік жүгі үлкен. Дұрыс бағдар беру, жақсы нәтиже көрсету, алға ұмтылдыру сенің жұмысыңа байланысты. Қолдан келгенше тырысып жатырмыз. Бір орында тоқтап қалу дұрыс емес. Көрсеткіштер бұдан да жақсарады деп үміттенемін.
– Спортшылар жоғары жетістіктерге жеткен соң үлкен қалаларға, жоғары лауазымды қызметтерге ұмтылып жатады. Сіз туған жерде қалып еңбек етуді таңдадыңыз. Бұл сіздің өз қалауыңыз ба?
– «Туған жерге туыңды тік» дейді. Өзіміз өсіп-өнген өңірге аз да болсын пайдамыз тисін деген ой. Көп спортшылар карьерасын аяқтаған соң қайда барарын білмей қалады, жағдайы барлар бизнесін ашады. Бұрын «Талдықорғанда жұмыс істесем, мейлі қандай жұмыс болсын келісер едім» деп армандайтынмын. Себебі осы қаланы қатты жақсы көремін. Сол арманым орындалды. Бұл шаһардың ауасы қандай керемет, өзі тап-таза. Келген қонақтың бәрі риза болып кетеді.
Рас, Алматы мен Астанадан да шақыртулар болды. Бірақ мен осы жерде қалып еңбек етуді жөн көрдім. Жақсылық Үшкемпіров ағамыз «Нұрбақыт, облыс орталығына барып қызмет жаса, спортты дамытуға үлес қос, қолыңнан келеді» деп ақылын айтқан. Дәл сол кезде менің алдымда директор болған Рахымбек Омарұлы зейнетке шыққан екен, сөйтіп сол кісінің орнына келдім.
Ал қызмет, атақ дегеннің уақытша екенін жақсы білемін. Оларға ұмтылмайтыным да содан. Өмірде адам болып қалу, бойыңда адамгершілікті сақтап қалу әлдеқайда маңызды.
– Біздің балуандар Парижде өткен әлем біріншілігінде осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрынғы нәтижені қайталады. Биылғы жетістіктің сыры неде деп ойлайсыз?
– Біздің елдің грек-рим күресінің тарихы өте бай. Қажымұқан бабамыздан бастап Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров секілді Олимпиада чемпиондары, Дәулет Тұрлыханов, Бақтияр Байсейітов, Мхитар Манукян, Юрий Мельниченко, Нұрлан Қойжайғанов, Марғұлан Әсембеков секілді саңлақтар жеңіс тұғырынан көрініп келді. Тек былтырғы Рио Олимпиадасында жолымыз болмады. Есесіне әлем біріншіліктерінде Алмат Кебіспаев, Демеу Жадыраев пен Мейрамбек Айнағұлов секілді інілеріміз үздіктер қатарынан көрініп жүр.
Бұл алдымен грек-рим күресінің деңгейі жоғары екендігін аңғартса, екіншіден, елімізде конфедерация құрылып, өңірлердегі федерациялардың артып келе жатқан белсенділігін білдіреді. Алматыда Күрес түрлерінен федерация басшылығына Бауыржан Оспановтың келіп, материалдық тұрғыда қолдау көрсетуі жұмысты жандандыра түсті. Нұрым Дүйсенов, Боранбек Қоңыратов сынды білікті бапкерлердің еңбегін де ұмытуға болмайды. Осындай ісіне жауапты мамандар барда, біздің грек-рим күресінің деңгейі ешқашан төмен түспейді деп ойлаймын.
– Ал Дәулет Тұрлыхановтың Азия күрес федерациясының тізгінін ұстауы әлемдік деңгейдегі көрсеткіштерімізге қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?
– Дәулет ағамыз қандай қызмет атқарса да, залға келіп спортшылардың жағдайын біліп, ақыл-кеңесін беруден жалыққан емес. Қазақ баласының халықаралық ұйымда басшылық қызмет атқарып отырғанының өзі айтулы оқиға. Мұның өзі жастарға ұмтылыс, жігер, сенім береді. Ал бұл өз кезегінде жақсы нәтижеге бастайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист