Орал қаласында үш қабатты ғимараттың шатырынан құлап, темір қоршаулы шарбақтың істік теміріне түйреліп қалған құрылысшы ажалдан аман қалды.
Оқиға
Қаланың 7-шағын ауданында «Бавария» кафесі ғимаратында жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Шағын топтан тұратын бригада ғимарат шатырын профлист қаңылтырмен жауып, аяқтап қалған еді. 48 жасар Қайрен Балмолдин бір қолында – «тапанша», екінші қолында – бұрандалы шеге, профлисті әр жерінен бекітіп жүрді. Оның белдігіне байланған арқан техника қауіпсіздігіне сай жоғарыға тартылып тұрыпты.
«Бір күн бұрын жаңбыр жауғандықтан, ауа райы дымқыл еді. Шатырдың ең шетін бұрандауға ұмтылғанымда, белімдегі арқан қысқалық қылды. Серігімнен арқанды босатуды сұрап, алға баса бергенімде аяғым тайып кетті», деп еске алады Қайрен.
Қайрен шатырдан ұшып түсіп, ғимаратты қоршап тұрған үшкір темірлі дуалға қалай қадалып қалғанын білмейді. Арада 2-3 секунд қана өткен шығар. Есін жинағанда найзадай темір шарбаққа ортан белінен асылып тұрғанын байқаған. «Жұлыным аман ба екен?!» – Қайреннің басына келген алғашқы ой осы болыпты.
«Қолыммен арқамды сипап қарасам, үш сүңгі денемді көктей өтіп, ұштары шығып тұр екен. Жалма-жан аяғымның басын, башпайларымды қимылдатып көрдім. Ол ырқыма көнгесін жұлын-жүйем аман екен деп түйдім», дейді Қайрен. Бұл сағат түскі 12-ге таянған уақыт еді.
«Жедел жәрдем»
«Бізге хабар рация арқылы келді. Сол маңдағы №9 шағын ауданда бір науқастың шақыруымен барып, дәрігерлік көмек көрсетіп, кейін шыққан бетіміз еді», дейді Орал қалалық жедел медициналық жәрдем стансасының қызметкері, фельдшер Айгүл Серғазиева. Хабарды алған бойда жүргізуші Арман Жүнісов көлік рөлін бірден бұрып, дабылды басып, оқиға орнына жүйтки жөнелген. Сөйтіп екі минут ішінде «Бавария» кафесіне жетіп үлгерген.
«Жағдайдың ауыр екенін бірден байқадым, – дейді 13 жылдық дәрігерлік тәжірибесі бар Айгүл Мақсотқызы. – Бірден ауырсынуды басатын дәріні егіп, көп бейінді қалалық аурухананы да хабардар еттік. Сосын құтқарушыларды күттік».
Құтқарушылар
«Хабар жетісімен №4 кезекші-құтқарушы бөлімше жолға шықты», дейді Батыс Қазақстан облыстық ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі радиациялық химия және биологиялық қорғаныс қызметінің жетекшісі Алексей Швейкин. Әрине көшедегі көліктер ығысып, бізге жол беріп жатты, бірақ Әбілқайыр хан мен Сырым Датұлы көшелерінің қиылысы әдеттегідей кептеліс екен. Сол тұс қана бізді аз-маз кідіртті. Оқиға орнына 11 минутта жетіппіз...
«Жағдайды бірден түсіндік. Зардап шегушіні денесіне қадалған істіктерден суырып алуға болмайды. Біз, құтқарушылар – парамедикпіз ғой. Парамедик – зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсете алатын адам деген сөз. Орал медициналық колледжінде әрдайым білім жетілдіріп отырамыз. Адам денесіне кіріп тұрған нәрсені бірден суырып алса, көп қан жоғалтуы мүмкін. Сондықтан адамды темірімен бірге кесіп алу керек. «Жедел жәрдем» дәрігеріне «Ауырсынуды басатын дәрі ектіңіз бе?», деп сұрадым. Мақұлдаған жауап естіген соң жедел іске кірістік», дейді А.Швейкин.
Бір тәуірі – құтқарушылардың көлігінде «Holmatro» маркалы гидравликалық апатты-құтқарушы құрал үнемі жүреді. Оны топ мүшелерінің кез келгені іске қосып, пайдалана біледі. Өздігінен оталып, тез арада қолданысқа жарайтын құрал небір болат темірді турап тастайды. Топ ішіндегі бойы ең ұзын Алексей Сошкин қайшыны қолына алып, дуалдың жуан істік темірлерден бірінен соң бірін үзе бастады. Құтқарушылар Нұрбек Тауашев пен Ерген Мешқалиев, құрылысшылар, «103» қызметкерлері – бәрі зардап шегушіні жан-жағынан демеп, көмектесіп жатты. Істіктерді алыстан айналдыра қиып, Қайренді жерге түсіріп алған құтқарушылар «Жедел жәрдем» зембіліне жатқызған соң темірдің артық бөліктерін тағы да қиып, тасымалдауға ыңғайлы етті. Сөйтіп дайын тұрған «Жедел жәрдем» күймесі науқасты салонға салысымен дабылдатып ала жөнелді.
Аурухана. Қабылдау бөлімі
Орал қалалық көп бейінді ауруханасы тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілген. Оқиға болған «Бавария» кафесі осы ауруханадан алыс емес-тұғын. «103» көлігі Қайренді 4 минут ішінде кәсіби маман дәрігерлердің қолына табыс етті.
Өте ауыр жағдай болса «103» арқылы бізге алдын ала хабарласып айтады. Бұл жолы да «ауыр жағдайда науқасты алып келе жатыр» деген хабар жеткен соң, дайындық шұғыл жүргізілген.
Сонымен науқастың жанына хирургтер Бақтияр Тәшкенбаев, Ерлан Нұрышев, Рашид Дүйсенбеков, уролог Владислав Пономаренко, анестезиолог-реаниматологтар Марат Нұрғалиев пен Шынар Фаскина, көмекші персоналдар, баршасы жиналып, бірден іске кірісті. Шынар Хамитқызының епті қимылымен тән азабынан құтылып, қалың ұйқыға кеткен Қайрен Балмолдиннің ендігі тағдыры ақ халатты абзал жандардың қолында еді...
Аурухана. Ота
Ота бес сағаттың үстіне созылды. Ота кезінде дәрігерлер темірді суырып алып, бүтіндігі бұзылған ішкі мүшелерінің бәрін қалпына келтірді. Ең қиыны – қан тоқтату болыпты. Операция кезінде, одан кейін науқасқа өте көп мөлшерде қан, басқа да сұйықтықтар құйылған.
«Техникалық жағынан өте күрделі ота болды. Науқас ертесіне көзін ашып, есін жинаған кезде өзім де таңғалдым. Өздігінен дем алып, аяқ-қолын қимылдатқанда, кейін орнынан тұрып жүріп кеткенде қуанбаған жан жоқ», дейді Рашид Мұхтарұлы.
Жалғанның жарығы
«Білесіз бе, Қайрен Балмолдиннің көрер жарығы бар екен. Оның аман қалуына осы іске араласқан барлық қызметтің үлесі бар. «103» жедел жеткен, ТЖ қызметі тез келген. Құтқарушылар қоршау темірдің денеге кірген сүңгісін суырып алмай, сол күйінде кесіп алған. Бұл өте маңызды. Суырып алуға болмайды, өйткені сол тұрған темір үлкен бір қан тамырды қысып, ұстап тұрған болуы мүмкін. Оны алсаңыз, келгенше қансырап өліп қалар еді. Оқиға орнының ауруханаға жақын болуы, тез жеткізілуі, жұмыс уақытында барлық маман-дәрігердің орнында болғаны, керекті барлық құрал-жабдықтың болуы – осының бәрі оң нәтижеге жеткізді. Егер осы тізбектің қайсы біреуі үзілсе, мұндай болмауы мүмкін еді», дейді Б.Тәшкенбаев.
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін бітірген Бақтияр Тәшкенбаев «Болашақ» бағдарламасы бойынша Оңтүстік Корея елінде де білім алған. «Құдайға шүкір, заманауи құрал-жабдық жағынан Оңтүстік Кореяға жетіп қалдық. Адам өмірін сақтау, дәрігерлік іс-қимылдың нәтижелілігіне мұның да ықпалы көп қой», дейді ол.
Оның үстіне күн сайын ота жасап, әбден жаттыққан тәжірибелі мамандардың біліктілігі де ең үлкен рөл атқарғаны анық.
Қайрен Балмолдин Орал қалалық көп бейінді ауруханасында 22 күн жатып, жақында үйіне шықты. Енді ол тұрғылықты мекенжайы бойынша учаскелік дәрігердің қадағалауында болады. Науқастың өміріне төніп тұрған қатер жоқ. Қазір балдақпен қозғалса, болашақта өзі жүріп-тұрады дейді дәрігерлер. Тек істік темір тесіп өткен сол аяғының ірі қан тамырлары қатты зақым алғандықтан, үнемі күтімді қажет етуі мүмкін.
Бірер жылда елуге толатын жігіт ағасы сөзге сараң. Ажалдың аузынан қайтқан азамат өзін құтқарып қалған барша жандарға, әсіресе дәрігерлерге ерекше алғысын айтады. «Әуелі Құдайдың, екінші – осы дәрігерлердің арқасы шығар аман қалғанымыз», дейді Қайрен Балмолдин ақырын ғана.
«Алла тағала сізге ерекше бір миссия жүктегелі отырған шығар. Елге пайдасы тиетін үлкен істердің басынан көрейік енді», деп әзілдеп қоштастық кейіпкерімізбен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
ОРАЛ