Келесі жылы Ресейде президенттік сайлау өтеді. Сарапшылар үміткерлердің 2018 жылдың басына дейін толығымен анықталатынын болжап отыр. Кандидаттарды ресми тіркеу желтоқсан айында басталады.
Ресей Федерациясы заңына сәйкес сайлау қазіргі президент сайланған айдың бірінші жексенбісінде өтуі керек. В. Путин 2012 жылы наурыз айында сайланған. Бірақ биыл көктемде Мемлекеттік дума тиісті заңға өзгеріс енгізіп, сайлауды наурыздың үшінші жексенбісінде өткізу туралы шешім шығарды. Яғни, Ресей халқы келесі президентін 2018 жылдың 18 наурызында таңдайды.
Президент 6 жылға сайланады. Өйткені әлеуметтік-экономикалық, саяси шешімдер қабылдап, реформа жүргізу үшін бұрынғы 4 жылдық мерзім аз уақыт саналғандықтан, оған тағы екі жыл қосылған болатын. 6 жылдық мерзімге бірінші болып Владимир Путин сайланған.
Кандидаттар қатарында кімдер бар?Қазіргі таңда кандидаттар анықталып жатыр. Әзірге Ресейдің Либералды-демократиялық партиясының басшысы Владимир Жириновский, Коммунистік партия жетекшісі Геннадий Зюгановтың сайлауға түсеті белгілі. "Справедливая Россия" партиясы кандидат туралы ресми ақпаратты тек желтоқсанда жариялайтынын айтты.
Бұлардан басқа "Наши" қозғалысының бұрынғы көшбасшысы Василий Якеменконың інісі Борис Якеменко сайлауға түсетінін айтты. 2008 жылы президенттікке үміткер болған Андрей Богданов пен экономист Григорий Явлинский де келесі сайлауға өз кандидатурасын ұсынбақ.
Навальный үмкіткер ретінде тіркеле ала ма?Статистикалық деректерден Ресейдегі сайлауға қатысқан халық санының төмендеп кеткенін байқауға болады. Сарапшылардың пікірінше, қазір Кремльдің ойы - келесі сайлауға халықты көптеп қатыстыру. Осыған орай жыл басында Bloomberg Кремль Навальныйды кандидат ретінде тіркеуі мүмкін деп жазған болатын.
Алексей Навальный - бірнеше рет танымал шенеуніктерді сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптаған оппозиционер. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қор жетекшісі. Сараптама орталықтары ұсынған мәліметтерге сенсек, оны Ресей халқының 55 пайызы біледі екен.
Танымал оппозиционер президенттікке үміткер ретінде тіркелетінін 2016 жылдың желтоқсан айында мәлімдеген болатын. Содан бері белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Ресей өңірлерінде оның 79 сайлау штабы бар. Алексей Навальныйдың кандидат ретінде тіркелуіне оның шартты түрде сотталғаны кедергі болып отыр. Заң бойынша Навальный үміткер ретінде тіркелу үшін бір айдың ішінде 300 мың адамның қолын жинау керек. Дегенмен, Ресейдің Орталық сайлау комиссиясының басшысы Элла Памфилова 2028 жылға дейін А. Навальныйдың кандидат ретінде тіркеле алмайтынын айтты.
Бірқатар саясаттанушылар Bloomberg-тің жазғанымен келісетіндерін жеткізіп, оппозиционердің кандидаттар қатарында болуы халықтың сайлауға деген назарын арттыратынын айтуда. Тіпті, жақында Еуропа кеңесінің министрлер кабинеті де Навальныйдың сайлауға тіркелуін қолдаған болатын. Ал кейбір сарапшылар оның сайлауға қатысу-қатыспауы туралы дау көзбояушылық екенін айтыпты. "Ол соңында кандидат ретінде тіркеледі. Желтоқсан айында сайлау кампаниясы қыза түседі ", дейді саясаттанушылар.
Ксения Собчакқа сайлау не үшін керек?Президенттікке үміткерлердің бірі - Ксения Собчак. Ол өткен айда сайлауға түсетінін растағанымен, халықтың қолын жинауға шамасы жететініне күмәнданған еді. АҚШ-тың Stratfor сараптама орталығы мен ВВС басылымының айтуынша, Собчакты кандидат ретінде тіркеу туралы идея Кремльден шыққан. Ал "Ведомости" басылымы "Сайлауға әйел адамның қатысқаны саяси кампанияны түрлендіре түсер еді", деп жазды. Бірақ тележурналист ол ақпаратты мүлдем жоққа шығарып, Путинмен әкесі туралы фильм бойынша кездескенін айтты. Ал Президент әкімшілігі әзірге Собчактың шешімі туралы ресми мәлімдеме жасамады. Бірақ Владимир Путиннен журналистер Собчактың шешімі туралы сұрағанда, "Оның өз қалауы!" деп жауап берді.
Бір айта кетерлігі, Ксения Собчактың саяси тәжірибесі жоқ емес. Ол оппозицияның координациялық кеңесіне сайланған. 2011-2012 жылдары сайлаудың адал өтуін қолдау мақсатында өткен митингте сөз сөйлеп, белсенділік танытқан. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, оның танымалдылық деңгейі де жоғары. Былтыр ол ресейлік элитаның басты өкілі атанып, үздік ондыққа енді. 2011-2013 жылдары "жыл әйелі" номинациясында алдыңғы қатарда көрініп жүрді. Бірақ оның антирейтингі де жоғары. "Левада" сараптама орталығы тамыз айында жүргізген сауалнамада ресейліктер сенбейтін саясаткерлер қатарында Ксения Собчак төртінші орыннан көрінді.
Дегенмен, Ксения Собчактың шешімі ел назарын өзіне аударды. Саясаттанушылардың кейбірі Ксения Собчак сайлау науқанын түрлендіре алатынын айтты. Басқалар тележурналистің тек инстаграм парақшасындағы жазылушылар санын арттырғысы келеді деген ойын жасырмады. Ал RTVI арнасы Собчак алдағы сайлауда 2012 жылғы президенттік додаға түскен миллиардер Михаил Прохоровтың рөлін сомдайды деді. Телеарнаның айтуынша, Прохоров 7,98% дауыс жинаса, Собчакта бұл көрсеткіш 8-9%-ға дейін жетуі мүмкін.
Путин өз шешімін айтуға неге асықпайды?Қазан айында "Левада" орталығы ресейліктер арасында сауалнама жүргізіп, сайлаушылардың 64 пайызы Путинді қолдайтынын айтты. Соған қарамастан, қазіргі президент кандидаттар қатарына әлі қосылмады. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та Путиннің сайлауалды кампаниясына дайындық басталып кетті деген ақпаратты жоққа шығарып, әлі ештеңе анық еместігін айтты. Біз саясаттанушылар мен шетелдік БАҚ пікірін ескере келе, Путиннің әлі президенттікке үміткер ретінде тіркелмеуінің себептерін топтастырып көрдік.
Біріншіден, сайлауға тек Путиннің емес, оның әкімшілігінің де дайындығы керек. "Путин сайлауалды кампаниясын Кремль дайын болғанда ғана бастайды", дейді саясаттанушылар.
Екішіден, халықтың назарын аудару үшін Путин әлі кандидат болатынын нақты айтпады. Себебі Путиннің сайлауға қатысу-қатыспауы халықты мазалайтын басты сұраққа айналды. "Путин осылайша элита топтарының пікірін, әлеуметтік топтардың көзқарасын, қоғамның ойын біліп алады", дейді саясаттанушылар.
Үшіншіден, Путин кандидат ретінде тіркелетінін ерте жарияламауды дәстүрге айналдырған. Шетелдік БАҚ-тың пікірінше, соңғы 17 жылда ол өз шешімі туралы алдын ала айтқан емес.
Төртіншіден, Путин бірнеше рет сайлауалды кампаниясы жұмысқа кедергі келтіретінін айтты. "Саулауалды кампания алдын ала басталып кетсе, үкімет пен әкімшіліктің тең жартысы өзгеріс күтіп, жұмыс жайына қалады", деген болатын Путин Санк-Петербургтегі экономикалық форумда.
Бұл сайлаудың ерекшелігі неде?АҚШ-тың Stratfor сараптама орталығы сайттарында жариялаған баяндамада келесі президенттің Путин болатыны айтылған. "Дегенмен, қазір бұрынғыдай емес, Путинге қарсы оппозиция күшейген", деп жазылған баяндамада. The Guardian басылымы да "Сайлауда Путиннің жеңіске жететініне сенімді халық дауыс бермесе де, ештеңе өзгермейтінін біледі", дейді.
The Guardian басылымы "Ресей саясатының бір ерекшелігі - соңғы 25 жылда президенттікке үміткерлердің қатары өзгерген емес. Владимир Жириновский, Григорий Явлинский, Геннадий Зюганов, Путин! Осы тізім көп өзгермейді. Бірақ қазір Кеңес Одағынан кейін туған жаңа ұрпақ сайлауға қатыса алатын жасқа жетті. Сондықтан саясат он жыл бұрынғы қалыпта қалмайтын болар", деп жазды басылым.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"