– Кешегі көне замандардағы нағыз шеберлердің қолынан шыққан тарихи мұраларды сол қалпында сақтай алсақ, бұл елдігіміздің белгісі ғой. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, бабаларымыздан мирас болып қалған сол ескерткіштерді сақтап қалу парызымыз екені дәлел қажет етпесе керек.
– Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры – адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекеті. Ол материалдық құндылықтарды дүниеге әкелді. Бұл – бәрімізге белгілі ақиқат. Аумағы жағынан әлемдегі алғашқы ондыққа кіретін қазақ жері ежелден-ақ сан түрлі мәдениеттің тоғысқан орны. Мұнда көшпенділік пен отырықшылық мәдениет араласып жатты. Оның үстіне қазақ даласында XII-XIII ғасырларда басталған рухани-мәдени төңкеріс ұлы өзгеріс әкелді емес пе? Ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жұмыстарына тың серпін берген республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қираған, мүжілген көптеген тарихи жәдігеріміз жаңарды. Он екінші ғасырдан бастап соңғы жиырма бірінші ғасырдың ескерткіштері де сол бағдарламаның тізіміне кірді.
– Құралбай Өмірзақұлы, реставраторға қойылар талап қатаң. Оның тарихи-мәдени ескерткіш авторының бастапқы шешіміне бірдеңе қосуына, болмаса бірдеңені алып тастауына құқығы жоқ. Ол сол ескерткішті жасаған шебердің кезіндегі жұмысын қайталауы керек. Сондықтан да елге өлмес мұра қалдырған сол шебердің өзіндік ой-талғамы, тас өңдеу тәсілі мен құрастыру әдісін сақтай отырып, қайта қалпына келтіру нағыз білікті маманның ғана қолынан келеді емес пе?
– Оныңыз рас. Қайта қалпына келтіру жұмыстарын ғылыми тілде «реставрация» дейміз ғой. Бұл ғылымның басты талабы алдымен ескерткіштердің орналасқан жерін анықтау. Оның архитектуралық, археологиялық құндылығына көз жеткізу. Содан кейін барып тарихына зерттеу жүргізу жұмыстарына мұрындық болу. Есепке алып, паспорттап, қорғау аймағын белгілеу одан кейінгі шаруа. Иә, бұл жауапты да күрделі іс. Өйткені тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жаңадан салынатын құрылыс болмағандықтан, ғылыми ізденісті, ыждағаттылық пен ұқыптылықты талап етеді. Ескерткіштердің көне материалдарын жоймау, оның бастапқы дизайнынан ауытқымау, түсі мен өңіне, көлеміне өзгеріс енгізбеу, архитектуралық маңызы бар түпнұсқаны сақтау мәселесіне ерекше мән беріледі. Қираған тастардың орнын анықтап, өз орнына қою, ою-өрнектердің қисынын келтіру аса төзімділікті қажет етеді.
Реставрация деген болмысы бөлек, өзіндік қолтаңбасы бар өнер ғой. Қазақстанда осы ескерткіштерді қорғау бағытында қалыптасқан тамаша мектеп бар еді. Онда бұрындары реставратор шеберлер, ғылыми жобалау, зерттеу бағытында теңдесі жоқ ғалымдар болушы еді. Соңғы кездері сол мектептен береке қашайын деді. Соның салдарынан ғылыми зерттеу жұмыстары ақсап, ескерткіштерімізді қайта қалпына келтіру жұмыстары іркіліп қала ма деген қорқыныш та жоқ емес. Әрине еліміздегі бұл сала мамандарының немен айналысатыны көпке таңсық. Көне заман шеберлері жасаған еңбектің өңін бұзбау үлкен ыждаһаттылықты қажет етеді. Алайда ашығын айтсақ, реставрациямен айналысатын кейбір мекемелер ескерткіштердің құндылығына емес, бөлінетін қаржыға көбірек мән беріп кетті. Ал мұны ертеңгі ұрпақ кешірмейді.
Реставраторларға қойылатын басты талап біреу болу керек. Ол – негізгі бағыттан айнымау. Көне ескерткіштердің қасиетін жоймау. Бұрын бір ескерткішті қайта қалпына келтіру үшін екі-үш жыл, тіпті кейбір жәдігерлерге ондаған жылдар жұмсайтын едік. Қазір екі-үш айда жаңарта салады.
– Иә, қазіргі консервация, реставрация жұмысы ғылыми зерттеулерге негізделуі тиіс қой?
– Кейбір ғалымдар Маңғыстаудағы ескерткіштердің Әзербайжандағы, Ирандағы, Өзбекстандағы тарихи-мәдени ескерткіштерге ұқсайтындығын айтып жүр. Әсіресе кесене ішіндегі нақышты ою-өрнектері аумайды. Отандық ғалымдардың зерттеуінде өркениет көші қайдан тарады, ұқсастық қайдан пайда болды? Оны анықтау үшін, әрине жүйелі зерттеулер қажет. Тұран даласында, дәлірек айтсақ киелі Түркістан мен Маңғыстау өлкесінде көшпелілердің империялық рухы, дала өркениетінің нағыз үлгілері ерекше көп сақталған. Демек сол заманнан мұра ескерткіш өрнегінің өркениеттік сыры бары жадымыздан шықпаса екен. «Осындай ескерткіш болған екен» деп қана қарау – мәдени мұраға қиянат, оның философиялық, дүниетанымдық құпиясы қоса ашылып отыруы тиіс. Сонда ғана тарихымызды толық тануға, халқымыздың рухани өрлеуіне жол ашады.
– Көкейде жүрген бір сауал бар еді. Бізде реставрация саласына қатысты кадр мәселесі қалай шешіліп жатыр?
– Бүгіндегі өзекті мәселенің бірі – қайта қалпына келтіру саласындағы маман тапшылығы. Бүкіл дүние жүзі бойынша Мәскеуде ғана Реставрация академиясы бар. Бірақ онда тек суретшілер, яғни иконописецтер мен картиналарды қайта қалпына келтірушілер дайындалады. Сондықтан маманды өз күшімізбен дайындауға мәжбүрміз. Бүгінде Маңғыстауда Мақсұт Нұрқабаевтан асқан тәжірибелі маман жоқ. Ол мамандарды оқытып-үйретуде осы күнге дейін көп еңбек сіңіріп келеді. «Маңғыстауреставрация» мекемесі реставрация саласында өзіндік ғылыми, шеберлік мектебіне айналды. Дегенмен де отандық және шетелдік тәжірибелі реставратор мамандармен тұрақты байланыс орнату, тәжірибе алмасу жүйелі жолға қойылмай тұр.
Осы орайда арнайы ғылыми орталықтан реставраторлар үшін ең болмағанда жылына бір рет біліктілікті арттыру курсы ашылып, жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Әрине мәдени мұра саласымен айналысып отырған құзырлы орындар мұндай мәселені ескерсе екен. Әр ескерткіштің сырына үңілсең, жазылмаған дастандар жатыр емес пе?! Тек оны аша білсек, түйсіне білсек екен. Елімізде ешкімнің мәдениетіне ұқсамайтын, өз заманының жауһарлары болған тарихи мұралар, жәдігерлер жетерлік. Мемлекетіміздің қамқорлығының арқасында қазақ халқының ғасырлар қойнауында ұмыт қалған мұралары қайта жаңартылды. Әлі де көптеген елдік маңызы бар істер атқарылады. Топырақ астында қаншама көміліп жатқан немесе күтусіз, қорғаусыз жойылып бара жатқан, өзінің іздеушісін күтіп тұрған дүние бар?!
Ең бастысы елдегі әр азаматтың тарихи танымы орнықты, рухани-мәдени мұраларға жанашырлығы, ойы сергек, рухы биік болса, халқымыз кез келген тығырықтан шығары сөзсіз. Қазақ жеріндегі сан ғасырдың сараптамасынан өткен кие мен қасиет ұрпаққа тағылым беріп, ізгілік сыйлап келе жатқан жоқ па?! Тек өскелең ұрпақ тарихи жүрісінен жаңылмағай!
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»