Қазіргі күні әлем елдерінің қай-қайсысы болсын білім саласының болашағына өте бір алаң көңілмен қарап отыр. Өйткені соңғы жылдары бүкіл әлемде, әсіресе жаңа технологиялармен қаруланған Батыстағы елдерде білім саласына қойылатын талаптар күрт өзгерген.
Бұл талаптарды қойып отырған сол елдердің үкіметтері де емес, білім саласының білікті мамандары да емес, жылдан-жылға жылдам өзгеріске түсіп келе жатқан өмірдің өзі болып шықты.
Мәселен соңғы 10-15 жылдың ішінде Батыс елдерінің еңбек нарығында өндірістік жұмыстардың үлкен бөлігін машиналар мен автоматтар, роботтар атқаруға кірісті. Бұл технологиялық жаңалықтар енді өнеркәсіптік өндіріс орындарын былай қойып, бұрын тек қана адамдардың еншісінде болып келген көптеген қызмет көрсету салаларына екпіндей еніп, үйдегі тұрмысқа дейін араласа бастады. Оның жарқын мысалы – үйдегі тұрмыстық техникалар.
Сарапшылардың пікірінше, еңбек нарығындағы осынау тосын өзгеріс-терге байланысты алдағы уақыттары мүлдем жаңа мамандық пен кәсіп түрлері өмірге келуі мүмкін. Бірақ олардың қалай аталатындығын, сол кездері адамдардың қандай қызметпен шұғылданатындығын әзірге білікті мамандардың өздері де анық біле бермейді. Тек мұндағы бір анықталған мәселе – еңбек нарығындағы тұрақсыздықтың жиі орын алатындығы. Осыған орай көптеген сарапшылар алдағы өмірімізде адамдар бір ғана дипломмен алысқа бара алмайтындығын айтып отыр. Өйткені ендігі кезекте жұмыс ауыстыру жағдайы жиі кездеседі. Тіпті бұл үдеріс қазірдің өзінде басталып кетті деп айтуға болады.
Мәселен соңғы зерттеулер бойынша АҚШ-та бір адам өз өмірінде орта есеппен 7-8 рет, Еуропаның дамыған елдерінде 4-5 рет, Жапонияда 3 рет жұмыс орнын өзгертетін көрінеді. Финляндияда өндірісте еңбек ететіндердің үштен бірі мамандығын ауыстырып үлгірген немесе басқа жұмысқа ауысқан.
Ал біздің елдегі жағдай қалай? Бұл жөнінде нақты бір деректерді кездестіре алмасақ та, еңбек нарығындағы өзгерістерден Қазақстан да құр алақан емес деп, кесіп айтуға болады. Айналаңызға қараңыз. Кезіндегі кеңшарлардың басты тірегі болған зоотехниктер мен мал дәрігерлері, агрономдар, инженерлер, жүргізушілер мен механизаторлар қалаға көшіп келіп, такси айдап жүр немесе басқа бір кәсіппен шұғылдануда. Олардың арасында өз бизнесін ашып, өз қолы өз аузына жетіп, шалқып өмір сүріп жатқандары да аз емес.
Сөйтіп өмір бойы бір ғана кәсіппен шұғылданушылар қатары бізде де сирей түскен. Қазір жақсы жұмыс істеп, отбасын асырап жүрген жастардың өмірбаянына үңілсеңіз, олардың қолында 2-3 дипломның жүргендігін байқайсыз. Бұл өзгеріс үстіндегі еңбек нарығының адамдарға қойып отырған негізгі талабы – өмір бойы іздену, өзін өзі жетілдіру, бәсекелестікке төтеп бере отырып өмір сүру дағдысы бізге де жеткендігін көрсетеді.
Осындай еңбек нарығындағы өзгерістерге бізде де дайындық жұмыстары жүргізілу үстінде.
Биылғы жылдан бастап елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасы енгізіледі. 2021 жылға дейінгі уақытты қамтитын бұл жоба бойынша 350 мыңға жуық адам тегін кәсіптік білім алып шығуға тиіс. Оларға білім беру мақсатында 807 колледж жұмыс істесе, оның 462-сі – мемлекеттік. Сондай-ақ бұл кәсіптік білім беру ошақтарының 20 пайызы ауылдық жерде орналасқан. 43 112 инженер-педагог қызметкер жұмыс істейді. Кадрлар даярлау 183 мамандық және 465 біліктілік бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық-инновациялық дамудың басым жобаларын іске асыру үшін 10 базалық колледж айқындалған. Мұның сыртында жаңа кәсіптерді игергісі келетін адамдар қысқа мерзімді курстарға да тартылады. Кәсіптік білім беру арқылы бір адамның бірнеше мамандықты игеруіне жол ашылады.
Оқу мерзімі 1 айдан бастап 3 жыл мерзімге дейінгі уақытты қамтиды. Жоба жүзеге асқан жағдайда қазіргі еңбек нарығында мамандықсыз жұмыс істеп жатқандар саны 20 пайызға дейін азайып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызға дейін төмендейді.
Әрине, бұлардың барлығы әлі болатын өзгерістердің басы ғана. Аяғы қайда апарып соғатындығын уақыт айқындайды. Мәселен қазіргі қаптаған жоғары оқу орындарының көбі күні ертең жойылып кетуі немесе өздерінің мәртебелері мен білім беру бағыттарын өзгертуі де ғажап емес.
Бәрін де еңбек нарығының сұранысы айқындайтын сәт келе жатыр.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»