Еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау саласының көптеген қызметі электронды форматқа көшіріледі.
Қағаз жүзіндегі құжаттарды қысқартып, сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында қолға алынған цифрландыру бағытындағы жұмыстар қазірден бастап қолданысқа енгізіле бастайды. Бұл туралы кеше Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді.
Еңбек және әлеуметтік саладағы басты жаңалық – бірыңғай электронды еңбек биржасының іске қосылуы. Бұл жүйе республикадағы барлық 199 жұмыспен қамту орталығын біріктіргелі отыр. Соның нәтижесінде 10-ға жуық интернет-алаң ашылып, жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерінің саны екі есеге өспек. С.Жақыпованың айтуынша, бірыңғай электронды еңбек биржасы арқылы бір жарым айдың ішінде 15 мың адам мамандықтары мен тәжірибесіне сай жұмыс тапқан. Қазіргі күні электронды биржада 8 мыңнан астам түйіндеме мен 30 мыңға жуық бос жұмыс орны туралы ақпарат орналастырылған.
– Әуелі Астана, Алматы, Павлодар және Шымкент қалаларында қанатқақты жоба ретінде іске қосылатын бірыңғай электронды еңбек биржасында жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек келісімшарты электронды түрде жасалатын болады. Ол үшін электронды қолтаңба қолданылып, аталған еңбек шарты жүйе архивінде сақталып қалады. Әрине, бұл қазіргі қағаз жүзіндегі еңбек кітапшасын қолданыстан алып тастау деген сөз емес, – дейді вице-министр. «Жаңадан құрылған еңбек биржасында жасалған келісімшарттар ғана электронды нұсқада болады. 2025 жылға дейін электронды еңбек биржасының қызметтерін түрлендіре түсетін боламыз. Бірақ қазіргі қолданыстағы еңбек кітапшалары сол күйінде қалады. Ертең зейнетке шыққанда да азаматтың еңбек өтілін растайтын негізгі құжат осы қағаз жүзіндегі еңбек кітапшасы болады», деді ол.
С.Жақыпова, сондай-ақ цифрландыру аясында мүгедектікті дәлелдеу және оны анықтау жұмыстары да оңтайлана түскенін жеткізді. Бұдан кейін 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматына тоқталған вице-министр бұл көмектің екі түрімен жұмыспен қамту орталықтарының мамандары айналысатынын атап өтті. Мұндағы кеңесшілер мен оларға тағайындалған ассистенттер жоба қатысушыларының әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындау бағытын қадағалап, оларға қолдау көрсетеді.
Екіншісі, жұмыспен қамту орталығы «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейді, яғни аз қамтылған отбасылар жергілікті билік органдарына, басқа да мекемелерге барып жүрмейді, бірден жұмыспен қамту орталығына барады да бір құжаттар пакетін ұсыну арқылы мәселесін шеше алады.
Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде құрылған бірыңғай ақпарат жүйеде қазірдің өзінде 14,5 млн адамның дерекқор базасы енгізіліп, әртүрлі бағыттар бойынша ондаған жүйені қамтиды.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»