Қазақстан жұртшылығы, қазақ әдебиеті мен руханияты орны толмас ауыр қазаға душар болды. 95 жасқа қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұзафар Әлімбаев дүниеден озды.
Мұзафар Әлімбаев 1923 жылы 29 қазанда Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы Маралды ауылында туған. ҚазҰУ-ді бітірген. Тырнақалды өлеңі он бес жасында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарық көрген. Соғыс жылдарында шығармалары республикалық, облыстық және майдандық газеттерде басылып тұрды.
Армиядан оралған соң (1948), «Пионер» журналында поэзия бөлімін басқарады. 1956-1958 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары қызметін атқарған. 1958 жылы «Балдырған» журналы ашылған күннен 1986 жылға дейін журналдың бас редакторы болған.
Алғашқы кітабы – «Қарағанды жырлары» 1952 жылы басылып шыққан. Жүз сексен әнге өлең жазған. 70 төлтума және аударма кітаптардың авторы. Шығармалары 20 тілге аударылған. Көркем аударма саласында Сағдидың «Бостанын» («Жәннат» деген атпен), Петефи мен Тоқтағұлдың, Аполлинердің таңдамалы өлеңдер жинақтарын, Ю.Фучиктің «Дар алдындағы сөзін», Орбелианидің «Ғибратнамасын» және Пушкин, Лермонтов, Маяковский, Ғ.Тоқай, М.Жәлил, Фирдоуси, Х.Әлімжанның өлең-жырларын қазақ тіліне аударған.
1982 жылы «Аспандағы әпке» жинағы үшін республикалық Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1978), Қазақстанның халық жазушысы, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны авторларының бірі.
Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Отан» орденімен марапатталған.
«Қарағанды жырлары», «Жұмбақтар», «Лирика», «Алатау баурайында», «Менің Қазақстаным», «Таңдамалылар», «Шынықсаң, шымыр боласың», «Жолдар – жырлар», «Жүрек лүпілі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Көңіл күні», «Балдәурен шіркін, балалық», «Тәрбие туралы әңгімелер», «Ер еңбегі – айнасы», «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Маржан сөз», «Ақмаңдайлым», «Аянның алақаны», «Сүймеген жүрек семеді», «Өмір. Өнер. Өнерпаз», «Екі тақтай бір көпір», «Нақылдар кітабы», «Аулақ бол жаман әдеттен», «Хат», «Нақылнама», «Көп томдық шығармалар жинағы», «Балдәурен», т.б. кітаптары жарық көрген.
Мұзафар Әлімбаев ел тәуелсіздігін жан-жүрегімен жырлаған абыз ақсақалымыз. Ол қазақ әдебиетін жаңа биікке көтергендердің алдыңғы қатарында болды. Саналы ғұмырын халқымыздың бірлігі мен келісіміне, ұлт әдебиетінің әлемдік биікке көтерілуіне арнады.
Жетпіс жыл бойы Қазақстан жұрты мен қазақ халқының рухани өсіп-өнуіне аянбай еңбек еткен Алаш қауымының ардақтысы, еліміздің абыз ақсақалы Мұзафар Әлімбаевтың жарқын бейнесі халқымызбен бірге мәңгі жасай береді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Павлодар облысының әкімдігі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты
Өмірді сүйген өр рухты жан болатынБарша қазаққа Мұзаға атанса да, жан-жүрегі жылылық төгіп тұратын, қазақ дегенде ішкен асын жерге қоятын, балаларға арналған төрттаған тақпақтан бастап еліміздің Әнұранын жазуға дейін араласып, азаматтық, ақындық абырой биігіне көтерілген, жаратылысы бөлек жан еді біздің Мұзағаң. Жас кезімізден Мұзағаңның ән мәтіндерін тыңдап өстік. Журналистикаға араласа бастаған кезімізде Мұзағаңның редакторлық қарымының шет-жағасын көріп, көңілге түйдік. Әсіресе өзінің өкшесін басып келе жатқан қанатының қағысы бөлек інілеріне ықылас-пейілі ерекше шын мағынасындағы аға бола білді. Өзі де ағалардан көрген тәрбиесінен жаңылмаған сиректеріміздің бірі еді. Кейін үлкен әдебиетке аяқ басқанда, алдымен ақ батасын беріп, ақжол тілеген де аяулы біздің Мұзағамыз болды. Менің 1977 жылы шыққан ең алғашқы «Беймаза өмір» атты жинағыма ақ тілегін айтып, пікір білдіріп мақала жазды. Үлкен ағаларымыз қолымызды кейде алып, кейде алмаса да, соған мәз болып жүретін жастық шағымызда, алыстан төбесін көріп, бас изеп сәлем бергенімізде көзінде нұры ойнап, мейірлене қарап, ынтамызды көтеріп, марқайтып қоятын Мұзағамыздың кішіпейіл мінезі кісіліктің әліппесіндей болатын. Бірде телефон соғып: «Нұрлан, халың қалай, шырағым, сенің мына жарыққа шыққан жаңа дүниеңді оқып, риза болып отырмын. Риза болғаным сондай, сен туралы мақала жазып отырмын, қарсы емессің бе?» деп мәз болып күледі. Жанының жайсаңдығы, жүрегінің кеңдігі өзінен кейін ізін басқан әдебиеттегі, өнердегі жас буынға адамдықтың абзал үлгісіндей еді.
Мұзағаң соғыстан кейінгі әдебиеттің қайсар мінезді, қағілез жүректі өкілі болды. От көрген, оқ көрген адам болса да, өмірдің қадірін білетін өзгеше болмыс иесі екені танылып тұратын. Жанына жолдас, дос жинады. Соның арқасында Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев сияқты қазақ поэзиясының бір-бір марқасқа өкілдерінің балалар әдебиетін де жатырқамай, кішкентай оқырманға арнап қалам тартқанына қарап, ол ауылға Мұзағаңды үлгі етіп, шығармашылығы қызықтырған соң ілесіп барды-ау деп ойлап қоямын. Әсіресе Тұманбай ағамыз екеуінің арасындағы ағалы-інілі қарым-қатынастың соншама тереңдігі мен шынайылығына сырттағы жанның бәрі сүйсіне қараушы едік.
Балалар әдебиетін, балалар поэзиясын Мұзағаңсыз елестету мүмкін емес. «Балдырған» журналына көп жыл басшылық жасап жүргенде баланың жүрегіне тікелей жол салатын мөп-мөлдір, айнадай жарқыраған таза дүниелер басылым бетінен шүп-шүп төгіліп тұратын. Мұзағаңның өлеңнен бөлек, әлемнің арғы-бергі классиктерінің шығармаларын аударған еңбегі, жаңылтпаш жазып, мақал-мәтел жинақтап құрастыруы, осының әрқайсысы бөлек-бөлек қарастыруды қажет ететін сом дүниелер. Тілдің парқын білетін, мәйегін танитын, мағынасына, мәніне бойлай алатын бірегей қалам иесі болғандықтан, М.Әлімбаев әдебиетті көркем аудармалармен байытты.
Сөйткен Мұзағаң абыздық кезеңіне иек артқан шағында, арбамен айналып жүріп те өмірді сүйген өр рухын құлатпай өтті. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде болып жатқан әр жаңалыққа құлақ түріп, жетістіктерге балаша қуанып, Ел басшысынан бастап қатардағы азаматтарға дейін түгендеп, ісіне баға беріп отыратын. Өмірге өте құштар адам болды, оқудан, ізденуден, жазудан шаршамай кетті. Тоқсанның бесеуіне қараған жасында дархан мінезді, жаны жайсаң жақсы ағамыз өмірден өтіп бара жатыр. Артындағы іздеушісі, қалың оқырманы, қара орман қазақ жұрты аман болса, Мұзағаңның мол рухани мұрасын қастерлеп, уақыт озған сайын ұлт игілігіне қызмет атқаратын кәделі дүниеге айналдыратынына еш күмән келтірмей үлкен сеніммен қараймын. Ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы
Туған елі ұмытпайдыАса көрнекті ақын, Ертіс-Баян өңірінің тумасы, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Мұзафар Әлімбаев 95 жасқа қараған шағында дүние салды. Мұзафар аға қазақ әдебиетінде өшпейтін із қалдырған ақын-жазушылардың маңдайалдысы, балалар әдебиетінің қара нары еді.
Мұзафар Әлімбаев Павлодар облысы, Шарбақты ауданындағы Маралды ауылының тумасы. Әкесі Айтмағамбеттен сегіз жасында, анасы Зейнептен 13 жасында айырылған ол жетімдіктің ащы дәмін тартып есейеді. Облыс орталығындағы педагогикалық училищеде білім алып жүрген жылдары алғашқы өлеңін 15 жасында жазып, тырнақалды туындысы облыстық «Қызыл ту» газетінде басылады.
18 жасында Ұлы Отан соғысына өзі сұранып, сұрапыл соғыс даласында толарсақтан қан кешіп, талай қиындықты өткереді. Алғашқыда саяси жетекшінің орынбасары ретінде Ржев түбіндегі шайқастарға қатысады. Кейін танк батареясының командирі болып, соғыстың соңына дейін ауыр шайқастарда ерлікпен шайқасады. Қан төгіс майданда да қаламын жанына серік еткен ақын жорықтас жауынгерлердің ерлік істерін жырға қосады. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдулинге арнаған «Батырға» атты өлеңі «Жауға қарсы аттан» майдан газетінде жарияланады. Ақын өзінің «Ту тіккен» дастанында рейхстагқа жеңіс туын желбіреткен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін шабытпен жырлайды.
Мұзафар Айтмағамбетұлы балалар әдебиетінің дамуына тың серпін беріп, зор үлес қосқан талантты ақын, шебер жазушы еді. Мұзағаның қаламынан туған жырлар әндерге арқау болып, жүз сексенге жуық өлеңі әнге айналады.
Мұзафар Әлімбаев халық ауыз әдебиетінің бай мұрасы – мақал-мәтелдерді жинаумен қатар, өзге халықтардың мақал-мәтелдерін қазақ тіліне аударумен айналысқан. Ақынның «666 мақал мен мәтел», «Мақал – сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына» жинақтары мен зерттеулері бар. Халқымыздың отты ақыны Қасым Аманжоловтың «Мұзафар – қазақ мақалының маршалы» деп айтқаны да осыдан болар.
Жазушы Ұлы Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Отан» орденімен марапатталған. Мұзафар Айтмағамбетұлы тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Әнұранының сөзін жазуға қатысқан ақындардың бірі.
Қазақ әдебиеті алып бәйтерегінен, туған халқы ақылшы абызынан айырылды. Павлодар облысы тұрғындарының және өзімнің атымнан марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын.
Мұзафар ағаның жаны жәннаттан жай тауып, иманы серік болсын. Қазақ халқы қазыналы қария, қарымды қаламгер, ұлтының сүйікті перзенті ардақты ақыны Мұзафар Әлімбаевты ешқашан ұмытпайды.
Болат БАҚАУОВ, Павлодар облысының әкімі
Жанашыр жақыным едіБіздің әдебиетке қосылған кезімізден бастап Мұзағаң әркімге, әсіресе кейінгі жастарға қамқор болып жүрер еді. Бір мінезі, қолы қаламнан босамаса аузы әңгімеден босамайтын. Кездесе қалған жерде ең алдымен сұрайтыны: «Не жазып жүрсің?» дейтін. Шынында да ағаның осы сұрағынан кейін «Осы мен не істеп, не тындырып жүрмін?» деп ойланып қалатын едік. Мұзағаң айналасындағы жастарды осылайша еңбекке қарай бейімдеді. «Құр қарап жүрме» деп мойныңа жүк артқандай міндеттеп қоятын. Біле білгенге бұл әдебиеттегі алдыңғы ағалардың жақсы үлгісі еді.
Ағамыз жақсы өмір сүрді. Өзі де еңбекқор болды. Кешегі үлкендердің: Мұхаңның, Сәбеңнің, қос Ғабеңнің соңынан еріп әрқашан сапарлас болып, солардың сондағы айтқан ұлағатты әңгімелерін бізге жеткізетін. Ал өзін кейінгі толқынға бас болды деуге болады. Себебі маңайына жастарды топтастырып, солардың өсуіне, өнуіне, қатарға қосылуына әрдайым бас-көз болып жүретін.
Мұзағаңның тұрған бойы – ақыл мен нақыл. Кез келген сөзден ұйқас құрастырып шығаратын. Ел ішіндегі сирек сөздерді іздестіріп, жинап жүретін. Мұзафар Әлімбаев қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің біріне айналды. Поэзия жанрындағы еңбектері – өлеңдері, поэмалары әдеби сын тарапынан да, оқырмандардан да жақсы бағасын алды. Қазақ әдебиетінде мақал-мәтелдердің бірден-бір жинаушысы болды. Осы орайдағы бірталай кітаптарды құрастырып шығарды. Өзінің жеке мақал-мәтелдері де қалың бір том болып шықты. Мысалға айтсақ, «Мақал – сөздің мәйегі» деген әдемі нақыл Мұзағаңның төл туындысы екенін қазір екінің бірі біле де бермеуі мүмкін.
Жастардың жанашыры болған жақсы әрі жақын ағамыздың топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ, жазушы
АЛМАТЫ
Ғасыр атаАлғашқы жыр жинағымның жарыққа шығуына Мұзафар Әлімбаев атамыздың тікелей қатысы болды. Қолжазбамды оқып, арада үш күн өткенде телефон шалып, өзіне шақырды. Түзетулерін енгізіп, ескертулерін шетіне жазып қойыпты. Содан соң, 179-беттегі өлеңді жинақтан алып тастағанымды қалады.
«Абайдың анық ақындыққа алаңсыз алғырлықпен құлай берілетін жасында екенсің, Дәулетбек! Алла тағала Абай шабыты мен өлеңнің асылдығын бұйыртсын! Байтұрсынның, Ахаңның да аруағы қолдасын! Әкелеріңіздің аттары ұқсастығы кездейсоқтық та болмас. Сөз соңында ақ батам мынау: Жолың болсын, балам! Елің болсын панаң!» деп алғысөз жазды.
Ақсақалдың қасында отырмын, сөзді сонау соғыс жылдарынан бастады. Әскери бөлімшеге сыйлы командир болған Рахмет Жанайдаров деген азамат туралы бір сырды ағытты. «Сол Жанайдаров ағаның айтқан сөзін өмір бойы ұстанып келемін. Мен енді саған айтайын, сен де ұмытпа! Ол мынау: «Мойны озғанды оқ табады». Қысқасы, 179-беттегі өлеңнің неге қажет емес екенін енді түсінген шығарсың!» – деді.
Әр жолы қаламымды қолыма алғанда Мұзағам көз алдыма келіп тұра қалады. Қалай жазу, нені жазу туралы ойланамын. Мұнда Мұзафар Әлімбаев «Мойны озғанды оқ табады» десе, арғы жақта Омарғазы Айтанов «Аң шадырын оқ табады» деп тәлім айтады.
Бұл – атамызбен болған әңгімелердің мыңнан бірі. Ол кісінің шарапатын көрген мен ғана емес, ондай оқиғалар өте көп екенін әр-әр жерден естіп, кейіпкерлеріне ылғи да кездесіп келемін. Мұзафар атаның қолдауына ие болу бір жағы күш, бір жағы үлкен жауапкершілік еді біз үшін.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын
Қайран да менің Мұзағам!Мұзағам, Мұзафар Әлімбаев асылдың сынығы еді, тұманың тұнығы еді. Оқ өтпес қорғаным еді, жел өтпес орманым еді. Сөз өнерінің саңлағы еді, балалар әдебиетінің бағбаны еді. Мәлім деген жасырын атымен қазақ сөзінің інжу-маржанын теріп, жинап, болашақ ұрпаққа мәлім еткен біртуар тұлға еді. Мұзағаңның қаламынан туған қыруар жырларды айтпаған күннің өзінде, туған елінің әдебиет қоржынына ол салған мол олжа қаншама! «Менің Қазақстаным!», «Естай-Қорлан», «Ту тіккен» поэмалары, «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Маралдым» әндерінің мәтінін жазған Мұзафар Әлімбаев есімі қазақ халқы барда ешқашан ұмытылмайды.
Жалғанның көші тоқтамас мәңгі ұзаған, Туыңды жығып, тұлпардан түстің, Мұзағам. Қамқорым едің, өсірген жастан қанатыңменен қорғалап, Тойымсыз ажал саған да жетті-ау, жыландай жылжып жорғалап.
Хабарыңды естіп, қайғыға түстім көзімнің жасы сорғалап. Алапат өрттің бәрін де көзден өткеріп, Тұрманың сайлы, қанжығаң майлы, ғасырды кеттің бөктеріп. Таусылса дәмі кімге де болсын, бақидың жолы – жақын жол. Пейіштің төрі бұйырсын саған, бақұл бол, аға, бақұл бол!
Несіпбек АЙТҰЛЫ АСТАНА