• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Парламент 30 Қараша, 2017

Мәжіліс жер мәселесін талқылады

326 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен төменгі палатаның жалпы отырысында депутаттар бірқатар заң жобаларын мақұлдады. Олардың арасында жер қойнауы және жер қатынастарын реттеу мәселелері мен бала құқықтары туралы заң жобалары болды. 

Жалпы отырыста «Жер қой­науы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс және оған ілеспе заң жобалары екінші оқы­лымда мақұлданды. Осы заң жобасына қатысты Мәжіліс Төр­ағасы өз пікірін білдірді. 

«Бұл кодекс жер қойнауы сала­сындағы барлық сұрақтарды бір құжаттың ішіне жинақтауымен ерек­ше. Со­ның нәтижесінде, жер қой­­­нау­ын пайдаланушылар үшін де, ин­­весторлар үшін де тиімді жағ­­­дай жасалады», деді Н.Нығма­ту­лин. 

Заң жобасы жер қойнауын пайдалану саласын реттеудің жаңа тәсілін көздейді. Онда жер пайдалану құқығын «бірінші келдің – бірінші алдың» қағидаты бойынша берудің австралиялық моделін енгізу, пайдалы қазбалар қорларын есептеудің халықаралық жүйесіне көшу, геологиялық ақпараттың қолжетімділігін қам­тамасыз ету, жер қойнауының мем­лекеттік қорын басқару бағдар­ламасын әзір­леу, уранды, кө­мір қабаттарының метанын иге­руді реттеу, пайдалы қазба­ларды старателдік өнді­ру­ді енгізу сияқты жаңалықтар қамтылған. 

Жиында Жер реформасы жө­нін­дегі комиссияның қызмет нәти­желері бойынша әзірленген «Қа­зақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне жер қаты­настарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасы талқы­ланып, мақұлданды. 

Осы құжат бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов баяндама жасады. Министрдің айтуынша, заң жобасы жерді жалға беру нормасын сақ­тау және жетілдіру, жалға бері­летін жердің шекті мөлшерін бел­гілеу, шекара аумақтарындағы жер­ді пайдалану талаптарын күшей­ту, тұрғындарды жайылым ал­қап­тарымен қамтамасыз ету секілді бірқатар мәселелерді қамтиды. 

А.Мырзахметовтің сөзіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің жаңа әрі өзгеше тәртібі қарастырылған. Осыған сай, конкурсқа қойылатын жерлер тізбесі алдымен қоғамдық кеңестер және үкіметтік емес ұйымдармен келісіледі. Содан кейін ғана аудандық әкімдіктер оны бекітеді. Конкурсты ашық өткізу мақсатында жер комиссиясы құрамының 50 пайызы қоғамдық кеңестер мен ұйым өкілдерінен құралады. Ведомство басшысы конкурс барынша жария түрде өтетініне сендіріп отыр.

«Конкурстың жариялылығын қамтамасыз ету үшін хабарландыру аудандық қана емес, басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. Мұнымен қоса, конкурс жариялағалы отырған аудан хабарландыруды өзінің ресми сайты, сондай-ақ облыстың басқа ау­дандары мен ауыл әкімдіктеріне жі­беруге міндеттеледі», деді А.Мыр­захметов.

Ұсынылған заң жобасында жалға алынған жерлерге тұрақты мониторинг жүргізілу көзделген. Осыған сәйкес, бастапқы бес жыл көлемінде жыл сайын бақылау жа­салмақ. Содан кейін суарма­лы егістік әр үш жыл сайын, тә­лім­ді жерлер бес жыл сайын тексе­ріліп отырылады. Бақылау қоры­тындысы бойынша жалдау шар­тындағы міндеттердің бірі орын­далмағаны анықталса, өкілетті органның жалға беру келісімін бұзуға құқығы бар. 

Сонымен қатар заң жобасында жерді пайдалану жөніндегі міндеттемелер мен жауапкершілік күшейтіледі. А.Мырзахметовтің айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлерінің көп бөлігін «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында олардың шектік мөлшерін белгілеу көзделген. 

Министр өз баяндамасында ше­ка­ралық белдеу мен шекара ау­мағында орналасқан жер учас­келерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен некеде тұрған Қазақстан азаматтарына немесе шетелдік заңды тұлғаларға және құрамында шетелдіктер бар ел көлеміндегі заңды тұлғаларға беруге тыйым салынатынын атап өтті. Шекара маңындағы ауыл шаруашылығы жерлері тек Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана жалға беріледі. Бірақ шекаралық белдеу­де орналасқан жерлер ешкімге берілмейді. Ұсынылған құжатқа сай, жалға берілген жерлерді жайы­лым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Жобаны талқылау барысында жұмыс тобы келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, бірқатар өзгерістер енгізген. Кенттің, ауылдық елді мекеннің ғана емес, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың шекарасы шегінде орналасқан жайылымдық және шабындық алқаптарды бөлек меншікке және пайдалануға беруге тыйым салынады. Сондай-ақ бұған дейін жалға берілген жерлерді қайтару мәселелері де заң жобасы аясында қарастырылып отыр. 

Сонымен қатар отырыс барысында Мәжіліс депутаттары бас­тамашы болған «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне баланың құқық­тарын қорғау жөніндегі функция­ларды жүзеге асыратын ұйым­дардың қызметі мәселелері бойынша өз­ге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасы бірінші оқы­лымда мақұлданды. 

Жұмыс тобы жобаны әзір­леу ба­ры­сында жекелеген норма­ларды нақ­тылауға және мазмұ­нын жақ­сартуға күш салған. Соған сай, кәмелетке толмаған жасөспірім­дердің іс-әрекеті үшін ата-анасын немесе басқа адамдарды жазалауға қа­тысты заң нормасы Қылмыстық кодекстен алынып тасталып, Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы ко­декске ауыстырылады. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандарды бейім­деу орталықтарында осы санат­қа кіретін балаларға кешенді әлеу­­меттік, психологиялық, педа­го­ги­ка­лық, медициналық, құқық­тық жә­не басқа да көмек түрлерін беру мә­се­лесі де заң жобасына енгізілді. 

Жиында «Қазақстан Респуб­ликасындағы бағалау қызметі туралы» заң жобасы екінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдауға ие болды. Жобаға тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сапасыз бағалауға байланысты келтірілген залалды өтеу үшін өтемақы қорын құру және жеке тұлғалар үшін бағалау қызметін қазір қолданылып жүрген лицензиялаудың орнына бағалаушыларды сертификаттау­ды енгізу сынды мәселелер де енгізілген.

Бұдан кейін депутаттар назарына «Қазақстан Республикасы Үкі­меті мен Біріккен Ұлттар Ұйымы ара­­сын­дағы Солтүстік және Орта­лық Азия үшін субөңірлік бөлім­шеге арналған әкімшілік және қар­­жылық рәсімдерге қатысты келі­сімді ратификациялау туралы» заң жобасының қорытын­ды­сын әзірлеу мәселесі ұсыныл­ды. Аталған құжат бойынша баяндама жасаған Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің төрағасы Мәулен Әшім­баевтың айтуынша, осы келісім БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынты­­мақтастықты одан әрі нығай­туға бағытталған. Сондай-ақ «Қа­­зақ­стан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Респуб­ликасы ара­сындағы ұстап беру ту­ралы шарт­ты ратификация­лау туралы» заң жобасының қоры­тын­дысын әзірлеу мәселесі қаралды. Заңнама және сот-құқық­тық реформа комитетінің төрағасы Нұр­лан Әбдіров осы шартты ратифи­ка­циялау екі ел арасындағы қылмыс­пен күрестегі әріптестік көкжие­гін кеңейтетінін жеткізді. Аталған екі мәселе бо­йынша депутат­тар заң жобаларын жұмысқа алып, қоры­тынды әзірлеу мерзімін белгіледі.

Сонымен қатар отырыста Ор­талық сайлау комиссиясының баян­­дамасы негізінде 24 қараша­дан бас­тап Бақытжан Әбдірайым­ның Мәжіліс депутаты өкілеттігі мер­зімінен бұрын тоқтатылды. Жал­пы отырыс соңында халық қалау­лылары бірнеше депутаттық сауал жолдады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»