Біз Нұрсұлтан Назарбаевпен 1962 жылдың жазында таныстық. Барлығымыз құрдаспыз, әртүрлі жолмен инженер мамандығын игердік. Нұрсұлтан Назарбаев Днепродзержинск қаласындағы кәсіптік-техникалық училищені үздік бітіріп Қарметкомбинатта жұмыс істейтін.
Қарағанды политехникалық институтына Нұрсұлтан Назарбаев «Домна өндірісі» мамандығы бойынша оқуға түсті. Алғашқы екі курста жалпы пәндер оқытылатын, біз ортақ дәрісханада, студенттер тілінде бір «поточкада» оқыдық, төрт топтан құралған жүздеген студент доменші, болат балқытушы, болат құюшы мамандықтарын игеріп жатты...
Алғашқыда бір-бірімізді жақсы танығанша жай араласып жүрдік, кейін үш төрт ай өткеннен соң бірге тыңдаған лекцияларда алған білімдеріміз басымызды біріктірді. Кейін 1963 жылдың қаңтар айында барлық болашақ металлургтерді өндірістік тәжірибеден өтуге Теміртау қаласындағы кәсіпорындарға жіберді. Болат балқытушылар Қазақ металлургиялық зауытына, ал доменшілер, оның ішінде Нұрсұлтан Назарбаев бар Қарағанды металлургиялық зауытына жіберілді.
Металлург мамандығы өте ауыр. Әсіресе ыстық цехтарда домна, мартен пештерінде жұмыс істейтіндердің, болат балқытушылардың жұмыстары ауыр. Негізгі жұмысшы құралы сүймен және күрек. Қазіргі жастармен кездесу кезінде олар менен сұрайды: «Неге артта қалған өндіріс?» деп, мен оларға: «Осындай технология», деп жауап беремін. Егер Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолында» кітабын оқитын болсаңыздар, онда оттықшының еңбегі жайлы толық жазылған. Президент бұл ауыр еңбектің қыр-сырын толық біледі...
Жастар ауыр жұмыстан қорыққан жоқ, олардың алдарында өнеге алатын тәлімгерлері болды, олар нағыз ер азамат атқаратын жұмыстың қыр-сырын үйретті, негізі – от және қайнаған металды басқаруды үйретті: Алексей Шатилин, Борис Яговитов, Иван Еськов, Федор Ващенко, Алтынбек Дәрібаев, Арғын Жүнісов, Еламан Байғазиев, Алексей Панченко және т.б. осындай азаматтардың атымен еліміздің қара металлургиясының тарихы жазылған. Өндірістік тәжірибеден кейін біз институтқа қайтып оралып, оқуымызды жалғастырдық. Мамандық бойынша теориялық білімді игерген кезде пәндер нені оқытады және не жайлы айтатынын жақсы түсінетінбіз. Оқу жеңіл және қызықты болды. Біз бір ұрпақтың өкілдеріміз, бізді отбасымыздың өмір сүру деңгейі және қоғамда құрметті инженер-металлург мамандығын игеруге деген ұмтылысымыз жақындастырды. Осы жайлы менің достарым Жақсылық Аскеев, Төлеутай Сүлейменов, Қуаныш Омашев, Виктор Никонов және т.б. жігіттер армандады. Нұрсұлтан Назарбаев біздің ортамызда әрқашан жеке өзі бір төбе болатын. Ол өзінің сабырлылығы, өзіне деген сенімділігі арқасында маңайына жастарды топтастыра білді, ол әрқашан пікірін ашық айтатын. Білім деңгейі әртүрлі құрбыларының арасында болашақ Президент өзінің білімділігімен, саяси қырағылығымен, ойға жақсы сақтау қабілетімен, қазақ және орыс тілдерін жетік білуімен ерекшеленетін.
Сонымен қатар жоғары оқу орнында техникалық пәндерден басқа біз ғылыми коммунизм, диалектикалық және тарихи материализм және т.б. гуманитарлық пәндерді оқыдық. Болашақ саяси қайраткер Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде де өзінің білімділігімен көзге түсетін және оны оқытушылар да жақсы көрді. Ашығын айтсақ оның жан-жақты білімділігі сол кездегі қоғамдық пәндер бойынша өтетін семинарларда оқытушыға әртүрлі сұрақ берумен оқытушының көңілін басқа жаққа бұрып, студенттерден сабақ сұрауға уақыт қалдырмайтын. Оқытушы өзі қойған сұраққа жауап беремін деп уақыттың қалай өткенін білмей де қалатын. Сол кезде Нұрсұлтанның барлық саладан хабары барына таңғалатынбыз.
Біздің талантты курстасымыз сол жылдар ішінде көптеген шетелдік сапарларға барды, шетелдерді және ондағы халықтың өмір сүру деңгейін көрді. Теміртау қаласының жұмысшы жастарының көшбасшысы Хельсинки қаласында өткен ІІІ Дүниежүзілік жастар фестиваліне қатысты. Осы сапардан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өзінің алған әсерлерін жастармен бөлісті.
Жас металлург тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринмен кездескен, онымен фотоға түскен, сол сурет «Комсомольская правда» газетінде жарияланды. Біздің жерлесімізді БЛКЖО ОК Валерий Быковскиймен бірге ғарышта болған комсомол белгісімен марапаттаған. Осы ғарышта болған комсомол белгілері 10 дана, онымен ірі елдің үздік жастарын марапаттаған. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінше айтқанда «жұлдызды ондық» топтамасында болған. Сол кезде біздің жолдасымызға қоғамдық жұмыстарды атқару ұнайтындығын байқағанбыз, өйткені ол атқарған қоғамдық жұмыстардың нәтижелері оның ұйымдастырушылық қабілеті жоғары деңгейде екендігін айқындайтын.
Еңбекшіл құрылыс отрядтарыБіздің таныстығымыздың жалғасуына сол кездегі студенттік құрылыс отрядтары себепші болды. Ол кезде студенттік құрылыс отрядтары өрлеу үстінде еді, осы қозғалыс еліміздің ауылды жерлерінің дамуына ықпал етті және студент жастарға табыс табуға мүмкіндік берді. Бізді Қарағанды облысының батысында орналасқан «Балықтыкөл» совхозында тұрғын үйлер салуға жіберді. Жүзден астам жастар қу далаға жаңа совхоз құрылысын салуға келдік.
Құрылыс жұмыстарын үздіксіз жүргізу үшін материалдарды уақытында жеткізу қажет. Нұрсұлтан Назарбаев облыс бойынша қажет құрылыс материалдарын тауып, оны жеткізумен айналысты. Қалқандар жиынтықта жеткізілетін, ал кірпіш пен цементті құрылыс трестері мен комбинаттарынан, жергілікті атқарушы органдар арқылы алу қажет еді. Оның жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 8 екі пәтерлі үй құрылысын уақытында бітіріп, оны қыркүйектің басында пайдалануға бердік, ал басқа құрылыс отрядтары үйлерді қыркүйек айының соңында тапсырды.
Таңның атысынан кеш қарайғанға дейін жұмыс істеген біздің металлургиялық студенттік құрылыс отряды тек үйлер ғана салған жоқ, келісімшартта қарастырылмаған мал қораларын да салды.
Сол жылдары фотоаппарат отрядтағы бір жігітте ғана болды. Ол түсірген сурет бүгінде өткен тарихтың куәсі. Біз салған тұрғын үйлер құрылысын жақсы деген бағамен тапсырдық. Барлығымыз үйімізге қайттық. Әрқайсымыз екі мың рубль еңбекақы алдық. Ол біз үшін жақсы қаражат еді. Өзіміз киіндік, отбасымызға көмектестік. Жаңа оқу жылына осылайша дайындалдық.
Жаңа кезеңИнститутқа қайтып келген кезде бізді тосын жаңалық күтіп тұрды. Қарметкомбинат базасында ҚарПТИ Теміртау қаласының бөлімшесінде жеке ЖТОО-зауыт ашылды. Бұл Теміртау жастарының арманы еді. Үйдің жанында оқу қолайлы. Комбинат жастарының мүддесін ескерумен Нұрсұлтан Назарбаев БЛКЖО ОК мүшесі ретінде комсомол съездерінің бірінде жоғарғы органдардың атына сын айтқан. Нұрсұлтан Назарбаевтың баяндамасынан кейін 1962 жылғы республикалық комсомол съезінде осы мәселе оңынан шешілді. Қара металлургияның алыбын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге арналған жоғары техникалық оқу орны 1964 жылы ашылды. Осы оқу орнына ҚарПТИ-дің барлық металлургиялық мамандықтары: доменді өндіріс, металды қысыммен өңдеу, болат балқыту бөлімшесі ауыстырылды. Біздің алдымызда қайда оқимыз деген таңдау тұрды.
1965 жыл басталды. Институтты аяқтағаннан кейін біздің құюшылар тобының түлектері 1968 жылдың қаңтар айында жолдама бойынша ҚарМК-ға жұмысқа жіберілді. Онда оттекті-конвертерлі кешен құрылысы басталған еді. Әрқайсымыз осы құрылысқа атсалыстық. Өміріміз қалай қалыптасқанынан хабардар болғанымызбен, біз іс жүзінде бір-бірімізбен онша көп араласпадық. Себебі, металлургиялық комбинат – бұл тәулік бойы жұмыс істейтін 30 мың адамы бар қала, онда әрбір өндіріс бір аудан, өзінің шекарасы және жолы бар, оның кестелері және нұсқауларын бірге жұмыс істейтін кәсіпорындардың жұмысына зиян келтірмеу үшін уақытында орындау қажет. Басқа цехтарда және кешендердегі достарымызбен жиі кездесуге мүмкіндік болмайтын.
Мен оқу бітіргеннен кейін Нұрсұлтан Назарбаев оттықшы және он жылға жуық газшы болып жұмыс істегенін білетінмін және ол кейін партиялық жұмысқа ауысты. Ешқашан өзімнің курстасымның қызметтік жағдайын пайдаланған емеспін. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы жастық шағында, комбинатта бірге жұмыс істеген таныстарымен әрқашан сыйластық қарым-қатынас жасайтын.
Үлкен істер уақытыБіздің кездесулеріміз 1991 жылдан жиі бола бастады. Сол жылдың шілде айында комбинаттағы 3-ТТЦ-де үлкен апат орын алды. Өртті тез арада сөндіргенмен, салдары зор болды. Төбе құлады, жабдықтар су астында қалды, дрессирлеу станы қатты бүлінді. Осының барлығына жай қарау мүмкін емес еді. Енді осы апаттан бас көтеру мүмкін емес сияқты көрінетін. Цехтың жағдайы не болады деген ойлар мазалайтын. Біз осы ойымызды Президентке айттық, ол: «Біз цех жұмыс істеу үшін барлық жағдайды жасаймыз», деді. Цех қысқа қарай қалпына келтірілді, іске қосылды. Директор Александр Свичинский өндірісті іске қосу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды. Ол штаб құрды. Нұрсұлтан Әбішұлы қалпына келтіру жұмыстарын өзінің қадағалауына алды. Осы жұмысты атқаруға Олег Сосковец те көмек көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөзінде тұратындығына біздің көзіміз тағы да жетті. Ол жас кезінде де съездерде жастар мүддесін қорғайтын, әрқашан аз сөйлеп, үлкен істерді жүзеге асыратын. Ол комбинат партия ұйымының хатшысы болған кезде де күнделікті міндеттерді шешуді қолға алды. Оның бастамасымен стадион, сауықтыру санаторийі, балабақшалар және тұрғын үйлер салынды.
Нұрсұлтан Әбішұлы ҚКП ОК бірінші хатшысы және Қазақстанның Жоғарғы Кеңесімен сайланған Президент ретінде Теміртау қаласына келді, өрттен кейінгі комбинат жағдайымен танысты. Бұл біздің Назарбаевпен оның Алматыға кеткеннен кейінгі бірінші кездесуіміз еді. Ал 1991 жылдың маусым айында Теміртау қаласында тұратын курстастар кездеспекші болдық. Осы кездесуді курстасымыз Борис Шуголь ұйымдастырды.
Сол кезде Шуголь Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғап, ЖТОО-зауытта «Құю өндірісі» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істейтін. Ескі қаладағы Тольятти көшесінде тұратын ол Нұрсұлтан Әбішұлын және бізді отбасымызбен, сондай-ақ, Қара металлургия министрі Олег Сосковецті үйіне қонаққа шақырды. Жаздың шуақты жайдарлы күні үйінің алдындағы бақшада дастарқан жайылған, жақсы бір отырыс болды, студенттік жастық шағымызды есімізге алдық. Біздің жұбайларымыз «Весна на Заречной улице» кинофильмінің әуеніне салып, өлең жазып, оны Президентке арнады. Біз жастық шағымызға қайтып оралғандай әсерде болдық. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Қай кезде қай ортада болмайын, өзімнің өсіп қанаттанған ұямды еш ұмытқан емеспін. Күрделі мәселелерді шешкен кезде мен әрқашан сіздер туралы ойлаймын да, сіздерді арқа тұтамын», деген сөзі есімде. Қай-қайсымызды болсын осы сөздер толғандырмай қоймайды.
Осы кездесуде Нұрсұлтан Әбішұлы барлығымызды Алматыға 6 шілде күні туған күніне шақырды, бірақ ешқайсымыз барамыз деп уәде берген жоқпыз: қалай болады, ол күнге дейін әлі өмір сүру керек деп шештік. Дегенмен, біз Президентімізді жақсы білетін едік, ол әрқашан қонақжай, ақ көңілді дархан жан. Ешқашан өзінің сөзін далаға жібермейтін, берген уәдесінде, сөзінде тұратын адам. Ол кезде комбинат директоры Александр Свичинский болатын, ол Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бізді әйелдерімізбен бірге 30 адамды автобусқа отырғызып Алматыға жіберді. Алматыдағы кездесу көңілді, есте қаларлық кездесулердің бірі болды. Оңтүстіктің тамаша табиғаты есте қалды.
Маған әрқашан Нұрсұлтан Назарбаевтың кез келген адамды мұқият тыңдап, оған кеңес беруі, оның мәселелерін шешуге көмектесуге дайын тұратындығы ұнайтын. Мұқият тыңдап, нақты шешім қабылдау күнделікті күйбең тіршілікте сирек кездесетін қасиет. Нұрсұлтан Назарбаев айтқан мәселеге қатысты өзінің пікірін білдіреді, егер адамның пікірі дұрыс болмаса оған түсіндіруге тырысады, ол неге дұрыс еместігіне оның көзін жеткізеді. Бұл Көшбасшыға тән қасиет.
Бақытымызға қарай, біз басқа республикалар сияқты бір бірімізбен жауласпадық. Бірлікте, ынтымақтастықта болашақ үшін жұмыс істедік. Тәуелсіздіктің бірінші онжылдығында көптеген қиындықтар кездесті, жылу, жарық болмады. Бірақ біздің азаматтарымыздың шыдамдылығы барлығын жеңді. Алдымызда жарқын болашақ болады деген сенімділік – Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси стратегиясы бізді осы күнге жеткізді.
Сонымен 1991 жылғы Президент сайлауында барлық теміртаулықтар Нұрсұлтан Назарбаевқа бір ауыздан дауыс берді. Біз оны жақсы танимыз және оған сендік. Ол – біздің Президент. Ол комбинатты дамытуға көмектесті. Біздің қаламыз өркендеп келеді. Бұрын көрші Ресейде де Қазақстанды білетіндер аз еді. Қазіргі таңда біздің Қазақстанды әлем таниды. Біздің экономикамыздың дамуына әлемнің дамыған елдері тамсануда. Еліміздің 26 жылдық тәуелсіздігінің нәтижесі осындай. Бұл – Президенттің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Осының барлығына біз куәгерміз.
Біздің әрқайсымыз Мемлекет басшысының мына сөзімен келісеміз деп ойлаймын: «Мен бақыттымын, әлемде Қазақстан жайлы жақсы пікірлер айтылады. Мен қиын жылдары ұсынған бағдарламамның бүгінде жемісін көріп отырмын. Қазақстандықтар маған өзімнің серіктестеріммен бірге дамыған мемлекет болуға бағытталған еңбектерім үшін рахмет айтады. Біз экономика саласында айтулы табысқа жеттік, бюджетімізде қаржы бар, жыл сайын халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндігіміз бар».
Ермек ТӨЛЕУБАЕВ, Қазақстан Магниткасының ардагері