«Елбасына тұғыр болған Сарыарқа» – «Сарыаркинский взлет Елбасы» және «Сарыарқа Тәуелсіздік жылдары» – «Сарыарка в годы Независимости» атты негізінен Қарағанды журналистерінің еңбектерінен құралған қос жинақ екі тілде жарыққа шықты.
Бұл жинақтарды құрастыру «Сарыарқа кітапханасы» редакциялық алқасы мүшелерінің ұсынысымен және облыс басшылығының қолдауымен тәжірибелі журналист Аман Жанғожинге тапсырылған болатын. Ұзақ жыл жергілікті «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет еткен қарымды қаламгер бұл міндетті ойдағыдай атқарып шықты деп бек сеніммен айтуға болады.
Бірінші кітап атынан көрініп тұрғанындай, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың еңбектегі және саяси қайраткерлік қызметі басталған қазыналы Қарағанды облысымен байланысына арналған. Жинақта ардагер журналистер А.Сағындықов, Б.Бодаубаев, А.Ахметәлімов, А.Старухин, жазушы Ә.Әзиевтердің суреттемелерінде өткен ғасырдың сонау 60-жылдарында жас металлург Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы еңбек қадамы қалай басталғаны баяндалады. Журналистердің келесі легі болып табылатын В.Жандаулетов, В.Рыжков, А. Жанғожин болашақ Елбасының Днепродзержинск техникалық училищесінде оқыған жылдары мінезі қалай шыныққанын Украинада бірге оқыған серіктерінің атынан нанымды баяндайды (бұл авторлар 2008 жылы Елбасы өмірінің осы кезеңіне арналған «Та заводская проходная...» деген жинақты шығаруға қатысқан). Енді бір топ тәжірибелі журналистер М.Сембаев, А.Сәулебеков, А.Несіпбай, С.Сексенұлы, Е.Балташұлы, В.Могильницкий, Н.Рыжкова, Е.Лахно, ақын С.Бексейіт және т.б. өздерінің очерк-суреттемелерінде Елбасының Қарағанды өңірімен тығыз байланысын түрлі мысалдармен аша түскен. Мемлекет басшысының Қарағанды облысына сапары, оның өзі түлеп ұшқан Теміртау қаласы мен Қазақстан Магниткасының торқалы тойларынан репортаждар мен сұхбаттарға орын берілген. Сондай-ақ қатарлас қызмет атқарған мемлекеттік қызметшілер С.Досмағамбетов, Р.Омарбекова, Н.Вахитова мен от-жалынды цехтарда қоян-қолтық еңбек еткен Магнитка металлургтері – Қазақстанның Еңбек Ері А.Жүнісов, білікті инженерлер О.Сосковец, В.Никонов, Қ.Омашев, Т.Смағұловтың естеліктері мен эсселері оқырманды бей-жай қалдырмайды.
Жинақта Н.Назарбаевтың Қарағанды облысында қызмет атқарған жылдары қазақ және орыс тілдерінде жазған кейбір таңдаулы мақалалары мен «Стальной профиль Казахстана» деген кітабынан үзінділер де келтірілген.
Кітаптың болашақ ұрпақты Елбасы өмірінің мысалында еңбексүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуде маңызы зор екені белгілі. Сол себепті, кітапты құрастыруда сарғайған газеттердің беттерінен теріп, интернет желісінен көп ізденуге тура келген.
Елбасы туралы кітаптар аз шығып жатқан жоқ, бірақ бұл кітаптың маңыздылығы сол, болашақ мемлекет басшысының еңбек жолы қарапайым горновойдан басталып, әлемге әйгілі саясаткер болуы Сарыарқа жерінде қалыптасқандығын нақты дәлелдермен аша түсу еді. Кітап сол мақсатына жеткен деп есептейміз.
Екінші жинақ – «Сарыарқа Тәуелсіздік жылдары» – «Сарыарка в годы Независимости» жергілікті журналистердің Тәуелсіздік жылдары Қарағанды облысы еңбекшілерінің қол жеткен жетістіктері, реформаның алғашқы жылдары кездескен қиындықтарды қалай еңсергендігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050 стратегияларын қалай жүзеге асырып жатқандығы туралы жергілікті баспасөз беттерінде жарияланған материалдардан іріктелген. «Сарыарқа кітапханасы» негізінен Арқа өңірінің ақын-жазушыларының шығармаларына арналып, әрбір тұлғаға екі-үш том, немесе үш-төрт ақынға бір том арналып жатса, мұнда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық өмірін талмай жариялап жүрген журналистердің еңбегі ескерусіз қалмасын деген мақсатпен таңдаулы шығармалары бір томға сыйғызылған. Сонда жоғарыдағы жинақпен қоса есептегенде 60-тан астам газет және радио-телевизия журналистерінің шығармаларына орын беріліп, жинаққа аттары еніп отыр. Демек, журналистер сияқты мәдени сала қызметкерлерінің үлкен тобының есімдері ескеріліп отыр.
Бір сөзбен айтқанда, жинақта берілген көлем аясында қазыналы Қарағанды облысының кешегісі мен бүгіні жан-жақты қамтылған деуге әбден болады.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»