Кеше Астанада әлемдік және отандық ірі компаниялардың басшылары мен кәсіпкерлердің, инвесторлардың басын қосқан Kazakhstan Global Investment Roundtable форумы өтті. Дүние жүзінің 100-ден астам ірі бизнес өкілі, халықаралық ұйымдар қатысқан алқалы жиында Қазақстанның инвестициялық әлеуеті, экономиканы әртараптандыру мәселелері, қаржы, энергетика тақырыбындағы өзекті жайттар кеңінен талқыланды. Форумның пленарлық сессиясында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі.
Үкімет басшысы сөзін Қазақстанның қазіргі тұрақты экономикалық ахуалы мен елімізде инвесторларға жасалып отырған мүмкіндіктерден бастады. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан экономикалық өсім жолына шығып, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. 2017 жылдың 10 айындағы еліміздің ІЖӨ өсімі 4%-ды құрады.
Қазақстан бүгінге дейін инвесторлар арасында өзін сенімді іскерлік серіктес ретінде дәлелдеді. Соңғы 10 жылда экономиканың түрлі секторларына шамамен 250 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция құйылған.
– 2017 жылдың басынан бастап ел Президенті Қазақстанды үшінші жаңғырту бағытын жариялады. Оның мақсаты – «Қазақстан-2050» стратегиясын, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институттық реформасын іске асыру және жаңа жағдайда елімізді әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарай одан әрі ілгерілету. Бүгінде үш бағыт бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. Оның бірі саяси демократияландыру, қоғамдық ой-сананы жаңғырту және адами капитал сапасын арттыру. Сондай-ақ экономикалық өсімнің жаңа моделін құру, экономикадағы мемлекеттің рөлін қысқарту, жеке секторды ынталандыру, технологиялық жаңғырту және цифрландыру, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру секілді міндеттерге де айрықша маңыз беріліп отыр, – деді Б.Сағынтаев.
Үкімет басшысы жиналғандарға қазақстандық экономиканың ерекше басымдыққа ие 8 базалық саласын таныстырып өтті. Негізгі мақсат – экономиканың перспективалы секторларында жаңа жұмыс орындарын құру, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және технологиялық қайта жаңғырту мен цифрландыру. Оның айтуынша, Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында көлемді инвестициялар салу көзделген агроөнеркәсіп кешенін және экономиканың негізгі салаларын жаңарту, заманауи ғылымды қажетсінетін өндірісті дамыту инвесторлар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Әсіресе шетелдік бизнес өкілдеріне металлургия, мұнай өңдеу, химия және машина жасау саласы айрықша тиімді болмақ.
Сондай-ақ Қазақстан бүгінде инфрақұрылымды, логистиканы, көлікті және олармен байланысты қызметтерді дамыту үшін инвестициялық тартымды ел болып отыр. Соңғы үш жылда елімізде ауқымды инфрақұрылымдық құрылыстар жүргізіліп, маңызды әлемдік нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін қысқа әрі үнемді көліктік-логистикалық орталықтар салынған. Б.Сағынтаевтың мәліметінше, бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің қазақстандық бөлігінде шамамен 3 мың шақырымдай жол аяқталған, бұл Қытайдағы Ляньюньган портынан Ресейдің Санкт-Петербург портына жүк тасымалдау уақытын 10 күнге дейін қысқартады. Бұған қоса Орталық Азия елдерін Парсы шығанағы мен Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббас портымен байланыстыратын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» жаңа темір жол дәлізі салынды. Еліміздің батысында Каспий теңізіндегі Ақтау порты кеңейтілді. Жаңа паром кешендері жүйесі бар Құрық жаңа порты салынды. Мұндай қадамдар қазақстандық порттардың жүктеме қуатын жылына 25 млн тоннаға дейін арттырады.
Мұның бәрі инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастайды, солтүстіктен оңтүстікке қарай және шығыстан батысқа қарай жүк тасымалдау уақытын қысқартады, бұл бизнес үшін өте тиімді екені сөзсіз.
Үкімет алдағы екі-үш жылда транзиттік тасымалдарды 2 млн контейнерге дейін ұлғайтып, транзиттен 5 млрд долларға дейін пайда табуды жоспарлап отырғанын жеткізген Премьер-Министр инвесторларды көлік және логистика саласына инвестиция салып, Қазақстанмен бірге өркендеп, қаржылай пайда табуға шақырды.
Елімізде индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы жүргізіліп жатыр. Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары алдыңғы қатарлы технологияларды, Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге, өндірісті автоматтандыруға және роботтандыруға мүмкіндік алып отыр. «Күні кеше Үкімет отырысында біз «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Бұл экономиканы цифрландыру арқылы жеделдетіп дамытуға мүмкіндік береді», деді Үкімет басшысы.
Қазақстан – Еуразия мен Азияның кіндігінде орналасқан мемлекет. Әрі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай отырып, дамып келе жатқан еліміз тату көршілік саясатты берік ұстанады. Қазақстан үшін ЕАЭО, Ресей, Қытай, Орталық Азия нарықтарына жол ашық. Мұның өзі еліміздің өзге мемлекеттермен тығыз байланыс орнатқанын айғақтайды. Демек инвесторларға да Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық процестер елеулі перспективаларға жол ашатыны сөзсіз.
Б.Сағынтаев барлық сыртқы экономикалық бағыттар бойынша сауда-саттықты дамыту үшін кедендік және сертификаттау кедергілерін төмендету бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта келіп, елімізде инвесторлар үшін мүлдем жаңа тетік – «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылатынын жеткізді. «Біз қаржы орталығын халықаралық биржалармен бірлесудің заманауи қаржы құралы ретінде құрдық. Оның қатысушылары үшін жеңілдетілген салықтық, визалық және еңбек режімдері ұсынылады. АХҚО сот ісін ағылшын тілінде жүргізу арқылы британдық құқықтың қағидалары мен нормаларына сәйкес жұмыс істейтін болады. Туындайтын дауларды шешу үшін оның аумағында Халықаралық арбитраж орталығы жұмыс істейтін болады», деді Үкімет басшысы.
Әлбетте Қазақстан инвесторларды көбірек тарту үшін оларға көптеген жағдайлар жасап келеді. Еліміз бүгінде PriceWaterhouseCoopers (PWC) және Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес 189 елдің ішінде салық ахуалының қолайлылық деңгейі бойынша 18-ші орынға ие. Сондай-ақ Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде әлемнің 190 елі арасында 36-орынға ие болса, «Миноритарлық инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша бірінші орында тұр, ал «Келісімшарттарды орындау» көрсеткіші бойынша – алтыншы орында.
Инвестициялар ағынын ынталандыру үшін елімізде қазір жаңа ұлттық инвестициялық стратегия әзірленіп, бүгінде оны жүзеге асыру жұмыстары қолға алынған. Шетелдік және аймақтық құрылымдар желісімен «Кazakh Invest» инвестиция тартудың ұлттық компаниясы құрылды. Ол Үкімет атынан шетелдік инвесторлармен «бірыңғай келіссөз жүргізуші» ретінде әрекет етеді.
Бұдан өзге, сырт елдердегі Қазақстан елшіліктерінде елшілердің инвестициялар жөніндегі кеңесшілері тағайындалады. Олар да инвесторлармен жұмыс істеуге барынша мүдделі.
Бұған қоса, шағын және орта бизнесті тексеруге қойылатын талаптар шамамен 60 пайызға дерлік азайтылды. Лицензиялар мен рұқсаттар саны 3 есеге қысқарды. Салық органдарының жоспарлы тексерулері 40 пайызға төмендетілді. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекс әзірленді, ол «кім бірінші келді, сол алды» қағидасына негізделген. Ол қорларды есептейтін және геологиялық ақпаратқа еркін ашықтықты қамтамасыз ететін халықаралық жүйені енгізеді. Қабылданған шаралар қатты пайдалы қазбаларға 18 айдан 10 күнге дейін жер қойнауын пайдалану құқығын беру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай серпін беретін жаңа Кеден кодексі дайындалды. Басымдықты декларацияны электронды түрде беруге ден қойылады. Соның нәтижесінде тауарларды шығару уақыты алты есеге, 4 сағатқа дейін азаяды.
Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды реттеуді жақсартатын заң жобасы әзірленді. Инвестициялар үшін маңызды барлық осы заңдар Мəжілісте талқыланды, және Сенатта қаралғаннан кейін көп ұзамай барлық 4 заң жобасы Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылады. Болжам бойынша заң жобалары 2018 жылдан бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр.
Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту жолдары жеңілдетіліп, қазірдің өзінде 60-тан астам елдің азаматтары Қазақстанға визасыз режімде келе алады.
Мемлекеттік тілді білу, мамандарды жергілікті қамту, нақты шетелдік заңды тұлғаның жұмыс тәжірибесі бойынша талаптар да жеңілдетіліп отыр. 2020 жылдан бастап шетелдік инвесторларға мемлекеттік қызметтерді ағылшын тілінде ұсыну біртіндеп жүзеге аспақ. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік клиникалар, мектептер, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, көші-қон және салық қызметіне ағылшын тілін білетін қызметкерлер арнайы жұмысқа қабылданатын болады.
Міне, мұның бәрі инвесторларға жасалып отырған үлкен мүмкіндік екенін айтқан Премьер-Министр «Қазақстан Үкіметі әрқашан да инвесторлармен жұмыс істеудің халықаралық қағидалары мен стандарттарын ұстанып келді, алдағы уақытта да ұстана береді. Біздің жұмысымыздың басты бағыты жекеменшікке, заң үстемдігіне беріктікті қамтамасыз ету. 2018 жылдан бастап біз ағылшындық құқық нормалары бойынша мүмкін болатын дауларды шешуді қамтамасыз етеміз. Қазақстан ашық ел болған және болып қала береді», деп сөзін түйіндеді.
Пленарлық сессияда алыс-жақын шетелдерден келген белгілі сарапшы мамандар сөз сөйледі. Дүниежүзілік банктің сауда, жаһандық бәсекеге қабілеттілік мәселелері жөніндегі бас экономисі Стефка Славова Қазақстанның экономикалық стратегиясын дұрыс таңдалған жол деп бағалады. Оның айтуынша, мұнда қолға алынған жұмыстардың бәрі рет-ретімен нақты жолға қойылған. Егер осы қарқын бәсеңсімесе, Қазақстан жақын болашақта экономикасы екпінді дамыған елдердің біріне айналады. «Осынау мақсатты жолда Дүниежүзілік банк Қазақстанды әрқашан қолдауға дайын. Алға қойған мақсатқа жету жолында мойымаңыздар. Тіпті жолда кездесетін қиындықтар мен қателіктер де бұған кедергі болуға тиіс емес», деді ол. Ал RUSAL бас директоры Владислав Соловьев Қазақстанмен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқанын, мұнда инвесторларға шынымен де қолайлы жағдай жасалғанын ерекше ілтипатпен атап өтті. Aberdeen Asset Management стратегиялық клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі жаһандық басшы Джон Кэмпбэлл Қазақстанда цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң көзқарасын білдіре келіп, экономикалық шектеулерден біртіндеп кету бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін алға тартты. «Мысалы, Дубай Таяу Шығыс компанияларына қаржы орталығын ашу арқылы инвесторларға үлкен мүмкіндіктер жасады. Сингапур де Оңтүстік-Шығыс Азия үшін осындай ашық алаңды ұсынды. Енді келесі жылы Астанада ашылатын қаржы орталығы да жоғарыда аты аталған ірі орталықтардың біріне айналып, инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік жасайды деген сенімдеміз», деді Джон Кэмпбэлл.
Халықаралық форум аясында әртүрлі бағытта дөңгелек үстел жиындары өткізіліп, онда Қазақстан Үкіметінің мүшелері инвесторларды қызықтырған сауалдарға жауап берді.
Іскерлік орталар серіктестігінің ынтымақтастығына жол ашқан алқалы жиында шетелдік компаниялармен көптеген келісім жасалып, 3 миллиард доллардан астам инвестицияға қол жеткізілгенін атап өткен ләзім.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»