Сирия жеріндегі ИГИЛ содырларының көзі толықтай жойылды. Бұл туралы Ресей бас штабының басшысы Валерий Герасимов мәлімдеді, деп хабарлады BBC.
«Сириядағы ИГИЛ тобының мүшелері жермен-жексен болды. Ал аумақ толығымен экстремистерден тазартылды. Бірер сағат бұрын Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу осы туралы жоғарғы бас қолбасшы, президент Владимир Путинге баяндады», – деді Валерий Герасимов.
Оның айтуынша сәрсенбі күні, яғни 6 желтоқсан күні Сирия әскері Дей-әз-Зор провинциясында ИГИЛ-дің қалған мүшелерінің көзін жойған. «Осылайша, қазіргі уақытта Сирия жерінде ИГИЛ иелік етіп отырған ешқандай аймақ жоқ», – деп қосты Герасимов.
Көп ұзамай Кремль сайтында Сергей Шойгудың Владимир Путинге баяндама жасағаны хабарланды. «Екі сағат бұрын қорғаныс министрі Евфраттың шығыс және батыс жағалауларындағы экстремистер толығымен жойылғанын хабарлады», – деді Путин журналистерге берген пікірінде.
5 желтоқсанда Ресей қорғаныс министрі Сирия үкіметінің әскері аталған топ содырларының қалған бөлігін жоюға кіріскенін хабарлаған болатын.
Айта кетейік, қараша айында Ресей билігі жыл соңына дейін Сириядағы Ресей операциясы сәтті аяқталуы тиіс екенін жеткізген. Ал басты мақсат – ИГИЛ мүшелерін толықтай жеңу. Нақтырақ айта кетейік, 20 қараша күні Сочиде Путин мен Сирия президенті Башар Асад кездесуінде операция жұмыстарын тезірек аяқтау туралы келісілген болатын. «Негізгі мақсат қазірдің өзінде аяқталуға жақын қалды. Сондықтан таяу арада бұл мәселені шешуіміз мүмкін», – деген еді сол кездесуде Владимир Путин.
Ал 21 қараша күні Сочиде Путин Иран мен Түркия елдерінің президенттерімен кездесіп, Сириядағы мәселені талқылады. Осы кездесуде Путин Сирия үкіметінің әскері елдің 98% аумағын өз бақылауына алғанын алға тартқан. «Лаңкестер әлі де қарсылық танытуы мүмкін, алайда біздің әскери-ғарыш күштеріміздің соққыларына төтеп бере алмайды», – деді.
Арада екі күн өткеннен кейін Валерий Герасимов тілшілерге берген сұхбатында Сириядағы Ресей әскері азаюы мүмкін екендігін айтқан. Ал Ресейдің қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев 30 қараша күні Сириядағы ресейлік контингентті азайту жұмысы басталып кеткенін мәлімдеді.
Сарапшылар Путиннің Сириядағы операция жұмыстарын президенттік сайлау алдындағы науқан басталғанға дейін аяқтайды деп күткен. Еске сала кетейік, кеше, яғни 6 желтоқсанда Путин ГАЗ зауытының 85-жылдығына арналған жиында сайлауға түсетінін хабарлады.
Ресей Сирия жерінде екі жылдан астам уақыт шайқасып келеді.
Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»