Олар тәуелсіздікке алғашқы болып жол салды. Олар өз Отанының қоғамдық-саяси және мемлекеттік дамуының теориялық негіздерін қалап, озық еуропалық және халықаралық жетістіктер мен стандарттарға сай практикалық үлгілерін ұсынды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы сананы жаңғыртуға бағытталған ұсыныстары жұртшылықтың жаппай қолдауы мен қызу мақұлдауынан кейін іске асырыла бастады. Соның ішінде қазақ халқы үшін аса күрделі, тарихи сілкініс болып табылатын Алаш оқиғасының 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың қорытындысы мемлекеттік жоғары деңгейде өткізіліп жатқаны қуантады.
«Алашордалықтар» өткен ғасырдың бас кезеңінде Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде қайта өрлеу дәуірін жасады, белсенді ғылыми-публицистикалық қызметімен халықтың сана-сезімін оятты, ұлттық еркіндік пен ұлттық мемлекеттілікті қайта өркендетуге деген рух пен үмітті оятты.
Осыдан 100 жыл бұрын, 12 желтоқсанда Орынборда болған 2-ші Жалпықазақ съезінде (құрылтайында) құрылған «Алашорда» Үкіметі қазақ мемлекеттігін қайта жаңғыртты. Бүгінгі таңдағы құқық, саясаттану және әділет тұрғысынан алғанда бұл саяси шешім қазақ халқының еркі мен арманына сай және толығымен заңды еді. Алаш партиясы қозғалысының және аса көрнекті көшбасшыларының ұмытылмас тарихи еңбегі осында. Қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін қайта дамытудағы осы ерен ұмтылыс 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ (Қырғыз) автономиялық республикасын, одан кейін 1936 жылы Одақтас республиканы құруға ұласты және ол ақырында 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрудың негізі болды.
«Алаш» көшбасшыларының ерен еңбегі сол – олар әкімшілік бөлініс кезінде Қазақ елінің шекарасын жан-жақты әрі ғылыми-теориялық және саяси тұрғыдан негіздей отырып, Ленин басқарған Кеңестік билік басшылығының көзін жеткізіп, патшалық Ресей алып қойған, тарихи тұрғыдан қазақтарға тиесілі жерлердің қазақ халқына (Автономиялық Республикаға) қайтарылуына қол жеткізді. Олар ХХ ғасырдың басындағы тың үрдістерді пайдаланып, Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін, жеріміздің тұтастығын сақтап қалу үшін ата-бабаларымыз жүргізген күресті жалғастыра отырып, оның нәтижесін шарықтау шегіне жеткізді. Жаңа өркениетті талаптарға сай нысандар мен тетіктерді бекітіп, жалпыұлттық партия құрып, біртұтас ұлттық мемлекеттілік құру жолдарын көрсетіп, билікті бөлу туралы ұсыныстарында президенттік лауазым енгізуді және т.б. ұсынды.
Үстіміздегі жылдың наурыз айында Алматыда, Алаштың 100 жылдығы мен Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған еске алу жиынында мен алдымен Алаштың жеті көрнекті көшбасшысына «Халық қаhарманы» атағын беруді ұсындым. Олар Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхаметұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел Досмұхамедұлы еді. Өйткені бұлар туған халқы үшін теңдессіз рухани және азаматтық ерліктер жасап, риясыз сүйіспеншіліктері мен жанқиярлықтарын көрсетіп, Қазақ мемлекетінің демократиялық, еуропалық және халықаралық стандарттар бойынша қайта өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып, бүкіл саналы өмірлерін Отаны мен халқының еркіндігі мен тәуелсіздігіне арнап, сол үшін өз өмірлерін еш ойланбастан қиғандарын атап көрсеткен едім. Олардың ерлігі халқымыздың жадында әрдайым сақталады және өз халқына деген сүйіспеншіліктің, еркіндік пен тәуелсіздік үшін күресудің үлгісі, эталоны болып қала бермек.
Олар өз Отанының қоғамдық-саяси және мемлекеттік дамуының теориялық негіздерін қалап, озық еуропалық және халықаралық жетістіктер мен стандарттарға сай практикалық үлгілерін ұсынды. Бұл сол кездегі ресейлік солшыл-төңкерісшіл, монархиялық көзқарастағы саяси қайраткерлердің бағдарламаларына қарағанда әлдеқайда объективті, көреген әрі маңызды екеніне көз жеткізіп отырмыз. Алаштықтардың стратегиялық бағдарламалары мен тактикалық іс-әрекеттері қазақ халқының мүдделерін терең әрі жан-жақты қолдап, сол кездегі даму үдерісі мен саяси ахуалға сай болды.
«Алаш» ұлттық-азаттық қозғалысы іс жүзінде бүкіл өңірлерді, барша қазақ қоғамын қамтыды. Зерттеуші ғалымдардың ресми деректеріне қарағанда, ХХ ғасырдың басында, 1917 жылға қарай Қазақстандағы қазақтардың саны 6 миллионнан асатын. Сондықтан, «Алаш» қозғалысын қолдап, оның іс-шараларына миллиондаған қазақтар және басқа ұлттардың өкілдері қатысты деп айта аламыз. Барлық дерлік өңірлерде құрылған Қазақ комитеттері «Алаш Орда» үкіметінің жергілікті жерлердегі атқарушы органдары (құрылымдық бөлімшелері) болып табылды. Артынан солардың бәрі де қуғын-сүргінге ұшырады. Оларды «ақтар» да, «қызылдар» да қуғын-сүргінге ұшыратты. Өйткені жат пиғылдылардың ешқайсының жоспарында қазақ халқына тәуелсіздік сыйлау болған емес.
Алаш көшбасшылары Қазақстандағы «Кіші октябрь» саясатына және Голощекин басқарған Қазақ өңірлік комитетінің қызметіне мұқият талдау жасап, оның өрескел қателіктерін атап көрсетіп, соның ішінде халықтың жасанды түрдегі ашаршылыққа ұшырайтынын болжай отырып, байлардың шаруашылықтарын тәркілеп, құқығынан айыруға және жаппай ұжымдастыруға қарсы шықты. Ал Голощекинді Қазақстанның бірінші басшысы қызметінен кетіруді ашық түрде талап етті. Кеңестік империяда бұл өте ауыр мемлекеттік қылмыс болып саналған.
Халықтардың ұлттық мүдделерін аяққа басқан сталиндік-кеңестік қуғын-сүргін машинасы өзінің империялық «бөліп ал да билей бер» саясатын қолданып, Қазақстанның сол кездегі саяси элитасы мен зиялыларын ыдыратып, Алаш көшбасшылары мен белсенділерін жаппай қудалай бастады. Голощекин республика басшылығындағы қазақтар арасынан шыққан қуыршақ жақтастарының қолдауымен халқымызды ғаламат қасіретке алып келген «Кіші октябрь» бағдарламасын іске асырды.
Өкінішке қарай біз, Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан артық уақыт өтсе де «Алаш» партиясы және «Алаш Орда» үкіметі қозғалыстарына біріккен алдыңғы қатарлы, жоғары білімді қазақ элитасын және партияның қатардағы мүшелерін, облыстар мен үйездердегі филиалдардың қызметкерлерін, «Алаш Орда» әскери бөлімдерінің сарбаздарын әлі де түгел ақтай алмай отырмыз. Олардың және жергілікті жерлердегі белсенді жақтастарының Отанымыздың бостандығы үшін, қазақ халқының мүдделері мен болашағы үшін құрбан болғаны сөзсіз. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде туған ел үшін жасалған ерлік пен батырлыққа мемлекеттік баға беру мәселесін де қолға алуымыз керек. Әлемнің барлық дерлік мемлекеттері тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бірінші кезектегі шара ретінде өз халқының азаттығы мен бостандығы үшін күрескен ұл-қыздарының тағдыры мен көрсеткен ерлігі туралы арнайы шешім қабылдады. Олар өз Отанын, өз жерін қорғаушыларды ұлттық батыр дәрежесіне көтеріп, ұлықтады. Бұл – әлемдік заңдылық, ғаламдық практика, жаңадан құрылған барлық мемлекеттер осы жолды ұстанады.
Әрине, Қазақстан Республикасында да тәуелсіздік алғаннан кейін бірқатар маңызды мемлекеттік шешімдер қабылданды. Олар негізінен тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге, қазақ тілін дамытуға, сәулет құрылыстарын қайта өркендетуге бағытталған «Тарихи сананы қалпына келтіру тұжырымдамасы», «Мәдени мұра» бағдарламасы. Сондай-ақ жекелеген тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға (негізінен жоңғарлармен соғыс кезінде) арналған ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді, олардың құрметіне ескерткіштер қойылып, көше атаулары берілді, олар жайлы Мемлекет басшысының баяндамаларында сөз етілді, кітаптар шығарылып, мақалалар жазылды, бірқатар көркем және деректі фильмдер түсірілді. Бірақ олардың бәрі академиялық және бір реттік сипатқа ие болды, жалпы тәсілдер мен ұсынымдарға, сондай-ақ мерейтойлық даталарға арналды, салтанатты шара – той түрінде өткізілді.
Сонымен бірге біз Қазақстанға күштеп көшірілген басқа халықтарды да ақтадық. Онымыз дұрыс-ақ. Бірақ біз әлі күнге, жоғарыда айтқанымдай, Қазақстанның азаттығы, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы үшін күрескендерге қатысты ешбір арнайы мемлекеттік акт қабылдамадық. Басқа одақтас республикалардың бәрінде мұндай құжат қабылданды.
Кеңес Одағы орнағаннан бері мемлекет тарапынан қудалауға ұшырап, жазалаушы жасақтар қырып-жойып, ата-жұртынан тұтастай қуылған қазақ халқының жартысынан астамы бір үзім нанға зар болып, аштықтың азабынан ажал құшты. Осындай зұлматтың құрбаны болған қазақ халқына қатысты бір арнайы құжат қабылданып, онда «қызыл империяның» ісіне саяси және заңдылық тұрғыдан баға беріліп, ал құрбандарды тұтастай ақтау жөніндегі қажетті шаралар Тәуелсіз елімізде жасалуы керек еді. Бірақ бізде бұл іс әлі күнге «жабулы қазан» күйінде жатыр. Мәселен, 1929 жылы Торғайда орын алған Батпаққара көтерілісіне қатысып, «бандит» атанып сотталған 500 адамның бар болғаны 3-уі ғана ақталды. Ал қалған қайсар жандардың бірнеше ұрпағы «қылмыскер», «бандит», «бандылық құрылымға қатысушы» атанып, қара күйе жағылып, азаттық үшін алысқан аталарының ақталғанын көре алмай келеді.
Айта кететін болсақ, Қазақстан бұрынғы КСРО-ның басқа одақтас республикаларына қарағанда отаршыл басқыншылыққа көбірек ұшырап, тоталитарлық сталиндік режімнен көбірек зардап шекті. Сондықтан да бізде қуғын-сүргін ауқымы мен құрбандар санатының жан басына шаққандағы саны басқа республикаларға қарағанда көбірек.
Ал еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендердің есімдерін толық ақтау және олардың ерліктерін мәңгі есте сақтау – бұл өзінің тәуелсіздігін жариялаған халқымыздың және Қазақстан Республикасының ардақты міндеті. Сондықтан да бұл мәселенің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының темірқазығы, біріктіруші тетіктерінің бірі болуға тиіс екендігі – табиғи әрі заңды жайт.
Өткен жылдың соңында бір топ белсенділердің бастамасымен Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен адамдарды ақтау және мәңгі есте сақтау мақсатын көздеген «Қаhармандар» Республикалық Қоғамдық Қоры» (РҚҚ) құрылды. Ол мемлекеттік органдармен, ғалымдармен, саяси партиялармен және басқа да қоғамдық ұйымдармен, демеушілермен өзара іс-қимыл жасай отырып, осы мәселелермен жүйелі түрде айналысуға ниет етіп отыр. Қордың міндеттерінің қатарында: Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрес барысында зардап шеккен адамдардың барлық санаттарының (саяси, әскери, қызметтік, идеологиялық, шығармашылық, ғылыми, мәдени және т.б) ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу; Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресте зардап шеккен құрбандардың барлық санаттарын ақтау және олардың есімі мен ерліктерін мәңгі есте қалдыру жөнінде заңнамалық, нормативтік және жеке-дара актілер әзірлеуге мұрындық болып, атқарушы және өкілді билік органдарының, соттардың, прокуратура органдарының осындай шешімдер қабылдауына мүмкіндік беретін заңнамалық актілердің әзірленуіне және құқықтық бастама субъектілеріне көмек көрсету сынды мәселелер бар.
Мұндай қорлар басқа мемлекеттерде бұрыннан бар. Мысалы, Ресейде федералдық және өңірлік деңгейде осындай адамдарды іздестіру жөніндегі қорлар құрылды. Олардың мұндай қорлары орталық биліктің нұсқауы мен қолдауы бойынша әртүрлі көздерден, соның ішінде өңірлік мемлекеттік қорлардан, бизнестік қоғамдастықтардан және тағы басқалардан қаржыландырылады. Федерация субъектілерінің, мемлекеттік құрылымдардың идеологиялық және тәрбие қызметтерімен айналысатын басшылары бұл жұмыстарға бағыт беріп отырады және бақылау жасайды. Ал біз мемлекет тарапынан қолдауға мұқтажбыз. Бізде де осы мәселені жолға қоятын уақыт жетті.
Қазір қор Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендерді толық ақтау және олардың ерліктерін мәңгі есте сақтау мәселелерін дәйекті түрде шешу үшін мынадай жұмыстарды атқару қажет деп санайды: Біріншіден, өмірдің түрлі салаларындағы, сондай-ақ барлық өңірлердегі ұзақ және мақсатты түрде орын алған отарлау саясатына қарсы шынайы патриоттар күресінің және оның мемлекеттік деңгейде іске асырылуының негізгі нысандары мен әдістерін кешенді түрде нақтылау (зерделеу, талдау). Екіншіден, кәсіби мамандар «Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрескерлер туралы» атты дербес заң жобасын әзірлеп, оның қабылдануы (алдын ала жобалар бар) керек. Бұлар еліміз бойынша өркениетті мемлекеттік саясатты дайындауға және оны жүргізуге құқықтық негіз жасайды.
Өкінішке қарай, бізде кезінде архивтер мен дамыған жазу-сызудың болмауынан және саяси режімдер салған тыйым салдарынан қаһармандардың ерлігі мен аты-жөні астыртын ғана айтылып, бірте-бірте тарих қойнауына сүңгіп, ұмытыла бастады. Ал олардың әрбір ерлігін, әрбір наразылық әрекетін қайта жаңғыртып, объективті түрде бағалау – біздің перзенттік, азаматтық және моральдық борышымыз. Біз үшін және кейінгі ұрпақтар үшін баға жетпес ақпаратқа ие адамдар тірі тұрған кезде жоғарыда айтылған күрескерлер туралы мәліметтерді титімдей болса да тірнектеп жинау – аса маңызды әрі өте қажет іс. Тарихшылардың деректері бойынша, өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында Қазақстанда халыққа қарсы жүргізілген саясатқа байланысты 350-ден астам көтерілістер мен бас көтерулер болған. Бірақ біздің БАҚ-та олардың кейбірі ғана көрсетілді. Осы көтерілістердің себептерін, құрамын, мақсаттары мен ұрандарын біздің ғылыми мекемелер мен ғалымдарымыздың зерделеп, талдауы көңіл көншітпейді, өйткені мемлекет немесе демеушілер мұндай зерттеулерді қаржыландырмайды. Тек патриот-ғалымдар ғана өз күшіне сүйеніп, өз уақыты, қаражаты мен денсаулығы есебінен мемлекеттік идеологиямыздағы осы олқылықтың орнын толтыруға тырысып жүр.
Бүгінгі Қазақстанның зиялы қауымы еліміздің азаттығы мен тұтастығы жолындағы күрескерлердің басқаларға қарағанда анағұрлым күштірек және қатаң қысымға ұшырағанын, сотсыз және тергеусіз атылғанын, қуғындалғанын жақсы біледі. Отарлаушы билік қазақ жұртының ең үздік, ең батыл патриоттарын, ең ақылды және беделді өкілдерін қуғындап, көзін жойды.
Қазір сыртқы ықпалдардың салдарымен Қазақстанның идеологиялық және ақпараттық қауіпсіздігіне елеулі қатер төнуде. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Отанымыздың тәуелсіздігі жолындағы ерлік пен патриотизмнің маңызын мемлекеттік-қоғамдық бағалау мен ұрпаққа білдіру мәселелері қоғамдық сананы жаңғыртудың бір бөлігіне айналуы тиіс. Ұлттың азаттығы жолында күш-қайрат көрсетіп, арпалысқан ерлердің ісі жастарға түпкілікті үлгіге айналуы керек.
Сонымен қатар біз басқа мемлекеттер мен халықтардың жаулап алушылары мен тирандарын, діни апостолдарын емес, қазақ халқының ұлт-азаттық күресін түсініп, қолдаған, қудалау мен қуғын-сүргіннің ауыр кезеңінде бізге көмек қолын созған ұлы демократтар мен гуманистерді де мәңгі есте қалдыруға тиіспіз. Мысалы, орыс халқының көрнекті ұлы Григорий Потанин (Ресейдің Құрылтай жиналысына «Алаш» партиясының атынан сайланған депутат), Тимофей Сидельников (Мемлекеттік Думаның мүшесі), Орест Шкапский (Уақытша Үкіметтің комиссары), Сергей Швецов (Петербургтік профессор-этнограф) және басқа адамдар «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының идеяларын қолдап, қазақ халқының мемлекеттік автономиясын жақтап әрекет етті, қазақтардың мүддесі мен өз жерлерін сақтап қалуын қорғады.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескендерді толық ақтау мен олардың ерлігін мәңгі есте сақтау – өзінің тәуелсіздігін жариялаған халқымыздың және Қазақстан Республикасының ардақты міндеті. Сондықтан да бұл мәселенің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының темірқазығы, біріктіруші тетіктерінің бірі болуға тиіс екендігі – табиғи әрі заңды екенін ұмытпауымыз керек.
Сабыр ҚАСЫМОВ, «Қаһармандар» РҚҚ президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері