• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Желтоқсан, 2017

Жамбылда «Баһадүр батыр Байсейіт Той­шы­бекұлы – тарихи тұлға» атты конференция өтті

910 рет
көрсетілді

Төсінде сағым ойнаған сайын даланы басқыншы жаудан қорғаған батыр бабалар есімі халқымен қайта қауышқалы ширек ғасыр уақыт өтті. 

Тарлан тарихта аты қалған ұлыларды халқымыз ерекше ықыласпен қабыл­дап, есімдерін ұлықтап келеді. Сондай бір жан жадыратарлық игілікті шара Жамбыл аудандық мәдениет үйін­де өтті. «Баһадүр батыр Байсейіт Той­шы­бекұлы – тарихи тұлға» тақыры­бын­дағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға алыс-жақыннан көпшілік жиналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласы аясында жалғасын тауып, тақырып аясы кеңінен ашылды. Аудан әкімдігі мен батырдың тікелей ұрпағы Ғалым Нұркеев ұйымдастырған тарихи жиын халықтың өткеніне құрмет көрсету мақсатындағы жаугершілік заманда еліне қорған болған Байсейіт батырдың ұлт тарихында алар орнын нақтылап, бүгінгі жас ұрпақты рухы биік елжандылыққа баулудағы маңыздылығымен түйінделді.

Конференция жұмысын ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан баһадүр батыр жайлы нақты әңгімемен ашты. Елбасының мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді, әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімі ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар», деп жазғанын өз сөзіне арқау етті. 

Өткенге салауат айтып, бүгін­ге шүкір­шілік етіп, келешекке үкілі үміт­п­ен қарасақ, онда ұлттық рух пен бол­мы­сы­мызды ту етіп, ұрпаққа аманат­тап жеткізген тарихи тұлғалардың, ұлы қай­раткерлердің рухына бас иіп, ерен ерлігі мен есімін ұлықтау басты мін­дет екендігі анық. Қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына, өсіп-өнуіне, сырт­қы жаулардан қорғануына еңбек сіңір­ген тарихи тұлғалардың бірі Байсейіт Тойшыбекұлы сияқ­ты күреспен өткен жылдарын туған халқының аман­дығына арнаған батырдың азат­тық жолында шейіт болғанына 150 жыл толғанын еске салып, баһадүрдің ерлік істері тарихи тың деректермен жүйелі жеткізілді.

Байсейіт Кенесары батырларының арасындағы ең жасы екен. Десе де, хан Кене жас батырдың ақылдылығы мен өжеттігіне сай ержүректігінің де барын байқап, оған риза болған деседі. Оған «Тұлғасын Кене сынаған, сынағанда ерлікке, Бар болмысы ұнаған» деген ақын жыры дәлел.

– «Дұшпанды бері бастырмай, Ат жаратып баптаған. Барлық батыр жігіттер, Байсейітті жақтаған,  – деп жыр сүлейі Сүйінбай жырлаған Байсейіт батыр әкесі Тойшыбекпен және бауыры Керімбекпен бірге 1847-1862 жылдары Жетісу жерін патшалық Ресейдің жаулап алуына қарсы табанды күрес жүргізгені конференцияда кеңінен сөз болды. Аудан әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев, батыр туралы зерттеу еңбегін жаз­ған тарих ғылымдарының докторы, профессор Айткүл Мақаева, қазақ тарихшыларының арасында ерекше орны бар үлкен ғалым, алаштанушы академик Мәмбет Қойгелді, филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Ыбырайымов, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы батырдың тарихтағы ерен еңбегін жан-жақты тарқатты. Сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, ақын Шөмішбай Сариев Байсейіт батыр туралы арнау өлеңін оқып, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов туған халқының есінде қалған баһадүр жайлы лебіз білдірді.

Сахнада Байсейіт батырдың Кенесары ханмен кездесуі, патша үкі­метінің отарлау саясатына қарсы күресі, Сұраншы батырмен тілдесіп: «Шықсақ тауымыз бір, соғыссақ жауымыз бір болсын» деп тізе қосып, басқыншыларға бірге қарсы тұрған тұстары әдемі көрсетіліп, кескіндел­ді. Мектеп оқушылары батыр туралы жазылған «Байсейіт батыр» дас­таны­нан үзінділерді мүдірместен жат­қа оқып, көрермен қошаметіне бөлен­ді. Жамбыл облысының Меркі ауда­нындағы ағайынның ықыласын жыршы-термеші Бейбіт домбырамен термелетіп жеткізді.

Халқымыз «Батырдан батыр туа­ды» деген. Тарихи деректер бойын­ша Байсейіт Тойшыбекұлы 1831-1867 жылдары өмір сүрген. Батырлар әуле­тін­де дүниеге келген оның қайсар­лы­ғы мен ерлігін айналасы ерте танып, біледі. Патша үкіметінің жау­лап алу саясатына қарсы күресе жүріп, Бай­сейіт батыр ел тұрмысының жақ­саруы­на да өзіндік үлесін қосқан. Оның бас­шы­лығымен туған жері Ақсеңгір өзенінің жоғарғы жағынан тоған салы­нып, егін егілген. «Байсейіт тоғаны» деп аталатын тоғанды жұрт жағалай қо­нып, салған егіні көктемнен күзге де­йін  жайқалып тұрғандықтан, ел сол өңірді «Көкдала» атап кеткен. Қол бас­таған баһадүр батырдың мәңгіге ме­кен еткен жері де Ақсеңгір өзенінің жағасы. Жиыннан кейін батыр баба рухына арнайы құран бағышталды. 

Күмісжан БАЙЖАН, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

Алматы облысы