Менің Нұрсұлтан Назарбаевпен таныстығым 1969 жылдың басында Қазақстан комсомолының ОК пленумында басталды. Оның одақтық министрліктер мен республика шенеуніктеріне Теміртау қаласы және Қарағанды металлургия комбинаты жастары атынан нақты сынмен батыл айтылған сөздеріне пленумға қатысушылар ду қол шапалақтады.
Жинақы, қайсар, тартымды, өз көзқарасын нақты және батыл айтатын ол менің көңілімді бірден өзіне аударды. Одақтық және республикалық жастар газеттері оның сөйлеген сөзін сондай бір зор шабытпен түсіндіріп әрі үзінділер келтіргені есімде. Мен де сол есте қалатын пленумда Новоузеньск аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы ретінде Бүкілодақтық комсомол құрылысы деп жарияланған Маңғыстау жастарының мәселелерін көтеріп, сөз сөйлеген едім.
Пленумнан кейін біз Нұрсұлтанмен жақынырақ таныстық. Ал 1970 жылы екеуіміз Мәскеу қаласында өткен БЛКЖО XVI съезінің делегаттары болып сайландық. Сол кезден бастап біз қызықты әрі тарихи оқиғаларға, дағдылы жұмыс күндеріне, жаңа кездесулер мен таныстықтарға толы жарты ғасырдан астам уақыт бірге келеміз. Нұрсұлтан жас кезінен Қарағанды металлургия комбинатындағы қарқынды жұмыста да, көп этносты Теміртаудағы қарбалас өмірде де құрыш сияқты қайсар және берік болуға шыңдалды. Осы қасиеті оны қиын-қыстау жылдары өз халқын жарқын болашаққа бастады. 1979 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезекті пленумында өнеркәсіп саласына жетекшілік ететін Орталық Комитеттің хатшысы болып 39 жастағы Н.Ә.Назарбаев сайланды. Республика аймағы бойынша ол ең алғаш Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына барды. Облыс басшылығымен бірге мен екі жыл бойы хатшы боп жұмыс істеген қалалық партия комитетіне келді, бірнеше қалалық кәсіпорындарда болды, оны біздің үш зауыт – мұнай өңдеуші, химия және машина жасау зауыттары ерекше қызықтырды.
Сол күні қалада одақтық және республикалық министрліктер, мекемелер мен мұнай саласына байланысты басқа да құрылымдардың, сондай-ақ мұнайшы мамандардың және ғалымдардың қатысуымен геолог-барлаушы мұнайшылардың республикалық жиналысы өтті. Осы форумда сөз сөйлеген Нұрсұлтан Әбішұлы біздің аймақта мұнай мен газды іздеу және оны өндірудің республика және жалпы Одақ үшін маңызы бар екенін ерекше атап өтті. Кейінгі жылдары республиканың батыс облыстарында мұнай газ өндіру саласын дамыту мәселелері республика Компартиясы ОК хатшысының, кейін Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевтың нұсқауы бойынша барлық республикалық және облыстық жиналыстар мен форумдардың күн тәртібінен түскен жоқ. Сол жылдары оның шақыруымен облысқа КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Н.Рыжков пен КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы Н.Байбаков келді. Мәскеулік меймандар Ембідегі жұмыс істеп тұрған кен орындарына және Гурьевтің ірі салалық кәсіпорындарына барды, содан кейін Маңғыстау, Ақтөбе, Орал, Қызылорда және Гурьев облыстары аумағындағы геологиялық барлау жұмыстарының барысымен танысты. Одақтық деңгейде зор маңыз берілген Теңіз, Қарашығанақ кен орындарын жылдам игеру мәселелеріне және Маңғыстаудағы жылу энергетикалық кешеннің дамуына ерекше қызығушылық танытты.
Көп кешікпей КОКП ОК мен КСРО Министрлер кеңесінде Теңіз, Қарашығанақ және Маңғыстау кешендерін жедел дамыту жөнінде арнайы қаулылар қабылданды. Ұңғымаларды бұрғылау жандандырылды, кен орындарына жақын жерлерде жаңа құрылыс трестері құрыла бастады. Жолдар жобаланып, салынып жатты, коммуникация, электр желілері жүргізілді, өндірістік және әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұл белсенді үрдістің ең алғашқы бастаушысы, ұйымдастырушысы және катализаторы Н.Назарбаев болды. Оны бүгін Қазақстанның заманауи мұнай-газ кешенінің негізін салушылардың бірі деп атауға толықтай құқылымыз.
1989 жылдың 22 маусымында Қазақстан Компартиясы ОК пленумы болды. Пленум Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Г.Колбинді қызметінен босатып, оның орнына Н.Ә.Назарбаевты сайлады. Пленум аяқталғаннан кейін мені партия ОК ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары О.Әбдікәрімов шақырды. Ол маған Н.Ә.Назарбаевтың атынан Жаңаөзен қалалық компартиясының бірінші хатшысын сайлау пленумына қатысу үшін Жаңаөзенге баруға ұсыныс жасады. Сондай-ақ ол онда төтенше жағдайдың орын алғанын, яғни қазақтар мен кавказдықтар арасында ұлтаралық келіспеушілік салдарынан қақтығыс болғанын, қаза тапқандардың бар екенін, қалада коменданттық сағат жарияланғанын айтты.
Негізгі себеп экономикадағы, әлеуметтік-мәдени тұрмыстағы және жұмыссыздықтағы қордаланып қалған мәселелер болатын. Қызметіме кіріскеннен кейін бір аптадан соң Жаңаөзен экономикасы мен әлеуметтік мәселелердің барлығын жеткілікті дәрежеде зерттеп, республика басшылығына баяндау мақсатында Алматыға жолға шықтым. Біздің дағдарыстан шығу жөніндегі біріккен ұсыныстарымыз Орталық комитет пен Министрлер кеңесінің Жаңаөзенге қатысты шұғыл қабылдаған қаулысының негізі болды. Ол қысқа уақыт ішінде қаланың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге ықпал етті.
Колбин тұсында қысқарған және 1988 жылдан Гурьев облысының құрамында болған Маңғыстау облысы 1990 жылдың тамызында қайтадан құрылды. Н.Ә.Назарбаев мені Гурьев облыстық атқару комитеті төрағасының өнеркәсіп және Теңіз мұнай-газ кешенін дамыту мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары қызметіне жіберді.
Мемлекет басшысына елдің тұтастығын сақтау, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ішкі мәселелерді шешу, өз халқының абыройы мен құқығын қорғау және болашаққа дұрыс бағдар табуы қажет болды. Уақыт өте келе осының барлығы орындалды, Қазақстан даму жолына түсті. Өз халқының барлық асыл қасиеттерін бойына сіңіре алған және мемлекетті басқарудың тарихи моделінің ең жақсы тәжірибесін жете оқып-білген, кез келген сынақтарға төтеп беретін тұлғаға айналды.
КСРО күйрегеннен кейін ең үлкен Теңіз мұнай және газ кен орны ұзаққа созылған келіссөздерден соң Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың нақты ұстанымының арқасында Қазақстанның қарамағына өтті. Гурьев облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғаннан кейін мен қызметтік міндетіме сәйкес Теңіз кешенімен, соның ішінде Теңіз кен орнын игеру бойынша жаңа бірлескен қазақ-америка кәсіпорнын құрудағы дайындық жұмыстарымен толықтай айналыстым.
Ал 1992 жылдың мамырында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев және «Шеврон» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Кеннет Дерр жұмысы келесі жылға жоспарланған «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорынын құру туралы меморандумға қол қойды. Н.Назарбаевтың айтуынша, мұнай бизнесі саласында халықаралық ынтымақтастықтың әрі қарай дамуына тағы бір қадам жасалды. Қазақстан мен «Шеврон» арасындағы келісім бір мезетте бүкіл әлемге тарады. Жас тәуелсіз мемлекетке әлемге танымал, ең табысты компаниялардың үштігіне кіретін ірі мұнай корпорациясының келуі біздің елімізге жаппай шетел инвестицияларының ағылуына ерекше ықпал етті. Президент «Теңізшевройл» қазақ-америка бірлескен кәсіпорнына мені директор қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Тәуелсіздік жылдары ішінде «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны мұнай өндіруді және республика бюджетіне қомақты салық төлеуші компаниялардың бірі болды.
«Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны мен «Қазақстан Каспий-Шельф» шетелдіктер қатысушы компаниялары құрылғаннан кейін елімізге шетелдік делегациялар келе бастады. Әлемдік ірі компаниялар тарапынан Қазақстанға көп назар аудару бірнеше факторларға байланысты болды. Бұл орайда біздің елде, әсіресе Каспий маңы аймағында және Каспий қайраңында мұнай мен газдың орасан зор қорының болуын, екіншіден, тиісті заңдарды қабылдау нәтижесінде жайлы инвестициялық ахуал қалыптасуын атап өтуіміз керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенді де батыл саясаты оған халықаралық зор бедел әкелді, соның ішінде әлемдік бизнес саласында да беделі жоғары болды.
Алдарында Теңіз, Қарашығанақ, Құмкөл, Каспий қайраңы сияқты мұнай мен газ кен орындарын жедел игерудің стратегиялық мақсаты тұрған әлемге танымал шетел компанияларымен жасаған біздің алғашқы қадамдарымызды қорытындылайтын болсақ, маңызды нәтижелер ретінде мыналарды атап өтуге болады. Бірінші – елге келген инвестиция қарқыны арта түсті, тек мұнай-газ саласына ғана емес, басқа да салаларға инвестиция құйыла бастады, бұл өз кезегінде Қазақстанды дағдарыстан алып шығуға және әрі қарай макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізуге мүмкіндік берді. Екінші – Президент Нұрсұлтан Назарбаев батыл және көреген шешімдер қабылдай алатын белгілі саясаткер және халықаралық деңгейдегі стратег ретінде әлемге танылды. Бұл біздің жас мемлекетіміздің халықаралық беделінің өсуіне ықпал етті.
Үшінші – мұнай-газ өндіруші аймақтарға шетел инвесторларының келуі сол аймақтың экономикалық тұрғыда өркендеуіне, жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен материалдық жағдайының жақсаруына оң әсер етті. Төртінші – бірлескен кәсіпорындарды құруға байланысты мұнай-газ өндіру мен басқа іргелес салаларға жаңа әрі озық технологиялар мен басқарудың тиімді әдістері ене бастады. Бесінші – әлемдік стандарттар деңгейінде тәжірибесі мен дайындығы бар кәсіби отандық кадрлардың тез өсуі байқалды. Әлемде аумағы жағынан тоғызыншы орында тұрған, ал энергоресурстардың табиғи қорлары жағынан әлемдегі бірінші ондыққа кіретін Қазақстанды дүние жүзі жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде тани бастады.
Равиль ШЫРДАБАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері