Ресей президенті Владимир Путин өзінің Сирияға жасаған сапары кезінде ресейлік әскерлердің Сириядан шығарылатынын мәлімдеді. Ресей басшысының бұл мәлімдемесі саясаткерлер мен сарапшылардың назарын бірден аударды. Өйткені Ресей қарулы қақтығыстардың соңы азаматтық соғысқа ұласқан Сирияға әскерін кіргізген ірі екі елдің бірі. Ел аумағында Ресейдің де, АҚШ-тың да әскерлері түрлі операцияларға қатысты.
Шындығына келсек, ресейлік әскерлер мұздай қаруланған террорлық топтарға қарсы күресумен қатар, президент Башар Асадтың үкіметтік әскери күштеріне қолдау көрсетті. АҚШ әскерлері негізінен билікке оппозициядағы күш құрылымдарымен «тығыз байланыста» жұмыс істеді. Ал алты-жеті жылға созылған қарулы қақтығыстар бәсеңдеп, Сирияны қалпына келтіру процесі басталар кезде Ресейдің өз әскерін «алып кетуінің» себебі неде?
Шетелдерде әскери база мен қарулы әскер ұстау кез келген мемлекет үшін қыруар шығын. Бұл АҚШ-қа да, Ресейге де тікелей қатысты. Себебі бұрыннан бәсекелес болып келе жатқан бұл екі мемлекет өздерінің әскери бюджетін ұлғайтудан жарысқа түскендей. Олар осы салаға бөлінетін қаражатты жыл сайын арттыруға мәжбүр. Оның біраз бөлігі шетелдердегі өздерінің әскери базалары мен құрылымдарына жұмсалатыны жасырын емес. Ал әрбір мемлекет қаражатсыз стратегиялық жоспарларын жүзеге асыра алмайтыны тағы бар.
Владимир Путин халықаралық қоғамдастықты елең еткізген мәлімдемесін жасамас бұрын, яғни 6 желтоқсанда ол Ефрат өзенінің қос жағалауы «Ислам мемлекеті» ұйымы содырларынан толық тазартылғанын айтқан еді. Ертесінде Ресей қорғаныс министрлігі Сирияның барлық қалалары мен елді мекендері терроршылардан тазартылғанын мәлімдеп, Ресейдің Сириядағы терроризмге қарсы миссиясы аяқталғанын жария етті. Содан екі-үш күн өткенде Ирактың премьер-министрі «Ирактың үкіметтік күштері «Ислам мемлекеті» күштеріне қарсы күресте тарихи жеңіске қол жеткізді» деп мәлімдеді. Осының алдында мазмұн-мағынасы осыған ұқсас мәлімдемені Иран президенті Хасан Рухани да жасаған болатын.
Таяу Шығыстағы бірқатар елдер басшыларының жоғарыдағыдай мәлімдемелері В.Путиннің өз әскери күштерін Сирия аумағынан алып кетуге жол ашты деген пікірлерге қосылуға болатындай. Бірақ Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу журналистің «Ресейге Сириядан әскерін толықтай шығару үшін қанша уақыт керек?» деген сауалына «Бұл Сириядағы жағдайға байланысты» деп жауап беруі «әскер шығару» мәселесінің көпке ұзамайтынын білдірсе керек. Өйткені соңғы кезде Сириядағы қарулы қақтығыс тоқтады, терроршыл содырлар елден аластатылды.
Осы арқылы Ресей террорлық топтардың содырларына қарсы күреске ерекше үлес қосқан ел ретінде өзінің ықпалын сақтап қалды. Екіншіден, Батыс елдері Сирия мәселесіне қатысты өткен кездесулер мен келіссөздерде Мәскеумен санасуға мәжбүр болды. Үшіншіден Владимир Путин бірнеше жыл бойы қыл үстінде тұрған одақтасы Башар Асадтың билігін сақтап қалды. Сарапшылар мұны Путиннің кезекті жеңісі деген пікір айтады. Ал Ресей тарапы «Сирия ісіне», дәлірек айтқанда, «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы күреске 2015 жылы араласқан еді. Араласқанда Сирия президенті Башар Асад бастаған үкімет әскерлеріне қолдау көрсетті.
Желтоқсан айының бірінші жартысында Ресей президенті В.Путин мен Сирия басшысы Б.Асад ресейліктердің Сирия аумағындағы «Хмеймим» әскери базасында кездескені жөніндегі ақпарат сол күні-ақ әлемге тез тарады. Сол кездесуде Ресей президенті Сириядағы оппозициялық күштермен бейбіт келісімге келу үшін Иран және Түркиямен бірлескен жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті. Естеріңізде болар, Сирия мәселесін реттеуге байланысты кездесулер өтетін «орын» мәселесі көтерілгенде В.Путин Астана қаласы ең қолайлы екенін атағаны. Содан бері елордамызда Сирия дағдарысына қатысты тараптардың жеті кездесуі өтті. Елде қарулы қақтығыстың тоқтауына Астана процесінің айтарлықтай ықпал еткенін халықаралық қоғамдастық жоғары бағалады. Енді 21-22 желтоқсанда Астана процесінің кезекті кездесуі өтпек.
Екі аптадай бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Иерусалим қаласын Израильдің астанасы деп мойындағанын жария еткені бар. Оның осы өрескел қателігі халықаралық қоғамдастықтың, бүкіл мұсылман әлемінің ашу-ызасын туғызды. Бұл Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ыстанбұлда шақырылған төтенше саммитінде де сөз болды.Тіпті америкалық кейбір сенаторлар Д.Трампқа импичмент жариялау мәселесін де көтере бастады. Міне, бұл АҚШ президентінің беделіне нұқсан келтіреді, рейтингін төмендетеді.
Ал Ресей президенті В.Путиннің Сириядан әскерін шығару жөніндегі мәлімдемесі оның Орта және Таяу Шығыс елдері арасында оң ықпалын қалыптастырады. АҚШ-тың қорғаныс министрлігіндегілер Ресейдің өз әскерлерін Сирия аумағынан шығаратынына күмәнмен қарайтын сияқты. Пентагонның аталған мәселеге байланысты жариялаған мәлімдемесіне қарағанда, Ресей Сириядан кейбір әскери күштерін ғана шығаруы мүмкін. Содан кейін олар Құрама Штаттар әскерлерінің сол елден кетуін талап етуі мүмкін. АҚШ Қорғаныс министрлігі өкілінің айтуынша, коалиция күштері террорлармен күресті жалғастыра береді. Терроршылардан тазартылған аймақтағы тұрғындарды қорғайды және босқындардың өз мекенжайларына оралуына көмектеседі.
Ресей президентінің жоғарыдағыдай ұйғарымға келуі келесі жылдың көктемінде өтетін президенттік сайлауға да байланысты болса керек, себебі жақында, Владимир Путин президенттікке үміткер ретінде өзінің кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді. Сириядан ресейлік әскердің шығарылуы президенттік сайлау қарсаңындағы жоспарланған «тактикалық жүрістің» бірі болуы да ықтимал. Дегенмен, В.Путиннің Сирияға қатысты бұл қадамы Ресейдің халықаралық аренадағы беделін арттыруға ықпал ететіні анық.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»