Қазақстан Республикасы Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Тоқсанға келсе де толдым-болдым демей, ғылымның босағасын тоздырған Құбығұл Бозайұлы Жарықбаевтың есімін білмейтін қазақ кемде-кем. Құбығұл Бозайұлы педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері.
1946 жылы Ақтөбе мұғалімдер институтын және 1951 жылы ҚазМУ-ді бітірген. 1951-1958 жылдар аралығында Қызылорда педагогикалық институтында ассистент, 1958-1977 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық институтында аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, 1977-1987 жылдары ҚазМУ-де доцент, кафедра меңгерушісі болды. 1987 жылдан ҚазҰУ-де профессор, 1998 жылдан Этнопедагогика және этнопсихология орталығының директоры қызметтерін атқарды. Сөйтіп ардақты әкенің құдайдан жалбарынып сұрап алған Құбығұлы да алты алаштан асып, арысы КСРО-дан әлемдік деңгейдегі азаматқа дейін өседі. Айта салғанға оп-оңай осынау өмір жолының қыры мен сыры аз болған жоқ. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында ағамыздың:
– Қазақтың психологиялық мұрасы өте бай. 1989 жылы Мәскеуде психологтардың Бүкілодақтық соңғы VII съезі болды. «Қазақстандағы психология ғылымының жағдайы туралы» баяндама жасадым. Сонда Ж.Аймауытовтың психологиядан бірнеше кітап жазғанын айтқанымда ғалымдар таңданумен болды. Мен оларға әл-Фарабидің, Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаевтың психологиялық көзқарастарын айтқанымда құрылтайға қатысқан ғалымдар тіпті сене қоймай, «Апыр-ай, сендерде психология секілді күрделі ғылым осындай деңгейге жетті ме?» деп күдіктенгендер де аз болмады.., – дегені есімізде.
Қазақ психология ғылымына 70 жылдан аса қызмет еткен оның әлі де еш қажымай, биікке өрлеген рухы кісіні таңдандырмай қоймайды. «Этнопсихология ұлт тәрбиесінің өзегі», «Қазақстандағы ғылыми психологияның қалыптасуы мен дамуы», «Жантану оқулығы», т.б. 60-тан аса жеке еңбектер, 1000-нан аса ғылыми мақала жазып көп кәдесіне ұсыну, 30-дан аса психологиялық және педагогика ғылымдарының докторлары мен кандидаттарын даярлау шындығында оңай еңбек емес. Ғалымның еңбектері бірер мақала түгіл, бірнеше томға жүк боларлық қисапсыз қазына. Бірнеше том демекші, Құбығұл еңбектері он томдық жинақ болып шығар күні де қашық емес.
Осылайша, біздің кейіпкеріміздің бүкіл саналы ғұмыры қазақтың ұлттық психология ғылымын дамытуға, насихаттауға және жастардың санасына сіңіруге, оқу орындарында пән ретінде оқытуға жұмсалды.
Қазіргі қазақ жастарының батысқа еліктеуі, түрлі діни ағымдар шырмауына ілігуі, азғындауы, қылмысқа бейім тұруы секілді келеңсіздіктің өршуінің өзі қазақтың ұлттық қасиетін санасына терең сіңірмеуден екенін Құбығұл ағамыз жан-тәнімен сезінді, түйді, түсінді, күрсінді, күңіренді. Адам психологиясының маңыздылығы жайында жағы талмай сөйледі, қарымы талмай жазды.
«Ұлттық әдептану және жантану пәндері мектептен неге аластатылып жүр?» деген тақырыппен ұлт зиялыларына үн тастап, қабырғасы қайыса жүгірді. Ғылымға, ілімге жүгінді. Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық санамызды жаңғыртуға бағытталған жан айқайы еш үзілген жоқ. Бүгінгі «Рухани жаңғыру» аясында айтқанда, ғалым қаламгер осы бір сүбелі ойды өмір бойы қаузады.
Қайраткер ғалым бір сұхбатында:
– Әр ұлттың өзіндік мінез-құлқын, өзіндік табиғатын зерттейтін ғылымды меңгеру өркениеттің бір белгісі болса керек. Өркениетті деген Батыс, Шығыс елдерінің бәрінде ұлттық тәлім ежелден оқытылып келе жатқанын айтпай-ақ қояйық. Елімізбен тағдырлас Ресейде, Украинада, Өзбекстанда ұлттық психология пәні 1-11-сыныптарда негізгі пән ретінде оқытылып жатыр. Әсіресе, Украина мен Өзбекстанда бұл ғылымға ерекше көңіл бөлінуде. Жапония, Корея, араб елдерінің бүкіл тәлім-тәрбие өзегі ұлттық педагогика мен ұлттық психология екені әлемге белгілі. Сондықтан солар секілді, біз де қазақтың балаларына толыққанды білім мен тәрбие беру үшін мектепте қазақ педагогикасы ұстанымдары арқылы олардың санасына қазақтың ұлттық психологиясын сіңіру мақсатында оқулықтар жазуға қызу кіріскен болатынбыз, – деген еді.
Осылайша ол ойға-қырға шапқылап, күнді түнге, түнді күнге жалғап оқулықтар құрастырды, жазды. Елім деп емірене еңбектенді.
Әрине, қазіргідей жатжұрттық мәдени ағымдар өршіп тұрған кезеңде оларға қарсы тосқауыл қоюдың, ұлт болып қалудың негізі нақ осындай тәлім-тәрбиенің, жан тану, адам тану ғылымының өзегінде ғой. Сөйтіп, ұлттық психология әлемдік жаһанданудың аждаһасына жұтылудан қорғап қалатын бірден-бір қуатты құрал, кемелді қалқан екенін көрсете бастап еді.
Алайда көп ұзамай еткен еңбек еш кеткендей, ғалымдардың тұмсығы тасқа соғылды. Маңдай тердің жемісі болған том-том оқулықтар мектеп бағдарламасына енгізілмей, «шаң басқан сөрелерде» қала берді. Содан бері ұлттық психология пәнін мектепке енгізе алмай сарылған талай-талай таңдар аунады. Бірақ Құбекең күдерін үзбеді. Қаламын тастамады, қажырын мұқалтпады.
Өзгенің телпегін шелпек көргендер жат жұрттың психологиялық ілімін зерттеп, солардың әдіс-тәсілдерін насихаттауға үйір болып, түрлі еңбектер қорғағанымен Бозайұлының ұлтжандылық ілімі арбасын доғармады, айылын босатпады.
– Сөйтіп ұлттық психология менің өмір бойғы дертім, арманым, жан дүнием болды. Міне, тоқсанға келдім.Енді қанша өмір қалды дейсіз менде. Барлық арманымды түйіндеп айтсам, төрт мәселе шешімін тапса деумен келемін. Сол үшін, күрестім, тірестім, іздендім, еңбектендім. Оның біріншісі – Қазақстанда психология факультетін ашу, екіншісі – Этнопсихологиялық ғылыми-зерттеу институтын ашу, үшіншісі – Психологтар қоғамын құру, төртіншісі – төл тілімізде оқулықтар мен ғылыми монографиялар жазып шығарып, мектептерде жаппай ұлттық психологияны балалар санасына сіңіріп тәрбиелеу. Ғұлама әл-Фарабидің «Тәрбиесіз білім умен тең» деген сөзі бар. Мектептерде ұлттық салт-сана оқушы санасына сіңірілмесе, ол қандай тәрбие болмақ!? – дейді ағамыз.
Кейде кеңестің сәті түскенде:
– Аға, қаншама еңбек еттіңіз, кітаптар жаздыңыз. Ұлт үшін ұлан-ғайыр қызмет қылдыңыз. Осы еңбектеріңіз үшін болса да Елбасына кіріп, мән-жайды түсіндірсеңіз өзекті тескен ғылымға өзгеше жол қарастыруға болмас па еді?! – дейміз біз.
– Жоқ, ондайды қайтеміз біз. Еңбекті біреуге бұлдау үшін, атақ-абырой дәмету үшін жазбадық қой. Қайтеміз, өзімізді көрсеткендей болып, – деп қарапайымдылығынан жазбаған қалпында ағынан ақтарыла салады.
Кейбір адамдарда еңбегі сәл еленбей қалғандай күй болса тоқырау, шаршау, шалдығу байқалады. Тіпті өзін өзі жардан құлатқандай күйзеліске тап болып, құрдымға құлайтындары бар. Құбығұл Бозайұлы болса өзінің адами келбетінен, қазақы қалпынан, ғылымға адалдығынан бір айнымайды. Оның басқан іздері ғылым адамына ғана тән қайсарлық пен қажырлылықты қанат қылған қайыспас тұлғаның даңғылын көрсетеді.
Осылайша, адамзат тарихында аты бар, қазақ психология ғылымының жарық жұлдызы – Құбығұл Бозайұлы Жарықбаев ғасырлық ғұмырын халқына арнап, әп-әдемі күйінде қарттықтың төріне шықты. Ең бастысы, ол төр – сана төрі. Сана төрі – ел мен жердің жүрек жылуының алтын мұнарасы. Көзі тірісінде өзінің асқақ мұнарасын өзі тіктеген ағамыздың 90-дағы тойына бәріміз де қызыға, қуана қараймыз. Ғылымның ғана емес қарттықтың да, адамдық болмыстың да өнегесін сомдаған ағамыздың жылы жүзіне мейірмен қарасақ, одан мол шуақ көреміз.
Осындай мерекелі, берекелі күндерде Қазақстанның психология ғылымы өзінің 100 жылдығын атап өткелі отыр. Қазақ психологтарының қоғамы құрылып, құрылтайын өткізді. Осы жұмыстардың кезінде Құбекең басшылық ететін «Мектептегі психология» журналы да дайындық жұмыстарына белсене қатысты. Аталған шаруалардың бәріне ақылшы, кеңесші болып, ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында бәйтеректей болып дара жүрген тағы да біздің Құбығұл ақсақалымыз болды.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ