• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Саясат 01 Мамыр, 2024

Парламентаралық әріптестік мүддесі

126 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Сингапур Парламентінің Спикері Сеа Киань Пэнмен кездесті. Сұхбат барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және парламентаралық байланысты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев мейманға ілтипат білдіріп, Сингапур Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы маңызды серіктесі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде Қазақстан мен Сингапур арасында белсенді саяси диалог, берік экономикалық және мәдени байланыстар жолға қойылып, түрлі салада берік құқықтық негіз қалыптасқанын айтты.

«Біз өзара парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға және Сингапур Парламенті­мен тәжірибе алмасуға мүдделі­міз. Парламентаралық достық топтарының әлеуетін жан-жақты әрі тиімді пайдаланудың маңызы зор. Қазақстан Сингапурмен сауда-экономикалық байланысты арттыруға да мүдделі. Осыған орай Парламент қажетті құқықтық негіз қалыптастыру үшін белсенді жұмыс істеп келеді. Биыл Сенат Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялады. Екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуда Парламенттің атқаратын рөлі зор», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы сауда-эконо­мика­лық және инвестиция­лық ынтымақ­тас­тықты арттыру мәселелерін талқы­лау барысында Мемлекет басшысы­ның бас­тамасымен Қазақстанда жүргі­зіліп жатқан кешенді әлеумет­тік-экономикалық және саяси реформа­ларға да тоқталды. Атап айтқанда, Қазақ­станның жаңа экономикалық үлгі­сін қалыптастыруға және инвес­тиция­лық ахуалды жақсартуға арнал­ған шаралар сөз болды.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сенаттың заң шығару жұ­мыс­тары, қабылданған Тұжы­рым­дамаға сәй­кес Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­басшылары съезі Хатшылығының алдағы он жылға арналған жұмыс жоспары жайында айтып өтті. Бұл ретте ол рухани дипломатияны дамыту жолында бірлескен жұмыстың маңызды екенін де тілге тиек етті.

Өз кезегінде Сеа Киань Пэн Қазақ­станда түрлі салада жүргізіліп жатқан кешенді реформалардың нәтижелерін жоғары бағалап, парламентаралық байланысты нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді.