Біздің басты құндылығымыз Тәуелсіздікпен тікелей байланысты. Елімізде бірлік пен келісім осы елде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері үшін мәңгілік құндылықтар болып есептеледі. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттілігіміздің негізгі институттарының бірі ретінде қоғамдағы бірлікті нығайтуға қызмет етеді.
Бұл институт республиканың саяси жүйесін жүйелі трансформациялауға бағытталған түбегейлі өзгерістердің бел ортасында жүр. Ауқымды қайта құрулардың нәтижесінде ҚХА-ның өзі озық халықаралық тәжірибеге толығымен сәйкес келетін парламенттік өкілдіктің жаңа құралдарына ие болды. Ассамблеяның ұсынысы бойынша Президент тағайындайтын Сенаттың бес депутаты заңнамалық деңгейде кері байланыс, қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге және Парламентте Қазақстанның барлық этностарының мүдделерін білдіруге мүмкіндік алды.
Ассамблея еліміздің саяси жаңғыруында, ұлттық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар Ассамблеяның 12 мүшесінің Ұлттық құрылтайдың құрамына кіруі оның жұмысына жалпыұлттық диалогтің әмбебап үлгісін ілгерілетуде баға жетпес тәжірибе болатыны анық. Бізде әртүрлі мәдениеттердің дәстүрлері ұлттық болмыстың берік үйлесіміне ұласатын өзіндік ерекше өмір салты қалыптастырылып келеді. Бұл бірегей болмыс уақыт сынынан өтіп, қоғамдық сананың өзегіне айналды.
Президент Қ.Тоқаев Ассамблеяның болашақтағы жұмыстарының басым бағыттарын белгілеуге ерекше мән беріп, оның басты міндеттерінің бірі ретінде азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға жұртшылықты тарту мәселесін күн тәртібіне шығарды. Ол бұл жұмыстың басымдықтарын да анықтап берді. Олардың қатарына бірлік пен ынтымаққа сызат түсіруге бағытталған кез келген арандатушылықтың жолын кесу, этноәлеуметтік шиеленісті тудыратын себептерді жою үшін пәрменді шаралар қабылдау, көпмәдениетті ортаны дамыту және барлық азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруіне жүйелі қадамдар жасау, Ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын күшейту және бұл жұмысты орталықта да, жергілікті жерлерде де жүргізу, сол сияқты бірізді және ғылыми негізделген этносаясатты жолға қою сияқты мәселелерді жатқызуға болады. Бірақ ұлт бірлігін сақтау мәселесінде ортақ ұстаным күмән келтірмейтін шындыққа жатса, ал ұлтаралық келісімді сақтау мәселелері бойынша екіұштылық пен «пікір алуандылығына» жол беруге болмайды. Өйткені, өкінішке қарай, ұлттық бірегейліктің жаңа кезеңі халықаралық геосаяси жағдайдың күрделеніп, сыртқы сын-қатерлердің төніп тұрған уақытымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда этносаралық келісім мен ел халқының бірлігін нығайту күн тәртібіндегі басты мәселелердің біріне айналуы да кездейсоқ емес.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының күні кеше ғана өткен «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты тақырыбындығы ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзін Қазақстан үлкен табиғи қатерге тап болып, ел аумағының бірқатар бөлігін тасқын су басқан кезде халқымыз өзінің мызғымас бірлігін айқын көрсетті дегеннен бастауы бекер емес. Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеді.
Елімізде болып жатқан саяси өзгерістер азаматтық қоғамның дамуына серпін беріп, қазақстандықтардың мемлекеттік маңызы бар шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтті. Бұл жағдай Ассамблеяның да әлеуетін арттырды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Әділетті Қазақстан мәселесін көтеріп, оны құруға кіріскенде дәл осы Қазақстан халқы Ассамблеясының мінберінен әділетті қоғам құрудың «бірлік, тұрақтылық, даму» сияқты үштағанын айқындап берген еді. Ол ел дамуының барлық саласында түбегейлі өзгерістер жасауға бағдарланған еді. Ал Ассамблея отырысының биылғы күн тәртібі «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» мәселесіне арналып отыр. Яғни Президент сол үштағанның бірінші «Бірлік» құндылығын тереңірек қарастырып, оны ілгерілетуге көңіл бөлген сияқты. Өйткені ондаған жылдар бойы қордаланған көптеген мәселені бірлесе отырып шешу үшін оған жасампаздық көзқарас керек. Сонда ғана өрлеу болады.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «Азаматтарды әлеуметтік ортаға кіріктіру жүйесі Отанға деген сүйіспеншілік, патриотизм идеалдарын насихаттауға және халқымыздың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеуге негізделуі керек». Жастардың әрдайым алға ұмтылуына көңіл аудара отырып Қ.Тоқаев: «...өскелең ұрпақтың дүниетанымы тарихқа қатысты өкпе-реніштен, догматизмнен және мәдени стереотиптерден ада болуға тиіс», деді. Ол үшін халқымыз өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуі керек. Оның тірегі мемлекетіміздің Тәуелсіздігі болса, ал мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі факторы – бірлік.
Ассамблеяның отырысында ата-бабаларымыздың дәстүрлеріне және түрлі мәдениетке деген құрмет, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді білу сияқты Қазақстан азаматтарына тән қасиеттерге де көңіл аударылды. Адамның ұлтына, көзқарасы мен наным-сеніміне қарамастан, Қазақстан азаматының барлық құқығын иеленетіні, ол әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, біздің мемлекетіміздің қорғауында болатыны айтылды. Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоюда ортақ іске бүкіл ел болып жұмылып, азаматтың ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, оған барлығының атсалысуының қажеттілігіне басымдық берілген. Сонда ғана әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы түзеледі, тұтас қоғам жақсарады. Қоғамның мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады. Ендеше, «Адал азамат» болу келеңсіз үрдістерден жай ғана жиренуді аңғартпаса керек. Оны жою үшін адам сол үдерістің бел ортасында жүруі шарт.
Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажеттілігі туралы мәселе тағы да көтерілді. Оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсуінің керектігі туралы да сөз болды. Сол сияқты Ассамблеямен бірлесіп жұмыс істеу тұрғысындағы әкімдердің рөлі де екшеленді. Президент Ассамблеяның негізгі іс-шараларына облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдері тікелей өздері қатысуға тиіс деп, ол жұмысты орынбасарларына ысыра салуға болмайтынын нақты ескертті. Бұл талаптың Парламенттің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына да тікелей қатысы бар. Мұнда мәселе осыған дейінгідей Ассамблеяны шектен тыс мемлекеттендіріп, оның жоғарыдан төменге қарайғы әкімшілік ресурсын күшейтуге тырысу емес, керісінше ҚХА-ның халықтық немесе азаматтық әлеуетін арттырып, оның вертикалды байланысымен қатар көлденең деңгейдегі қоғаммен жұмысын барынша күшейтуде болып отырғандығын ескеруде жатқан сияқты. Бұл Ассамблеяның мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу қажеттігін аңғартса керек. Сондықтан ҚХА сессиясында Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керектігі және Ақсақалдар мен Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыту қажеттілігі қаралды. Ассамблеяның бұл істегі қызметіне министрліктер мен әкімдіктер қолдау көрсететін болады. Алғаш рет жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын қамтамасыз ету мақсатында Президент Қ.Тоқаев Ассамблея құрылымдары мен этномәдени бірлестік басшыларының бір орынбасарын жастардан тағайындау туралы мәселе қозғады. Сонымен бірге ол жергілікті қоғамдастықтардың дамуына жол ашып, тірек болатын, бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптеу жұмысын жолға қою қажеттілігіне көңіл аударды.
Әділетті Қазақстанды құру тұжырымдамасы – құр сөз емес, нақты жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясат. Ол үшін қазіргі қоғамдағы іріткі салу, теріс пиғыл таныту, түрлі қитұрқы әрекеттер мен жалған мәліметтерді таратудың белең алып отырған күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау ең басты міндетке айналып отыр. Олай болса, мұның кез келгеніне сын көзбен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйенген жөн. Сонда ғана қоғам әлеуметтік күйзеліске ұшырамай, апаттың салдарын еңсеріп, жұрт күнделікті өмірге оралады деген сенімдеміз.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері