Әулиеатаның Шу аңғары мен Мойынқұм аймағын байланыстырып жатқан Қозыбасы деген жер бар. Тарихи деректер бойынша, мұнда Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген. Керей мен Жәнібек хандарға қоныс болған құтты мекен. Ал ел аузындағы аңыз бойынша, бұл жердің Қозыбасы аталуының тарихы былай екен.
Ерте заманда хандар таққа отырғанда хан қарауындағы қалың жұрт жабыла қозы сойып, топтанып отырып етін жейтін болыпты. Сөйтіп қозының басы үйілген жер Қозыбасы аталып кетіпті дейді. Ал екінші бір аңыздарда аталған шоқы қозының басына ұқсағандықтан Қозыбасы аталып кеткен деген деректер бар.
Жалпы, тарихи зерттеулер бойынша Жетісу өңірінде бірнеше Қозыбасы бар. Алайда Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Қазақ хандығының құрылған жері ретінде Шу бойындағы Қозыбасы жері айтылады. Яғни бұл жер кезінде Моғолстан мемлекетінің батыс бөлігіндегі өңір болған. Сонымен қатар жыр алыбы Жамбыл Жабаев «Сұраншы батыр» дастанында Қордай асуында, Мойынқұм ауданындағы Хантау іргесінде және Іле Алатауының солтүстік-батысында Қозыбасы деген шоқының бар екенін жырға қосады.
Ал Махмуд ибн Уәли, Шах Махмуд Шорақ Бабырдың деректерінше, Шу бойы мен Қозыбасы аралығындағы жерлер Моғолстанның батыстағы қақпасы рөлінде болған деседі. Бұл қақпаның солтүстігінде Балқаш көлі болған да, оңтүстігінде таулар орналасқан. Тарих бойынша, ХV ғасырдағы қалыптасқан саяси жағдайда Есен-Бұға хан солтүстік-батысында Әбілқайыр ханмен, оңтүстік-батысында Әбу Сайдпен қарсылас болды. Сондықтан Дешті Қыпшақтан және Мауреннахрдан Моғолстанға жасалатын жорықтар тек осы қақпа арқылы өтетінін тарихшылар жазады. Ал Дулати еңбегінде Есен-Бұға хан осы өңірге Керей мен Жәнібекті орналастыру арқылы өзін батыстан қорғағаны айтылады.
Қазақтың қасиет тұнған қай қиыры да қастерлі. Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген аймақ, бүгінгі егемен еліміздің негізі қаланған өңір – ұлт тарихындағы өшпес белгі. Кезінде ұлт тағдыры сынға түскен кезеңде де қазақты қасіреттен қорғап, қайғыдан арашалаған елдің қасиеті мен жердің киесі.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы