Денисов аудандық тарихи-өлкетану музейінде өңірдің табиғаты, халқымыздың тарихы жөнінен сыр шертетін жәдігерлер жеткілікті. Келушілер, әсіресе акуланың тісін көргенде таңырқап-ақ қалады.
«Жартылай шөлейт өңірге жататын ауданда қайдан жүрген акула?» деп қалатындар да бар. Ал ерте, ерте, ертеде дегендей, миллиондаған жылдар бұрын бұл жерде ежелгі Тетис мұхитының жалғасы Торғай теңізі болғанын екінің бірі қайдан білсін.
– Теңіздің суы бірде қайтқан, бірде толған, жанартаулар атқылап, олардан тастар пайда болған. Теңізде алып қырықбуындар мен шырмауықтар өскен. Сөйтіп суда тіршіліктің белгісі моллюскалар, сауытты моллюскалар, балықтар, сүт қоректілер пайда болған. Бүгінгі өңірдің жартасты, қыратты, айнадай жарқыраған өзен-көлдері, қайыңды-теректі тоғайлары жайқалған әсем табиғаты содан қалған, – дейді музей директоры Наталья Таран.
Акуланың тісі музейде біреу емес, бір уыс көрінеді. Оны осы өңірге келген еліміздің зерттеу экспедициясы мүшелерімен қатар, Тобыл өзеніне шомылған жергілікті тұрғындар да әкеліп тапсырыпты.
– Акуланың тасқа айналған тістері, моллюскалар, теңіз шаяндары жердің бетінде жатпайды. Олар 500 миллион жылдан асқан уақыт бойы жердің бетінде жатса әлдеқашан топыраққа айналар еді. Жыл сайын осындағы өзендер тасығанда жердің астында, су түбінде жатқан осындай ежелгі заманның куәгерлері топырақтың бетіне шығып қалады. Оны мал баққан, жазда өзенге шомылған жұрт байқаса әкеп береді, – дейді Наталья Ивановна.
Денисов ауданына қарасты өңір бұрын Түйемойнақ аталған. Өзен жағасындағы құм теңіз жағасын елестетеді. Жергілікті тұрғындар «бізге теңіз іздеп, алысқа барудың қажеті жоқ» деп мақтанышпен айтып жатады.
– Ежелгі теңіздің қандай терең болғанын қазір көзге елестету қиын. Айналадағы карьерлерден ежелгі заман жануарларының түрлі сүйектері шығып жатқанын естіп жатамыз. Әзірге біздің музейге мамонт «келе қойған жоқ». Ал «Түйемойнақ акулаларының» тісі табылса, аса таңғалмайтын да болдық, тек палеонтолог мамандарға көрсетіп алып, тіркейміз, – дейді Наталья Таран.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ