Қостанайдағы «Баян сұлу» акционерлік қоғамының іргесі осыдан 40 жыл бұрын қаланған. Өткен ғасырдың 70-жылдары құрылған, «Қостанай кондитер фабрикасы» деп аталған кәсіпорында өндірілетін өнім түрлері санаулы ғана болатын. Шоколад, карамель, конфет және печенье шығатын. Фабрика ғимаратының жертөлесінде өндірістің бу, тоңазытқыш және механикалық цехтары жұмыс істейтін. Әрине ол кездегі өнімнің түрлерін көбейту үшін жаңалық енгізуден гөрі көлем қуу құбылысынан кондитерлік орталық та сырт қалған жоқ. Оған қоса мұндағы литография цехынан шығатын бояуы жұтаң, суреті солғын орама қағаз тәттілердің тартымдылығын да төмендететін еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы нарықтық экономикаға көшу үдерісі Қостанай кондитер фабрикасына да оңайға түскен жоқ. Бірақ фабрика жұмысын тоқтатпады, қандай қиындықтан да жол тауып, шығып отырды, тұтынушыларды тәттісіз қалдырмады. 90-жылдардағы дағдарыстан аман шыққан кәсіпорын ізденістерге бармағанда, бүгінгі нарықтағы бәсекеге шыдас бере алмас еді.
Тәуелсіздікпен бірге Қостанай кондитер фабрикасына да ілкімді өзгерістер келді. Алдымен кондитерлік фабриканың аты мен формасы өзгерді. Акционерлік қоғам болып құрылды, халқымыздың эпостық жырындағы хас сұлу Баян сұлудың есімін алды. Конфеттердің сапасы да, сыртқы безендірілуі де жоғары сатыға көтерілді десе болады. Ал соңғы 3-4 жылда кәсіпорын өндірісті жаңғырту ісіне барынша көңіл бөліп келеді. Бірер жыл бұрын ашылған бисквит цехының өнімдері жоғары сапасымен ерекшеленеді. «Баян сұлу» Еуропадағы экономикасы дамыған елдермен байланыс жасап, күрделі де жаңа технологияларды меңгерді. Бисквит цехы соның жарқын мысалы. Өткен жылы Қостанайға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келгенде «Баян сұлу» кондитер фабрикасының цехтарын аралады. Елбасы жаңарып, жаңғырған, компьютермен басқарылатын цехтар жұмысын көріп, ерекше риза болды.
– «Баян сұлу» фабрикасының конфеттері қазір өте дәмді, тәтті. Сапасы жақсы. Кәсіпорын даңқын өнім сапасы шығарады», деп Нұрсұлтан Әбішұлы біздің жұмысымызға жоғары баға берді. Бұл біздің ұжымды, мамандарды рухтандырды, – дейді «Баян сұлу» кондитер фабрикасы» АҚ-тың басқарма төрағасы Тимур Садықов.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Баян сұлу» кондитер фабрикасында бірден тағы екі желі іске қосылып, нуга, карамель, жаңғақ қосылып, шоколадпен қапталған «nigat ALBO» конфеті және карамель қосылып, шоколадпен оралған печенье шығарыла бастады. Конфет жарнамасы жер жаратын «Марс», «Сникерс» шоколадтарын еске салады, сапасы мен дәмі олардан бір кем емес, табиғи қоспасы жөнінен тіпті артықшылығы да бар. – Бұл екі өнім де ең бастысы, импорттық өнімді алмастырады. Оған шетелден алынған табиғи сүт ұнтағы, табиғи шоколадпен қатар жергілікті ұн, глюкоза қосылады. Жабдықтар Италия мен Түркиядан алдырылды. Бұл орайда мемлекеттің көмегі орасан. Екі желіге 1,5 миллиард теңге қаржы жұмсалды, – дейді Т.Садықов.
Бүгінде «Баян сұлу» өнімінің 30 пайызы экспортқа шығарылады. Фабриканың тіл үйіретін конфеттері мен печеньесінің дәмін Ресейдің барлық шалғайы біледі десе болады. Оның сыртында Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия, Түрікменстан, тіпті Германия «Баян сұлудың» конфетін сұратады екен. Фабрика өнімі 400-ден аса аталыммен шығарылады. Кәсіпорын басшысы Т.Садықов мемлекет тарапынан көріп отырған қолдауды тәуелсіздіктің арқасы деп біледі. Желілер іске қосылған соң, Қазақстан даму банкінен алынған қаржының 30 пайызын Ауыл шаруашылығы министрлігі, басқа да алған несиелерді «Даму» қоры субсидиялайды. Соның арқасында кәсіпорын үнемделген қаржыны өндірісті дамытуға инвестициялап отыр. Он жылда кәсіпорынға 20 миллиард теңге инвестиция салынды. Қазір фабрикадағы желілердің тозу деңгейі 20 пайыздан аспайды.
Желілерді жаңартып, заманауи технологияларды өндіріске енгізу алдымен еңбек өнімділігін арттырған. Сонымен қатар экспортқа бағытталған сапасы жоғары өнім өндіруге мүмкіндік беріпті. Фабриканың жаңа конфет желісі орнатылған цехында келеміз. Ешқандай шусыз және шыбын тайып жығылардай таза атшаптырым цехтағы желіде нуга пен жаңғақ қосылған карамель қабаттастырылған қоспа жылжып барады. Оны бақылап тұрған Галина Анненкованың мамандығы нугат өндіру желісінің операторы деп аталады.
– Желінің құрылғанына бір ай шамасы ғана болды. Қазір қолымыз жүріп, конфетті мінсіз етіп өндіріп жатырмыз. Өз ісіме мамандана бастадым. Конфеттің дәмі де, сапасы да, сәні де базардағы баламаларының кез келгенінен артық болмаса, кем емес. Жаңа технологиямен жұмыс істеу қызықты. Өнім сапасының жоғарылығын, оның ертең жақсы өтетінін сезіп тұрасың, – дейді Галина ағынан жарылып.
Жаңа желі демекші, фабрикада жаңа технологиямен жұмыс іcтейтін мамандар кемшін екенін директор жасырмады.
– Бізде 40 жыл еңбек өтілі бар тәжірибесі мол қызметкерлер, жұмысшылар да, табалдырықты енді аттаған жастар да бар, ұжымда ұзын саны 2000 адам жұмыс істейді. Бірақ заманауи желілердің, технологияның қыр-сырын меңгерген мамандар аз. Сондықтан кәсіпорынға мамандар дайындауға өзіміз қатысуды жөн көрдік. Қостанай политехникалық колледжінің студенттері оқу үдерісінің үштен бірін біздің фабрикада өткізеді. Оларға еңбекақы да төлейміз. Жұмыс барысында студенттердің жаңа заманауи технология мен желілерге көзі қаныға береді. Колледж студенттері бүгінде тамақ өнеркәсібі туралы 1967 жылы шыққан оқулықты пайдаланады екен. Сондықтан колледж оқытушыларымен бірлесе отырып, біздің мамандар жаңа оқулық жазуға кірісті. Қазір бұл орайда жұмыс қызу жүріп жатыр, алдағы оқу жылына дайын етсек деген мақсатымыз бар, – дейді Т.Садықов. Компания Ресейдің Челябі, өзіміздің Алматы, Қостанай қалаларындағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген 12 студенттің оқу қаржысын да өз мойнына алған. Олар оқу бітірген соң фабрикаға қызметке келеді.
«Баян сұлу» кондитер фабрикасы өзінің жұмысшыларына әлеуметтік жағдай жасауды да бірінші орынға қояды. Бұл қырық жыл бойы үзілмей келе жатқан дәстүр. Түрлі дағдарыстар кезінде де өндіріс орны жұмысшыларына жасалатын жеңілдіктерді алып тастаған емес. Жұмысшы мұнда кешенді түстік тамақты бар-жоғы 150-200 теңгеге ғана алады дегенге сырт адамы сенбеуі мүмкін. Өйткені қазір ешқандай өндіріс орындарының асханасында мұндай баға жоқтың қасы. Еңбек демалысына шыққан жұмысшыларға «денсаулық жәрдемақысы» қоса беріледі. Сонымен қатар мұндағы отау тіккен жастарға 75 мың теңге шашу беріледі, егер қалыңдық пен күйеудің екеуі де фабрика жұмысшылары болса, сыйлықтың көлемі екі есе артады. Аға ұрпақ өкілдері де ескерусіз қалмайды. Зейнетке шыққандарға еңбек өтілінің әр он жылына бір айлық жалақы беріледі. Мысалы, 30 жыл осында еңбек еткен кісіге бірден үш жалақы беріледі. Жаз айларында балалардың демалыс лагері жұмыс істейді. Ал биыл жазда фабрикадан 200 адам Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін аралап, демалып қайтты.
Тәуелсіздік «Баян сұлу» атанған компания жыл сайын отандық, аймақтық, халықаралық көрмелерге қатысып отырады. Соның бірерін мысал етсек, биыл қыркүйек айында Мәскеу қаласында өткен «WorldFood Moscow 2017» тамақ өнімдерінің 26 халықаралық көрмесіне қатысып, отандық өнімнің сапасын мойындатып келді. Сонымен қатар Астанада бүкіләлемдік сапа күнін мерекелеу шеңберінде «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» акционерлік қоғамы өнім мен қызметтердің сапасын қамтамасыз ету саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткені, сондай-ақ сапа басқарудың жоғары тиімді әдістерін енгізгені үшін «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасын «Сапа көшбасшысы-2017» дипломымен марапаттады. «Баян сұлу» конфеттері десе жұрттың көз алдына әдемілік, тіл үйіретін дәм, сапа, табиғилық елестеп жүре береді. Ал экспортқа жіберілген конфеттер осы айтылғандардың елшісіндей дерсің.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ