• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қаңтар, 2018

Ой қимылдан озып тұрады

550 рет
көрсетілді

Ол – екінің бірі тәуекелге бара бермейтін бекзат өнерге, қазақ ұлттық балет труппасына жас та болса өзгеше леп алып келуімен ерекшеленді. Бұған қоса қарапайым қазақ баласы 17 жыл Еуропаның ең сәулетті театрларында өнер көрсетіп, Лозаннадағы (Швейцария, 1996 ж.) халықаралық балет әр­тіс­тері, Новосібір қаласында (Ресей, 1999 ж.) өткен халықаралық балет бай­қау­ла­рын­да жүлделі орындарға, қысқасы, әлемдік деңгейдегі айтулы сый-си­я­пат­тарғ­а ие болған, бес тілді емін-еркін меңгерген, осы күннің талабына әбден лай­ық жан. «Астана Балет» театрының солисі, режиссердің көмекшісі Қазбек Ахмедьяровпен кезекті премьерадан соң әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Қазбек Ғазизұлы, қазіргі жастар үшін мемлекетімізде барлық жағ­дай­лар жасалған. Өнер көгіне қа­нат қағам деген өркенге көкжиек кең. Өзіңнің де 17 жылың шетелде, оның үстіне, Еуропада өтті. Балет өне­рі­мен ондағы жұртты таңғалдыру қи­ын деген пікірді жиі естіп қалып жа­та­мыз. Сонда көпшіліктің жүрегіне қа­лай жол таптың?

– Жер бетінде адамға туған жерінен ыс­тық құтты мекен бар ма?! Мұның қа­сын­да шетелдің небір тамаша ша­һар­ла­рының өзі түк емес. Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы – ғажайып өнер адам­дарының кіндік қаны тамған жер, Ескендір Хасанғалиев ағамыздың туған жері. Алтын кіндік, туған топырағымды күллі қазаққа танымал аға-апаларымның атымен мақтаныш тұтамын. Тоғыз жасқа дейін мен де сол ауылдың шаңын жұтып, шалғынында аунап-қунап өстім.

...Шетелге ат басын бұрмай тұрып әуе­лі өзіме дәріс берген ұлағатты ұстаз­да­рыма тоқталғым келеді.

Алматыдағы А.В.Селезнев атындағы хореография училищесінде сабақ бере­тін тәжірибелі педагог-мамандар жыл сай­ын өнерлі балаларды оқуға тарту мақ­сатында Қазақстанның түкпір-түк­пі­рін жаяу аралап шығады. Қандай тамаша дәс­түр! Іріктеу сынағына 9-10 жастағы өрендер таңдалады. Мен ол кезде, яғни 1991 жылы Орал қаласында №21 мектепте оқып жүрген кезім болатын. Мектепке екі мұғалім келді. Оқушыларды үлкен залға жинады. Қимыл-қозғалысымызды бай­қап көрген соң, нәтижесін көп ұзамай жа­рия етті. Маған: «Сыннан өттің, оқуға ке­ле беруіңе болады» деді. Класс жетек­ші­міз Гүлбарам Қуандыққызы туған анамдай, күні бүгінге дейін ол кісімен Астанада араласып тұрамыз.

Алматы хореография училищесінде Рима Алексеевна Лукомскаяның мек­те­бінен көп нәрсе үйрендім. Бұ кісінің өнер мектебінен өту үміткерлер үшін үл­кен бақыт. Үш жыл балеттің әліппесін жатта­т­қызып, сахналық қимылдың қыр-сы­рын үйреткен шебер. Менің өнерге құ­штарлығымды осы кісі оятты. Одан кейін кәнігі мамандар Владимир Голов, Елдос Усин сабақ берді. Әнуарбек Жә­ли­лов, Эдуард Мальбеков сияқты саң­лақ шеберлерден үйрендім...

– Шетелдік мамандардың көзіне кез келген адам іліге бермесе керек-ті. Ол үшін балет өнері иесінің бойында қан­дай қасиет болуы керек?

– Қатаң тәртіпті сақтауға міндеттісің. Мұны бір рет бұзған адамның бәрін қай­тадан нөлден бастауына тура келеді... Қа­зір әлемнің қай түкпіріне барып білім ала­мын десеңіз, есік ашық. Мұнан артық не керек? Бақ өздігінен көктен ұшып ке­ліп төбеңе қона салатын көбелек емес қой. Оған жету үшін тынбай еңбектену керек. Сол үшін балетке келген жастарға өзге мамандық иелеріне қарағанда өзге­ше талап қойылады. Сондай-ақ қазір өнер адам­дары бір-бірімен мидай араласып кет­ті. Бір-біріңнен білмегеніңді емін-ер­кін үйренуіңе, тәжірибе алмасуыңа мүмкіндік мол. Мұны өз басымнан өткерген соң, жақсы білемін. Мұндай дәстүр барлық жерде бар. Тіпті Ресей театрларына дейін шетелден танымал режиссерлерді, солистерді шақырады. Мұны орыс сахнагерлерінің тәжірибесі жет­пегендіктен шақырып жатыр деп ешкім айта алмайды. Бізбен де сондай танымал компания айналысты. Олар негізінен театрларға білікті хореографтарды шақырып, тамаша балет туындыларын қоюды мақсат тұтады. Міне, осы компанияның қолдауымен Америка, Доминикан елдерінде, Пуэрто-Рикода өнер көрсеттім, шеберлік шыңдаудың түрлі мектептерімен таныстым.

1999 жылы Францияның балет театры Қазақстанға гастрольдік сапармен келді. Солармен қосылып сахнаға шықтым. Олар менен әлемдік деңгейдегі сахналарда өнер көрсетуге қалай қарай­ты­нымды сұрады. Талап-ережелері бой­ынша өзім орындаған рөлдерімді бей­не­тас­паға түсіріп, жолдадым. Содан Фран­ция театрының басшысы Роберт Бертье мырзаның өзінен шақырту алдым. Сөйтіп Париж сахнасында өнер көр­сету мәртебесіне ие болдым. Бір жыл сон­да әжептәуір тәжірибе жинақтадым. Та­ғы бір айта кететін жайт, арада бір-екі жыл өтсе де кейін бұл компания сенің әр­бір басқан қадамыңды жіті қадағалап, өнеріңнің әрі қарай дамуына қолдау көрсетіп отырады

– Сондай әлемдік деңгейдегі театр­лар­да кімдердің бейнесін сомдадыңыз?

– Майндағы Франкфуртқа жақын маңда Висбаден қаласында Гессен мем­­лекеттік театры орналасқан. Со­ның негізгі қойылымдарының бәрін­де ойнадым. «Щелкунчикте» – Бек­за­даның рөлін, «Дон Кихотта» Базильді со­мдадым, сондай-ақ француз шансондары Джулбер Веко, Жак Брель орын­дау­ындағы шығармаларға қойылған би­леріммен көпшілікке таныла түстім.

Франция мен Германияның басты балет труппаларында солист, премьер-солист ретінде орындаған он жеті жылдағы рөлдерімді ойша сараласақ, Ту­лузадағы Капитолия, Париждегі Фран­цияның Жас балеті, Висбадендегі Гессен мемлекеттік, Саарбрюкен қала­сын­дағы неміс мемлекеттік опера жә­не балет театрларында әлемге әйгілі хореографтардың қойылымдарында өнер көрсетіппін. «Неаполь», «Сильфида», «Раймонда, «PasdeDeux», «Тақырып пен вариациялар», «Лағылдар», «Шағын ажал», «Аққу көлі», «Сіз үшін өлуге дайынмын», «Нақтылыққа мастанған құмарлық», «Бетховеннің жетінші симфониясы», «Синатраның тоғыз әні», «Алисаның ғажайыптар еліне саяхаты», «Жизель» «Корсар», «Кармен»... т.с.с. көптеген спектакльде басты бейнелерді сомдадым. Шетелдік рок балет, барокка дәуірі музыкасы, шансон және классикалық жанрлар бойынша сахналанған спектакльдерде биледім.

– Сахна өнері ұжымдық өнер болып табылады. Бірақ соған қарамастан же­келеген өнер иелерінің шеберлігі үл­кен рөл атқаратыны тағы мәлім. Ал сіз өзіңіздің сахналық жұбыңызға қан­­шалықты тәуелдісіз?

– Бірде Гонконгте Франция күндері атап өтілетін болды. Жұмыстан соң кө­лі­гімді тұраққа қойып, үйге қайтып ке­ле жатқанымда алдымнан басшымыз жолығып: «Гонконгке барғың келе ме?» – деп сұрады. Ойланбастан «иә» дедім. Сол сапарда америкалық На­нетт Глушакпен таныстым. Оның сах­­надағы жеп-жеңіл қимылы аспанда қа­лық­тап ұшып жүрген ұлпадай әсер қалдырады. Жалпы, балетте жұбыңның би­іне көп нәрсе байланысты деп айтып жатамыз ғой. Бұл жағынан маған Құ­дай өте ақкөңіл жайсаң жандарды жолықтырды. Мен олармен әуелі ара­мызға сенім көпірін тұрғызып алмайын­ша ешбір іске тәуекел етпейтінмін. Мұн­­дай шығармашылық байланыс­тар ада­ми шынайы сыйластыққа қ­а­на құ­ры­лады. Содан да болар, мен сах­на­лық серігімнің қай жерде демін ішіне жұтатынын, қай тұста терең тыныстайтынын аңғарып тұрамын. Және де олар рө­ліме кедергі келтіріп, сәтсіздікке ұшы­ратқан емес. Соның бірі міне, осы Нанетт Глушакпен Джордж Баланчиннің көп­теген балеттерінде бірге биледік. Шет­елде Дж.Баланчинге құрмет зор. Тү­бі грузин, санкт-петербургтік хореограф әуелі Еуропаға кетіп, әрі қа­рай түпкілікті Америкада тұрақтап қал­ған. Осы автордың 1949 жылы Нью-Иорк­те қойылған хореографиясын, «Серенада» балетін «Астана Балет» те­атрына алып келдік. Бүгінде бұл шы­ғар­ма репертуарымыздағы бірден-бір тұ­шымды туынды саналады.

– Сіз өзіңізді балеттің қай мектебіне жатқызасыз?

– Қай жерде өнер көрсетсем де маған тек қазақ ұлттық балет мектебінің өкілі деп қарайды. Жалпы, ел арасында француз балеті тех­никасы, орыс балет мектебі деген си­яқты ұғымдар бар екені рас. Мұн­дай түсінікке түбегейлі бой алдырып кетпес үшін мысалы, мен оған және Америка, Куба, Италия балеті техникала­рын қосар едім. Өйткені бұл елдердің мәдениеті мен өнерінде, оның ішінде балет өнерінде соңғы уақытта керемет құбылыстар пайда болуда. Француз бишілері аяқпен қалай жұмыс істеу керектігін, ұсақ та нәзік иірімдерді жақсы меңгерген. Сол сияқты Дж.Баланчиннің қайталанбас өз техникасы болған. Мысалы, ер адам 1 минут 10 секунд билесе, Баланчиннің хореографиясы бойынша америкалықтар бұл элементті 48 секунд билейді. Яғ­ни ай­ырмашылық – техникасының жыл­дам­дығында. Француздардан соншама айтарлықтай көп нәрсе үйренген жоқ­пын. Өйткені Қазақстанның балет мек­тебі бишілерді өте жоғары деңгейде да­ярлайды. Онда барғанымда достарым менен қызығып: «Мынадай ке­ре­­мет техниканы қай жерден оқып үй­­рен­дің, қай елден келдің?» деп қай­та өзімді сұрақтың астына алатын. Оларға Алматыда оқы­ғанымды, сосын кезінде Санкт-Петер­бу­рг­те, Ваганова атындағы балет акаде­мия­с­ында Рудольф Нұриевпен бірге оқы­ған Әнуарбек Жәлилов сынды мықты ұс­таз­дардан оқып, тәлім алғанымды айта­мын.

– Шетелге кеткенде қанша жастасыз?

– Германияға 20-дан сәл-ақ асқанда бар­дым. Жақсы ұстаздар кездесті. Онда жұп­пен қалай жұмыс істеу керектігін, жоғарыға жеңіл көтере білудің нәзік тех­никасын үйретті. Шеберлік жағынан шың­далдым. Сосын билеп жатқанда түріңнен сенің ішкі қиналысың, эмоцияң кө­рінбеуі тиіс... Музыкамен қосыла билеуге, аяқ-қолды, көзді, ойды бір мақсатқа жұ­мылдыра білуге дағдыландырды. Бі­рақ осылардың бәрінен бір секунд болсын ойың алда жүруі керек екен. Балетте қимылдан ой бірінші тұруы керек деген қағида бар. Техникалық шеберлікке келсек, ол күнделікті қайталай беру арқылы бірте-бірте әйтеуір қалыптасады. Тағы бір маңызды мәселе – координация. Мұнда әркімнің әдіс-амалы әр түрлі. Оны айтып отырған себебім, біреудің қи­мыл, әрекетін тура солай айна-қа­те­сіз қайталап шығу мүмкін емес. Үйретуші маман мықты хореограф болған жағдайда ғана солист өз координациясын тауып алады. Аяқ-қолдың қимылын бір мезгілде ортақ ой мен бір мақсатқа жұмылдыруды меңгереді.

– Еуропада қандай атақты адамдарды кездестірдіңіз?

– Германияның өзінде бишілер аса көп емес. Көбісі сырттан келіп қаты­са­­ды. Қоюшы-хореографтар да тап со­лай. Жапонияның 2 мың орындық за­лын­да, Германиядағы 1200-1300 орын­дық залдар­да өнер көрсетуіміз сондай та­ны­мал­дардың арқасында.

Францияда Париж операсының жұл­дызы Моник Людиермен биледім. Бра­зилия, Испания, Америка, Жапония, Франция театрларының солистерімен бірге өнер көрсеттім. 2011 жылы Жапония­ның Киото қаласында өтетін турнеден Фу­кусима апатты аймағының радиа­ция­лық зардабына байланысты Париж операсының бишісі саналы түрде өзі бас тартты. «Соның орнына барасың ба?» деп сұрады ұйымдастырушылар. Олар бұл қалаға ешқандай да радиация қаупі төніп тұрмағанын, қорқатындай түк жоқ екенін түсіндіріп айтты. Соның арқасында тіршілік көзін туризм құрай­тын ғажайып Киото қаласына жолым түсе қалды. Сыр­ты­нан кім не десе де, ел­дің нағыз мәдени орталығы болған­дық­­тан онда жыл сайын көптеген өнер фестивальдері өтеді екен. Тарихи ескер­ткіштер өте көп. Басқасын былай қой­ған­да, бір ғана осы қаланың өзінде 1600 буд­да храмы, 400 синтоистік шіркеу бар көрінеді. Тарихи сәулет өнері ес­кер­ткіштерінің молынан ұшырасуын жұ­рт­­шылық осыдан мың жылдай бұрын Ки­отоның Күншығыс елінің астанасы бол­ғандығымен байланыстырады.

Сөйтіп осы сапар барысында нәзік сезім­ге құрылған би стилін қалып­тас­ты­рушылардың бірі Илер Лоранды жо­лық­тырдым. Кезінде Моник Людиермен би­леген кісі. Осы саңлақ маған «Дон Ки­­хоттың» Базилін қалай орындау ше­бер­лігін үйретті. Қазір бұл адам – Мәс­кеудегі Станиславский және Не­ми­рович-Данченко атындағы балет театрының көркемдік жетекшісі.

Бразилия, Куба, Британия елдерінде би өнерінің қыр-сырына әбден қанығып өскен белгиялық белгілі хореограф Ри­кардо Амарантемен қазір қоян-қол­тық шығармашылық байланыстамыз. Ас­танада «Гайя» спектаклін бірлесіп қой­дық.

– Амарантенің қатысуымен «Ас­та­на Балет» театрында тағы қан­дай тың туындылар қойылды?

– Театрдың көркемдік жетекшісінің шақыруымен мен «Астана Балет» театрына жұмысқа орналастым. Өзіммен бірге белгілі хореограф Рикардо Ама­ран­­тені алып келдім. Жасы 37-де. Келі­сім­шартпен жұмысқа тұрған қою­шы-хореографтың осы аралықта сахналаған туындыларының саны жетіге жетіп қалды. Мен әрі аудармашымын, әрі театр солистері мен Амаранте арасындағы кө­пірмін, яғни көмекшісімін. Өзім де би­леймін. Бұрын мұнда тек қыздардың ғана труппасы жұмыс істейтін, қазір аралас, 8 ұл бала қосылды. Р.Амарантенің «Махаббат. Үрей. Жоғалту», «Баяу жалын», «Сағым сәттері» сияқты неоклассика стиліндегі жаңа қойылымдарының басы-қасында жүргендіктен мен бұларға шебердің қаншалық тер төккенін жақсы білемін.

– «Астана Балет» театры өнерінің шетелдіктерге дәріптелу жағы қалай? Және басқа балет театрларынан несі­мен ерекшеленеді?

– «Астана Балеттің» тұшымды туын­дыларын жинақтап, былтыр Жапонияға барып келдік. Польшаның Варшава, Врослав қалаларында бол­дық. Сол бағ­дарламаны жаңғыртып, Па­риж, Брю­ссель, Санкт-Петербург қала­ла­рында өнер көрсеттік. «Серенада», «Кон­т­расты» балетінің премьералары өтті биыл. Астанада осы екі туындыны біріктіріп ұсындық. Мұндай жоба бұ­рын-соңды Қазақстанда болмаған. Әр қойылым жұрттың көп уақытын алып, жалықтырмайды. Ерекшелігіміз – «Астана Балетте» ондай үлкен ауыр балеттер әлі сахналанған жоқ, көбі концерттік бағдарламалардан тұрады. Бір актілі балет, қысқа-қысқа тұшымды дүниелер бар.

– Солистің сахнадағы кейбір қи­мыл-қозғалыстары тап солай та­ғы қай­таланып жатқандай әсер қал­ды­рады. Бұл балет өнері үшін қа­лып­ты жағдай болып есептеле ме?

– Балетте жаттанды нәрселер бар ма дейсіз ғой. Негізі солай сияқты кө­рін­ген­мен, шеберлік тәсілі, әр орын­дау­шы­ның стилі бөлек-бөлек. Жастарға осы жағынан көп бағыт-бағдар сілтеуге тура келеді. Кейде уақыт шіркін өмірдегі бар­лық түйткілді тез шешіп тастауға мұрша бермейді. Сондайда уақыттан біраз кешеуілдеп қалып жатқаныңды сезінесің, осы тығырықтан шығаратын жол іздейсің. Сол үшін бір күн болса да жастарға көкейге тоқығандарымды көбірек үйретуді қалаймын. Олардың мықты маман болып қалыптасуына уа­қыттың көп жұмсалуы маңызды емес, ма­ған маңыздысы – әдіс-тәсілдерімді, тех­никалық шеберлігімді өзімнен кей­інгі өрендерге үйрету, шәкірттеріңнің әлем­дік биіктерді бағындыруы. Осы тұр­ғыдан өз бетімен сұрап, білсем деп жүр­ген жастарды көргенде қуанамын. Біл­мегеніңді сұрағанның несі айып?! Қазір жастары 20-дан сәл-ақ асқан балауса жастарға қолымнан келгенше ерлер биінің техникасын үйретіп жүрмін.

Әлгінде қимыл-әрекеттердің қайта­ла­нуына келсек, бидегі қимылдардың қай­талануы заңды құбылыс болып саналады. Мұнда түк те өрескелдік жоқ. Әр хо­реографтың өзіне тән би нұсқалары бар десек, бірте-бірте осылар сахнаға әб­ден орнығып, құндылыққа айналып ке­теді. Жетіледі. Дамиды. Толығады.

– Ондағы солистер мен біздегі би дәс­түрінің арасында қандай айыр­ма­шылықтар бар?

– Би тілі – бәріне ортақ. Айыр­ма­шылық жоқтың қасы, алайда қызық жайт­тар баршылық. Мысалы, аяқтың ұшы­мен билеу тек әйелдерге ғана тән деп есептейміз. Бірақ кей елдер мұны елей қоймайды. Сондықтан кейде әйел­дердің балетке киетін туфлиімен аяқ­тың ұшымен билейтін ерлерді кез­дес­тіріп қалып жатамыз. Кейбір хоре­ографтар мұны солистерден әдейі сұ­рай­тын көрінеді. Бірақ өз басым мұны құп­тамаймын. Әлемдік балет өнерінің ғасырлар бойы сақталған классикалық әсем әдебінің бұзылмағаны абзал. Пуанти – әйелдерге ғана жарасатын аяқ киім.

– Кімдерді құрмет тұтасыз?

– Қазір әлемдік балетте атақты адамдар өте көп. Мен Михаил Барыш­ни­ков­тың өнерін бағалаймын. Ресейдегі А.Ваганова атындағы орыс балет акаде­мия­сын бітірген. 1974 жылы шетел асып кеткен. Содан Америкада тұрақтап қал­ған. Жасы 60-тан асқан кісі. Бірақ соған қа­рамастан мұндай тұлғалар балетте өте сирек кездеседі. Әйелдер ішінен француз бишісі Сильви Гилемді құрметтеймін. Сахнадан қол үзбей 53 жасына дейін билеген нағыз майталман жан еді.

– Балет солистері қолдары қалт еткенде немен айналысады?

– Өзім сырғанақ тепкенді, хоккей ойна­ғанды жақсы көремін. Шаңғы спорты ұнайды. Әрине, бұлар балет үшін өте қауіпті ойын түрлері болып таб­ылады. Өйткені кез келген уа­қыт­та ауыр жарақат алу­ың мүмкін. Соған қарамастан мұз ай­ды­нында серуендегенді сүйемін.

– Қанша тілде еркін сөйлейсің?

– Немісше, ағылшынша өте жақсы сөй­леймін. Французшам да жаман емес. Осы­лардың ішінен неміс тілін өте жылдам әрі жеңіл үйрендім. Осы тілдерде фи­льм тамашалаймын, газет, кітап оқи­мын. Достармен сөйлесіп тұрамын. Бірақ өзімнің ана тілімді қайда жүрсем да ұмытқан жоқпын. Біздің үйдің адамдары бір-бірімен қазақша сөйлеседі.

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»