Қазақ баспасөз тарихы 1870 жылы жарық көрген «Түркістан уалаятының газетінен» бастау алады. Десе де, ел зиялыларының қаламгерлік қарымы мен жазбагерлік машығын қалыптастырған басылым ол – «Дала уалаятының газеті» еді. Тұңғыш басылымнан 18 жыл кейін жарық көрген бұл газет айналасына қазақ оқығандарын топтастыра отырып, өз заманының деңгейінде Алаш жұрты үшін өзекті мәселелерді ортаға салатын пікір алаңына айнала алды.
Шынтуайтында, «Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газеті» – екеуі де патшалық әкімшіліктің бұйрық-жарлықтары мен қаулы-қарарларын жариялап, отаршыл биліктің заң-закондарын бұратана халыққа жеткізу мақсатымен жарық көрген басылымдар еді. Орыс газеттеріне қосымша ретінде басылған бұл екі баспасөздің қай-қайсысы болсын отар жұрттың көрген бейнет, шеккен азабын көрсетуді өз міндетіне алмағаны анық. Керісінше, патшалық жандармерия орыс үкіметіне бағынған халықтарды екінші мәрте жеңуді көздеді. Бірақ осы жолы олар қару-жарақпен емес, газет арқылы ақыл-оймен және рухани басымдылықпен жеңуді мақсат етті. Сол арқылы өздерінің Орта Азияға әкелген қоғамдық және әкімшілік құрылымдарының жергілікті жұрт бұған дейін бірнеше ғасыр бойы тікелей мойынсұнып келген құрылымнан әлдеқайда жоғары және жемісті екендігін сезіндіруге мәжбүр етуді ойлады.
Баспасөздің түп табиғаты, тікелей рөлі сананы ағарту, көкірек көзді оятуға құрылатындықтан теріс мақсат көздегеніне қарамастан, екі баспасөз де өнер-білімге сусап отырған қазақ елінің көкірек көзін ашып, көңіліне сәуле түсіруге қызмет етті. Бұл, әсіресе, «Дала уалаятының газетіне» көбірек қатысты нақты тұжырым деп ұғынған дұрыс.
1888-1902 жылдар аралығында «Акмолинские областные ведомости» газетіне қосымша болып шыққан «Дала уалаятының газеті» жоғарыда атап өткендей прогрессивті ықпалға ие болуының бір себебі – оның қазақша нұсқасын дайындаушы Ешмұхамед Абылайханов, Дінмұхамед Сұлтанғазин, Рақымжан Дүйсенбаев қатарлы тұлғалардың еңбегі деп тану керек. Айталық, Д.Сұлтанғазин «Біздің қазақ тілі туралы бес-алты ауыз сөз» (1890 ж. №6), «Кейінгінің қамын ойлап жазылған ақыл» (1894 ж. №12) деген мақалаларында газетті керекке жарату турасынан сөз қозғап, ұтымды ұсыныстар айтады. «Мұндай пайдалы білім шашатұғын нәрсе Дала уалаяты үшін шығарылмыш қазақ газеті деп білеміз. Бұл газет көз жетпейтұғын қыр даланың ішіндегі жатқан халықтың бірер нәрсеге мұқтаж турасында керектігі. Бірінің айтқан ақылын біріне білгізеді. Егер де бұл ақыл мал бағып өсірмек, егін екпек, барша қыр даланың ішіндегі шаруаға һәм адамның ғұмырына тиесілі жауаптарға керекті болған болса. Жоғарғы айтылмышқа қарағанда біздің газет оқырмандарымыз хабар шашып тұрған бұл жалғыз газеттің қымбат, қадірлі екенін де білсе керек деп ойлаймыз...» – деп газетті кәдеге жаратуға, ел шаруасын оңалтуға пайдалануға анық пейілін аңғартады.
Басылым өзінің ресми емес бөлімінде қазақ елінің тұрмыс-тіршілігінен, мәдени ерекшеліктерінен хабар беретін көптеген материалдар жариялап тұрды. А.Пушкин, Л.Толстой, М.Лермонтовтың әдеби туындыларын, сондай-ақ зерттеуші Г.Потанин, А.Алекторов және т.б. ғалымдардың қазақ жұртының этнографиясы мен тарихи-мәдени тақырыптарға қатысты шұрайлы дүниелерін ауық-ауық ұсынып отырды. Осы негізде газет алғашқы аударма үлгілерінің қалыптасуына мұрындық болды. Оған қоса қазақ қаламгерлерінің де өлең-жырларын жариялады. Абайдың «Болыс болдым, мінеки», «Жаз» атты туындылары ең алғаш осы газетте жарық көрген-ді. Басылымда жарияланған әдеби туындыларды шартты түрде екіге бөліп қарастыруға болар еді. Бірі – қазақ өмірінің өзінен алынған төл туындылар да, енді бірі – шығыс аңыз-әпсана, мысал-ертегілері, іргелес жұрттардың әдеби үлгілерінен аудармалар. Ол жарияланымдар тілі, құрылысы, жанры тұрғысынан алуан түрлі болып келді. Бұл жөнінде Г.Потанин «орыс классиктерінің шығармаларын тұңғыш рет қазақ тіліне жатық, түсінікті етіп тәржімалап, оқырмандарға таныстырған Өскенбаев еді» – деп жазады. Газеттің өзі де 1896 жылғы 43-санында жарық көрген «Қазақтың тәуір адамдарының қылар ісі» деген материалда: «Өскенбайұлы Омбыдағы кадетский корпустан оқу бітіріп, Семей маңында қырға барып тұрған. Сол құрметті адам, есту бойынша, кеш болғанда орыс қиссаларын қазақ тіліне переуаттап, қазақтарға айтады екен. Солайша Тургеневтің, Лермонтовтың, Толстойдың, һәм өзгелердің шығарған кітаптарын Өскенбайұлы еркін переуат қылып шығарған» деген деректер келтіреді.
Осы «Дала уалаятының газетінде» қазақ көсемсөзінің жазылу нормасы қалыптасты деп айтуға болады. Газет Алаш жұртының ертеден бергі орныққан шежірелік сөз саптауы мен ауызша баяндау дағдысын жазбашаға бейімдеуге көп қызмет етті. Қазақтың бай тілін кәдеге жаратумен бірге, өзге жұрттардан да қажетті сөздерді алуды, өзінде жоқ сөзді өзгеден алып байыту жағын ойластыруды ұсынды. Бұл жөнінде Д.Сұлтанғазин «қазақ тіліне кірген сөздерді жазғанда сөздердің қазаққа қанша ұғымдылығына қарау керек. Мәселен, қазақтар «жандарал», «жанарал» дейді. Һәм генерал дегенді де жақсы пайымдайды. Сол себептен «генерал» деп жазу керек дейді (1896 ж. №31). Газет редакциясы сөздердің жазылу ретін тәртіптеп, қазақ ішіне орныққан, сіңісті болып қолданысқа енген сөздерді қазақ тілінің табиғаты бейімдеген күйінде жазуды мақұлдайды.
Газеттің бір соны ерекшелігі, 1894 жылдан бастап кейбір сөздердің жігін ажыратуда сызықша, жұлдызша белгілерін қолданып келген-ді. Одан 2 жыл өткеннен кейін, дәлірек айтқанда, 1896 жылы 31-санынан бастап газетте тыныс белгілерін қолдану жөнінде хабар жарияланды. Онда қазіргі таңда қолданылып жүрген тыныс белгілерінің барлығы көрсетіліп, олардың қолданылу реттері, тәртіптеп түсіндірілді. Осылайша, «Дала уалаятының газеті» жазу стиліміздің қалыптасуына, жазба нормамыздың емлелік тұрғыдан жөнге түсуіне бастамашы болды.
Қорыта айтқанда, «Дала уалаятының газеті» қазақ халқының қоғамдық ой-санасының өсуіне, әлеуметтік пікірінің толысуына оң әсерін тигізді. Мәдени-әдеби, экономикалық-шаруашылық құрылыстың көркеюіне үн қосып, бұйығы жұрттың оқу-ағарту ісіне серпін берді. «Дала уалаятының газеті» – қазақ көсемсөзінің қалыптасуының тұтас бір мектебі болды. Онда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Зұлқарнайын Нұралыханов, Сәдуақас Шорманов, Әлихан Бөкейхан, Барлыбек Сыртанов, Райымжан Мәрсеков, Жақып Ақбаев, Отыншы Әлжанов, Қорабай Жапанов, Асылқожа Құрманбаев, Мейрам Жанайдаров, Шерияздан Мәрсеков қатарлы бір шоғыр қаламгерлер әр жылдары қалам тербеді. Олар патшалық цензураның саңлауынан жол таба отырып, көшелі мәселеде қазақты оң бағыт, дұрыс жолға жетектеуге күш салды. Тіс арасынан сыздықтатып болса да күн тәртібіндегі көкейкесті мәселелерді шешу жолын ұсына білді.
Осылайша, 130 жылдық тарихты бастан кешіріп отырған газет ел шаруашылығын отырықшылыққа көшуге үндеуімен, өнер-білім, мәдениетке шақыруымен, халықты ағартуымен қазақ баспасөзі тарихында өзінің лайықты бағасына ие болды.
Намазалы ОМАШҰЛЫ,
профессор