Алматы облысы, Қаратал ауданының кісі аяғы баса бермейтін бір түкпірінде бірді-екілі ғылыми тұжырым болмаса, әлі күнге зерттеліп үлгермеген таңбалы тастар галереясы бар. Атауы да жасандылықтан ада. Жергілікті жұрт Суреттас деп атап кетіпті. Суреттас десе – ғылымнан, баяғы бір дәуірлерден онша хабары жоқ болса да, өзіне дейінгі әр бір төбе мен тасқа соншалық құрметпен қараған елдің кішік қалпын аңдап қаласың. Заман, жылдардан бері қар мен жаңбырға, аңғар бойында арқаңды мұздай қарып бір тынбайтын жел мен дауылға төтеп беріп келген кереге тастар мүжілгенді ар тұтқандай, сынсам морт сынам дейтіндей тәкаппарлана қалыпты. Солай дегенмен, тас та тозады екен...
«Рухани жаңғыру» бағдарламасына орайластырып жергілікті әкімшілік ұйымдастырған «Киелі мекенім – Қараталым» экспедициясының бір мүшесі ретінде аудандағы басты-басты нысандарды аралап жүрміз. Басқасы басқа, біздің әу бастағы назарымызды аударып, ниетімізді оятқан Талдыбұлақ шатқалындағы осы Суреттас болды. Бізбен бірге сапарға шыққан жергілікті көнекөздер мен бірлі жарым тарихшылардың аузынан осы күнге дейін зерттеуден, қорғаудан тыс қалып келе жатқанын естіген соң тіпті құмарттық.
...Жатаған саймен өрлеп келеміз. Әзірге таңбалы тас кездесе қоярдай емес, ешқандай құз, жартастың сұлбасы байқалмайды. Он шақты шақырым жүрген соң, есігіне «Киелі мекенім – Қараталым» экспедициясы» деген эмблема жапсырған бірнеше «Нива» ошарыла тоқтады. Үстіңнен міне түсердей, құлай кетердей құтыңды алып бағатын алып құздардай емес, кереге тастар «сен тимесең, мен тимен» деп, немқұрайлы қарап қойып, қырын жайғасыпты. Күн салып қарап тұрмыз. Тарихтың таңбасын іздеген түріміз.
Арқар, бұғы, жылқы, жабайы шошқа, қасқыр, тауешкі, садақ тартып тұрған адам тайға таңба басқандай анық көрінеді. Тағы бірнеше көмескі тартқан суреттер бар. Атқа жегілген екі аяқты әскери арбаның суреті бар делінеді біздің қолға ұстатқан шағын кітапшада, бірақ біз қанша үңілсек те таба алмадық. Сірә, терең бір қолаттарда болса болар. Олай дейтініміз, әлгі кереге тасты асып, келесі биікке жықпыл-жықпылмен көтерілгенімізде біз төменіректен көргендегідей шоғырланбаса да, бірлі-жарым сызылған суреттерді кездестірдік. Тіпті, бір қалқада елеусіз қалған жалғыз құлжаның суретін «мынаны мен аштым», деп, әзілмен өзіміздің атымызға жазып алдық.
Суреттас аталған кереге тоза бастапты. Жоғарыдан төмен көз салсаң, бір қатпарының аршыла бастағанын аңғаруға болады. Жақпар тастар құлап түспейді, аршылады екен. Енді сәл тұрса әлгі суреттің бәрі жоққа айналардай. Шытынай бастаған, қына басқан... Таңба, сурет салуға байырғы бабалар да кез келген тас атаулыны таңдай бермеген сияқты. Алдымен, қар мен жаңбыр шайып, күн мен жел жеп тастамайтындай ықтасынды таңдапты. Сосын, әрине, теп-тегіс, жып-жылтыр, мығым керегеге салған. Жердің де ғұмыр-жасы болатыны, Жер шарының қартайып бара жатқаны жайлы дабыл қағылып жүр ғой, мына тастарға қарасаң, жердің де ескіретінін, тастың да тозатынын шындап түйсінесің. Әлгі бір бұрышта, бір құлаштай ғана тегіс тасқа қашалған жалғыз құлжаның жанында бір кездері осындай бірнеше суреттер шоғырының болмағанына кім кепіл? Сурет салынған бүкіл бір керегенің құлап қалмағанын (аршылып түспегенін) ешкім жоққа шығара алмайды ғой. Демек, тасқа қашалған тарих та мәңгілік емес.
Барын зерттеп тастамаса да, бірді-екілі ізденген жекелеген ғалымдар болыпты. Олардың зерттеуінше осы шатқалмен жүлгелес түзілген Сұлушоқы, Дауылбай, Ақылбай тауларында 1000-нан аса, тіпті, 2000-ға жуық сурет болуы мүмкін деген жорамалдар айтылады. Тек көңіл бөлінсе, қорғауға алынса дейді. Жағдай жасалса, туристерді тартуға мүмкіндік те зор деседі. Расында, етекте тау өзені ағып жатыр. Сай аңғары да кең. Арнайы демалыс орындарын салуға мүмкіндік жеткілікті көрінді. Барар жол да аса қиын дей алмайсыз. Орталықтан да соншалық қашық емес. Ерте замандарда ғибадатхана болған деген де болжамдар бар. Демек, сырын әлі де толық аша қоймаған суреттер галереясын Қазақстанның киелі картасына енгізуге әбден болады.
...Күні кеше ғана жазылған адам аттарының өзі мыңдаған жылдарды басып өтіп, ап-анық, тұп-тұнық қалпында бүгінге жеткен петроглифтердің жанында анық көрінбейді. Тас тозып, тау құламаса, бағзыдағы бабалар таңбалаған сурет оңайлықпен сыр бермейтін сыңайлы.
Енді болмағанда құлап түсердей дәл осы қалыпта қанша заман тұрды екен...
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы