• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Қаңтар, 2018

Сақтандыру қаржысынан бір тиын шашау шықпайды

280 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыруды енгізу мерзімін екі жылға шегеру туралы заңға қол қойды. Ортақ жауапкершілікке негізделген жаңа жүйе 2020 жылдан бастап толық іске қосылмақ. Алдағы жылдары кім қанша жарна төлейді? Жарна төлеу міндетінен кімдер босатылады? Бұл туралы толығырақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бас­қарушы директоры Забира ОРАЗАЛИЕВАДАН сұрап білген едік.

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі екі жылдан кейін енгізілетін болды. Осы уақыт ішінде қор қандай жұмыстармен айналыспақ? 

– Негізінен қор тек міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтан­дыру­дың ғана емес, Кепілден­дірілген тегін медициналық көмек пакетінің де операторы болып табылады. Бұрын бұл қызметті Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті атқарған болатын. 2018 жылы комитет жұмысын тоқтатады. Сондықтан біз қазір заңда көр­сетілген міндетімізді атқаруға кірі­сіп кеттік. Осы мақсатта қыр­күйек айында қор аталған бағдар­лама шеңберінде қызмет көр­сетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорын жаса­ған болатын. Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға 1600-ден астам денсаулық сақтау субъектісі қатысып жатыр. Оның 45 пайыздан астамы – жекеменшік клиникалар. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда, екі есе көп және бұл жекеменшік ұйымдардың қор бастамасын қолдап, медициналық қызмет көрсетуде белсенділік таныт­қанын көрсетсе керек. Соны­мен қатар тұңғыш рет бұл процес­ке еліміздегі ірі-ірі жеке­меншік клиникалар қатысып отыр. Бұл да халық арасында білікті мамандарымен, заманауи технологияларымен көзге түскен медицина орталықтарының қызығушылығы артып отырғанын білдіреді.

– Жүйені енгізу мерзімі кейін­ге шегерілді. Ал жарна төлеу тәр­тібі өзгерді ме? 

– Жұртшылық тарапынан айтыл­ған сыни пікірлер мен Елбасы­ның тапсырмасынан кейін Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру жүйесін ен­гізуді екі жылға шегеру туралы ұсыныс жасаған болатын. Бірер апта бұрын депутаттар тарапынан толық мақұлданған заң жобасына Мемлекет басшысы қол қойды.

Әлбетте, жарна төлеу тәртібін­де айтарлықтай өзгерістер бар. Қолданыстағы заң бойынша, 2017 жыл­ғы шілдеден бастап жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ азаматтық-құқықтық келі­сім­шарт негізінде еңбек ете­тін тұлғалар сақтандыру жарнасын аударып жатқаны белгілі. Заң­ға ұсынылған өзгерістер бо­йын­ша, жұмыс берушілер өз қара­ма­ғындағы жұмыскерлер үшін жарна төлеуді тоқтатпайды және олар аударатын жарна мөлшері де өзгермейді. Бұл санат 2018-2019 жылдары жұмыскер табысының 1,5%-ы, 2020 жылдан бастап 2 пайызы көлемінде жарна аударады. Осы жерде жарнаның жұмыскер жалақы­сынан емес, жұмыс беру­шінің өз есебінен төленетінін де айта кеткен жөн. Қарамағында жал­да­малы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық­тарының иелері де жарнаны осы тәртіп бойынша аударады. Ал жеке кәсіпкерлер 2018-2019 жылдары өзі үшін жарна төлемейді (жеңіл­детілген тәртіп бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер биыл­ғы жартыжылдықтың жарнасын алдағы ақпан айының 25-іне де­йін төлеп болуы тиіс). Бірақ олар жұ­мыс беруші ретінде жарна төлеу­ді тоқтатпайды.

Жаңа өзгерістер бойынша жеке тұлғалар да екі жылға дейін жарна төлеу міндетінен босатылып отыр. Бұл санаттағылар, яғни, жал­­да­нып жұмыс істейтін жеке тұлға­лар өзі үшін жарнаны 2020 жыл­­дан бастап төлей бастамақ (2020 жылы – 1%, 2021 жылы – 2%). Оны жұмыс беруші ай сайын ұстап, қорға аударып отырады. Есі­ңізде болса, сақтандыру жү­йесі енгі­зіл­геннен кейін дау ту­дыр­ған үлкен мә­селенің бірі аза­ма­ттық-құ­қық­т­ық келісімшарт не­гі­зінде еңбек ететін тұлғалар бола­тын. Қол­даныс­тағы заңда АҚК негі­зінде еңбек ететіндер табы­сы­ның бес пайызын қорға ауда­руға мін­деттелген еді. Ал бұл атал­ған са­нат­тағылар тарапынан сынға ілік­ті. Сол себепті заң жобасын әзірлеу барысында министрлік бұл мәселеге де баса мән берді. Нәти­жесінде, АҚК негізінде еңбек ете­тін тұлғалар төлейтін жарна мөл­шері төмендеді. Бұл санаттағы аза­мат­тар 2020 жылы табысының 1%-ын ал 2021 жылдан бастап 2%-ын аударады. Ал 2018-2019 жылдары бұл топ жарна төлеуден босатылады.

– Он миллионға жуық адамды сақ­тан­дыратын мемлекет жарнаны қай кезден бастап төлейтін болды?

– Жалпы, мемлекет халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен бөлігін қолдауды тоқтатпақ емес. Атап айтқанда, елі­міз­де тұратын он миллионға жуық адам мемлекеттің қамқорлы­ғы­на алынбақ. Бұл – Қазақстан халқы­ның жартысынан астамы. Яғни 2020 жылдан бастап мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарға жататын зейнеткерлер, көп балалы аналар, жүкті әйелдер мен бала күтімімен декреттік демалыста отырғандар, студенттер мен 18 жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген азаматтар т.б. үшін жарна аударады. Жеңіл­дігі бар санатқа жататын әр адам үшін аударылатын жарна мөл­шері статистика органы тарапынан өткен екі жылға бекітілген ор­та­­ша айлық жалақының 4%-ын құ­ра­мақ. Ендеше, бұл медицина­лық сақ­тан­дыруды енгізу арқылы мем­лекет ұлт саулығы үшін жауап­к­е­р­ші­ліктен жалтарып отыр деген пікірлердің негізсіз екенін дәлел­десе керек. 

– Жүйе екі жылдан кейін іске қосылады дедіңіз. Осы уақыт ішін­де жарна төлеуді тоқтат­пай­тын жұмыс берушіге түсетін жүк­тің салмағы ауырлап кетпей ме?

– Дұрыс айтасыз, жүйе кейінге шегерілгенімен, жұмыс берушілер қарамағындағы жұмыскерлер үшін аударым жасауды тоқтатпайды. Бірақ сақтандыру жұмыс беруші үшін қиындық тудырмайды деуге болады. Себебі, Үкімет 2018 жылдан бастап әлеуметтік салықты 1,5 пайызға төмендету туралы шешім қабылдаған болатын. Яғни жұмыс беруші үшін ештеңе өзгермейді. Жалпы, біздің елімізде сақтан­дыру жарнасының мөлшері өте төмен. Сақтандыру өзінің тиімділігін дәлел­деген әлем елдерінде жұмыс беру­­шілер мен бизнес өкілдерінің төлейтін жарнасы кем дегенде 5-7 пайызды құраса, бізде жұмыс берушілер төлейтін жарнаның ең жоғары мөлшері 3-ақ пайыз. Бұл экономикалық секторға әсер ете қоятындай сома емес.

– Бұл қаржы қайда жұмсалады және қалай сақталады?

– «Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, қор активтерінің тұтастығына мемлекет тарапынан кепілдік беріл­­ген. Түскен жарналар Ұлттық банк­тегі шотта сақталады. Ұлттық банк қар­­жы­ны сақтап қана қой­май, ак­­тив­терді сақтандыру пакеті шең­­берінде көрсетілетін медици­на­лық қызметтерді сатып алу бас­тал­ғанға дейін басқарады. Қар­жыны инвес­тициялау туралы шешімді Ұлт­тық банк қабылдайды. Бұл түс­кен қаржыны инфляция салдары­нан құнсызданудан сақ­тайды. Екі жылдан кейін қаржы меди­циналық қызметтерді сатып алуға жұмсалады. Оған дейін бұл резервтен бір тиын да шашау шықпайды.

– Сақтандыру жүйесі енгі­зілгелі бері жарты жылға жуық­тады. Осы уақыт ішінде қор қанша қаржы жинады? 

– Жаңа жүйе іске қосылған шілде айынан бері жұмыс беру­ші­лер мен жеке кәсіпкерлер сақ­тан­дыру жарнасын белсенді түрде төлеп жатыр. 2017 жылғы шілде­нің 1-і мен желтоқсанның 14-і ара­лығында МСҚ-ның Ұлттық банк­тегі шотына 27 млрд теңгеге жуық қаржы түсті. Оның 81 пайызы немесе 21,8 млрд теңгесі жұмыс берушілер аударған жарна болса, қалған 19 пайызы (4,9 млрд теңге) жеке кәсіпкерлер мен АҚК бойынша еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

– Жыл сайынғы дәстүрлі тіркеу науқанын былтыр алғаш рет Меди­циналық сақтандыру қоры өткізді. Оның нәтижесі қалай болды?

– Былтырғы қыркүйек айында еліміз бойынша емханаға тіркеу науқаны басталған болатын. Екі айға созылған жыл сайынғы дәс­түрлі шара барысында бұрын-соңды тіркеуге тұрмаған тұрғын­дар қалаған емханасына барып тіркелуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ бұл науқан азаматтардың медицина мекемесін таңдау құқығын іске асыруға мүмкіндік берді. Қор өкілдерінің дерегіне сүйенсек, қазақстандықтар науқанға үлкен қызығушылықпен қатысты. Нау­қанға біздің дерекқорға енген емханалар, соның ішінде көптеген жекеменшік клиникалар қатысты.

Биылғы тіркеу науқаны барысында 300 мыңнан астам қазақ­стандық емхана таңдау құқы­ғын пайдаланды. Бұл алдыңғы жыл­дардағы көрсеткішпен салыс­тыр­ғанда екі есе көп. Ендеше, бұл жұрт­­шылық тарапынан тіркеу нау­қанына деген қызығушылықтың артып, аза­мат­тардың емхана таң­дау құқығы жайлы көбірек біле бас­тағанын растаса керек.

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ