Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы онжылдықта жүзеге асыратын жарқын жобалары мен жоспарларын тайға таңба басқандай белгілеп берген болатын. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов кездесудегі сөзін Жолдаудан бастады.
ІРГЕЛІ ІСТІҢ ЖЕТЕКШІСІ – ЖІГЕР, СЫНШЫСЫ – ХАЛЫҚ
Ендігі біз бағындыратын асу – дамудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары, деді қала басшысы осы жайында. Олар: экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеу, жедел индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту, адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халықты сапалы әлеуметтік қызметпен қамтамасыз ету және ұлтаралық келісімді сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздік пен халықаралық қарым-қатынасты нығайту.
Әкімнің атап өткеніндей, бұл – Елбасымыз айқындап берген жаңа кезеңнің жаңа міндеттері. Ең бастысы, алдағы он жылда Қазақстанды экономикалық – қуатты, әлеуметтік – тұрақты, саяси сауатты, мақсатына мүмкіндігі сай жасампаз елге айналдыру. Бұл ретте еліміздің жүрегі – Астананың орны ерекше бөлек болмақ. Оның үстіне Мемлекет басшысы Жолдауында “Туристік тартымды кереметі, бәсекеге қабілетті экономикалық әлеуеті бар елорданы одан әрі дамытуға айрықша маңыз берілетін болады”, – деп атап көрсеткен еді. Мұны барлығымыз Елбасының қадап айтқан тапсырмасы деп қабылдағанымыз жөн.
Бұдан кейін қала басшысы еліміздің бас қаласы – Астананың 2009 жылғы экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Иманғали Тасмағамбетовтің атап өтуінше, өткен жыл, жалпылай алғанда, жеңіл болмаған. Дегенмен, дағдарысқа қарсы қолданылған шаралардың нәтижесінде қаланың экономикалық дамуы бәсеңдемеді. Ішкі жалпы өнім 1 трлн. 373,7 миллиард теңгені құрап, макроэкономикалық өсім 0,1 пайызға жетті. Өнеркәсіп кәсіпорындары 95 миллиардтан астам теңгенің өнімдерін өндірді және қызметтер көрсетті. Инфляция деңгейі 6,5 пайызды құрап, негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 360 миллиард теңгеден асты. Ал астаналықтардың орташа номиналдық еңбекақылары 95 мың теңге болды.
Әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде бұл көрсеткіштер айтарлықтай жетістік болып табылады. Өйткені, дағдарыс кезінде көптеген елдердің, оның ішінде Ұлыбритания, Испания, Грекия және Венгрия сияқты жетекші елдердің қалалары 2009 жылы терең рецессияға ұшырады, экономикалық көрсеткіштері едәуір төмендеді. Бұл қала басшылығының ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттерінің жоғары екендігін көрсетсе керек. Сонымен қатар, елордада экономикалық дамудың өзегі – шағын және орта бизнестің дамытылуы ішкі жалпы өнімнің өсуіне ықпал еткенін айта кеткен жөн. Өйткені, қазіргі кезде қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік ішкі жалпы өнімнің 60 пайызын беріп отыр.
Қала әкімі тұрғындарды әлеуметтік салаға бюджеттен бөлінген қаржы көлемінен және “Жол картасы” аясында жүзеге асырылған жобалардан хабардар етті. Өткен жылы әлеуметтік саланы қолдауға бюджеттен жалпы көлемі 32 миллиард теңге бөлінген. Ал “Жол картасы” бағдарламасына 10 миллиард теңге қарастырылып отыр. Соның нәтижесінде 116 жоба дайындалды, өткен жылы оның 114-і жүзеге асырылды. Қалған екі жоба биылғы жылдың жоспарына кіргізілді. Мемлекет басшысының шешіміне орай “Жол картасы” бағдарламасы биыл да жалғасын тауып, 3 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін 44 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Иманғали Тасмағамбетов баяндамасында құрылыс секторына да арнайы тоқталды. Бұл маңызды саланы қаржыландыру шешімін тауып келеді. Өткен жылы елордада түрлі тетіктер арқылы қаржыландырудың нәтижесінде жалпы аумағы 1 миллион 259 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2007 және 2008 жылдары пайдалануға берілген тұрғын үйлерден біршама көп. Өткен жылы, сондай-ақ Мемлекеттік бағдарламаға және жалға беру бойынша елорданың 1627 тұрғыны жайлы пәтерге ие болды.
Дағдарыс басталғанда қалада 37 мың үлескердің қатысуымен 227 нысан болғанын естеріңізге сала кетейін, деді әкім үлескерлерге байланысты. 2008 жылдың өзінде нысандардың санын 201-ге дейін төмендеттік. Ал 2009 жылдың басында сол нысандардың саны 128 болып тұрды. Бұл проблеманы тиімді шешу үшін, біз үлестік құрылыстарды негізгі төрт топқа бөлдік.
Қала басшысының атап өткеніндей, бірінші топқа 4407 үлескердің қатысуымен 22 тұрғын үй кешені, екінші топқа 5730 үлескері бар проблемалық 43 тұрғын үй кешені, төртінші топқа 8137 үлескерден тұратын 46 тұрғын үй кешені, ал төртінші топқа 5574 үлескерді құрайтын 24 тұрғын үй кешені кіргізілді. Осындай жоспарлы жұмыс істеудің арқасында өткен жылдың соңына дейін 62 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 12574 үлескер пәтер кілтін алды. Ал қалған 62 нысанның құрылысы биылғы жылы аяқталады.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндамасында елорданың биылғы, 2010 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарымен де жан-жақты таныстырып өтті. Еліміз үшін, оның астанасы үшін 2010 жыл ұлттық ірі оқиғалармен ғана емес, халықаралық көлемдегі айтулы шаралармен де ерекшеленеді, деді қала басшысы осы жайында. Ол Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде өткелі отыр. Сонда әлемдік қоғамдастық біздің еліміздің ішкі үдерістеріне, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық дамуымызға баса назар аударады. Бұдан бөлек осы жылы біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын және Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығын атап өтеміз. Сонымен қатар, 2011 жылы Қысқы Азиада ойындарын өткізу құрметі бізге тиіп отыр. Бұл Қазақстанның және Астананың имиджін әлемдік қоғамдастықтың көз алдында көтеретін болады.
Осылай деп ой тастаған қала басшысы биылғы жыл Астананы дамыту жоспарының ауқымды әрі аса қауырт болатынына тоқталды. Иманғали Нұрғалиұлының баяндауынша, ол алты блоктан, яғни инфрақұрылымды дамыту, құрылыс, шағын және орта бизнес, индустрияландыру, әлеуметтік сала және абаттандырудан тұрады. Бұл жоспар Мемлекет басшысының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауынан туындап отыр.
Елорданың инфрақұрылымын дамыту барысындағы ең басты мәселе – энергетика саласын дамыту болып табылады. Ол үшін бүгінде жұмыс істеп тұрған жылу-энергия орталықтарының қуаттылығын арттыру арқылы инженерлік инфрақұрылымдарды жаңалау қажет. Осыған байланысты биыл №1 жылу-электр орталығындағы жылу беру жүйесінің басты тарату қондырғысының құрылысы аяқталып, №3 қазандығының агрегаты ауыстырылады. №2 жылу-электр орталығындағы су жылыту қазандығының құрылысы әрі қарай жалғастырылады. Сөйтіп, 2016 жылға қарай стратегиялық маңызы зор №3 жылу-электр орталығының бірінші кезегін салуды есепке алғанда, барлық энергия көздерінің жалпы қуаты 2665 Гкал/сағатты құрайтын болады.
Құрылыс секторына келетін болсақ, 2010 жылы елордада 1,3 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріліп, үлескерлерге тиесілі 61 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, Астананың ажарын айшықтай түсетін “Хан шатырды”, “Шабыт” шығармашылық сарайын, жаңа университеттің бірінші кезегін пайдалануға беру биылғы жылдың еншісіне тиіп отыр. Шағын және орта бизнесті дамытуға 2010 жылы 85 миллиард теңге бөлу көзделуде. Ал индустрияландыру саласын дамыту аясында бес нысанның құрылысы аяқталып, тағы 20 жобаны жүзеге асыру жұмыстары қолға алынады. Бір ғана индустриялық парк есебінен 7 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Қала әкімі, сондай-ақ Елбасының Жолдауында атап көрсетілген “Балапан” бағдарламасына, денсаулық сақтау саласына және қаланы абаттандыруға байланысты алда тұрған жоспарларды да ортаға салды. Үстіміздегі жылы “Балапан” бағдарламасы аясында бұрын мемлекеттік мекемелерге беріліп кеткен 3 мың орындық 14 балабақша ғимараты қайтарылып, “Жаңа құрылыс” компаниясы салып бітіретін 15 тұрғын үй кешенінің бірінші қабаттарында жалпы көлемі 16 мың шаршы метр болатын 3 мың орындық балалар бақшасын ашу жоспарда тұр. Ал 2012 жылдың соңына қарай 24 балабақшаны пайдалануға беру қажет.
Баяндама үлкен қызығушылықпен тыңдалған соң, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорда тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Алғашқы сұрақты “Аия” тұрғын үй кешенінің үлескері Б.Сұлтанов қойды. Оның айтуынша, бұл тұрғын үйдің пайдалануға берілу мерзімі әлдеқашан өткен, құрылысы қазір тоқтап тұр. Әкім оған үлескерлер проблемасы біртіндеп шешіліп жатқанын, бұл тұрғын үй кешені де пайдалануға берілетінін жеткізді. Аты-жөнін атамаған қала тұрғыны жоғары деңгейдегі ауруханаларға жатып емделуге квота көбірек бөлінсе екен деген өтініш білдірді. Әкімнің қайтарған жауабына қарағанда, басқа қалаларға қарағанда, Астанаға квота көп бөлінеді. Былтыр елордаға 7340 квота бөлінген.
Қала маңындағы “Өндіріс” тұрғын жай алабының тұрғыны сонда салған үйін заңдастырып беруді өтінген еді. Әкім оған заңсыз салынған үйлер заңдастырылмайтындығын құлаққағыс ете келіп, ол үйден ешкім қуып шықпайтындығын, бұл мәселені біртіндеп шешуге болатындығын түсіндірді. Қала басшысына, сондай-ақ жер учаскесін беруге қатысты сұрақтар да көп қойылды. Иманғали Нұрғалиұлының қайтарған жауабына қарағанда, екі жылдан бері жер учаскесін сұрағандардың өтініші қанағаттандырылмады. Бұған дейін жер учаскесін 36 мың адам алған екен. Қазіргі кезде 80 мың адам кезекте тұр. Жер учаскелерінің екі жылдан бері берілмеу себебін де түсіндіріп берді. Әкімнің айтуынша, бұрындары берілген жер учаскелеріне инженерлік жүйелер тартылмаған. Арыз-шағым көп түсіп жатыр. Сондықтан тұрғын үй салынатын алапқа алдымен инженерлік-коммуникациялық жүйелер тарту керек, олардың инфрақұрылымы болуы тиіс. Содан кейін ғана жер учаскелері берілетін болады.
Қала әкіміне бұлардан басқа да көптеген сұрақтар қойылды. Барлығына толымды жауаптар қайтарылды. Жиналған тұрғындардың сыртқа шыққандағы көңіл-күйлеріне қарағанда, әкімнің есебі көңілдерінен шыққан секілді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Суреттерді түсіргендер Орынбай БАЛМҰРАТ пен Советбек МАҒЗҰМОВ.